Тергеу әрекеті барысында дыбысжазбаны қолдану. Тергеу барысында дыбысжазбаны қолданудың негізгі мақсаты, бұл – жеке тергеу әрекеттерінің барысын қосымша түрде дыбыстай бейнелеп бекітуді қамтамасыз ету болып табылады. Әсіресе, жауап алу, беттестіру, айғақтарты оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау, тануға көрсету сияқты тергеу әрекеттерін жүргізу барысында кеңінен қолданылады.
Дыбысжазбаны көзделген мақсатқа сай бекітудің қосымша құралы ретінде қолдану жағдайлары жоғарыда аталған тергеу әрекеттерін жүргізу тактикасында анықталады.
Тергеу әрекеттерінің барысын дауыстандыру мақсатында дыбысжазбасын қолдану әрекеттері, криминалистикада өңделген куәландыру сипатындағы процесуалды-криминалистикалық талаптарды кезектілікпен орындау тәртіптерін сақтай отырып жүзеге асырылады. Сонымен қатар, бейнежазбаға байланысты жасалған криминалистикалық ұсыныстар жүйесіндегі техникалық сипаттағы талаптар сақталуы қажет (мысалы: дыбысжазбасына басатын жерлерді бөгде шулардан, дыбыстардан сақтандыру қажеттілігі туралы талаптар; микрофонды орналастыру жөніндегі қойылатын және т.б. талаптар).
Тергеушінің жұмысын жеңілдету мақсатында процесуалдық құжаттарды толтыру кезіндегі қолданылатын дыбысжазба тәсілдері (жауап алу, қарау, тануға көрсету хаттамалары және т.б.) мен іс бойынша бағдарлау сипатындағы дыбыстық ақпарат жинау тәсілдерінің әдетте қолданып жүрген кез-келген қызмет саласындағы дыбысжазба құралдары әдістерінен ешқандай айырмашылығы жоқ.