Мазмұны: Қалыптасқан қазақстан -2050 стратегиясы



бет12/15
Дата25.01.2017
өлшемі2,73 Mb.
#7670
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,Сенатор, саяси ғылымдар докторы, профессор.

ӨМІР ҰСТАЗЫ

Әр адамның өмір жолында өзінің туған ата-анасынан кейін сенің азамат болып қалыптасып кетуіңе ақыл-парасатымен де, жанашырлық адал ниетімен де, қамқорлық көңілімен де ықпал ететін жандар болады. Мұндай адамдарға жолыға қалсаңыз, оны өзіңнің бағың деп бағалау да керек. Ел ішіне қадірлі де ардақты адамдардың бөгденің де баласын жатырқамай, өзінің жүрек жылуымен, адастырмас, шалыс баспас жеке басының өнегесімен де биіктегі жарық жұлдыздай әрдайым алдыңды нұрландырып тұрары бар. Мен мұны өзімнің жеке өмірімнен сезінген жайдан барып айтып отырмын.

1986 жылы Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдағаннан кейін, Қызылордадағы педагогикалық институтына арнайы мамандығыма сәйкес жолдамамен келіп оқытушы болып орналастым. Тарих кафедрасында орын бола қоймағандықтан институт басшылығы мені философия және ғылыми коммунизм кафедрасына жіберді.

Бұл кафедраның сол кездегі меңгерушісі марқұм Қозеке Асқаров иманжүзді жан екен. Жас демей жылы қарсы алып, кафедраға таныстырды. Бұл арада Әбжан Айсауытов, Мұстафа Матаев, Тоқшылық Омаров, Ишанбек Арынғазиев, Балтабай Майдашев, Алла Ли, Света Тлеуова, Оңғар Бермаханов сияқты КазГУ-дің философия факультетін бітіріп, фундаментальді терең білім алған философ әріптестерім бар еді. Мен солардың ортасына түстім. Әсіресе, Мұстафа ағамыздың орны ерекше болатын. Ол кісі философия пәнінен лекция оқитын, сонымен бірге филология факультетінің деканы болып қызмет атқаратын. Мен негізінен семинар сабақтарын жүргізіп жүрдім. Ағайдың ұлы Ғабитпен (қазір ғылым докторы, үкіметте жауапты қызметте) университетте қатар оқығандығымнан болар, Мұстафа ағай мені іштей жылы тартып, тезірек аспирантураға түсіп, білімімді одан әрі тереңдетуге ақыл-кеңесін беріп жүретін.

Кез келген адамның өз тағдыры болып, сол тағдырының жазуымен ғұмыр кешетіндер жеткілікті. Ал, енді қаншама ақылды болып туғаныңмен, ондай жандардың бәрінің бірдей жолы да бола бермейді екен. Қазір ойлап отырсам, сол Мәди Кереев, Мұстафа Матаев, Қозеке Асқаров сияқты ағаларымның бәрі де бір-бір елді басқарып, көш бастауға лайықты адамдар екен-ау! Біздің де пендешілігімізден болар, көбінесе жанымызда жүрген, үнемі қарапайым болып көрінетін кісілердің тұлғасын тани да, мойындай да алмай келеміз-ау. Қолында билігі барларды ғана танып, соларды ғана тұлға деп мойындайтындығымызды да қайтерсіз?! Менің осы абзал ағаларым елге аса сыйлы, халқы мен өз ортасына, ел ішіне қадірлі жандар еді. Бұл ағалар менің өмірдегі екінші университетім және де сол өмірдегі ұлағатты ұстаздарым болатын. Әсіресе, Мұстекең өзінің ешкімге ұқсамайтын жаратылысымен, астам­шылдығы жоқ абайы басымдылығымен, бүкіл жүріс-тұрысындағы байсалдылығымен ерек­шеленіп тұратын. Мұстафа ағамның біреуге дауыс көтеруі деген мүлдем болмайтын. Қашан болсын, өзінің жұмсақ та биязы жылы дауысымен, көзінің қарасымен-ақ әбестік жасаған кез келген адамды жерге қарата білер, іле сол жанды жадыратып жіберетін де тамаша бір мінезді қасиеті де бар. Бұл қасиетті Мұстафа ағамның бойындағы туабітті асыл қасиеттерінің бірі деп бағалар едім.

Мұстекеңнің өмір жолы да қилы-қилы болды. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жыл­дарына тап келді.Сол тұстағы барлық ауыл балалары сияқты ол да жарытып тамақ ішпеді, бұғанасы қатпай жатып ауыр жұмыс істеді. Сол тұстың ұрпақтарының бойларында өздері ашқұрсақ болып жүрсе де, бүтін киімге де жарымай, жыртық тізе, жалаң аяқ болғандарына да қарамастан, оқу оқып, білім алуға деген зор құштарлықтары бар болатын. Мұстекең де солай болды. Ағамыз жастайынан аңғарымпаз, білімпаз болып өсіп, мектепті үздік бітірді. Мұстафа аға жоғары оқу орнының философия факультетін бітіргеннен бергі бүкіл саналы ғұмырын бір ғана оқу-ағарту жұмысына арнап келеді. Ұстаздық жолы қарапайым оқытушылықтан басталып, ұзақ жылдар бойы кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып мыңдаған білікті мамандар даярлауға қомақты үлес қосқан профессор өзінің алпыс жылға жуық ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады.

Мұстафа ағамның бойындағы табиғатынан біткен ойшылдық пен байқампаздық, ой түю сияқты қасиеттері қолына қалам алғызып, зейнетке шыққаннан кейін «Ағалық айдыны», «Көзімнің нұры» деген философиялық ойларға, өмірлік толғамдар мен пайымдауларға толы кітаптар жазып, оларды баспадан басып шығарды. Мұстекеңнің бұл еңбектерінде шынайы достық, адал махаббат, салт-дәстүр, ой-санаға, бала тәрбиесіне қатысты үлгі тұтарлық көптеген құнды тұжырымдар бар.

Бір ұжымда ағамызбен қоян-қолтық жиырма жылға жуық қызмет атқарған кезеңдерімді мен өзімнің өмір мектебім деп санаймын. Ардақты ағамызға ізетті іні болуға жарауға тырыстық, әлі де сол. Кейін басқа қызметте жүрген кездерімде де досым Бауыржан екеуміз жаңа жыл қарсаңында, әр желтоқсан айының 31-күні ағаның үйіне барып, өткен-кеткенді айтып, мәре-сәре болып, Мұстекеңнің батасын алуды да әдетке айналдырғанымызға да он шақты жыл болыпты. Абзал ағаның сол жақсы ниеті мен батасының арқасында болар, біз содан жаман болған жоқпыз-ау деп ойлаймын.

Адал еңбегінің жемісі мен адал ниетінің жақсылығын Мұстекең көріп те келе жатыр. Туған елі «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» деген атақ беріп әспеттесе, бұдан да басқа да толып жатқан марапаттары мен дәрежелері Мұстафа ағамның абыройлы өмірін жарастыра түсері бар. Қызмет қызуымен ешкімге қиянат жасамаған, адалдықтан аттап, жамандыққа баспаған, адамды сыйлай білу арқылы адамдығын сақтай білген абзал ағаның ең үлкен жетістігі – Адамгершілік болар, бәлкім! Және де менің Мұстафа ағам өз елі мен жерін сүйетін, білімді де білікті, тамаша тәрбиелі ұл-қыз, немерелер өсірген өнегелі әке, ұлағатты да ғибратты ата!..

Ал, енді мына сексен жасыңыз құтты болсын деймін Мұстекеңе! Адалдық пен адамдықты қазіргі ұрпақ сізден үйренсе етті! Жасай беріңіз, жақсы аға!

//Сыр бойы.- 2013.- 16 мамыр.- 2б.
Серікбай ҚОШҚАРОВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор.

СУ МАМАНЫНЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Өткен ғасырдың аяқ жағында Сыр өңірінде 225 мың гектар инже­нерлік жүйедегі суармалы жер болған. Осы мол қазына аға ұрпақтың қыруар еңбегі арқасында келді. Соның негізінде облыс еліміздің күріш өндіру орталығына айналды. Ол жылдары мұнда қазақ елін әлемге паш еткен, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев өмір сүрген, сол ұлы тұлға күріш өсіруді өңірдің басты кәсібіне айналдырды. Одан кейін де Сырдың майталман диқандары егіннен тұрақты түрде мол өнім алудың үлгісін көрсете білді.

Суармалы жер – Қызылорда облысын ерекше маңызды аймақ ретінде бөлектейтін, алдағы ұрпақтар үшін өңір салмағын еселей түсетін баға жетпес қазына. Басқа өндіріс түрлері табиғи негізі мен қоры азаюы немесе ада болуына байланысты бәсеңсіп, болмаса тоқтап қалуы да мүмкін. Ал, мұндай жағдай суармалы егіншілік саласында орын алмайды. Суармалы жер, жақсы күтімде болса, бүгінгі және алдағы ұрпақтарға қызмет етіп, мәңгілік жемісін береді.

1985 жылы өңірімізде сортаңдаған және батпақтанған егіс көлемі 4 мың гектарға жуық қана болатын. 2010 жылы бұл көрсеткіш 50 мың гектарға көтерілді. Ойланарлығы, осы екі аралықта егін шаруашы­лықтарында су мамандарының қатары кеми түсті. 1985 жылы ондай мамандар саны 250-дей еді, қазір ол 20 ғана.

Ал су мамандарының негізгі міндеттері көп. Су маманы басты құжат – суды пайдалану жоспарын жасайды. Инженерлік жүйедегі егістік – күрделі құрылым. Оның жобасын жасаушы, құрылысын жүргізуші де негізінен су маманы. Сондықтан, мұны сауатты түрде пайдалану жұмысы да міндетті түрде білікті су маманының басқаруымен іске асуы тиіс. Су маманы суармалы егістіктің бірінші жанашыры, барлық бөліктері мен тетіктерінің тілін түбегейлі білетін, оларды дер кезінде жөндеп, іске қоса алатын азамат. Күріш өнімінің негізін қалап, топырақ сортаңын болдырмаудың кепілі – атыз бетінің тегістігі. Әрбір атыздың тегістігін жіті бақылап, өлшеп, оны тегістеуді ұйымдастыратын да су маманы. Суармалау және қашыртқы-кәріз желілерінің жағдайын қадағалап, ағымдағы жөндеу жұмыстарын атқаратын тағы да су маманы. Су маманы дақылдар суаруды тиімді әдістермен жүргізуді қадағалайды. Соның негізінде ылғал тиімді, ысырапсыз жұмсалады. Бүгінде әрбір шаруашылық суды алғаны үшін қомақты қаржы төлейді. Сондықтан, шаруашылықтағы су мамандарының басты міндеттерінің бірі – суды жеткізуші мекемелер қызметкерлерінің мәліметтерін келіп жатқан су мөлшеріне тәуелсіз өлшем жасап салыстырып отыру.

Қазіргі таңда көп шаруашылықтарда бірде-бір су маманы қалмаған. Демек, осы көрсетілген маңызды жұмыстар жүргізілмейді деген сөз бұл. Ал, бір тал өсімдік қолдап суармаса өспейтін өңірімізде осы ыңғайсыз жағдайға қалай жайбарақат қарап отыруға болады? Сондықтан бүгінгі кезек күттірмейтін мәселе – егін шаруашылығына су мамандарының бетін бұру.

2003-2012 жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін 240-қа жуық су шаруашылығы маманы тамамдаған болса, олардың оншақтысы ғана өңірдің ауыл шаруашылығы мекемелеріне жұмысқа орналасқан. Тікелей шаруашылыққа барған мамандар жоқтың қасы. Демек, маңыздылығы жоғары осы мамандарды дайындау жолындағы кәсіби бағдар беру ісі өңірлік қажеттілікті ескермей жатыр. Сондықтан, су шаруашылығы саласына мамандар дайындауды мемлекеттік және өңірлік тұрғыдан қолға алып реттеу керек.

Су мамандарын еліміздің төрт қаласындағы жоғары оқу орындары дайындайды. Алайда, сайып келгенде осы маңызды істі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті атқара алады. Өйткені, республиканың өзге қалаларында су саласы мамандықтарын игерген жастар біздің облыс шаруашылықтарына келіп, тұрақтайды деп айту қиын. Былтыр «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау», «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандықтарына республикада 250 грант бөлінді. Еліміздің төрт жоғары оқу орны үшін бұл аз емес. Алайда, осы мол үлестен Сыр өңірінде туып-өскен жастарға 31 грант ғана бұйырды. Өкінішке орай, бұл өте аз, бар болғаны 12 пайыз ғана. Ал, суармалы жердің көлеміне, оның инженерлік тұрғы­дағы күрделілігі мен ерекшелігін ескеретін болсақ, оңтүстік аймақтағы біздің облыстың алатын үлесі шамамен 35-40 пайыздан кем түспейді. Аталған мамандықтар бойынша 219 грантты иеленген өзге облыстардың түлектері Алматы, Тараз және Шымкент қалаларын таңдады. Солардың ішінен оқу бітіргесін Сыр өңіріне келіп тұрақтайтын мамандар шығады деп айта алмаймыз.

Сондықтан, Қызылорда облысы ел үшін күріш өндірудің орталығы екенін қаперге ала отырып, шаруашылықтарда білікті су мамандары­ның болуы жалпы экологиялық ахуалды тұрақтандыру мен жақсартудың кепілі екенін ескеріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне жыл сайын «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» және «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандықтарына кем дегенде 75-80 атаулы грант бөлу қажет деп санаймыз.

Аталған мамандықтар бойынша сонша атаулы грантқа қол жеткізу дегеніміз – ауылда орта мектеп бітірген жастарды қолдаудың кепілі, жастардың өңір ауыл шаруашылығы саласын көтеруге қатысуына жол ашудың дәлелі. Қазір зәру болып отырған су мамандары қатарын қажетті деңгейге көтеруге жақын арада қол жеткізуге болады. Осылай болғанда бөлінген атаулы гранттарды қажеттілігіне сай аудандарға бөліп, сол мамандықтарға түсуге ер балаларға басымдық беру қиындық туғызбайды.

Көкейкесті мәселе – мамандардың ауылда тұрақтануы. Сырттан келген жас маманның ауылда түбегейлі тұрақтануы екіталай. Сондықтан да ауылды маманмен қамтамасыз етудің негізгі салмағы шаруашылыққа түседі. Өйткені, сол ауылдың мектеп бітірген түлегі шаруашылық қаражатына университетте білім алып, өз шаруа­шылығына оралып жатса, маман ауылда түбегейлі қалады деп айта аламыз. Мұның тағы бір қолайлы ерекшелігі бар. Жоғары оқу орнында болашақ маман сол шаруашылықтың өндірістік жағдайларына бейімделіп дайындалады. Осы көкейкесті мәселені алдымен әрбір шаруашылық басшылары түсініп, жанашырлық көрсетуі ауадай қажет. Өкінішке орай, ол азаматтардың көпшілігі бүгінгі күннің күйбең тірлік ауқымынан шыға алмай отырғаны белгілі. Сонда ертеңімізді кім, қашан ойлайды?! Әрбір елді мекеннің келешегін күйттейтін, ауыл жастарын іріктеп, оларға оң бағыт беріп, тәрбиелеп, оқытып білікті мамандар дайындауға бар күш-жігерін салатын сол ұжымның басшысы болмағанда кім?! Әрине, сондай басшысы бар ауылдың келешегі баянды да берекелі болмақ. Осы жерде майдаланған шаруашылықтардың маман дайындауға қаржылық қауқары жетіспейді деген сылтау алға шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы жұмысты ауылдық округ әкімдігі өз қолына алып, жаңағы көп майда шаруашылықтардың жұмыстарын үйлестіру арқылы оң нәтижеге жетуге болады.

Он бес жылдай уақыт болды, аталған екі мамандыққа түсу үшін төртінші пәндер болып биология және география бекігеніне. Бұрын ол физика болатын. Міне, содан бері осы мамандықтарды шынайы өз жүрегімен қалап оқуға түсетін талапкерлер күрт азайды. Өйткені, биология мен география пәндерін көбінесе қалайтын қыздар болса, олар медицина мен экономика саласын таңдап бірінші белгілейді. Оларға өтпей қалған жағдайда ғана амалдың жоғынан су шаруашылығы мамандықтарына барады. Сөйтіп, мұнда білім алатын ер балалар саны күрт азайып кетті. Ал, қыздардың осы мамандықтарды бітіргесін шаруашылыққа барып, далалық жағдайда жұмыс жасауы көпшілігінде мүмкін емес екені белгілі. Міне, соңғы 10-15 жылда шаруашылыққа бірде-бір маманның бармау сырының бір ұшы осында жатыр. Сондықтан, осы екі мамандық үшін төртінші пән физика болып қайтадан қайтарылуы тиіс деп санаймыз.

Осы көрсетілген үш бағыттағы істер орындалатын болса, жоғары оқу орнын бітірген жас су мамандары ауылға бетін бұрады. Сыр өңірі егіс алқаптарының бағы қайтадан жанады.

//Сыр бойы .- 2013.- 18 мамыр.- 5 б.



Бауыржан ЕҢСЕПОВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың тарих, саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

САРТАЙ БАТЫР ТУРАЛЫ ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

Аңырақай шайқасында мың баладан қол жинап, жоңғар бас­қыншылығына қарсы күрескен жаужүрек Сартай батыр туралы әр алуан пікірлер айтылып жүргені мәлім. Кейбір тарихшы ғалымдар Сартайды аңыздан құралған батыр десе, кейбірі оның шығу тегі мен жасаған ерлігін Албан руынан шыққан Ханкелдіұлы Райымбек батырға әкеліп тірейді. Ал шындығында Сартай кім, қайдан шыққан, ол туралы тарихи деректер не дейді? Міне, біз енді соған жауап іздеп көрейік. Зерттей келе Сартай батыр туралы тарихи деректерді екі топқа бөліп қарастырдық. Бірі ол туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен тарихи-жырлар болса, екіншісі Сартай батыр жайлы жазылған жазба деректер болып табылады. Алғашқы дерек көздеріне Нұрмағанбет Қосжановтың «Мың бала» дастанын жатқызамыз. Онда Сартай батырдың азаттық қозғалыстағы қаһармандық ерлігі жан жақты сипатталады. Осы шығармасы үшін ақын Нұрмағанбет Қосжанов 1930 жылы саяси қудалаудың нысанасына ілігіп жазықсыздан 5 жылға сотталады. Саяси қудалау онымен тоқтамай 1937 жылдың 29-тамызында Ақтөбе қаласының НКВД үштігі Нұрмағанбет Қосжанұлын «халық жауы» деп айыптап ату жазасына кесіп, үкім сол жылы 4-қыркүйекте орындалады. Осыдан соң Сартай батыр бастаған шығармаға тыйым салынып, 70 жыл бойы айтылмай келді. Ақын Нұрмағанбет Қосжановтың Сартай батыр атты тарихи поэмасында мың баланың жасағын басқарған 15 жасар Сартайдың Әбілқайыр хан басқарған қазақ халқының әскерімен бірге Аңырақай шайқасындағы ерлігі жырланады. Тарихи жырдағы дерекке сүйенер болсақ, Сартай 1710-1711 жылдары дүниеге келеген деп топшылауға болады. Сонымен қатар, Сартайдың шығу тегін Арал өңірі қазақтарының шежірелік мәліметтерінде ол кіші жүз Әлімұлы тайпасының шекті руына жатқызады. Ақын З.Шүкіровтің жазып қалдырған шежіресінде Жаманақ /Шекті/ - Шыңғыс –Жақайым, одан – Ақбура, оның үлкен әйелінен – Абат, кіші әйелінен – Асан. Асаннан үлкен Асан және кіші Асан. Ал кіші Асаннан – Қосқұлақ, одан Байжан. Байжан бидің екінші әйелінен – қолбасшы, би, батыр Сартай шамамен 1711 жылы туып, ұзақ өмір сүріп 1817 жылдың қыс мезгілінде қазіргі Қызылорда облысы, Арал ауданы (бұрынғы Райым бекінісі жанында) Ақшатау елді мекенінде қайтыс болып, Қазалы ауданында жерленген.



Сартай батыр туралы жазба деректер 1732-1817 жылдары Ресей Федерациясының мұрағаттарындағы құжаттарда оның ішінде қатынас хаттар мен сирек кездесетін әдебиеттерде ұшырасады. Алғашқы мәліметтер М.Тевкелевтің күнделігінде жан-жақты баяндалады. ХҮІІІ ғасырдың 30 жылдарының басындағы аймақтағы ішкі саяси жағдайды жалпы сипаттауда Тевкелев «Күнделігінде» қазақ қоғамының дәстүрлі билеуші элитасы және оның сол кездегі неғұрлым көрнекті өкілдері (Әбілқайыр, Семеке хандар, Нұралы, Батыр, Нияз сұлтандар, т.б., кіші жүз батырлары Бөкенбай, Есет Құдайназар мырза, т.б.) туралы алуан түрлі мол мағлұмат келтірілген. Сонымен қатар, Байжан баласы Сартай батыр, Ақша батыр, Өтеп батыр туралы мәліметтер де кездеседі. Мәселе негізінен кіші жүздің бірқатар руларының Әбілқайырды ант қабылдатуға келген орыс елшісі башқұрт Мәмбет Тевкелевке қарсылығынан туындайды. Соның ішінде Тевкелев Жаппас Баймұрат батыр мен Сырлыбай, Сартай бастаған шектілер тарапы­нан қауіпті қарсылықтарға тап болғанын байқауға болады. М. Тевкелев күнделігінде 1931 жылдың 3 қарашасында Ресей үкіметіне бодан болуға қарсы топтың қазақтарының (Шектілер– Б.Е.) шабуылына ұшырап, екі жақтың қақтығысында қазақтың бір ел ағасын (Жақайым Байқара батыр–Б.Е.) өлгенін, қазақтардың өзіне ештеңе істемей, тек 17 жылқы мен 3 түйесін тартып алғанын жазады. Ресей империясының сенімді өкілі М.Тевкелев бір жағынан жеке басын қорғап қалу үшін, екіншіден кіші жүздегі руаралық қақ­тығыстарды ушықтырып Сырлыбай, Баби, Байжан билер мен Сартай батыр бастаған шектілерге Әбілқайыр хан мен табын Бөкенбай батырды қарсы қою арқылы кіші жүздегі патша үкіметінің отарлау саясатын жүзеге асыруда алғашқы қадам жасағанын аңғарамыз. Оған Тевкелевтің кіші жүздегі 1731-1733 жылдардағы қызметі дәлел болады. 1732 жылдың 6 наурызында ағайынды Қара батыр мен Бәйімбет батырлардан Ресей империясының бодандығына қарсы көптеген қазақтар Баба би (Баби – Б.Е.), Жантұма би, Исманбет би, Өтеғұл би, Байжан би, Майлы би, Өтеп батыр, Ақша батыр, Сартай батыр бастаған топ келе жатқанын хабарлайды. Ал осы хабарды Тевкеелев 1732 жылдың 7 наурызында Бөкенбай мен Есет батырларға жеткізеді. Осы жылдың 9 наурызында Әлімұлы руларының ел ағалары Баба би мен Жантұма би көп адаммен Әбілқайыр ханның ордасына жақындап Тевкелевке екі кісі жіберіп: одан Баба бидің інісі Байқараны атып өлтірген башқұртты беруін, немесе оның құнына қазақтың ежелгі әдет заңы бойынша (Байқараның құнына 100 жылқы, 1 сауыт, 1 құл, 1 қаршыға, 1 мылтық 1 түйе) құн төлеуін сұрайды. Бұған қанағат­танбаса, кісі өлтірген адамға өлім жазасы кесілетінін, егер осы талаптарды орындамаса, Тевкелевтің аман кетпейтінін ескертеді. Бұған жауап ретінде Тевкелев: «қазақ заңы бойынша ұры үшін адал адамның жаны қиылмайды және ұрыға өтеу жоқ. Ал шекті руынан шыққан Байқара түн ішінде көп бүлік жасап, адамдарымызды ұрып соқты, былтыр 1731 жылдың 3 қарашасында өзіне шабул жасап, 17 жылқы мен 3 түйесін тартып алғанын, қай мемлекетте болса да ұрының өліміне құн төлемейтінін, сондықтан Байқара өз жазасын тартқанын айтып Баба би, Жантұма би, Сартай батыр бастаған шекті руының сенімді өкілдерінің талаптарынан бас тартады. Орыс елшісінің хабарын естіген соң, Баба би мен Жантума би және Сартай батыр бастаған шектілер он күн бойы елшілік қонысын қоршауда ұстайды. 1932 жылдың 21 наурызы күні түнде қарсы жақтың (Сартай батырдың серіктері Ақша мен Құл батырлар бастаған шекті руының жігіттері - Б.Е.) қазақтары жиналып, қарақалпақ жерінен шыққан башқұрттарға шабул жасап, тек Бөкенбай батырдың сарбаздарының көмегінің арқасында кейін шегінгені туралы жазылған. Істің шиленіскенін түсінген орыс елшісі Тевкелев шектілердің талабын қанағаттандырып, құнның көлемін 347 сом, 56 тиынға бағалап, ақшалай есептеседі. М.Тевкелев күнделігінен саралай келе Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған шектілердің Тевкелев сияқты орыс елшілері мен қақтығысуы Ресей империясының кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы алғашқы азаттық қозғалыс болып табылады. Ресейдің елшісі Тевкелев өзінің «Қызметтік жазбалар күнделігінде: (1731-1733) «Кіші жүзде Шекті адам саны жағынан көп, әрі әлеуметтік жағдайы мықты, әлуеті күшті ел» - деп жазады. Академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев «Ресей елшісі М.Тевкелев пен Қазақстанның империяға қосылуын қолдаған Әбілқайырға қарсы Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай би бастаған қозғалысты бір ұрыста оққа ұшқан Байғараны «азаттық үшін күрестің алғашқы құрбандығы» деп атады. Тевкелев бастаған топ елшілік деп аталғанмен, оның қарауында 500-дей қарулы казак-орыстар мен башқұрттар бар болатын. Шекті руының биі Сырлыбай елшілік пен хан әскеріне бір жылға жуық қарсылық көрсетті. Бұл қозғалыста Сырлыбай би жағында Сартай, Ақша, Жылқайдар, Жылқаман, Сырғақ, Байғара, Теке, Баби, Шеке батырлар, Әбілқайыр хан жағында тама Есет, табын Бөкенбай, қарақалпақ Оразай батырлар, Нияз сұлтан, башқұрт Таймас тархан, тағы басқалар болды. Сырлыбай би мен Сартай батыр бастаған қозғалыстың тарихы Тевкелев күнделігінде, кейін ғылыми айналымға түскен еңбектерде, Ә.Кекілбаевтың «Үркер», Ю.Сергеевтің «Петербургский посол» романдарында егжей-тегжейлі жазылды.

Сартай батыр туралы деректердің келесі тобына Гарбердің орыс патшасы Аннаға жазған рапорты жатады. Оқиға Гарбердің рапорты бойынша Арал теңізінің солтүстігінде болады. Орыс патшасының жарлығымен Хиуаға Гарбер керуені ұйымдастырылады. Керуеннің басты мақсаты қару-жарақ беріп хиуалықтарды Әбілқайырға еріп патшаға ант бермеген, Сырдарияның құяр сағасы мен Арал теңізінің солтүстігін мекендеген шекті руына айдап салу болатын. ХVІІІ ғасыр­дағы кіші жүз тарихын зерттеуші М.Вяткин Тәуке хан өлгеннен кейін қазақ қоғамының ішкі басқару жүйесі дағдарысқа ұшырап, соның ішінде Әбілқайырдың билігіде кіші жүзде толық тарамай, Шекті руының Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі бойының арасын қыстаған обшиналарын, дұрысында сұлтан Батыр билеген. Бұл сұлтан Әбілқайырға жау Жәдіге сұлтан тұқымынан шыққан адам деп көрсетеді. Жергілікті журналист Ө.Жолымбетов «Әбілқайыр ханның басты бақталасы Батыр сұлтанның түркімендерге қарсы жорыққа аттанғалы жатқанынан білген Гарбер керуені Хиуа жеріне жөнелтіледі. Осы жайтқа хабардар болған Сартай батыр бастаған шектілер, Батыр сұлтанның әскерінен бөлініп, Гарбер керуенінің жолын тосып, оған тосқауыл қойып, керуенге артылған жүктің жартысы жерлерінен өткені үшін баж салығына және Тевкелевке қарсы қозғалыс кезіндегі шығынның өтемінің есесіне алынады да, Ресейде жасалынған Хиуа мылтықтары мен оқ-дәрілер түгел тәр­кіленеді. Бұл оқиға патшайым Анна Ивановаға жетіп, ол 1732 жылы 7 қазанда Әбілқайыр ханға хат жазады.Сартай батыр жайлы деректердің мол шоғыры ХVІІІ ғасырдың 80-90 жылдарымен тұспа-тұс келеді. Кіші жүздің Сырым Датов, Қаратау би, Софы би, Бөдене би, Тормамбет би, Сартай би және тағы басқа елуден астам би-батырлары 1785 жылдың 21-шілдесінде Екатерина ІІ патшайымға Нұралы ханды тақтан түсіру жөнінде өтініш жазады. Бұл хатты сол кездегі кіші жүздің пірі болған Әбдужәлел Қосым­қожаұлы мен Сырым батыр бекіткен. Сартай батыр жайлы келесі деректерді Борон О.А.Игельстром реформасындағы құжаттардан табамыз. 1787-жылы қыркүйек айында Хобда өзенінің бойында Орынбор генерал-губернаторы барон О.А.Игельстромның ұйымдастыруымен кіші жүз елінің старшындарының жиналысы өтіп, онда генерал-губернатор О.А. Игельстромның кіші жүз елін Қаракесек, Байұлы және Жетіру аталықтарына, яғни, үш ордаға бөліп басқару туралы ұсынысы қабылданады. Старшындар мен халықтың жалпы жиналысы әрбір «басты орданы» басқаратын старшындарды сайлайды. Қаракесек руына – Сегізбай би, Байұлына – Тормамбет би, Жетіруға Тіленші батыр старшын болып бекітіледі. Жаңа сайланған старшындарға барлық рудың үстінен қарау міндеті жүктеледі. Осы жиналыстың өтуіне басты себепкер болған, халық алдында зор беделге ие болып, Нұралы ханға басты қарсылас бола білген Сырым батыр үш орданың да кеңесшісі болады. Дегенмен, жаңа сайланған старшындар басқару рефор­масын патша әкімшілігі ойлағандай жүргізе алмайды. Бұны қазақтарға белгілі билердің сайланбауынан көрген генерал-губернатор О.А.Игельстром өзінің реформасына қосымша енгізеді. Барон О.А.Игельстром патшайым Екатерина ІІ-ге жазған мәлімдемесінде: «...басқаларға қарағанда өздері артықшылық халде боларлықтай қызмет жүктеу қажет» екенін білдірген. 1787-1789-жылдар аралығында сайланған тексеру-басқару старши­налығына Қаракесек тайпасына (Әлімұлына) Сартай би, Қаракөбек би, Мұратбек би, Байұлына – Сырым батыр, Қаратау би, Жетіру әулетіне Тіленші мен Жанболат батырлар тағайындалады. Бұдан басқа Сырым батырға «тархан» атағы беріледі. Бұл жиналысқа патша әкімшілігінің өкілі, сарай кеңесшісі А.Бекчурин мен Орынбор губерниясының бірінші ахуны, муфти Мухаммеджан Хусайнов та қатысады. Осы жиналыстан кейін старшындар өздері басқаратын рудың қожалықтары атынан патша ағзамға, оның өкіметіне адал болуға ант қабылдайды. 1786-1787 жылдардағы орыс-қазақ қатынас­тары атты құжаттар жинағында, осы жылғы ант беру құжатына басқа билермен қатар шекті руының он мың үйі атынан Сартай бидің де ант бергені туралы жазылған. 1787-1791-жылдары Түрік елі Бұхара хандығын Ресей империясына қарсы көтеру мақсатында хат жолдайды. Осы жылдары Осман түріктері мен Ресей империя­сының арасында соғыс жүріп жатқан болатын. Ал, Бұхара хандығы Ресей империясымен көршілес жатқан кіші жүз қазақтарын осы соғысқа араластырмақшы ниетпен Сартай Байжанұлы бастаған басты-басты билерге, батырларға хат жібереді. Бұхара хандығынан кіші жүздің батыр-билеріне хат келгенінен хабар алған генерал-губернатор О.А.Игельстром шекті еліне, Орта Азия хандықтарымен шекаралас жатқан төртқара, шөмекей руларының арасына құпия мәлімет жинау үшін жауапты тапсырмамен Орынбордың муфтиі Мухамеджан Хусайновты бірнеше рет жібереді. Көне ноғай жолымен Арал теңізінің жағалауын бойлап, Сырдария өзенінен өтіп, Қызылқұмдағы төртқара, шөмекей руларын аралаған М. Хусайнов Бұхара, Хиуаға дейін сапар шегеді. Орта Азия хандарымен астыртын сөз байласқан М.Хусайнов өзбек хандығын қару-жарақпен жабдықтап қазақтарға айдап салмақ болады. Татар купецінің баласы М.Хусайновтың сапарының жиілеуінен күдіктенген Сартай би Сыр шектілерін көтеріп, 1790-жылы М.Хусайновтың керуенін тонап, өзін Ресейге кері қуады.Ел аузындағы аңыз әңгімелерде Сартай Байжанұлының қарақылды қақ жарған Би, елін қорғар батырлығымен бірге діни сауаттылығы және әулиелік қасиеті де айтылады. Сол аңыздардың бірінде Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла би, ақын, дала данагөйі, пәлсапашы Мөңке би өлерінде «жаназамды жақайым Байжан бидің баласы Сартай би шығарсын» деп аманаттайды. Арал өңірі халықта­рында сақталған аңыздардың бірінде, «Қосым қожа, төртқара Дәулет бақсы, жақайым Сартай батыр үшеуі Қызылқұмның құмында келе жатып, алдарынан шыға келген қоян бұлардан үрікпей, арқан бойы жерде көрініп тұрған сексеуілдің түбіне жата кетеді. Сонда ат тізгінін тежеген Қосым қожа «Менің өлгеннен кейінгі бейітім – анау қоян жатқан жер. Сен Сартай оң жағыма, Дәулет сол жағыма жайға­сарсыңдар» – депті». Жасы ұлғайып, қартайған Сартай батыр баба­мыз дүниеден озар шағында ағайын-туыстарымен қоштасып: «Мені Қызылқұмдағы Қосым қожаның оң жағына жерлеңдер» - деп өсиет айтады. Қазіргі таңда Қызылорда облысы, Қазалы ауданының Қызылқұм жақ бетінде Қосым қожа, Даулет бақсы және Сартай батырдың қорымы бар. Шежірелік мәліметтерге сүйенсек, Сартай батырдың қазақ, башқұрт, қарақалпақ, қалмақ қыздарынан алған төрт әйелі болған. Бабамыздың қарақалпақ әйелінен Мұса, Дүйсе атты екі бала туады. Мұсадан Мәукен, Мәукеннен Жұмахмет туады. Жұмахмет Мәукенұлы 2001 жылдың наурыз айында Арал ауданы­ның Шижаға ауылында дүниеден өтеді.

//Сыр бойы.-2013.-18 мамыр.- 9 б.

Ж. Аймағанбетова,



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет