Мазмұны Кіріспе і-тарау. Фразеологизмдердің түрлері, белгілері және тұрақты тіркестердің басқа тілдік тұлғалардан айырмашылығы


ІІ-тарау. Көркем әдебиеттердегі фразеологизмдердің ролі және оларды аудару мәселесі



бет3/5
Дата25.12.2016
өлшемі1,31 Mb.
#4629
1   2   3   4   5

ІІ-тарау. Көркем әдебиеттердегі фразеологизмдердің ролі және оларды аудару мәселесі.

2.1. Аударма тарихы және теориялық мәселелері
Жер бетінде ежелден өмір сүріп келе жатқан халықтардың көбі осыдан жарты ғасыр бұрын бір-бірінің дүниеде бар екені жайлы да бейхабар болатын. Бірақ дүниені дүрліктірген ұлы оқиғалар бұйығып жатқан елдердің өміріне орасан өзгерістер өкелді. Ғылымның, техниканың дамуына байланысты халықтар арасындағы кеңістіктер жақындасып, қашықтықгар қысқарды. Енді адамдар өз үйінен алысқа ұзамай-ақ бір-бірін біле бастады. Осының нәтижесінде ортақ мүдде, бірегей мақсат, бірегей сөздер пайда болды. Бірақ адамдар тілінің әр түрлілігі бұрынғы қалпынша қала берді де, халықтар достығының дәнекері ретінде аударма өнері жандана бастады.

Аударма араласпайтын, аударма қатыспайтын мәдени өмірдің бірде-бір саласы жоқ.

Аударма деген сөздің ауқымы (аумағы) кең. Бір тілден екінші тілге өлең, көркем проза, ғылыми және ғылыми-көпшілікке арналған әрқилы еңбектер, дипломатиялық документтер, іс қағаздары, саяси қайраткерлердің мақалалары мен шешендердің сөздері, газет материалдары т. т. толып жатқан дүниелер аударылуы мүмкін. Мұның бәрінде де аудармашыға қойылатын талап аударма теоретиктерінің айтуынша екі ыңғайда көрінуге тиіс.

1) Аударманың мақсаты – түпнұсқа тексін тіл білмейтіндерге таныстыру;

2) Ал аудару дегеніміз - өзге тілдің құралдарымен баяндалған тексті екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу деген сөз.

Шынында, аударма өнерінің мәселелерін жан-жақты талдап беру қиын.

Аударма осы заманның өз мұқтаждығына сай туған өнер. Оның мәселелерін қарастыру деген сөз – дүниежүзі халықтарының ынтымақ, бірлігінің жаршысы болу деген сөз. Өйткені халықтардың өзара қарым-қатысының күшеюі, бір-бірімен жақындасуы заманымыздың жарқын белгілерінің бірінен саналмақ.

Халықтардың өзара ынтымағы мен достығынан туындап жатқан жарқын ойлар мен жалынды істер лаулағанда «ошақ басында отырып қалу» жөн емес. Ендеше ұлттық мәдениетіміздің даму, өркендеу жайы оның интернационалдық сипатына тікелей қатысты екеніне дау жоқ.

Дарқан мәдениетіміздің бір ұшы аудармаға ойысып жатады. Мәдени өміріміздің қандай бір саласын алсаңыз да, аударма араласпаған, аударма қатыспаған түрін табу қиын. Осыдан келіп біз барша адамзат мәдениетін біріне-бірі жалғаса, ұласа жарасып жатқан байтақ жазира деп ұғар болсақ, соған дәнекер, оны селбестірер әр жұртгың қолындағы пәрменді құралдың бірі – аударма екенін айқын аңғарамыз.

Біз бүгінгі таңда классиктердің шығармаларын, дүниежүзі мәдениетінің асқан үлгілерін өз ана тілімізде оқи алатын дәрежедеміз. Прогрестік мәні өзгеше бұл процесс негізінен ағылшын тілі арқылы іске асып жатыр. Қай тілдің, қай халықтың болмасын көптің рухани жан дүниесін байытар қазынасын біз ағылшын тілі арқылы меңгерудеміз. Қазір ағылшын тілінен аударылған сансыз дүниелерді қарап шықсақ, біз ғылым саласында да, көркем әдебиет саласында да әлемнің төрт бұрышында болған, болып отырған небір оқиғалардан оймен, көкірек көзбен көңілге түйер дәрежеге жеткен екенбіз.

Бүгінгі тірлігімізге, тынысымызға ауадай қажет не түрлі рухани азықты ағылшын тілі арқылы алып отырмыз. Аударма бізді ағылшын халқының шалқыған мәдениетінің түпсіз мұхитына еркін жүздіріп, телегей сезімге бөледі.

Осыған қарағанда, аударманың біздің мәдени өмірімізден алатын орны орасан зор екені өзінен-өзі байқалады.

Белгілі бір ұлт әдебиетінің даму дәрежесін, заңдылықтарын білу үшін де оны көрші әдебиеттермен байланыстыра зерттеуге тура келеді. Мәселен, қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің бүгінгі деңгейге дейінгі даму өрісін ағылшын әдебиеті мен тіліне байланыстыра қарамасақ, көп мәселеде олқы түсер едік. Ал сол өзара байланыс, қарым-қатынас дегеніңіз аударма арқылы жүзеге асатыны анық. Мұндай қарым-қатынастың әдебиет пен тілге тікелей әсері болары тағы да анық.

Аударма, сонымен бірге, туған әдебиетіміздің эстетикалық мүмкіндіктерінің молаюына, әдеби тіліміздің байи түсуіне айрықша әсер етеді. «Переводы необходимы и для образования нашего еще не установившегося языка; только посредством их можно организовать из него такой орган, на коем можно будет разыгрывать все неисчислимые и разнообразные варианты человечеокой мысли», - дейді В.Г.Белинский.

Әр тілде сөйлейтін халықтар мекен еткен әлемді және сол халықтардың мәдени мұрасын танып білу тек аударма арқылы мүмкін. Әрине бұдан кез келген аударма түпнұсқаны толығымен танытар дәрежеде деген қорытынды жасалмауы тиіс. Сонда да кез келген аударма, оның ішінде, әсіресе, көркем аударма басқа тілдің амалдарымен жасалған шығарманы екінші тілдің құралдарымен қайта жасау болып табылады. Бұл процесс әр алуан халықтардың өзара қарым-қатынасы негізінде тарихи дәлелденген және жасалған тәжірибелер мұның әбден мүмкін екенін көрсетіп отыр. Ал енді бұл аудармалардың сапасы, салмағы т. б. түрлі қасиеттері деген мәселенің бәрін көркем аударманың теориясы тексеруге тиіс. Аударма теориясы осындай қажеттіліктен келіп туған.

Біздің негізінен көңіл қойып отырғанымыз – көркем аударма. Яғни көркем әдебиеттің екінші елге сапары жайлы деп те айтса болар еді мұны.

Аударманың тарихына үңіліп қарасақ, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ұғысу, жақындасу ниеті ертеден-ақ пайда болған сияқты. Оған дәлел - әр жұрттың өмірінде замандар бойы жалғасып келе жатқан аударма өнерінің үлгілері. Әсіресе, аударманың өзге үлгілерінен гөрі көркем туындылары бір халықтан екінші халыққа, бір тілден екінші тілге жеделірек жетіп отырған. Халықтың рухани тілек-талабынан келіп туған өзге елдің көркем шығармаларын аудару процесі келе-келе өзіндік принциптері мен қағидаларын алға тартады. Аударудың әрқилы тәсілдері мен заңдылықтары бой көрсетеді.

Сөйтіп бір халықтың әдеби мұрасын екінші елдің рухани қазынасы етуді мұрат тұтқан адам аудару үстінде екі тілдің өзді-өзіне ғана тән неше алуан ішкі заңдылықтарының сырына үңіліп, аударудың өзіндік заң-жобаларын түзе (сыза) бастайды. Әрбір тіл арасында аударма арқылы болып жататын неқилы салыстыру салғастыру дегендердің бір жүйеге түсіріліп, саралануы қажет екенін ертеден ұққан азаматтар осы жөнінде өз пікірлерін айтып, жазып отырған. Мәселен, дүниежүзілік мәдениеттің алтын қорын аралап кетер болсақ, сонау ертедегі Рим дәуірінің алыптары Ливий Андроник, Цицерон, Гораций, Квинтилиан т. б. бастап жиырма бірінші ғасырға дейінгі аударма проблемаларына арналған сан алуан теориялық пікірлердің болғанын тарихтан білеміз.

Сол дәуірлер сырын танытатын бұл қағида, көзқарастардан аңғарылған бір нәрсе: аударманың қай дәуірде болмасын қоғамда үлкен рөл атқаратыны.

Әр дәуірдің дамуына қарай аударманың әрқилы принциптері бой көрсеткен. Сонау ерте дәуірдің өзінде-ақ еркін аударма мен сөзбе-сөз аударма пайда болған [19, 126].

Тарихқа жүгінсек, грек әдебиетінің римляндықтар әдебиеті мен тіліне тигізген әсері ұшан-теңіз. Бұдан ұғатынымыз: аударманың тіл мен әдебиетке тигізер әсерінің қай кезде де мол екендігі. Тағы бір ескеретін нәрсе, сонау ерте кезде-ақ бой көрсеткен аударманың бұл екі тәсілі күні бүгінге дейін ұласып келе жатқаны. Көп дау, талас-тартыс осы екі принцип маңында өрбиді.

Қайта туу (эпоха Возрождения) дәуірі творчестволық істің жаңа мұраттары мен түрлерін тарата отырып, аударманың рөлін көтеріп тастады. Бұл кезде Германияда аударманың әрқилы принциптері көріне бастайды. Тіпті бөтен тілдің синтаксисіне дейін жеткізуді талап еткендер (Никлос фон Виле) де, қайта өңдеуге дейін баратын еркіндікті талап етушілер (Генрих Штеинхавель, Альбрехт фон Эйб) де болған. Англияда поэтикалық түрлердің қандайын болмасын ұлттық өңге айналдыру арқылы әдебиетін дамыту ағымы болған.

Францияда аударма патша сарайындағы аристократтар талғамына лайықты жасалып отырған. Яғни еркін аударма етек алған.

Әрқилы елде әр алуан принциптері қалыптаса бастаған аударма тәжірибесін түбегейлі тексеріп, оны ғылым ретінде теориялық жүйеге салып қарастыру қажеттігі осылай келіп туды.

Аударма мәселесіне арналған алғашқы теориялық еңбектер ХVІІІ ғасырда шыға бастаған. Мәселен, Германияда – Хоттингердің «Нечто новейшей фабрикации переводов из греков и римлян» деген, Англияда –Тайтлердің «Эссе о принципах перевода» деген еңбектері жарық көрген. Мұның соңғысын жақсы аударманың негізгі принциптерін анықтап берген (түпнұсқаның идеясын, стилін және жазу мәнерін беру) еңбек ретінде аудармашылар мен теоретиктер күні бүгінге дейін пайдаланып жүр. Осы еңбектер шыққан кезеңде аударма және аудармашылар жөнінде екі түрлі пікір болған сияқгы. Оның бірі – түпнұсқа авторын аудармашы еліне алып келіп, өз жерлесі ету де, екіншісі, керісінше, аудармашының автор еліне көшуі. Автордың жағдайымен түбегейлі танысу үшін оның еліне бар дейтін принципті немістің үлы ақыны Гете ұстанған.

Батыс Европа мәдениетінің тарихынан аударма теориясына қатысты әрқилы пікір айтып, еңбек жазған талай ғұламаларды (мәселен, аударманы «шешуі жоқ жұмбақ» деп ұғатын Гумбольдт, «перевод – смерть понимания» дейтін Мориц Гаупт, «автордың жанын беруге тырыс» дейтін Шлейермахер т.б.) келтіруге болады.

Аударма теориясын сөз еткенде, оның қалыптасуына тікелей қатысы бар орыс мәдениеті өкілдерінің пікірлеріне тоқтамай өте алмаймыз. Россияда алғаш еркін аударма принциптерін қолдап, сол жайында пікір айтқан Ломоносов, Сумароков, Тредиаковский, Державиндер, т. т.

«Переводчик прозы – раб, переводчик поэзии – соперник» деген әйгілі қағидасымен орыс аударма өнерінде өзінің айтулы ізін қалдырған В.А.Жуковскийдің жөні бір бөлек.

А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов айтқандарынан аударма теориясына негіз боларлық және соның дамуына едәуір септігін тигізген жайды аңғарамыз. Сондай-ақ, Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Писарев сынды сыншылардың аударма жөніндегі қағидалары өз алдына бір бөлек зерттеу объектісіне лайықты дүние. Бұлардың соңынан акад. Веселовскийдің үлгісі шықты. Осы мектептің өнегесін үлгі тұтқан аудармашылар саны молайды. Алайда, қайсыбір зерттеулерге жүгінсек, бұлар жасаған аудармалардың біразынан түпнұсқаны орыстандыру, творчестволық ерекшеліктер жағынан кедейлену айқын байқалар еді.

XIX ғасырдың соңғы кезеңінде тіл білімінде үстем бола бастаған декаденттік ағым мен психологизм аудару өнеріне деген пессимистік көзқарасты таратып жіберді (Потебня). Ал түрге әуестенушіліктің қашан да әркімнің өз басының талғамына лайықты аударма жасауға итермелейтінін аударма тарихынан білеміз.

Аударманың бүкіл халықтық сипатқа ие болуы А.М.Горький есіміне тікелей байланысты.

Жауапты мәселенің дұрыс жолға қойылуы үшін аудармашыларды аударманың ең қарапайым да түсінікті қағидаларымен қаруландыратын теория керек еді. Сөйтіп, аударма теориясының әліпбиі жасалды. Мұны алғаш қолға алған аударманың аса көрнекті теоретиктерінің бірі, әдебиетші К. Чуковский болатын. Кейін бұл еңбек әлденеше толықтырылып, жаңартылып басылып отырды.

Аударманың мәселелерін әрқилы көзқарастар тұрғысынан қарастырған әр алуан еңбектер бар. Аударма өнерінің ерекшеліктері мен заңдылықтарын таратып, талдай алатын тамаша теоретиктер бар. Олар – М.П.Алексеев, А.В.Федоров, Г.Гачечиладзе, И.А.Кашкин, О.Кундзич, А.В.Кунин, Ю.Д.Левин, П.М.Топер, Я.И.Рецкер, В.М.Россельс, В.Е.Шор, т. б.

Қазақстанда аударма мәселесіне байланысты біраз еңбектер жарияланған. Түбегейлі мәселелері туралы ғылыми ой-пікірлерін жазған М.Әуезовтің, М.Қаратаевтың, С.Талжановтың, Ә.Сатыбалдиевтың, Т.Әлімқұловтың, Ә.Ипмағамбетовтың, Е.Букетовтың, Қ.Қанафиеваның, А.Жовтистің, Е.Ғабдіровтың, Ш.Сарыбаевтың, Ә.Нұрпейісовтың, М.Әлімбаевтың, С.Нұрышевтың т.б. ұсынған қағидалары бұл проблеманың ғылым ретінде қалыптасуына едәуір септігін тигізгені мәлім.

Бұларға қоса аударма проблемаларына арналған түрлі кеңес-мәжілістер көптеген күмәнді, түсініксіз жайларды теориялық тұрғыдан ғылыми талқыға салып, саралап шыққан. Әрине бұл мәжілістер аударма теориясының әр алуан мәселелерін түбегейлі шешіп берді деп айту қате. Алайда ден қоюға тұрарлық бір ақиқат, аударма өнерінің филология ғылымының ерекше бір саласы ретінде танытылып, оның даулы-даусыз мәселелерінің нақты ғылыми жолмен тексеріле басталғандығы. Дәлелдеме, дәйектемелерге негізделген мұндай ғылыми бағыт аударма проблемасының көптеген меселелерін нақтылы шешуге, сөйтіп аудармашыларға қиындық туғызып келген кейбір жайттар жөнінде қажетті принциптерді ұсынуға едәуір септігін тигізгені хақ.

Бұл үлкен проблеманың қағидаларын талдап беруде әрқилы көзқарастар күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Аударма өнерінің мәселелерін тексеруде әрқилы ғылым саласы келіп түйісіп жатады. Әдебиет, тіл, психология, тарих, этнография, математика, т.т. Мұның ішінде аударманың өзіндік объекті тіл мен әдебиет болуға тиіс. Өйткені көркем аударманың тексеретін мәселесі белгілі бір тілде жазылған көркем туындының екінші бір тілдегі көрінісі. Осыдан келіп аударманы зерттеу саласында тілшілер мен әдебиетшілер арасында әр алуан көзқарастардың болатыны ақиқат.

Жалпы, теориямен айналыспаған аудармашының аударманың қазіргі талабына лайықты іс бітіруі неғайбіл. Аударма теориясының бүгінгі талабы дегенде біз көркемдігі жағынан дәл, толыққанды аударманы айтамыз. Қанша дегенмен, өз бетінше, өз қалауынша аудармамен айналысушы адам білгенін өзімен ала кетеді де, оның қолы жеткен ақиқат жұмбақ күйінде калады. Ал теория сондай көптеген тәжірибелерді қорыта келіп, қол жеткен табыстарды көпке ортақ дүниеге айналдырады.

Аударманың ғылыми қағидаларын ортақ мүддеге айналдырушы теоретиктердің бұл жөніндегі ұстанған принциптерін үш түрге бөліп, топтап әңгімелеуге болар еді.

Олардың бірі – аударманы әдебиетгану ғылымының еншісіне беріп, оны таза творчестволық құбылыс ретінде қарастыратындар. Мәселен, И.А.Кашкин, А.А.Смирнов, И.Брагинский, В.Россельс, В.Шор, т.б. пікірлері негізінен осы ыңғайда түйісіп жатады.

Ал А.В.Федоров бастаған тілшілер қауымының көбі аударманы тіл білімінің объектісі ретінде зерттеген. Бұлардың қатарына Л.С.Бархударов, Б.А.Ларин, Я.И.Рецкер, т. б. қосуға болар еді.

Бұл екі көзқарасты жалғастырып, аралық позицияда тұрған үшінші бір топ аударманы өз алдына бөлек сала ретінде тексереді. Яғни аударма негіздері тіл мен әдебиет қағидаларына сүйенсін дейді. Өзінің дәлелді теориялық тұжырымдарымен аударма ғылымының дамуына бөлекше үлес қосқан Г.Гачечиладзе мұны былай түсіндіреді: «Аударма теориясы лингвистика мен әдебиеттану ғылымының аралығында тұрған, өзіндік орны бар өзгеше ғылым». А.Лейтестің де: «Она могла бы стать наукой об осмыслении и воссоздании художественных произведений средствами другого языка, показывая на материале многих литератур, как читательское сотворчество перерастает в сотворчество писательское», - деген пікірінен Г.Гачечиладзе ұсынып отырған принциптерді қолдайтынын аңғарамыз. Үш топтың өкілдері аударма проблемаларын осылай әрқилы тараптан тексеруді талап ете отырып, іс жүзінде бірінің мәселесін бірі қамтып кете береді.

Мәселен, аударманың көркемдік қасиетіне, эмоциялық, эстетикалық әсеріне айрықша мән беріп, алдымен тек соның жеткізілуін қадағалайтын зерттеушілер, кейде еріксіз, сол көркемдік ерекшеліктерді жасауға тікелей қатысты тілдік құралдарды талдап кетеді. Ал, керісінше, тіл мамандары әлгі тілдік факторларды талдай келе, бұлардың көркем құрал есебінде атқаратын қызметін саралайды. Осылай болуы заңды. Өйткені, біздің ойымызша, көркем аударма әдебиет пен тілге тікелей қатысты. Егер мұны құсқа теңеп бейнелеп айтсақ, құстың қос қанатсыз ұша алмайтыны сияқты, көркем аударма да әдебиет пен тіл қағидаларынсыз дами, өркендей алмақ емес [31, 167].

Аударманы творчестволық процесс деп оның эстетикалық мәніне, әсеріне баса назар аударатындар мен лингвистикалық мәселе ретінде тексеретін тілшілердің екеуі де бұл проблеманы бір жақты ететін тәрізді. Өйткені аударма мәселесінде бұл екеуін бөліп, олардың екінші тілдегі көрінісін жеке-жеке іздестіру жарамайды. Бұлай аударма проблемаларын түбегейлі тексеру мүмкін емес. Шындығында аударманың творчестволық процесс екеніне ешкім дау айта алмаса керек. Ал сол творчестволық процесс екінші тілде қалай, немен жеткізілуге тиіс? Егіздің сыңарындай, тіпті бірінен-бірі туып, біріне-бірі жалғасып жатқан құбылыстың жігін ажыратып байланыссыз қарастырудың қажеті қанша. Ал аударманың творчестволық процесс екеніне дауымыз болмаса, мұның тек тіл құралдары арқылы іске асырылатыны тағы анық. Сонда, теориялық топшылау жасағанымызда мұның «эмоциялық мәселелері» немесе «лингвистикалық мәселелері» деп бөлек-бөлек қарастыруға негіз бар ма?

Аудару процесінде де, теориялық анализ жасау барысында да лингвистикалық құбылысты эстетикалық-эмоциялық әсерден бөлуге тіпті болмайды. Өйткені әдемілік дегеніңіз лингвистиканың функциясына жатады. Көркем контексте лингвистикалық құбылыстың осындай қызметі байқалмайтыны белгілі. Лингвистикалық элементтегі эстетикалық қызмет (функция) дегеніміз көркем туындыға бір сөзді жазған замат немесе оны аударған бойда көрінеді. Осы айтып отырған эстетикалық әсер дегеніңізді алсақ, ол тіл құралдары арқылы жасалады. Сөйтіп, аудармада бұл екі процестің екеуі де қатынасады. Онсыз аударманың жасалуы мүмкін емес.

Тілдің әрбір элементі көркем контекстке ене отырып, сапалық өзгеріске ұшырайды. Яғни лингвистикалық құралдардың қабілеттілігі көркемдік мән-мағынаға айналып жатады. Сондықтан да: «В диалектическом единстве лингвистического и художественного, в способности отмеченного качественного превращения и состоит возможность преодоления основного противоречия, выраженного в формуле — перевод прекрасного с одной лингвистической системы на другую», — деген теоретик О. Кундзичтің пікіріне қосылуға тура келеді.

Осы тұрғыдан алғанда «... область художественного перевода начинается там, где кончается область языковых сопоставлений» — деген Г.Гачечиладзенің; «пусть он будет подчинен определенному художественному или идейному замыслу, но сам по себе представляет материал чрезвычайно богатый», — деп түсінетін А. Федоровтың пікірлері де дау туғызады.

Көркем шығарманы жеке алып қарағанда ол көркем туынды есебінде эстетикалық әсер ететін категория. Біз оны оқығанда оңдағы сөйлем мүшелерін талдап жатпай-ақ таңдай қағамыз. Ал енді сол шығарманы аудару қажет болса, не сол аударманы талдау керек болса, оны бірнеше бөлікке, материалға бөлуге тура келеді. Сөйтіп лингвистикалық анализдің қажетгігі туады. Әдеби-лингвистикалық байланысты осындай бірлікте қарау қажет.

Қазақ аударма өнерінің тарихына үңілсек, дәл осы тектес аражігі айқын, анық пікірлер бар деп айту қиын. Мұнда біз мынау тілшілер ұсынған, мынау әдебиетшілер ұсынған пікір деп бөліп-жарып жатпаймыз. Тек бір ескерте кететін жай мынау: аударманы өнер деп ұғатын жазушы, журналистер қауымы мұны тек әдебиеттің тексеретін саласы деп танитыны. Тілші ғалымдар тарапынан бұл дайыңда айтылған үзілді-кесілді пікірді кездестіре алмаймыз. Мұның мәнісі арнайы зерттелмегендіктен. Ал кейінгі тұжырымның, яғни аударманы әдебиет пен тіл арасындағы құбылыс деп карайтын көзқарасты қолдайтын зерттеушілер де бар. Мәселен, аудармашы ғалым Ә.Сатыбалдиевтың бұл турасындағы қайсыбір ойлары реалистік аударма ғылыми теоретиктерінің бірі Г.Гачечиладзенің кейбір пікірлерімен үндесіп жатады [24, 65].

Сөзбе-сөз аударма мен еркін аударма: аударманың күнделікті тірлігіңде талай әжетке жаратылып келген тәсілдер. Тіпті күні бүгінге дейін қайсыбір аудармалардан көрініп қалады. Аударманың әрқилы үлгісін жасап, әр алуан қағидаларға жүгінген өнерпаздар іс барысында сан түрлі ағым жетегінде болғанмен, олардың бәрі де осы екі үлгінің, екі тәсілдің маңайына келіп үйіріле береді. Екі тәсілдің әрқайсысын дәуіріне, кезеңіне қарай жеке-дара алып қарастырсақ, оларды түсінуде, қолдануда қилы-қилы ұғымның да болғаны мәлім.

Бұл екі тәсілдің тарихи мәнін бір жақты түсініп, теріс ағым ұстанып жүрген зерттеушілердің де бар екенін ескере отырып, алдымен аударманың біз сөз етіп отырған осы принциптеріне тоқтала кету қажет. Теориялық тұрғыдан қарастырғанда бұл принциптердің мән беруді тілейтін өзіндік ерекшеліктері мол. Және аударма процесіне қырсығын тигізген кездері де жиі кездеседі. Шынында аударманың қай түрі болмасын ол белгілі бір кезеңнің жемісі. Ғылымның, практикалық істің өзі әкелген алғашқы адымдары болады. Сондай қажеттіліктен келіп туған еркін аударма тәсілі кезінде прогрессивтік рөл атқарғаны мәлім. Өйткері ғылым, өнер, экономиканың алғашқы тәй-тәй басқан шағында бірден реалистік аударманы талап ету мүмкін емес еді. Ол кезде халықтың білім дәрежесінің өзі көптеген мәселені түсіндіріп алуды тілейтін. Аудармашылардың өзі тілесін, тілемесін алып отырған объектісін түсіндіруге ыңғайлай беретіні біріншіден осыдан, екіншіден, сол аудармашылар сүйенерлік бірде-бір жол-жобаның, аударманың семантикалық жүйесінің әлі қалыптаспауынан. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл принциптің өз кезінде рөлі ерекше болғанын ұғу қажет. Мұның кесірлі тәсілге айнала бастаған кезін анықтау ғылыми байыптылықка саятын нәрсе. Аударма тәжірибесі молайып, оның әрқилы жаңа, жарқын принциптері туа бастағанда, қайсыбіреулердің еркіндіктен арыла алмай жүруі, әрине орынсыз. Оның себебін ашып, бүге-шігесін талдау ғылымның міндеті.

Ал сөзбе-сөз аударманы кейбір практиктер мен зерттеушілер жарамсыз тәсіл деп түсіндіреді. Шынында бұл тәсілдің де себепсіз тумағанын ескеру керек сияқты. Ғылыми-теориялық еңбектерге және аударма тәжірибесіне жүгінсек, бұл принциптің көңіл аударуды тілейтін тұстары көп. Ғылыми тұжырымның мәні я олай, я былай деп тоқ етерін айта салумен анықталмаса керек, қайта нақты мәселенің себеп-салдарына жүгінген жүйелі дәлелдемелерге орай байқалса керек. Әрине сөзбе-сөз, әріпқой аударма дегендердің ғылыми қағидаларға салғанда бадырайып көрінетін баянсыз түрлерін көрсету лазым. Аударманы ғылым деп танитындығымыздан оның әдіс-тәсілдерін ғылыми жүйеге салып, себеп-салдарын дәлелдемелермен аша, ажырата баяндауға міндеттіміз.

Жалпы, ғылымның принциптері, әдіс-тәсілдері себепсіз ойдан жасалмайды. Қандай тәсіл болмасын ол белгілі бір шындықтың айнасы. Ендеше сөзбе-сөз аударма практикасындағы белгілі бір мұқтаждықтан, қажеттіліктен келіп туған. Ал ол тәсілдің жарамды-жарамсыз болмысын анықтау екінші мәселе. Ғылыми талдауды тілейтін тұс осы. Ендеше бір аударма тәжірибесі алып келген әрқилы әдістерді түсіндіруде біржақты ұғымнан қашыңқырап, соның себеп-салдарына үңілуге тиіспіз. Оның жарамды қасиеті қайсы, жарамсыз қасиеті қайсы – міне, осы мәселелер көбінесе көмескі күйде қала беретін. Тағы бір ескеретін жай мынау: әдетте сөзбе-сөз аударманы жарамсыз деп табатындар шыныңда да мұны сөзбе-сөз ұғатын тәрізді. Яғни белгілі бір сөйлем компоненттерін сол тұрған қалпында, сондай тәртіппен көшіру деп түсінеді. Егер мұндай тәртіппен аударсаң, әрине сөзбе-сөз тәсілдің түкке жарағысыз боларына күмән жоқ. Ал сөзбе-сөз аударманы дұрыс ұғатындар ұстанған принцип сәл басқашалау. Олар әлгі сөйлемді мағыналық топқа айналдырып тұрған компоненттердің түпнұсқадағы күйін сақтап жатпайды. Бірақ сондағы айтылмыш ойды білдіруге қатысып тұрған сөздердің бәрінің лексикалық мағынасын жеткізуге тырысады. Жеткізгенде, әрине әр сөзді жеке-жеке қуалап, жеке-жеке аударатын болсаңыз баяғы Гумбольдт айтқан жалған тұжырымға баратыныңыз ақиқат. Гумбольдт не дейді. Оның айтуынша, аударма дегеніміз шешілмейтін жұмбақты шешуге әурелену болып шығады. Мұның мәнісі: аудармашы жүзіп келе жатқан су астында шөккен екі тас бар. Бір халықтың көркем мүлкін жеткізуді мұрат тұтқан адам қалайда осы екі тастың біріне ұрынады. Оның бірі – түпнұсқаға өте адал болу үшін, ана тілінің заңдылықтарын аяққа басу болса, екіншісі ана тілінің заңдылықтарына түпнұсқаның бар қасиетін түгел бағындырып басқа қиянға шығып кету. Осыдан келіп әрбір халықтың зат, материя, болмыс жайындағы түсінігі әрқилы, соған орай тіл байлығы да ала-құла. Ендеше бай тілден кедей тілге аудару мүмкін емес деген идеалистік қорытынды жасайды.

Міне, осы жалған ұғымның жетегінде кетпес үшін сөзбе-сөз аударманың ішкі-тысқы характерін талдап, таратып түсіну қажет. Яғни сөзбе-сөз дегенді сол сірескен қалпында қабылдамай, аудару кезінде сөйлем компоненттері аударылатын тілдің заңдылықтарына қарай ыңғайлана, орындары ауысып түсіп жататынын және сөйте тұра түпнұсқа мазмұны мен формасы түгел жеткізілетінін қамтамасыз ететін тәсіл деп те қарағанымыз жөн.

Көркем аударманың аса үлкен табысы деп адекватты немесе реалистік аударманы айтуға тиіспіз. Бұған дейін адекватты және толыққанды аударма деген терминдер пайда болған. Бұлар жөнінде жоғарыда сілтеме жасалған еңбектерді қарауға болады.

Аударма қатынасы болмаған елдердің көркем туындысын екінші тілге жеткізуде толып жатқан қиындықгар болатыны белгілі. Ол қиындықтардың басы ең әуелі тілдердің әрқилы топқа жататындығынан басталады. Яғни тілдер құрылысы (типология) жағынан басқа-басқа болып келсе, бұл тілдерде жазылған көркем шығармаларды бірінен екіншісіне аудару оңайға түспейді. Аударма процесіне едәуір ықпалын тигізетін екінші бір жағдай – тілдердің негізі туыс еместігі. Басқаша айтқанда, индоевропа тілдерінен түрік тілдеріне немесе керісінше, түрік тілдерінен индоевропа тілдеріне аударудың сан алуан қиындықтарын байқаймыз. Ал туыс тілдерді бірінен екіншісіне аудару әлдеқайда жеңіл. Мысалы, өзбек тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен қырғыз тіліне т.т. көркем шығармаларды аударуда көптеген жеңілдіктер болатынын да аударма тәжірибесі көрсетіп жүр. Әрине, бұл жерде лингвистикалық факторлардан тыс нәрселер де бар. Бұлар да аударма ісінде айрықша рөл ойнайтын факторлар. Мәселен, халықтардың мәдени өміріндегі тарихи орталықтар және ұзақ мерзімдік өзара тілдік қарым-қатыстың барысында пайда болған ұғымдар мен көзқарастардың ұқсастығының әсері мол. Бұл тұста аудармашының қызметі көп мәселені шешіп тастауы мүмкін. Сөз алмасу калька жасау және қайта жасалған сөздер аударма арқылы келеді. Бұлар тіліміздегі көптеген сөздерімізге салалық өзгерістер енгізеді. Яғни тілімізде осы аудармаға дейін байқалмаған жаңа мағыналық сипаты бар сөз қатары көріне бастайды. Бұл процестің келесі аудармаларға жеңілдік жасайтынына дау жоқ. Тілдердің индоевропа тармағына жататын тілінен түрік тобына жататын қазақ тіліне аударуда осындай құбылыстардың болып келгенін көреміз, әлі бола беретінін де сеземіз. Аударма процесінде болып жататын әр алуан толқындардың біраз себебі тілдердің осы тек өзгелігі мен құрылыс өзгелігін дұрыс ұқпаудан туса керек.

Семантикалық жүйенің молаюы немесе таралуы аударма қатынасының характеріне байланысты. Көркем шығармалар жиі-жиі аударылып отырса жаңа мағыналық топтар молая, түрлене түспек те, керісінше аудару процесі тежелсе бұлардың да өрісінің тарылуы табиғи нәрсе. Бір кездері ағылшын тілінен қазақ тіліне аударудың қиындықтары болғаны мәлім. Олар, ілгеріде ескерткеніміздей, ағылшын қазақ тілі құрылысының ерекшелігінен, тілдік дәстүрлі эквиваленттердің аздығынан және осы тілдерде сөйлейтін халықтар ұғымында қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-санаға байланысты сөздердің өзгешелігінен туып жатқан қиындықтар еді.

Қазір ағылшын тілінен қазақ тіліне аударудың алуан түрлі арналы жолдары жасалды. Жаңа ұғымды берерлік тіліміздің дәстүрлі эквивалентті құрайтын жаңа терминдер, жаңа тіркестер пайда болды. Мұның көптеген мысалын шығармаларының аудармаларынан көреміз.

Алайда қайсыбір тілдік материалдың мағыналық салмағы сайма-сай келмей шаршататын түс кездесуі әбден мүмкін. Мұның себебін проф. А.А.Реформатский былай түсіндіреді: «Частные случаи непереводимости основываются на чисто язьковом факте – отсутствии в одном языке материальности, имеющейся в другом».




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет