2.2. Фразеологиялық анафора мен эпифораның қайталама
түрде жасалуы
Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар, эмоционалдық-экспрессивтік бояу беретін стильдік мәні айрықша құрал болып саналады. Тұрақты сөз тіркестері аз сөзбен көп мағынаны білдіреді, тілдің стильдік сапасын арттырады.
Фразеологизмдерді зерттеу барысында тұрақты тіркестерді тар және кең мағынада түсіну деген ғылыми ұғым қалыптасқан. Фразеологизмдерді тар мағынада түсінуді жақтайтындар макал-мәтелдерді, нақыл сөздерді фразеологизмдер (І.Кеңесбаев, Т.Байрамов, З.Ураксин) қатарына енгізбейді. Ал кең мағынада түсінуді негізге алатын зерттеушілер (С.Мұратов, Г.Ахунзянов т.б.) терминдерді, күрделі сөздерді, қос сөздерді, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді фразеологизмдерге жатқызады.
Қазіргі қазақ тілі фразеологиясы мен лексикологиясында мақал-мәтелдерді фразеологизм аясында қарастыру керек пе, жоқ па деген мәселе әлі де нақты шешімін тапқан жоқ. Академик І.Кеңесбаев: "мақал-мәтелдерді фразеологизм аясында қарастыруды қоштамайтынын" — ашық айта отырып, "құрылымы жағынан мәтелдің мақалдан гөрі фразеологазмге жақын" екендігін де жоққа шығармайды.[25,219] Профессор Г.Смағұлова:"Мақал-мәтелдердің фразеологаялық тұлғалардан елеулі айырмашылықтарын ескере отырып, фразеолргиялық түсінікке қатысты етіп қарастыру жөн болар", - дейді.[26,69]
Қазіргі кезде фразеологизмдерді кең ұғымда түсінуді жақтаушылар фразеологаяның зерттеу аясын кеңітуді ұсынды. Бұған дейін де фразеолог-ғалымдар тіл білімінде фразеологияның жеке пән ретінде орнығуына үлкен еңбек сіңірді. Орыс тіл білімінде фразеологая туралы ілімнің негізін салған - академик В.В.Виноградов. Бұл ғалым фразеологизмді жан-жақты зерттеумен қатар, оның көркем туындыдағы атқаратын қызметін, қолданылу мүмкіншілігін қарастыру керектігін айтты. Сондай-ак А.И.Молотковтың редакциясымен жарияланған төрт мыңнан астам сөздік мақала бар "Фразеологический словарь русского языка", Н.Н.Амосованың "Основы английской фразеологии" атты кітаптарын да атаған жөн.
Қазақ ғалымдары І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, Х.Қожахметова, Г.Смағұлова және т.б. еңбектерінде фразеология жайлы пікірлер айтылып, нақты тұжырымдар ұсынылды. Ұлттық ғылым академиясының академигі І.Кеңесбаевтың "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі" (1977) - қазақ тіл білімінің үлкен табысының бірі.
Тілдегі фразеологиялық құрам - қазақ тілінің ең бай, құнарлы көзі. Фразеологизмдердің жаңа ұғым, түсініктермен көбейе калыптасуы біздің ұлт тіліміздің даму ерекшеліктерін және ұлт мәдениетінің танымдылық қасиетін көрсетеді.
Фразеологизмдердің қай-қайсысы болмасын (фраза, идиома, мақал-мәтел) бәрі де халықтың сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай келеді. Фразеологизмдер алдымен адамның өмірді түсініп-тануын, көзқарасын, қарым-қатынасын, ақыл-парасатын, ой-санасын, жан күйзелісін білдіреді. Сондықтан суреткер тіліндегі фразеологизмдерді талдағанда, оны жалпыхалықтық тілмен байланыстыра қарастыруымыз қажет.
Фразеологизмдер - тіл мәдениетін арттырып, сөз құдіретін жасайтын, өлең тілін өрнектейтін асыл байлығымыз. Поэзияда қолданылатын фразеологизмдердің лексика-семантикалық мәні, морфологиялық құрылымы, стильдік қызметі мәтін ішінде айқын көрінеді.
Фразеологизмдер өлеңнің дыбыс үйлесіміне, ырғаққа және ұйқасқа да тікелей қатысты. Өлеңді сөйлем болғандықтан үйлесімділіктің мәні ерекше көрініп тұрады. Мұқағали өлеңдерінде фразеологизмдердің ұшқырлықпен жұмсалғанын және авторлық өңдеумен өзгертіліп те қолданғанын байқаймыз.
"Фразеологизм дүниесі — тілдің байлығын да, образдылығын да танытатын ерекше элементтер", - дейді академик Р.Сыздық. [2,15]
Бейнелілік — тұрақты сөз тіркестеріне тән қасиет. Сондықтан ақын бейнелі сөз орамдарының орнын тауып, нақтылы, дәл қолданған. Мұқағали тұрақты сөз тіркестерін бір өлеңде бірнеше рет қайталап, фразеологаялық анафора мен эпифора үлгілерін жасап, өлеңнің эмоциональдық-экспрессивтік бояуын арттырады. Фразеологизмдерді өзгертіп қолдану, фразеологаялық қайталама жасау суреткердің шеберлігін, даралығын танытады.
Мұқағали халық тілінің бар байлығын, сөз маржандарын өз жырларында шығармашылық тұрғыда қолдана отырып, өзіне тән стиль құрайды. Тұрақты сөз тіркестерінің стилъдік бояуы жеке сөзбен салыстырғанда әлдеқайда күшті, экспрессивті мүмкіншіліктері анағұрлым мол. Осы қасиеттеріне орай фразеологизмдер белгілі бір оқиғаны баяндауға, сөйлеген сөзге ерекше өң береді.
Фразеологазмдердің мағынасы кеңейіп, экспрессивтік бояуы айқындала түседі. Мысалы:
Есінде ме түндерің көз ілмеген?
Кезуде ойың өмірді, кезуде өлең.
...Өлең керек ұрпаққа, өзің, мейлі,
Көлеңкеде қалсаң қал көзге ілікпей!
/Өлең керек/
немесе:Қыс жетіпті,
Сол баяғы кезіндей,
Қуырып жүр дүниені көз ілмей.
/Қыс келген күні/
Бұл жерде "көз ілмеу" фразеологаялық бірлігі "ұйықтамау, ұйқыны қандырмау, ұйқысыздық" деген мағынаны аңғартады. Фразеологиялық бірлік мағына бірлігіне негізделеді. Мұнда "көз" және "ілмеу" сыңарлары өздігінен бейнелі мағынаға ие бола алмайды. Мұндай мағынаға бұл сөздер тіркескен күйінде, яғни бір бүтін тұрақты сөз тіркесі күйінде ғана ие болады. Бұл бұрын қарапайым болған тұрақты сөз тіркесі кеңею арқылы әлеуметгік мәнде қолданылады.
Сонымен бірге "көз ілмеу" фразеологазмінен жасалған эпифоралық қайталама өлеңдердің үзінділерін ажарландырып, ерекшелентіп тұрады.
Фразеологиялық тіркестердің құрылымына назар аударатын болсақ, олардың өзіндік ерекшелігі байқалады және құрылысы жағынан түрліше болып келетінін аңғаруға болады. Фразеологизмдер құрылымы жағынан есім мағыналы, етістік мағыналы, үстеу мағыналы болып бөлінеді.
Мұқағали өлеңдеріндегі әр түрлі заттардың, нәрселердің аттарын білдіретін, құбылыстардың ұғымдарын сипаттайтын зат есім мағыналы фразеологиялық қайталамалар кездесіп отырады. Мысалы, төмендегі өленде "еркекшора" деген зат есім мағыналы фразеологизм қайталанады.
Шынымен еркекшора Ырысжан ба?!
Бауыр ма, батыр ма сол, туысқан ба?!
....Еркекшора!
Жаны да, сыры да ашық.
Еркелетер еді оны жылы халық.
Сендер әкім болсаңдарөлмеспін, - деп,
Жылқы бағып кеткен-ді құрық алып.
Еркекшора!
Ол маған жалт қарады.
/Еркекшора/
Ақын анафоралық қайталама қолданып, оқырманның назарын "Еркекшора" деген өлеңнің атауына аударады да, Ырысжанның сипаттамасын жасауда оның сыртқы келбетін, ішкі жан дүниесін, мінезін, жүріс-тұрысын айқын, ашық суреттейді.
Кейде фразеологизмдер жалпы мағынаны білдіріп, зат пен құбылысты тек атап қана қояды. Мұндай тұрақты сөз тіркестері бейтарап қолданылатын фразеологизмдер деп аталады. Мысалы:
Күн аяз.
Қантарда ма, ақпанда ма,
Із кәсіп, қан сонарға аттанғанда...
...Қызыл түлкі қырқадан қылаң етсе,
Құмай тазы соңынан құйыңдаған.
Қанды басың бері тарт, бұйыр маған!
...Қан сонардан қасқыр да емес, түлкі де Қайтасың бірді-екілі қоян аулап.
"Қан сонар" сөз тіркесін алатын болсақ, бұл тек заттың аты болғандықтан, оның экспрессивті бояуы да, бейнелегіштік қасиеті де жоқ. Осы бейтарап қолданылатын фразеологизмнің қайталануы арқылы автор өлеңді ерекшелеп отырады. Жалпы "қан сонар" фразеологизмінің мән-мағынасы қазақ халқының аңшылық деген ескі кәсібімен байланысты. Жерге алғаш жауған қарды халқымыз "қан сонар" деп атаған. Аңшылар осы "қан сонарда" аңға шығады. Сондай-ақ өлеңде "қанды басың бері тарт" деген сиқыр, арбау мағынасында айтылған тұрақты сөз тіркесі кездеседі. Бұның мәні де қазақ халқы дәстүрлерінің тамырында жатыр.
Кейде Мұқағалида екі есімнен жасалған зат есім мағыналы тұрақты сөз тіркестері қайталанады.
"Мына қасқа" өлеңінде "тас жүрек" деген екі зат есімнен тіркесіп құралған фразеологизм бар. Бұл фразеологизмді қолданып ақын қатал, қатыгез, зәлім, жансыз, рақымсыз кейіпкердің түрін сипаттаған. Фразеологиялық анафораның қолданылуы өлеңге өзгешелік әкеледі.
Сезгіштігін білдіріп алам ба деп,
Тас жүрегін жасырар қына басқан.
Аламын деп қасқаның тас қамалын,
Тас жүрекпен қашанғы тас боламын.
Тас жүрекке табынтып тастамағын,
Жүрегін бер, тәңірім жас баланың!
Сондай-ақ "тас жүрек" сөз тіркесі фразеологиялық тұтастық немесе идиома болып келеді. "Фразеологиялық тұтастықтар — семантикалық жақтан бөлініп ажырамайтын, біртұтас мағынасы құрамындағы сыңарларының негізгі мағынасынан басқа мағына беретін тізбектер."[14,75] Мағынасы жағынан алғанда, "тас жүрек", "су жүрек", "жүрек жұтқан" деген фразеологиялық тұтастықтар өзін құрастырушы әр сөздің бірде-біреуінің мағынасымен байланыспайды, әңгіме жүрек туралы да, жүректі жұтқандығы туралы да емес. Бұл фразеологиялық тұтастықтар бүтін қалпында "тас жүрек" - "қатал", "су жүрек" - "қорқақ", "жүрек жұтқан" - өте батыл" деген мағыналарда жұмсалады.
Қазақ тілінде етістік мағыналы фразеологизмдер өте көп қолданыста жүреді. Олар адамның қимылын, іс-әрекетін астарлап, бейнелеп суреттейді. Есім мен етістіктен тіркесіп құралған етістік мағыналы фразеологизмдер Мұқағали өлеңдерінде жиі ұшырасады. Олар семантикасы жағынан да әр түрлі болып келеді. Осы ойымызды бірнеше мысал келтіре отырып, дәлелдей түсейік.
Жұртты өзіндей қу көрген,
Шошып кеттім құлқыңнан.
Садаға кет бұл жерден,
Садаға кет жұртымнан!
немесе:
Садаға кет!
Садаға! Шуақты елден!
"Садаға кет" - ислам тағылымына байланысты етістік мағыналы фразеологизм. "Садаға я садақа, қайыр" сөздері жетім-жесірге, қаріп-қасерлерге не дін жолына бағышталып берілетін құдайы деген ұғымды білдіреді. Садақа беру мұсылмандық белгісі. Ал Мұқағалида "садаға кету" — "құрбан ету, жанды қыю, қатерлі іске бел буу" деген мағынада қолданылған. Сондай-ақ бұл тұрақты сөз тіркесінің құрамында қарапайым, діни, ескі қоғамға тән сөз тіркесі жатқандықтан, ол сөйлеу тілінің фразеологизмі болады.
Анафоралық қайталама өленді ерекше көмкеріп тұрады, айрықша рең, экспрессивтік бояу береді, фразеологизмнің бейнелілігін күшейтеді.
Ақын келесі өлеңінде фразеологиялық эпифораны ұтымды пайдаланған.
Момын жұрттың арқа сүйер,
Азаматы біз едік.
Тұлпарлардан, тұрғылардан,
Қалған бір-бір із едік.
....Момын жұрттың арқа сүйер,
Азаматы біз едік.
"Арқа сүйер" — етістік тұлғалы болжалдық келер шақта тұрған фразеологиялық бірлік. "Арқа сүйеу (түту)" — "пана, қорғанысқа ие болу, ештеңеден қорықпау" деген мағынаны аңғартады. Осыған орай, "Сүйеушісі бар болса, сүйек жұтса да, қақалмайды" дейді қазақ халқы.[27,26]
Фразеологиялық бірліктің негізгі қасиеті бейнелілік болып саналады. Фразеологиялық бірлік өзімен омонимдес еркін сөз тіркесінен бір бүтін бейнелі мағынаны білдіру қасиеті жағынан ажыратылады. Мұнда "арқа сүйеу" сөз тіркесі бейнелі мағынада фразеологиялық бірлік ретінде ұғынылса, тура мағынада еркін сөз тіркесі ретінде ұғынылады.
Ал келесі мысалдарда "барса келмес" деген екі етістіктен жасалған етістік мағыналы фразеологизм қайталанады.
...Қапелімде ой айдап, қиял қуып,
Барса келмес сапарға. араластым.
Барса келмес сапарға араластым,
Еңді артыма бұрылып қарамаспын.
/Жырлар жазам/ Жасыра алмай, тіл қаттым.
Барса келмес сапарында, түсім қашып
түн қатгым.
/Мейірім бер, қымбаттым/
Мұндағы "барса" — шартты райдың, ал "келмес" — болжалды келер шақтың үшінші жағында тұрған етістіктер. "Барса келмес" фразеологизмнің мәні — "қайта оралмау, құрып кету". Осы фразеологизмнен жасалған анафора өлең мазмұнын дәлірек ашады, оқырманды қызықтыра түседі. Екінші өлеңде автор "тіл қату", "түн қату" сияқты фразеологизмдерді шебер қолданған. "Тіл қату" -"әңгімелесу, сөйлесу, тілдесу", "түн қату" — "түні бойы ұйықтамау" деген мағыналарды біддіреді.
М.Мақатаев өлеңдеріндегі тұрақты сөз тіркестері ой дәлдігімен, ықшамдылығымен, бейнелілігімен ерекшеленеді. Қазақ тіліндегі фразеологизмдерде халықтың сан алуан өмір құбылыстары қамтылған. Мұқағали сөздің шұрайын келтіру үшін фразеологизмдерді орайын тауып, фразеологиялық анафора мен эпифора тәсілдерін жасап, дәл пайдаланып отырған. Ақынның жырларында "бас ию", "бас айналу", "қолынан келу", "бас ұру", қол ұшу" секілді кейіпкерлердің мінезін ашатын, іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, өмірге көзқарасын, наным-сенімін суреттейтін фразеологизмдер жиі қайталанады.
"Асығу керек" деп аталатын өленде автор өлеңнің көркемдік бейнесін арттыру үшін, өзінің айтайын деген ойын дәл жеткізу үшін фразеологиялық анафораны қолданған.
Қолымнан келсе,
Қыста егін салуға әзірмін,
Келуін күтпей көктемнің.
Қолымнан келсе,
Уақыт деген өлшемді,
Жоқ қылып мүлде көрсем бір.
Қолымнан келсе,
Ойымның жылдамдығындай,
Жарықтың дағы тездігін тежеп,
Жеңсем бір.
Осы өлеңде ақын кейіпкердің болмысын, пейілін суреттегенде қажырлылық, еңбексүйгіштік, сабырлылық, менменсінушілік, қырсықтық сияқты қасиеттерді аша түсіп, дәріптейді.
"Қолынан келу" фразеологизмі "істі істей алу, жақсы орындау, істі істеуге шамасы жету" мағынасында қолданылған. Сұлу суретті сөздер арқылы ұстамды, өзіне-өзі сенген, табанды адам бейнесін көрсеткен. Ақын осындай жағымды бейнеден үлгі алуға үндеп отырады.
Фразеологиялық қайталамалардың біреудің белгілі бір көңіл-күйін, сезімдерін білдіру мақсатында да мәнерлегіш-көркемдік бояуы айшықты келеді. Мысалы:
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын...
немесе: Күншығыстан алаулап таң атарда,
Қасиеттеп қараймын жан Отанға.
Сәлем берем бас иіп Жетісуға,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.
Сәлем берем, Сәлем берем,
Сәлем берем бас иіп Алатауға.
Шумақтың екеуінде де "бас ию" деген фразеологиялық бірлік "құрмет, сый-сыяпат, ризашылық, алғыс білдіру" мағынасында қолданылған. Фразеологизмдердің қайталануы арқылы автордың ойына ерекше өң, мәнерлілік беріледі.
Бірінші шумақта Мұқағали болашақ дәрігерге алғыс, тілек білдірсе, екінші шумақта оның Отанға, туған жерге деген құштарлығын, махаббатын көркем түрде сездіріп, оқырманын тәнті етеді. Бұларды оқи отырып жаныңа рухани азық, эстетикалық, тәрбиелік әсер алып, ақынның жыр дүлділі екеніне сүйсінесің, әрі таңданасың да.
Көркем туындыдағы сезімге әсер туғызатын айшықты сөздердің қай-қайсысы да өлеңнің жалпы экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциялық бояуын әрлендіреді, күшті сезім туғызады. Ұғымды дәлме-дәл, жан-жақты бейнелеп жеткізуде фразеологизмдердің ұтымдылығы басым. Фразеологизмдердің осындай мүмкіншіліктерін ақын өз жырында кейіпкерлердің психологаялық күйініш-сүйініштерін, ой әсерлерін, рухани жан дүниесін нақты да нәзік бейнелеуге таңдап, талғап жұмсайды. Мысалы:
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма,
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді
Өтпейтіндей көретін адамдарға.
...Менің жаным ашиды барлығына:
Таң нұрына, адамның тағдырына.
Менің жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге өткендерге...
/Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан/
Татамын деп сортанды,
Бас айналды, қол талды.
...Ойға келер түсті арман,
Бас айналып, іш жанған.
Сенен көрдім, қайтейін,
Көрмегенді дұшпаннан.
/Татамын деп сортанды/
Жоғарыдағы мысалдарда автор фразеологизмдерді қолдана отырып, кейіпкерлердің жан дүниесін, теренде жатқан нәзік сезімін суреттей алған. Алғашқы мысалда "жаны ашу" фразеологиялық анафорасы арқылы автордың өмірге, зымырап өтіп бара жатқан уақытқа, адам тағдырына жаны ашитындығы, қиналатындығы көрсетілген. Екінші "бас айналу" фразеологизмі арқылы кейіпкердің досына өкпе-реніші, жабырқауы суреттелген.
Фразеологиялық қайталамалар кейіпкерлердің психологаялық сәттегі сезімдерін, эмоциясын күшейтеді, көркем бейнені әсерлі де мәнерлі жеткізеді.
Мұқағалида осылар тәрізді экспрессивтік күші бар фразеологиялық қайталамалардың әрқайсысы бір-бір бейне. Экспрессиясы күшті өте бейнелі фразеологизмдер ақынды өзгелерден ерекшелеп, талантының тағы бір қырын танытады.
Мүң басқанда,
Не жетсін сырды ашқанға,
Келейінші бір барып сырлас жанға.
...Сырласқанға не жетсін мұң басқанда,
Сырласатын менімен сырлас бар ма?!
/Мұң басқанда/
Сен қайтесің жанымды мұң басқанда?
Өз-өзіңмен оңаша сырласқанда?
...Сен нетесің сондай бір сәттерерде?
Мұңның шаңы іліксе пәк көңілге?
/Сен қайтесің/
Ақында: мұңның шаңы, мұң басу (қайғыру) секілді логикалық сәйкессіздікті танытатын соны перифраз тіркестер бар. Бұл фразеологизмдердің әрқайсысы өте әсерлі бейне жасап, ақынның айтпақ ойын, идеясын дәл көрсетіп тұр.
Фразеологизмдер құрылымы жағынан үстеу мағыналы да болады. Олар іс-әрекеттің, қимылдың, заттың сынының түрлі белгілерін білдіреді. Бірақ Мұқағали өлеңдеріндегі мұндай фразеологизмдер сирек кездеседі.
Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым,
Ұстай алмадым,
Өткізіп қойып уақытын.
...Тұратын еді,
Қол созым жерде, қарға адым.
"Қарға адым жер" немесе "қол созым жер" фразеологиялық тізбектері "жақын жер, алыс емес" мағынасында қолданылған. "Фразеологиялық оралымның бұл түрі ерікті мағынадағы сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөздің тіркесінең жасалып, өзінің даяр қалпында, тіркескен күйінде жұмсалады". [22,175] Фразеологиялық тізбектің құрамындағы ерікті мағынадағы сөз алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалуға икемді болса, фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі. Мысалы, "қол созым жер, қарға адым жер" деген фразеологиялық тізбектің құрамындағы "жер" деген сөз әр түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалса (мысалы: алыс жер, жақын жер, үлкен жер, кішкене жер), фразеологиялық байлаулы мағынадағы "қол созым жер, қарға адым жер" сөздері "жер" сөзімен ғана тіркеседі. Сонымен қатар мұнда фразеологиялық анафораның эмоционалды бояуын арттырып, суреттелетін затты әсерлі түрде бейнелейтіні айқын сезіледі.
Сөйтіп қазақтың әдеби тіліндегі әсірелеу, көркемдеу тәсілінің ішінде фразеологизмдердің алатын орны да, ішкі мазмұны да, грамматикалық құрылысы да ерекше. Тұрақты сөз тіркестері авторлық ойға айрықша әр, мәнерлілік береді. Фразеологизмдер -өлең тілін жандандыратын, астарлай бейнелеп суреттеудің тілдегі ең қажетті құралдарының бірі. Бұлар — халық даналығына суарылған бейнелі ойлау тіл үлгісі. М.Мақатаев осы ұстанымға сүйене отырып, фразеологизмдерді барынша пайдалануға тырысқан.
Мұқағали өз өлеңдерінде жалпы халықтық /садаға кету/, экспрессивтік / мұңның шаңы, мұң басу/, бейтарап /қан сонар/ және контекстік фразеологизмдерден /жаны ашу, қолынан келу/ анафоралық және эпифоралық қайталама түрлерін жасап отырады.
Ақынның жырларында фразеологизмдердің түрлеріне қарай фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тұтастықтар, фразеологиялық тіркестер қайталанады, ал тұрақты сөз тіркестері құрылымы жағынан есім мағыналы /еркекшора, қан сонар, тас жүрек/, етістік мағыналы /арқа сүйеу, барса келмес, жаны ашу, бас ию/, үстеу мағыналы /қарға адым жер, қол созым жер/ болып кездеседі.
Қорыта айтқанда, автор поэтикалық туындыларында фразеологиялық анафора мен эпифораларын ұтымды, орынды қолдану арқылы кейіпкерлердің бейнесін, мінезін толық аша түседі және рухани жан дүниесін, психологиялық сезімдерін дәлірек суреттейді, өлең тілінің экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциялық бояуын әрлендіреді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Диплом жұмысымызда Мұқағали Мақатаев лирикасындағы анафоралық және эпифоралық қайталама түрлерінің тілдік сипаты, қолданылу ерекшеліктері, стилъдік қызметі, қайталану мақсаттары, мәтіндегі алатын орны сияқты мәселелерді толық қарастырдық. Ақын анафоралық және эпифоралық қайталамаларды сөз-бейнелерінің көріктілігін, әсемдігін, сұлулығын, мағыналылығын, әсерлілігін айқындау үшін өте ұтымды және орынды пайдаланған.
Мұқағали лирикасы тілінде омоним, көп мағыналы сөздерден жасалған анафоралық және эпифоралық қайталамалар өлеңге ерекше сипат, жаңа мағыналық реңк беріп, өлеңнің көркемдігіне, мазмұнына үлкен әсер еткендігі айқындалады. М.Мақатаев көбінесе омоним, көп мағыналы сөздерді ауыспалы, астарлы мағынада қолданып, олардың қызметін мәтін ішінде айқындай түседі. Ақын тілінде ақ, қара, күн, жан сияқты қайталанатып көп мағыналы сөздер әр түрлі реңкте жұмсалып, өлеңнің қуатын арттырып, әрлендіре түседі. Мысалы, "күн" көп мағаналы есім сөзіне талдау жасау барысында ақынның өленді сөйлемдерінде бірнеше мағынада жұмсалғанын байқадық. "Күн" сөзі арқылы жасалған жаңа, соны тіркесімдер де бар. Мысалы, күміс жалды күн, құйын күн, күрең күн, есіл күн, ескі күн, есті күн және т.б. ақын басынан өтіп жатқан толассыз, тоқтаусыз, қызық та қуанышты, кейде мұнды, қайғылы күндерді суреттеген. Сонымен қатар, ақ аспан, ақ қар, ақ таң, ақ бұлт, ақ тау, ақ бастау, ақ нөсер, ақ тұман сияқты тіркестер бірнеше рет қайталанады. Жүз, бақ, жас омонимдерінен жасалған анафора мен эпифоралар әсерінен, контактілі, дистантты, сатылы, саңылаулы, күшейткіштік, әуендік, тұйықты қайталамалардың түрлерінен өлеңнің мәнерлілігі, ой өрнегі ажарлана түседі.
Көркем мәтін ішінде синонимдердің қайталануы ақынның айтар ойына ерекше әуез беріп, шығарманың тіл шұрайын келтіріп тұрғанын байқадық. Өлеңнің мазмұнын дәл ашып, ойды тереңдетіп беруде мағыналық синонимдер мен стильдік синонимдерден жасалған анафора мен эпифора өлеңнің әуезділігін, әсерлілігін күшейте түседі. Ақын лирикасындағы синонимдер сөз табының барлық түрінен жасалған. Сондай-ақ етістік синонимдер/сену-нану-көну, қуану-шаттану/ қимыл-әрекетті суреттеуде жұмсалған. Адамның жеке басындағы әр түрлі қасиеттерді көрсетуде зат есім синонимдер /мұң-зар-қайғы/ ұтымды берілген. Сонымен бірге персондық зат есім синонимдер/дос-бауыр-құрбы/ қолданылады. Суреткер мағыналық /жер-өлке, Отан-ел/, стильдік /шындық-ақиқат/ синонимдерді тек бейне үшін ғана емес, өлеңнің экспрессивтік-эмоционалдық бояуын айқындата түсу үшін. таңдап қолдана білді.
Поэтикалық мәтінде синонимдердің екеуін, кейде төрт-бесеуін қатар келтірудің үлкен стильдік мәні бар. Мұқағали лексикалық синонимдерді еркін меңгеріп, орнымен жұмсап, бір синоним сөзді өлеңнің ішінде қайталап, контактілі, күшейткіштік, параллельді анафора немесе эпифоралардың түрлерін қолдану арқылы поэтикалық сөз өрнегінде сұлу да көркем бейне жасайды, окырманды ойландырады.
Ақын қоғамдағы сан алуан өзгерістерді, адам өміріндегі, лирикалық кейіпкердің жеке басындағы жайттарды бейнелі суреттейтін қарама-қарсы мағыналы сөздерге аса жауапкершілікпен қарап, оларды көп қолданылғанын анық көреміз. Антонимдік анафора мен эпифора әр түрлі құбылыстарды салыстыра, шендестіре отырып, оқырманға белгілі бір ой салады, қарама-кайшылықтардың табиғатын дәл көрсетеді, өлеңнің стильдік қуатын танытады. М.Мақатаев жұмсауындағы антоним сөздер морфологиялық тұлғасы жағынан көбінесе, зат есім /қас - дос, куаныш-қайғы, жақсылық-жамаңдық/, сын есім /жаман-жақсы, адал-арам, тірі-өлі/, етістік /қуану-қайғыру, жылату-жұбату, өлу-туу, бату-шығу/, үстеу /кеше-бүгін, ертең-бүгін/ және көмекші есім түрінде /асты-үсті/ қайталанып отырады. Автор антонимдік кайталамаларды ойды жинақтап, әсерлі етіп айту үшін, пікірді ыкшамды, тұжырымды қолдану үшін пайдаланған.
Қазақтың әдеби тіліндегі әсірелеу, көркемдеу тәсілінің ішінде
фразеологизмдердің алатын орны да, ішкі мазмұны да,
грамматикалық құрылысы да ерекше деп айтуға болады. Тұрақты
сөз тіркестері авторлық ойға айрықша әр, мәнерлілік береді.
Фразеологизмдер - өлең тілін жандандырудың, астарлап
бейнелеудің, суреттеудің тілдегі ең қажетті құралдарының бірі екені
мәлім. М.Мақатаев осы ұстанымға сүйене отырып,
фразеологизмдерді барынша пайдалануға тырысқан. Мүқағали өз өлеңдеріндегі жалпы халықтық /садаға кету/, экспрессивтік /мұңның шаңы, мұң басу/, бейтарап /қан сонар/, контекстік фразеологизмдерден /жаны ашу, қолынан келу/ анафоралық және эпифоралық қайталама түрлерін жасап отырады.
Ақынның жырларында фразеологизмдердің түрлеріне қарай фразеологиялық бірліктер, фразеологиялық тұтастықтар, фразеологиялық тіркестер қайталанады, ал тұрақты сөз тіркестері құрылымы жағынан есім мағыналы /еркекшора, қан сонар, тас жүрек/, етістік мағыналы /арқа сүйеу, барса келмес, жаны ашу, бас ию/ үстеу мағаналы /қарға адым жер, қол созым жер/ болып кездеседі.
Фразеологиялық анафора мен эпифораны мәтін ішінде қолдану арқылы кейіпкердің бейнесін, мінезін, толық аша түседі, рухани жан дүниесін, психологиялық сезімдерін дәлірек суреттейді, оқырманына түрлі ассоциациялар туғызады, өлең тілінің экспрессивтік үндестігін күшейтеді, эмоциональдық-экспрессивтік
бояуын әрлендіреді. Мұқағали қолданған фразеологиялық қайталамалар сөздің сиқырын танытатын негізгі өзегі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
1. Ахметов 3. - Өлең сөздің теориясы. Алматы: Мектеп, 1973.
212 6.
Сыздық Р. Сөз қүдіретті. Алматы: Санат, 1997.-224 б.
141
3. Қабдолов 3. Сөз өнері. - Алматы: Санат, 2002.- 360 б.
4. Жүмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969. —221 б.
5. Серғалиев М. Сөз сарасы. АлматыгЖазушы, 1989. — 138.
6. Шалабаев Б. Көркем проза тілі. Алматы:Білім, 1994.—130.
7. Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М. Қазақ тілінің
стилистикасы. Алматы, 1974. — 199 б.
8. Негимов С. Өлең өрімі. Алматы, 1980. — 136.
9. Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: Төрт
томдық. Қүраст. Орақазын Асқар. — Алматы: Жалын
баспасы, 2001.- 448 б. Мысалдар ақьш шығармаларының
осы басылымы бойынпіа беріліп аталды.
10.Сүлейменова Э.Д. Тіл білімі сөздігі. Алматы: Ғылым, 1998.
- 544 б.
11. Серғалиев М. Көркем әдебиет тілі. Алматы: мектеп. – 1995.
12. Белинский В.Г. Собр. Соч. В трех томах. Москва: ОТИЗ, 1948 ж. (Қазақшасын ауд.
Ә.Тәжібаев. Өмір және поэзия). Алматы, 1969.
13. Бектұров Ш., Серғалиев М. Қазақ тілі. Алматы: Білім, 1994. 224 б.
14. Хасенов Ә. Тіл білімі (Оқу құралы), 3-басылуы. Алматы: Санат, 2003. – 416 б.
15. Үркімбаева Н. Ақындық әлем. \\ «Лениншіл жас» газеті. 1987.-11 маусым.
16. Утанова А.Қ. Қазіргі қазақ көркем прозасындағы қайталамалар. Автореферат дисс.
Канд. Филолг. наук. – Алма-ата. 1992.-22 б.
17. Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі синонимдер. Алматы: Ғылым, 1970.-336 б.
18. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы.
Алматы: Санат, 1997.-256 б.
19. Жұмабеков С. Адамға және адамзатқа немесе (ақын М.Мақатаевтың «Соғады жүрек»
атты екі томдық шығармалар жинағы тыралы), \\ Қазақ әдебиеті, 1983. – 7 қазан.
20. Серғалиев М. Етістікті сөз тіркестерінің синонимиясы. Алматы: Қазақ университеті.
19917 – 80 б.
21. Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі зат есімдік синонимдер. Алматы. 1957.
22. Аханов К. Тіл білімінің негіздері. Алматы: Санат, 1973, 496.
23. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің лексикологиясы. А. Мектеп, 1988. – 170 б.
24. Мақатаев М. Қазақ жырының бір жылы. (Сын) \\ Жұлдыз, №7, 1972.- 204 б.
25. Кеңесбаев І. Қазақ тіл білімі туралы зерттеулер. 1987.
26. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. Алматы: Санат, 1996. – 128 б.
27. Қожахметова Х.Қ, Жайсақова Р.Е.., Қожахметова Ш.О. Қазақша –орысша
фразеологиялық сөздік. Алматы: Мектеп, 1988. – 224 б.
Достарыңызбен бөлісу: |