Топырақты қорғау
Қоршаған табиғи ортаның бір бөлігі ретінде жерді қорғауға, ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан жердің негізсіз алынып қойылуын болғызбауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа іс-шаралар жүйесін қамтитын іс-әрекеттер жерді қорғау жұмыстары болып саналады.
Қазақстан Республикасының жер Кодексінде жерді қорғаудың мақсаттары мен міндеттері айқын көрсетілген. Осы Кодекстің 139 бабына сәйкес жерді қорғаудың мақсаттары келесідей:
өндірістің экологиялық қауіпсіз технологияларын ынталандыру, орман мелиорациясы мен мелиорация жұмыстарын және басқа іс-шараларды жүргізу арқылы жердің азып-тозуы мен бүлінуін, шаруашылық қызметтің басқа да қолайсыз зардаптарын болғызбау;
азып-тозған немесе бүлінген жерді жақсарту мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету;
жерді оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерін тәжірибеге енгізу.
Жер Кодекснің 140-бабында жер учаскелері иелері мен жер пайдаланушыларға жерді қорғау үшін келесідей міндеттер жүктелетіні көрсетілген:
жерді су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталуынан, өндіріс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивті және басқа да зиянды заттармен ластанудан, өзге де бүліну процестерінен қорғау шараларын іске асыруға;
ауыл шаруашылық жерін карантиндік зиянкестер мен өсімдік ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шілік басып кетуден, жердің жай-күйі нашарлауының өзге де түрлерінен қорғауға;
бүлінген жердің жаңартылуына, оның құнарлылығын және жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
жердің бүлінуіне әкеліп соқтыратын жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатын алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған шараларды жүргізуге міндетті.
Топырақты эрозиядан қорғаудың агротехникалық іс-шаралары қатарына топырақтың эрозияға төзімділігін арттыратын өңдеу әдістерін қолдану, көпжылдық шөптер мен бір жылдық дақылдардың топырақты қорғау қасиеттерін пайдалану, қар тоқтату және оның еруі қарқынын реттеу, топырақ құнарлылығын арттыру жұмыстары жатады.
Орман мелиорациясы (ағаштар мен бұталар егіу) шаралары жыралар, сайлар жағалауына, су қоймалары, суару жүйесінің бойына жүргізілуі тиіс. Егілген ағаштар мен бұталар жыралардың әрі қарай дамуын тежеп, топырақтың су эрозиясына төзімділігін арттырады.
Қорыта келгенде, топырақты жел мен су эрозиясынан қорғау, оның басқа жолмен азып-тозуын болғызбау, улы заттармен, өндіріс қалдықтарымен ластануының алдын алу үлкен маңызы бар мемлекеттік, халықтық іс, жер иелерінің, жерді пайдаланушы кәсіпорындар мен ұжымдардың, жеке тұлғалардың абройлы міндеті, келешек ұрпақ алдындағы борышы.
Достарыңызбен бөлісу: |