Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ



бет2/4
Дата23.10.2016
өлшемі0,85 Mb.
#89
1   2   3   4

1.2 Ұлтық элитаның қалыптасуы
Белгілі бір қөзқарастар жүйесі ретінде ХХ ғасырдың басында пайда болған қоғамдық ғылымдардың элита теориясы бұрынан қалыптасқан дәстүрлі тарихи танымды тың соқпаққа жетелейді.Элита қоғамдық өмірді өзінің бастамшылдығмен,тұлғалық ерекшелігі, кәсіпқойлық сапасымен танылатын адамдар тобы дер болсақ, ол топтың саяси әрекеті ғылыми талдаудан өткізілгенде қоғамдық құбылыстар мен тарихи оқиғалардың даму заңдылығын жаңа қырынан танып, білуді жеңілдетеді.

Саяси элита әлеуметтік жағдайына байланысты қоғамды басқару процесіне тікелей немесе жанама түрде ықпал еттіп, қоғамның даму стратегиясын жасап, оны іске асыруға өз үлесін қосады. Әдетте,халықтың басым бөлігінің саяси белсенділігі төмен болғандықтан олар саясаттан бейтарап өмір сүреді. Осындай жағдайда қоғамдық өмірідің даму бағыттарын айқындайтын саяси элитаның рөлі арта түсері сөзсіз.

«Элита» сөзі француз тілінде «қоғамның белгілі бір бөлігін құрайтын топтың ең көрнекті,таңдаулы өкілдері» деген мағына береді.Бұл анықтама «элита» деген ұғымның қоғамдағы түрлі топтардың қандай бөлігіне байланысты қолданылатындығынан анық хабар берсе керек.Бүгінгі гуманитарлық ғылым элитаны саяси, басқарушы, ғылыми, ғылыми-техникалық деп түрлі жіктерге бөледі.

Ғылымда басқарушы топтың, яғни элитаның қызметін арнайы ғылыми талдауға алатын саланы «Элиталогия» деп атайды.[19]

Ұлттық элита ұғымы осы кезге дейінгі ғылыми әдебиетте ұлттық интеллигенция ұғымының контекстінде қарасытырлып келеді. Ал кеңестік қоғамдық партиялық номенклатураның сипаты саяси элитаның жекелеген ерекшеліктерін ғана танытқан.

Ұлттық элита деп арнайы аталмағанымен оны қозғаушы, бағыттаушы қызметтін атқарған әлеуметтік топ тарихтың қай кезінде де болған. Осы құблыстың ХIХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың алғашқы ширегін қамтыған бөлігін бір тұтас бірлікте қарстыруға енгіз бар. Ол негіз ұлттық элитаның отаршылдыққа қарсы азаттық күресінің сипаттық ерекшеліктеріне байланысты. Бұл кезеңде ұлт-азаттық күресттің саяси тәсілдері пайда болды, қалыптасты, және қоғамдық идеялардың практикасына айналды. Жаңа замандағы қазақ тарихының ұлт-азаттық қозғалыстардан туындаған саяси және құқықтық тарихының ХIХ ғасырдың соңынан Алашорда қозғалысы таратылған 1919-1924 жылдарға дейінгі аралығын бес кезеңге бөліп қарастырылу ұсынылуда.

Ұлт-азаттық қозғалыс кезеңдерінің дәуірі базалық негізі бір текті болғандықтан оларды салыстырмалы тәсіл мен егжей-тегжейлі ой елегінен өткізуге болады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлт-азаттық қозғалыс шеңберінде ұлттық саяси элитаның даму эволюциясы, қалыптасу ерекшеліктері және саяси іс-әрекетін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік аламыз.

Зиялылар тарихын зерттеген мамандардың есебі бойынша 1917 жылғы қазан революциясына шейін негізінен еуропалық, сондай-ақ бірлі-жарым шығыс жоғары оқу орындарын аяқтаған дипломы бар қазақ зиялыларының саны 120 адамнан, ал Ресейлік орта арнаулы оқу орындарында білім алған мамандардың саны 700 асып жығылатын еді. [20]

Екі ғасырдың тоғысында Ресейдің түрлі қалаларында 700-ге жуық қазақ жастары білім алған болса, олар туған халқын отаршылдықтың бұғауынан құтқару үшін монархиялық тәртіпті құлатуға бағыталған кез-келген саяси күштерді қолдап, Ресейдегі түрлі ағымдардың қызметіне араласып, тәжірибе жинақтады.

Қазақтың кемшілігін сынау, ұлттық қалғыған рухын оятуға қатысты идеялар ұлт зиялыларының саяси әдеби қызметіне арқау болды.

Патшалық билік жаңа қалыптаса бастаған ұлттық элитамен екі жақты ойынға түсті. Бір жағынан ұлт зиялылапының өкілдері Мемлекетттік Думаға депутат болып сайланса (Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Б.Қаратаев, Т.Нұрекенов, т.б), екінші жағынан белсенді саяси қызметпен айналыса бастаған жеке қайраткерлер (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақпаев,т.б) саяси қуғын нысанына айналды.

Патшалық билік пен жаңа қалыптаса бастаған ұлт зиялылары арасындағы егес, қазақ қоғамында ресеми билікке қарсы тұрған саяси оппозицияның қалыптасумен аяқталды. Сондай-ақ ол ұлттық мемлекеттік дербестік және тәуелсіздік идеясын жаңа сапада қайтадан көтерді.

Уақытша үкімет органдары мен тығыз бірлікте жұмыс жүргізген ұлттық элита өкілдері саяси тұрғыдан қолайлы жағдайды ұлттық мүддеге пайдалана алды. 1912 жылдың науырызында Түркістанда «Шуро-и-Исламия» ұйымы құрылса, осы жылдың шілдесінде алаш саяси партиясы құрылды. Олардың ұйымдық құрылымы нығайып, саяси тұғырнамасының айқындалуына жоғарыда аталған қайраткерлер өлшеусіз үлес қосты.

Түркістан өлкесінде М.Шоқай, М.Тынышбаев, С.Лапин және т.б қайраткерлер мұсылмандық қозғалыс аясынан Түркістан Мұхтариятын құрып, өлкедегі кеңес өкіметіне баламалы ұлттық мемлекеттік құрылым жасақтады. Ал Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған ұлттық элита өкілдері алаш қозғалысының идеяларын іске асырып, Алашорда Уақытша үлкен үкіметін жасақтады. Күрделі жағдайда орнаған бұл ұлттық мемлекеттік құрылымдардың саяси тағдары бәрімізге белгілі. [21]

1917 жылдың соңына қарай өмірге келген Алашорда және Түркістан (Қоқан) Автономиясы үкіметтері ұлттық элитаның жігерлі еңбегінің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге оның ұлт өмірін қайта жаңғыртудағы потенциялдық мүмкіндігінің де көрінісі де болатын.

Ұлттық саяси тарихындағы бұл кезеңнің тарихи ерекшелігі: саясат сахнасына ұлт тағдырын, заман ағымын уақыт сұранысна лайық теориялық дәрежеде қорта алған, сондай-ақ онымен шектелмей ұлт өмірін жаңа талапқа сай мазмұнда қайта құруға (модернизация) ынталы да жігерлі саяси күш келді. Бірақ империялық күштер,яғни олардың оңшылдары мен солшылдары, ақтары мен қызылдары енді ғана бой көрсеткен ұлттық зиялы-элитаның ұсыныстарына құлақ аспақ түгілі, одан тезірек құтылуға тырысты. Сондай-ақ бұл ойды большевиктер іске асырды да.

Түркістан АКСР-і (1918-1924 жылдарда өмір сүрген автономиялы республика) Кеңестерінің Орталық Атқару Комитеті (Түрікатком) жанында құрылып, қызмет атқарған Қазақ бөлімінің тарихы отандық тарих ғылымы тарапынан әлі күнге дейін толық зерттелініп, ғылыми түрғыдан таразыланған жоқ. XX ғасырдың 20-жылдарының басында Түркістан өлкесі қазақтарының саяси, әлеуметтік, қоғамдық, мәдени өмірінде үлкен орны мен ықпалы болған аталған бөлімнің сан-саналы қызметін жан-жақты да толық ашып көрсету үшін іргелі зерттеудің қажет болатындығын ескертеміз.

Түрікатком жанында қызмет атқарған Қазақ бөлімінің құрылуының өзіндік тарихы бар, ол 1917-1920 жылдары Түркістанда орын алған қым-қиғаш саяси процестердің нәтижесінде дүниеге келген еді.

Тарихтан белгілі, 1917 жылы қарашада Ташкент большевиктерінің қарулы төңкерісінің нәтижесінде Түркістан өлкесінде Кеңестердің саяси билігі орнайды. Аталмыш кеңестер өлке халқының небары 5 пайызынан аспаған орыс-еуропалық келімсектердің жұмысшы - мұжық - солдат бұқарасының мұң-мұқтажын жоқтаған, мүддесін күйттеген, сойылын соққан саяси-әскери органы болды. Құрылған кеңестердің құрамында алғашында Түркістанның жергілікті мұсылман - түркі халықтарының өкілдері саусақпен санарлықтай болса, ал Ташкенттегі Орталық билік орындарында (Комиссарлар Кеңесінде) бірде-бір жергілікті ұлт өкілдері болмады. Қара шекпенді патшалық империяны қызыл түсті кеңес империясы алмастырды.

Орыс болышевиктері билеп-төстеген кеңестердің билігіне балама түрде Түркістанның мұсылман-түркі халықтарының зиялылары 1917 жылы күздің соңында Қоқан қаласында, Түркістанның жергілікті халықтарының еркін орындай отырып, «Түркістан Мүхториятың» (Түркістан автономиясын) дүниеге әкелді, бірақ бұл құрылым 1918 жылы ақпанда Ташкент большевиктерінің агрессиясы нәтижесінде қанға бөктеріліп, қиратылды [22].

Түркістанда монополиялы саяси билікке ие болған орыс большевиктері ұзақ уақыт бойы өлкенің саяси статусын анықтау мәселесі бойынша ешқандай нақты қадам жасамай, саяси көрсоқырлық танытты. Тек 1918 жылы сәуір айының аяғында ғана Түркістан өлкесі - революцияға дейінгі Ресей империясының Түркістан генерал-губернаторлығы «Ресей Социалистік Федерациясының Түркістан Республикасы» деп жарияланды [23]. Бірақ республиканың барлық ресми құжаттарында қысқаша «Түркістан Республикасы» деген атау қолданылды. Дүниеге келген Түркістан Республикасында ұзақ уақыт империялық отарлық саясат жүргізіліп, Түркістанның жергілікті халықтарын «бұратаналар», «түздіктер» деп кеміте атауды жалғастыра берді. Тек 1919 жылдың көктемінен бастап белгілі қайраткер Т. Рысқұловтың жетекшілігімен құрылған Мұсылман Бюросының [24] ұлт мәселесі бойынша жүргізген позициялы күресінің нәтижесінде ғана жергілікті халықтарды кемсіте атаушылыққа тыйым салынып, ресми құжаттарда «Түркістанның жергілікті халықтары», «түркі халықтары», «мұсылмандар»деп атау дәстүрі қалыптасады. Республика коммунистері де осы уақыттан бастап, «мұсылман коммунистері» және «еуропалық коммунистер» деп аталатын екі үлкен топқа жіктеледі. Т.Рысқұловтың төңірегіне топтасқан мұсылман Коммунистері Түркістандағы орыс коммунистерімен және Түркістанға арнайы аттандырылған Мәскеудің коммиссарлы органы – Түріккомиссиямен ымырасыз күресе отырып, Түркістан Республикасын түркі тілдес халықтық ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни Ресей Федерациясы құрамында болса да, саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиісті дербестік қүқықтарына ие болуға ұмтылады. Ол үшін, ең алдымен, Түркістанның түркі халықтарының ішкі бірлігін қамтамасыз етіп, барлығын (қазақтарды, өзбектерді, қырғыздарды, түрікмендерді, қарақалпақтарды және түркілермен мың байланысы бар тәжіктерді) «Біртұтас Түркістан», «Біртұтас түркі халқы» идеясына топтастыру қажет еді. Сондықтан да Т.Рысқұлов 1920 жылы қаңтар айында Ташкент қаласында болып өткен Мұсбюроның III конференциясында арнайы баяндама жасап, «Түркістан Республикасының автономиялылығы туралы» деген атақты тезистерін қабылдатқан еді. Тезистердің 6-бабында: «Түркі халықтарының - татар, қазақ, қырғыз, башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп, жеке ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын жою, біртұтастық мақсаты үшін... түркі халықтарын Түрік Кеңес Республикасының төңірегіне топтастыру» [25] қажеттілігі ерекше атап көрсетілген болатын. Өз идеяларын іске асыру мақсатында Т.Рысқұлов басқарған Түркістан делегациясы 1920 жылы 7-мамыр - 12-шілде аралығында арнайы сапармен Мәскеуге барып, В.И.Ленинмен ауыр келіссөздер жүргізгені белгілі [26]. Нәтижесінде «Біртұтас Түркістан» идеясынан шошынған В.И.Ленин Түркістан Республикасын тез арада жою, республиканы мекендеген түркі халықтарын ұлттық белгілеріне қарай жіктеу, Орталық Азияда саяси жағынан Мәскеуге толық бағынышты «ұлттық республикаларды» құру туралы тапсырма береді [27].

Әрине, «Біртұтас Түркістан» идеясын көтерген кезде Т. Рысқұлов Түркістанды мекендеген түркі тілдес халықтардың жеке ұлттық белгілерін тіптен жоққа шығарған жоқ, тек Ресейдің отарлықсаясатына, қызыл империяға бірлесе қарсы тұру, бостандық пен егеменді жолында күш біріктіру, бөлініп бөріге жем болмау жолында тактикалық тегі мен қаны қазақ болған соң, Т.Рысқұловтың жаны да үнемі қазаққа тартып тұрды әрі шешуші мәселелерде қазақ ұлтының мүддесін бәрінен де жоғары қоятын еді. Қазақ жерлерін бір республика аясына біріктіру, автономиялы статуста болса да қазақ мемлекетін қалпына келтіруді назарда ұстады. Т.Рысқұлов 1919 жылы қарашада Орынборға арнайы хат жазып барлық қазақ жерлерін бір республикаға біріктіру, Қазақстанның астанасын Ташкентке көшіріп әкелу туралы ұсынысын жеткізеді [28]. 1920 жылы Түрікатком төрағасы болып сайланған соң, Т.Рысқұлов өзі басқарып отырған органның жанынан таза қазақ істерімен шүғылданатын арнайы бөлім құруға күш салады. Бірақ 1920 жылы шілдеде, яғни жоғарыда біз тоқталып өткен Мәскеудегі саяси тартыстар нәтижесіз аяқталған соң, Т.Рысқұлов бастаған саяси топтың өз қызметтерін тастап шығуларына байланысты Түркістан қазақтарының арнайы бөлімін құру, Жалпытүркістандық қазақ сиезін ұйымдастыру ісі аяқсыз қалады [29].


Тарау-II. КЕҢЕСТІК ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТ КЕЗЕҢІ (1917-1925 жж)

2.1. Ескі интеллигенцияның тағдыры
Қазан революциясының (1917) нәтижесінде билік басына келген большевиктер коммунистік тұрғыдағы жаңа интеллигенцияны бірден тәрбиелеп, өсіре алмайтындығына, бұған бірталай уақыт керектігіне көздері жеткен соң, амалсыздан ескі интеллигенцияны кеңестік қызметке тартуға мәжбүр болды.

Бірден айта кету керек, "ескі интеллигенция" терминін пайдаланғанда біз ғасыр басында, Казан төңкерісіне дейін білім алған, шығармашылық қызметі революцияға дейін басталған қазақ оқығандарын айтамыз. Жиырмасыншы жылдары бұл үғым коммунистер тарапынан саяси астар беріліп айтылды. Ал біз зерттеуімізде жиырмасыншы - отызыншы жылдары қолданыста болған өзге де терминдермен қатар ойы шартты әрі қысқа сөз тіркесі, "бүрынғы интеллигенция", "Алаш зиялылары" ұғымдарының баламасы ретінде қолдандық.

Туған халқына қандай жағдайда болмасын қызмет етуді адамгершілік парызы санаған қазақ зиялылары кеңестік заманда да ел-жұртына пайдалы істермен айналысуды дұрыс деп санады. Өздерін шығармашыл интеллигенция өкілдері болып калыптасқандығын төңкеріске дейінгі жылдары танытқан қалам кайраткерлері, өнер иелері, халық-ағарту қызметкерлері кеңестік жұмыстарға жегілді, кейбірі Коммунистік партияға мүше болып та кірді.

Ескі интеллигенцияның тәжірибелі өкілдері қазақ мәдениетінің барлық саласында қызмет етті. Шығармашылық интеллигенцияның жас ұрпағын тәрбиелеуге көп күш салды. Олардың көпшілігі ұлтшыл атанып, саяси қуғынға үшыратылды. Казақстан республикасынан сырт кетуге мәжбүр етілген ұлттық шығармашылық интеллигенцияның үлкен бөлігі Ташкент каласында шоғырлана бастады. Дегенмен, Ахмет Байтұрсыновтың шақыруымен зиялылардың басым көпшілігі халық ағарту саласында қызмет етті.

1917 жылдың Казан төңкерісі қарсаңында қазақ зиялыларының үлкен шоғыры Семей қаласында жиналды. Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Көлбай Төгісов, Халел Ғаббасов, Райымжан Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Мәннан Тұрғанбаев, Нүрғали Құлжанов т.б. зиялылар Семейді ірі мәдени орталыкқа айналдырды. 1916 жылдың қараша айынан бастап 1917 жылдың мамырына дейін Семейде Көлбай Төгісовтың "Алаш" газеті шығып тұрды. 1917 жылдың маусымында

Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген Райымжан Мәрсеков (1879 - ө.ж.б.) пен Мәскеу университетінің физика-математика факультет түлегі (1915) Халел Ғаббасовтың (1988-1931) редакторлығымен Шығыс Алашорданың ресми үні болған "Сарыарқа" газеті шықты. 1918 жылы Семейде Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлық етуімен "Абай" әдеби журналы жарық көрді. 1919-1928 жылдары Семей қаласында Сәбит Дөнентаев, Шәймерден Тоқжігітов, Ілияс Молдажанов, Сәду Машақов т.б. каламгерлер редактор болған "Қазақ тілі" газеті шығып тұрды. Бұл газет көптеген қазақ журналистері мен әдебиетшілерін тәрбиелеп шығарды. Осының бәрі Семейді қазақ баспасөзінің астанасы етті.

Ұлттық шығармашылық интеллигенция қазақ мектептеріне ауадай қажет болған окулықтарға деген сүранысты өтеуге кірісті. Әуелде орыс тіліндегі окулықтарды қазақ үғымына лайықтап "Арифметиканы" - "Есеп - қисап", "Геометрияны" — "Кескіндеме" деп аударумен айналысқан Элдос Омаров (1892-1938) кейін төл окулықтар жазуға кірісті. Ғалым - лингвист ретінде ол ана тілінің тазалығы үшін аянбай күресті. Бұл іске Ахмет Байтұрсынов бастаушы болып Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Т.Шонанов, М.Жолдыбаев, Мүхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, А.Әлібаев, Ж.Күдерин белсене араласты.

Алаш қозғалысының ірі қайраткері, Ташкенттегі Қазақтың халық ағарту институтының оқытушысы Мырзағазы Есболов (1896-1936) "Талап" қоғамын құрушылардың бірі, "Түркістанда келімсектер орнаған аудандардағы жер мәселесі" (Ташкент, 1923) атты өте қүнды зерттеу кітабының авторы болды. Аталған кітапты жазуда ол өзін білікті экономист әрі тарихшы ретінде танытты. Осы кітапты жазу үстінде ол патша өкіметінің ресми күжаттарын, статистикалық материалдарын, Гаврилов, Кауфман, Васильевтердің зерттеулерін пайдаланып, қорытты.

Бастапқы кезенде Қазақстандағы ғылым істеріне басшылық жасап, үйлестірумен Халық ағарту халық комиссариаты және оның Ғылыми-әдістемелік кеңесі, Академиялық орталық, КСРО ҒА-ның Қазақ базасы, кейіннен филиалы (КазФАН) тікелей айналысты. Академиялық орталықтың 1922-1923 жылдары атқарған жұмысы туралы есепті жазбасында баспадан шығарылған және шығаруға дайындалып жатқан әдебиеттердің ішінде Ахмет Байтұрсыновтың "Тіл құралы", "Мәдениет тарихы", М.Дулатовтың "Казақ тарихы", Мағжан Жұмабаевтың "Педагогика", Жүсіпбек Аймауытовтың "Дидактика", Т.Шонановтың "Әдебиет хрестоматиясы", "Саяси экономия", "Қазақстандағы жер мәселесі тарихының » очерктері", Е.Омаровтың "Физика", Қаныш Сәтбаевтың" Алгебра", Б. Айбасовтың "Табиғаттану", Н.Құлжанованың "Мектепке дейінгі балалар тәрбиесі", Ж.Тілеулиннің "Мектеп гигиенасы" [30] кітаптары мен окулықтары аталады. Көріп отырғанымыздай, кейбір кітаптар (немесе кітапқа айналмаған қолжазбалар) біздің заманымызға жетпеді (мысалы, Ахмет Байтұрсыновтың "Мәдениет тарихы", Міржақып Дулатовтың "Қазақ тарихы" т.б.). 1923 жылы 29 карашада Халық ағарту халкоматы еуропалықтарға арналған қазақ тілінің курстарына әліппе ретінде Ахмет Байтұрсыновтың "Оқу құралын", грамматика оқулығы ретінде "Тіл құралы" кітабын және Т.Шонановтың "Қазақ әдебиетінің хрестоматиясын" ұсынған [31].

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағатында Халық ағарту халкоматы жанындағы Академиялық Орталықтың "Қазақ тарихы" және "Түркілер тарихы" атты орта мектепке арналған оқулықтарды жазуға Міржақып Дулатовпен, казақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастыруды мойнына алған Т.Шонановпен, қазақ тілінде "Физика" оқулығын жазуға Елдес Омаровпен екі жақты жасалған келісімдердің мәтіндері сақталған [32]. Міржақып Дулатовпен 1923 жылы 12 ақпанда жасалған келісімнен автор құқынан мемлекеттік мүдде басым түрғандығы айқын аңғарылады. Міржақып Дулатов автор ретінде өзінің қолжазбасын алдымен Ғылыми - әдеби кеңестің талқылауынан өткізіп, Академиялық Орталықтың алқасының саралауына салады. Аталған екі орындарда айтылған сын пікірлерді автор басшылыққа алып, олардың бәрін міндетті түрде орындауға тиісті болды. Тарихи және саяси терминдер Академиялық Орталық бекіткен күйінде ғана қолданылды.

Қазақтың ірі ғалымдарының ғылымға келген жолдарын арнайы зерттесе жас ұрпаққа тағлым боларлық өте қызықты кітаптар болып шығар еді. Қаныш Сәтбаев Принстон университетінің (АҚШ) анкетасындағы сұрақтарға жауап бере отырып: "Білім жолына жүйелі түрде түскенім үшін туысым, ескі зиялы Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа қарыздармын" [33] деп жазған еді. Әбікей Сәтбаевты кім болған дегенде бұл кісіні ғалымдардың, әдебиетшілердің, ұлттық интеллигенцияның ұлағатты ұстазы деп атауға болады. 1920 жылдан бастап Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, мүғалімдер семинариясының оқытушысы, Семей педтехникумының директоры, Омбы рабфагының, Бішкек (Қырғызстан) пединститутының оқытушысы болған, сталиндік зүлматта қаза тапқан зиялы адам. 1937 жылы Қаныштың туған ағалары Ғазиз Сәтбаев (1894-1937) пен Кәрім Сәтбаев (1897-1937) та қуғын-сүргінде қаза тапты. Академик Ш.Шокиннің дерегіне карағанда, Қаныш Ғазиз ағасының ақыл-зердесін өзінікінен жоғары санаған [34]. Жазушы Медеу Сәрсекеев Қаныштың әкесі Имантай би туралы: "өз заманының озық ойлы, алды-артына толғана қарайтын зерек те зиялы адамы болған" [35] деп жазған еді.

Қазан университетінің түлегі, аса дарынды дәрігер Мәжит Шомбалов өзінің жерлесі Қазан университетін бітірген дәрігер Махмұт Шолтыровпен (1884-1965) бірге ол төңкеріске дейін-ақ Бөкей губерниясында чума сияқты мындаған адамдардың өмірін қиып кететін індетке қарсы Іс-шаралар ұйымдастырып, аурудың алдын алуға белсене әрекет жүргізді. 1923-1929 жылдары Мәжит Шомбалов Қазақ АКСР Денсаулық сақтау халкомының орынбасары қызметін атқарып, талай ізгі істердің басы-қасында болды. 1924 жылы 24 сәуірде болып өткен РК(б)П Киробкомы алқасының хаттамасына қарағанда, ол республикадағы медицинаны ғылыми жолға қоюға әрекеттеніп, басшы органдардан бұл жұмысқа айрықша назар аударуды табанды түрде талап еткен қайсар әрі білгір қайраткер болған. Ол Киробкомнан ел ішіне көшпелі медициналық отрядтар жасақталып жіберілуіне қолдау көрсетілуін сұрап, бұл отрядтардың міндеті, бір жағынан бұқараға медициналық көмек беру болса, екінші жағынан республика халқының денсаулығы жайында аса құнды деректер жинау болып табылатындығын атап көрсетті [36].

Лирик-ақын Бернияз Күлеев қазақ әдебиеті тарихында Қазан төңкерісі тудырған ақын ретінде жазылып келді. 1990 жылдарға дейін Бернияздың мұрасы туралы жазғандар оның өлендерінен таптық негіз іздеп, байларды сынаған тұстарын дабырайтып, Б.Күлеевтің өзін де, шығармашылығын да "большевиктендіруге" тырысып бақты. Бұл мәселе туралы алғаш рет ғылыми анықтама берген басқа емес, ақын Мағжан Жұмабаев болды. "Бернияз төңкеріс заманында туған ақын, - деп жазды Мағжан Жұмабаев, — бірақ төңкеріспен дүниеге шыкқан шағы бір келгені болмаса, төңкеріс туғызған ақын емес еді" [37]. Ол Берниязды "әдебиетіміздің берік бір бағанасы болуға тиісті" деп есептеді. Мағжанның пікірінше, Бернияздың екпіні "тым күшті еді. Біраз өлеңдері басылған соң-ақ окушы оған жалт беріп қарап қалған еді.

Мағжан Берниязды "Жас ұлан", "асау жан" деп атаса, Сәбит Мұқанов Бернияз - "саяси адам", оның қазасына махаббат емес, саяси себептер болған, ол "пролетариаттың темір тегеурініне шыдай алмады" дейді. Сәбит Мұқановқа Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеевтің рухани туыстығы ұнамайды, ол Мағжанға деген теріс көзқарасын Берниязға да қаратып: "Шынында Бернияз бай табының ақыны...", "Бернияз ... Мағжанның копиясы", 'Мағжанның әйелжандылығы ... Берниязда да болды" [38] деп жазды. Бұл жолдар Бернияз Күлеевтің замандастары арасында оның шығармашылығына қайшылықхы көзқарастардың орын алғандығын айғақтайды. Бернияз Күлеевтің замандастары арасында оның шығармашылығына қайшылықты көзқарастардың орын алғандығын айғақтайды. Бернияз Күлеевтің ақындық түлгасы мен мол мұрасы жөніндегі идеологиялық сарында, таптық тұрғыдан жазғандарға қарағанда (Сөбит, Мүқанов т.б.) Мағжан Жұмабаевтың тұжырымдары шындыққа жақын, сондықтан да оның ғылыми мәні құндырақ көрінеді.

Төңкеріске дейін 3-4 өлеңдер жинағы мен 2 окулық шығарып, өзін кітабын ақын, ағартушы ретінде көрсеткен Кенжеғали Ғабдуллин Кеңестер дәуірінде республика жүртшылығына танымал журналистке айналды. Орынбордағы Қазақтың халық ағарту институтында (КИНО-да) сабақ бере жүріп ол "Еңбекші казақ" газетінің редакция алқасының мүшесі болды. Көсемсөзші ретінде белсенді әрекет етті. Ел-жүртының санасын оятуға бағытталған көп мақала жазды. Кенжеғали Ғабдуллиннің өз өмірбаяны туралы дерек сирек кездеседі. Жазушы Ғалым Ахмедов Кенжеғали Ғабдуллинді саяси репрессия құрбаны деп атап, бірталай мәлімет келтірді [39]. 1928жылы Кенжеғали Ғабдуллин Ақтөбе округтық "Кедей "газетінде, кейінірек "Оңтүстік Қазақстан" (Шымкент) газетінде еңбек етті. Сол сияқты 1917 жылы "Алаш" газетінің жаңа редакторы Түзел Жанабаев, 1918 жылы "Қазақ" газетінің соңғы сандарын шығарған Жанұзақ Жәнібеков, 1919 жылы "Сарыарқа" газетінің редакторы болған Шынжы Керейбаев туралы білетініміз шамалы.

Кеңес дәуірінде ана тілімізде түңғыш шыққан журнал "Қызыл Қазақстан" (Орынбор, 1922 ж. қазан) — "Қазақ баспасөзі майталмандарының ғажайып мектебі" (М.Қ. Қозыбаев) болды. Академик М.Қ. Қозыбаев "Қызыл Қазақстан" журналы кейін "Ауыл коммунисі" мен "Қазақстан коммунисіне" айналғанына дейін тарихи принципті жоғары үстаған, аты "қызыл" болғанымен әсіре қызыл тапшылдыққа ілеспеген басылым болғандығын ерекше атап көрсетті [40]. Бұл журналдың бастауында А.Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Мүхтар Әуезов, Еркеғали Алдоңғаров, Смағүл Сәдуақасов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Әбдірахман Байділдин, Нәзипа Құлжанова, Ғаббас Тоғжанов сынды шығармашылық интеллигенцияның көрнекті өкілдері тұрды.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ баспасөзінің тарихында "Ақжол" газеті аса көрнекті рөл атқарды. Бұл — осы басылым төңірегіне Алаш қозғалысының жетекші қайраткерлерінің шоғырлануының заңды нәтижесі еді. Қазақ мәдениетінің жұлдыздары болып танылған зиялылары және олардың ізбасарлары — болашақта үздік шығармашылығымен әлі танылатын жас дарындар (Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгеров т.б.) газеттің бағыт - бағдарын түзулеп, ұлтжандылық сипат беріп, халыққа етене жақын етті. "Ақжолдың " редакторлары мен белсенді авторлары Ахмет Байтұрсынов (1873 - 1938), Халел Досмүхамедов (1883 - 1939), Міржақып Дулатов (1885 - 1935), Жүсіпбек Аймауытов (1889 - 1931), Нәзір Төреқұлов (1892 - 1937), Бакытжан Сүлеев (1892 -1937), Мағжан Жұмабаев (1893 - 1938), Шамғали Сарыбаев (1893 - 1958), Есім Байғаскин (1893-1937), Иса Тоқтыбаев (1894 - 1967), Ілияс Жансүгіров (1894 - 1938), Сұлтанбек Қожанов (1894 - 1938), Телжан Шонанов (1894 - 1938), Әлжан Байғүрин (1896 - 1938), Ғазымбет Бірімжанов (1896 -1938), Қажым Басымов (1896-1938), Мұхтар Әуезов (1897 - 1961), Абдолла Байтасов (1901 —ө. ж. б.), С. Оспанов (т. ө. ж. б.), Сәдуақас Баймаханов (1938 ж. қаза тапты), Жүсіпбек Арыстанов (1904-1993), Мұстафа Қайыпназаров (1904 -1938), Әуелбек Қоңыратбаев(1905 - 1986) және т.б. зиялылар газетті Казақстанның оңтүстігіндегі елдің "көзі, құлағы һәм тілі" (Ахмет Байтұрсынов) етуге көп күш салды.

"Ақжолдың" ұлттық мазмұн - сипаттағы бұқаралық басылым болуы коммунистік басшылықтың ызасын тудырды. Оның үстіне домалақ арыздар Мәскеуге жетіп, БК(б)П Орталық Комитетінің Бас хатшысы И.В. Сталиннің өзі "Ақжолдың" жұмысына араласып, партияда жоқ интеллигенттерді тез арада газет редакциясынан шығаруды талап етті. Бүрынғы редакция мүшелері газет жұмысынан аласталды. "Ақжол" БК(б)П Сырдария губкомының үніне айналдырылды. 1926 жылы 21 сәуірде БК(б)П Қазақ өлкекомының секретариаты "Ақжол" газетін "Еңбекші қазақ" газетіне қосу туралы шешім қабылдап, бұл шешімді іске асыру үшін Қазақөлкекомының баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ә.Байділдинді Шымкентке жол сапарға жіберді [41].

Ескі оқығандар қазақтың публицистикасын (көсемсөзін) кеңестік дәуірде орнығып, дамуына айтарлықтай үлес қосты. Мұхаметжан Сералин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Көлбай Төгісов, Сәбит Дөнентаев, А.Құлжанова сынды баспасөз майталмандары көсемсөз жанрында төңкеріске дейінгі кезенде өнімді еңбек етіп, осы жанрдың негізін қалаған еді. Жаңа заманда көсемсөздің қоғамдық мәні күрт өзгеріп, ұлттық қүндылықтарға жайсыз тиді.

Шын қадірін кейінгі кезде ғана түсіне бастаған қаламгеріміз — Қошке Кемеңгеров (1896-1937). Жаңа дәуірде ғана жарық көрген оның шығармашылық мұрасы Қошкеннің зиялы болғандығына, шығармашылық интеллигенцияның жетекші өкілдерінің бірі екендігіне көзімізді жеткізеді. Ол — Қазан төңкерісіне дейін калыптасқан дүниетанымын, ой тәуелсіздігін коммунистік идеология постулаттарына айырбастамай дүниеден өткен калам гер. "Ел окуға ынталы" атты публицистік мақаласында Қошке Кемеңгеров мектеп салған Медеу деген адам туралы: "Артық дәулеті болмаса да, талабы зор. Қазақтан Медеудей азамат көп шықса игі еді!" [42] деп жазды. Қошке Кемеңгеров қазақ балаларын жазда оқыту ыңғайлы, ал қыста мүғалімдердің білімін толықтыру керек деп санады. "Жол әсері" очеркінде қазақ оқығандары ауыл бұқарасын тазалыққа үйретсе, үғындырып, үлгі көрсетсе "дүниеде қазақтан (дені) сау халық болмас еді" дейді. Жағдайын оңалту үшін біреулерге көзсіз еліктеу емес, ұлттық ерекшеліктеріміздің мейлінше ескерілуі шарт: "Қашанда үлкенді-кішілі жұмысты жат елдің үлгісімен қойып қарамай, қазақтың бойына шақтап, өміріне үйлестіру керек"; "Күй тартатын кәрі шалдар. Бұлардың көзі, жоғалса, ескі күйден айырыламыз... Ескілікті тезінен жинақтап алу үшін губерниялық оқу бөлімі қам қылса жарар еді"; "Балық басынан шіриді" деген дұрыс. Елдің оңалуы басшыларға байланысты, олар түзелмей ел түзелмейді. "Ру таласын кеңсе қызметкерлері қолданса, ру, сайлау таласы қанына сіңген қазақ мүлде, әуейіленіп кетеді" [43] деген сынды оқшау ойлар көп айтылады.

Қаралып отырған уақытта оқу орындарында, мекемелерде қолжазба журнал мен қабырға газеттерін шығару дәстүрі кең өріс алды. Бұл газет-журналдың тапшы кезінде жастарды қаламгерлік шығармашылыққа баулудың бір жолы еді. "Ғалия" медресесі окушыларының "Садақ" атты қолжазба журналының (редакторлары—Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов) алғашқы саны 1915 жылдың қараша айында шықты, ал соңғы саны 1918 жылдың ақпанында жарық көрген еді. 1917 — 18 жылдары Омбыдағы "Бірлік" ұйымы "Балапан" атты әдеби қолжазба журналын шығарды. Журналдың редакторы Қошке Кемеңгеров басылым бетіне әдебиетке кұмар студенттермен окушы жастарды кеңінен тартты. Біздің ойымызша, "Балапан" журналында Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Смағүл Садуақасов, Қошке Кемеңгеровтердің бізге жетпеген шығармалары болуға тиісті. 1924жылы Алматыдағы Қазақ-қырғыз халықағарту институтының (директоры — Ілияс Жансүгіров) шәкірттері "Қызыл суаат" ("суаат" — қырғыз сөзі болса керек) атты қолжазба журналын шығарып тұрды. 1928 жылы Алматы рабфагының окушылары "Екпін" атты қолжазба журналын ш ыға рды.

Жиырмасыншы - отызыншы жылдары қызмет еткен шығармашылық интеллигенция қатарында 1916 жылғы ұлт -азаттық қозғалыстың батырлары болғандығын айрықша атап өтуге тиіспіз. Бұл орайда ең алдымен Амангелді Имановтың сарбаздары болған, әрі ақын, әрі батыр Күдері Жолдыбайұлы (1861-1931), Омар Шипин (1879-1963), Сәт Есенбаев (1895-1963) есімдерін атауға тиістіміз. Есімі елеусіздеу қалған Күдері Жолдыбайұлының жарық көрмеген шығармалары ҚР ҰҒА-ның Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының сирек кездесетін қолжазбалар қорында (№349 папка) сақтаулы тұр. Күдері Жолдыбайұлының туындыларының Кеңес дәуірінде жарық көрмеуінің себебі — шынайы халық ақынының шығармаларында таптық идеологияның нышанының да болмауы. Оның орнына ол бүкіл қазақтың ұлттық бірлігі мен ынтымағын жырлайды ("Аманкелдінің Торғайды алғаны", "Әліби Жанкелдіұлына" атты толғаулары). Омар Шипин көптеген шығармалары кітап болып шығып, өз заманының ең атақты халық ақындарының бірі болып көтерілсе, Сәт Есенбаевтың (Бейсенбай Кенжебаев "Есембетов" дейді. Қараңыз: Кенжебаев Б. Жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет. А.: Білім, 1993. 206,210-6.; Ә.Қоңыратбаев "Қазақ әдебиетінің тарихы" окулығында (А.: Санат, 1994. 301-6.) "Еспенбетов" дейді) шығармашылығы жөнінде жеке зерттеулерде ғана айтылып, қалың жұртшылыққа белгісіз болып келді. Күдері Жолдыбайұлы, Сәт Есенбаевтың үлгілері халыққа жақын ақындардың Коммунистік партия басшылығы тарапынан бәрінің бірдей қолдауына ие бола алмағандығын айқын көрсетеді.

Қызылдардың қолынан қаза тапқан (1860 - 1930) теңдессіз дарын иесі Үкілі Ыбырай Сандыбаев салдық құрып, туған жұртына өлеңі мен әнін бірдей жайған, алғашында "Гәкку" әнімен әнші атағы шыққан өнерпаз еді. Ол әннің мәтінін де, әуенін де өз жанынан шығарып айтудың майталман шебері болды. 40-қа жуық тамаша әндерін мүра етіп қалдырған халық композиторы Үкілі Ыбырайдың шығармашылығы А.Затаевич, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Жұбанов, Есмағамбет Ысмайылов, Борис Ерзакович, Шахмат Хұсайыновтардан бастап, бүгінгі өнертанушы замандастарымызға дейін зерттеліп келгенімен әлі де анық-қанығына жетпеген мәселелер баршылық көркем сөз бен саздың асқан шебері Үкілі Ыбырай жас өнершілердің үлкен тобына ұстаз болды. Оның туған жиені әрі шәкірті Тайжан Қалмағамбетов (1878-1938) те сал-серілер дәстүрін берік ұстаған ақын әрі әнші-сазгер болды. Тайжан Қалмағамбетовтың ерен өнерін мойындаған Қазақстан өкіметі 1934 жылдың маусымында оған Жамбыл Жабаев пен Шығыс Қазақстан облысының өкілі, әнші-композиторы Балабек Ержановпен бірге дербес зейнетақы белгіледі [44]. Естай Беркімбайұлын (1868-1946) үлкен ақын ретінде әдебиет кайраткері деп те, зор әнші-композитор ретінде музыка өнерінің аса ірі өкілі деп те санауға болады. Естай "Қорланнан" басқа ештеңе шығармаған жағдайда да осы жалғыз өлең оның қазақ мәдениеті тарихында мәңгілік сақтаған болар еді. Біздіңше, Естайдың есімін аңызға айналдырған "Қорлан" әнінің орны бір бөлек те, оның қалған шығармалары бір төбе болып табылады. Бүкіл ән әлемінде "Қорландай" сұлу әрі әсерлі туынды сирек кездеседі. 30-шы жылдардың өзінде "Қорлан" әні алғашқы қазақ операларында ("Біржан-Сара", "Ер Тарғын") пайдаланылды. Ақындар Қасым Аманжолов 1939 жылы "Қорлығайын" атты драмалық поэмасын жазса, кейінірек Мұзафар Әлімбаев осы ғажайып тақырыпқа арналған "Естай-Қорлан" атты поэма жазып шығарды.

1921 жылы 1 ақпанда серілердің соңғы өкілдерінің бірі Мәди Бапиұлы Қарқаралыда қызыл милиционердің қолынан қаза тапты. Өліміне қызылдар себеп болғандықтан ол туралы жазылмай келді. Мәди өмір бойы өз қандастарының да, отаршылдардың да куғынына көп ұшырап, сот пен абақты қиянатын мол тартқан шығармашыл интеллигенцияның өкілі. Бостандық үшін алысу, ел мүддесін қорғау - Мәди ғұмырының басты мазмұны болды. Ақын Сапарғали Ләмбекұлы Мәдидің жастайынан өзінің жездесі Абайдың шығармаларын жаттап өскендігін, ұлы ойшылдың өсиеттерін орындауға, әділет жолын үстауға ұмтылып өткендігін жазды [45]. Бұл туралы Әлжаппар Әбішев "Найзағай", "Атыңнан айналайын" романдарында, Әшімбек Бектасов "Мәди" атты деректі кітабында (1973) бірталай жазды. Түрмеде жазылғанымен ерекше күш-куатты "Қаракесек" әні туралы Ахмет Жұбанов: "қазақ әндерінің шедеврлерінің бірі болып тарихта қалады. Дұрысында Мәдидің атын қалдыратын да осы ән" [46] деп жазды. Мәдидің "Қаракесегі" алғаш рет 1937 ж. 15 қаңтарда сахнада қойылған "Ер Тарғын" операсындағы Тарғынның (Құрманбек Жандарбеков) ариясы болып орындалады. Ал "Шіркін-ай" әні "Қыз Жібектегі" Бекежан (Құрманбек Жандарбеков) ариясы ретінде одан бұрын, 1934 жылдың қарашасынан бастап Қазақтың мемлекеттік музыкалық театрында айтылып келді. Мәдидің "Қарқаралы", "Мәди", "Үшқара" сынды әндері — халқымыздың күні бүгінге дейін сүйіп тыңдайтын музыкалық шығармалары болып табылады.

Кеңес заманының алғашқы жылдарында төңкеріске дейін білім алып үлгерген бірталай қазақ әйелдері қоғамдық және шығармашылық қызметімен танылды. Нәзипа Құлжанованың (1888 - 1934) есімі қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы қалам кайраткері, көсемсөзші ретінде құрметтелуге тиіс. Ол жаңа калыптағы шығармашылық интеллигенцияның түңғыш әйел өкілі болды. "Қазақ" газетінің белсенді авторы Нәзипаның тұлғасы казаққа төңкерістен көп бүрын жақсы танымал болды. Біздің аңғарғанымыз, дәл Нәзипадай замандастарының ілтипат-құрметіне ие болған өзге әйел - қайраткерді табу қиын. Сондықтан да Нәзипа Құлжанованың есімі қазақтың "Әйелдер қозғалысы" деп жазылып келген тарихи құбылыстың бастаушысы ретінде бірінші болып аталуы керек.

Нәзипа Құлжанованың шығармашылық туындылары оның ерекше дарын иесі, көркем сөз зергері, қазақ әйелінің жағдайын жетік білетін зерделі публицист болғандығын айқын көрсетеді. Орынбор гимназиясын ғана бітірген (1904) ол өзінің табанды ізденімпаздығымен саясат, тұрмыс, халық педагогикасы, тіпті медицина ғылымымен шектесетін денсаулық қорғау салаларын бір адамдай меңгергенін оның көпшілікке арналған ағартушылық сипаттағы мақалалары айғақ бола алады. Әр түрлі тақырыпта жазылған туындылары жүйеленіп-жиналатын болса, Нәзипа Құлжанованың ғылыми-танымдық маңызы зор бірнеше томдық шығармалар жинағы болып шығар еді. Нәзипа Құлжанова коммунистік партияға мүше болып кірмесе де өзінің білім-кабілетінің арқасында РК(б)П Қазақ обкомының органы "Қызыл Казақстан" журналының жауапты хатшысы болды (1922-1925) [47]. Зерттеушілер Темірбек Қожакеев, Ләйлә Ахметова Абай шығармашылығынан нәр алып өскен Нәзипаның ұлы ақын өсиеттерін мұрат тұтып, Абайды байшыл, феодалдық заман ақыны деп қаралау жүргізілген кезде де, Абай мұрасына адалдығын сақтап, өмір бойы насихаттап өткенін жазды [48]. Темірбек Қожекеевтің "Сара сөздің сардарлары" атты жинағында шығармашылығы зерттелген 12 қаламгер-журналистердің ішінде жалғыз әйел Нәзипа Құлжанованың баспасөз саласындағы еңбегі жазылған. Автор Нәзипа Құлжанованың Ж. Иманбаева,, Мәриям Хәкімжанова, Ахмет Елшібеков, Сапарғали Бегалин, Дәриға Ермековаларға жасаған қолдау-көмегін ашып көрсеткен. Нәзипа Құлжанованың қазақ әйелдері арасынан шыққан тау-кен ісі саласындағы түңғыш ғылым докторы, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Жамал Қаңлыбаеваның (1923-1974) әкесі Мұсағалиді оқытқандығы жөнінде деректер бар. Нәзипа Құлжанованы "Әйел теңдігінің ең алғашқы жаршысы" деп атай келіп, академик Манаш Қозыбаев оның мұрасын өз зерттеушісін күтуде екендігін жазды [49]. Ескі оқығандардың арасында жоғарғы оқу орнын бітірген тұңғыш қазақ қызы, қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігер Гүлсім Аспандиярованың (Санжар Аспандияровтың анасы) есімі аталуға тиіс. Гүлсім Аспандиярова (1880 - 1941) 1908 жылы Санкт-Петербург әйелдер медицина институтын бітіріп, өмір бойы дәрігер мамандарын оқытып, ұстаздық етті.

Алғашқы дәрігер әйелдердің бірі Аққағаз Досжанова (1893 -1932) Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің (САГУ) медицина факультетін үздік бітіріп (1921), халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсетті. ТүркАКСР Халком Кеңесі университетті бітірген алғашқы Шығыс қызы ретіңде Аққағаз Досжанова атындағы стипендия тағайындады Аққағаз Досжанова елінің жанашыр қайраткер қызы ретінде ерте танылды. Аққағаз Досжанова туралы алғашқы дерек "Айқап" журналында (1913) кездеседі [50]. Онда Орынбор гимназиясын бітірген жас талапкер Акқағаз Досжанқызының Мәскеуге жоғарғы оқу орнына түсуге шыққандығы хабарланады 1917 жылғы сәуірде болып өткен Торғай облыстық қазақ съезі Аққағаз Досжанованы Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне (Мөскеу, 1-11 мамыр) делегат етіп сайлады [51]. 1917 жылы қазақ әйелінің облыстық өкілетті өкілі болуы өте сирек кездесетін құбылыс еді Сондықтан Аққағаз Досжанованың қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш қоғам қайраткерлерінің бірі болғандықтан атап өтуіміз керек. 1918 жылы Аққағаз Досжанова өте ауыр күйге түскен Жетісу қазақ, қырғыздарына көмек жинауды ұйымдастырып, жинаған қаржысын жылу комитетінің төрағасы Мұхаметжан Тынышбаевқа табыс етті.

Башқұрт халқының азаттық күресінің жетекшісі Ахмет Заки Уәлиди Аққағаз Досжанованы жазушы деп атап, "шығыс түркілері арасынан шыққан тамаша әйелдер қатарында болды", 1917 жылдың мамырында Мәскеуде белгілі 12 адам кірген Орталық Мұсылман Шуросына (Кеңесіне) қазақтардың өкілі болып Жаһанша Досмұхамедұлы, Уәлитхан Танашев және Аққағаз Досжанованың сайланғанын атап көрсетті [52]. Айта кету керек, осы А.З.Уәлидидің кітабында есімі аталмай, жай ғана "қазақтың, білімді оқыған ақын қызы" делінген өнерлі, қайсар қыз туралы сүйсіне жазылады. Автор бұл қыздың өте қызықты, шытырман оқиғаларға толы барлаушылық қызметі туралы роман жазуға болар еді дейді. Барлаушы қыз Әліби Жанкелдиннің сеніміне кіріп, Мәскеудегі жағдай жөнінде құнды ақпарат жинайды, екінші жағынан Бөкей ордасы, Теке (Орал), Үйшік (Гурьев, Атырау), Хиуа мен Бұхарадағы жағдайды қадағалап, біліп отырған [53]. Кейбір жанама деректер кездескенімен, нақты деректердің болмағандығынан бұл тұлғаның кім екендігін біз де әзірше айқындап атай алмадық.

1915 жылы Сәбит Дөнентаевтың "Уақ-түйек" кітабын Уфада өз қаржысына бастырған Сәния Қасымқызы нағыз меценаттық рөл атқарды. Бұл туралы "Айқап" та, "Қазақ" газеті де жазды [54]. "Уақ-түйек" шығысымен Сәбит Дөнентаев бүкіл қазакқа белгілі ақынға айналды. Ақын Сәду Машақовтың естелігі бойынша, Сония Сәбит Дөнентаевтың Керекудегі Қасым қожаның медресесіне окуға түсуіне себепкер де болған кісі [55]. Сәнияның азаматтық ісі жөнінде 1931 жылы Сәбит Мүқанов та жазып калдырды [56]. Қазақтың баспа кітабының тарихын зерттеген Әбіш Жиреншин: "Керекулік Сәния Қасымқожақызы Ертісбаева - қазақтан тұңғыш баспа ісімен шұғылданған қыз" [57] деп жазған еді. Омбыдағы "Бірліктің" белсендісі, "Жас азамат" ұйымының Кіндік (Орталық) Комитетінің мүшесі (1918 ж. мамыр) болып сайланған Гүлшаһра (Гулия) Досымбекқызы да (Ахметсапа Жүсіповтың әйелі) құрметтеуге лайық түлға. Ақын Дихан Әбілев қазақгың абзал қызы Мәлике (Сұлтанмахмұт Торайғыровтың күтушісі) туралы:"күндіз мектепте бала оқытып, кешке Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін кітап етіп шығартуға әзірлеп", ақынның "арманы жолында қызмет етіп жүрген"асыл жары болғандығы туралы естелік қалдырды [58]. Кейін осы Мәлике жайында Н.Тәукин көпшілік кауым біле бермейтін өмір дерегін жариялағанда [59], белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев оны Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды "Үлкен тағдырдың көмескі жақтарына сәуле түсіретін естелік" [60] деп бағалады.

Ұлттық журналистика тарихында есімі ардақталуға лайықты тұлға - Мәриям Тоғысова. Ол — газет редакторы болған түңғыш казақ әйелі. "Алаш" газетінің (1916-1917) өз қаражатына шығарушы әрі редакторы Мәриям Тоғысова туралы үзік-үзік деректер кездескенімен, оның өмірбаяны мен шығармашылық қызметі жөнінде тиянақгы зерттеу жүргізілген жоқ. Оның қандай оқу орындарында оқығаны да белгісіз. Алайда, Мәриям Төгісованың өзінің ері Көлбай Төгісовпен бірге білгені мен тоқығаны көп ұлттық шығармашылық интеллигенцияның алдыңғы қатарынан орын алатындығы анық. "Қазақ" газетімен тайсалмай бәсекеге түскен жаңа басылым жұрт көңілінен шыққандығы белгілі. Бұған Мәриям Төгісованың ұйымдастырушылық қызметімен қатар, қарымды қаламгерлігін танытатын қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді көтеретін мақалалары да себепші болды. Ол "Алаш" газетінде қазақ әйелдерінің көкейкесті мүдделірін білдіретін шығармалардың көптеп басылуына түрткі жасады. Осыған орай айтатынымыз: әр жерде сақталған "Алаш" газетінің тігінділері мен жеке сандарын ғылыми - жүйелі сарапқа салу — қазақтың шығармашылық интеллигенция тарихын тың дүниелермен толықтыратыны анық. Сонымен қатар, бұл зерттеулердің нәтижесінде Мәриям Төгісованың ұлттық баспасөз тарихындағы алғашқы әйел -редактор ретіндегі біздің пайымдауымызды расталатынына үміт бар.

Қазақ әйелдерін өз үлгісімен өнер-білім биігіне шақырған үлкен тұлға - Алма Оразбаева (1898 - қайтыс болған жылы анықталмаған). Алма Оразбаева Кеңестер дәуірінде қоғамдық өмірге, және шығармашылық қызметке араласқан қазақгың кайраткер қыздарының шоғыры қатарында бірінші болып жазылады. Оның ардақты есімі әйелдер қозғалысы шежіресінде жиырмасыншы - отыаыншы жылдары өмір сүрген әйелдер ұрпағының жалынды жетекшісі ретінде мәңгі қалды. Алма Оразбаева Шығыс әйелдерінен шыққан түңғыш коммунист ғана емес, сонымен бірге әйелдер арасынан суырылып шыққан алғашқы мемлекет қайраткері де болып еді.

Алма Оразбаеваны өз биігіне алып шыкқан табиғи ақылы мен кайсарлығы. Ол қазақ қызының тар қапас заманда азаттыққа оқу-білім арқылы жететіндігінің өнегесі болды. Алма Оразбаеваның білім алу жолында қандай қиыншылықтарды жеңуіне тура келгендігін тарихшы Хасиба Сейітқазиева мұрағаттық деректер негізінде жазған еді [38]. Алма Оразбаева бостандыққа ұмтылған, өнер-білімге құштар қазақ қыздарының алдынан кездесетін көптеген бөгет-кедергілерден аман өтіп, 1916 жылы Ордадағы үш жылдық оқытушылар курсын бітіріп, бастауыш мектебінің мүғалімі мамандығына ие болды. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейінгі алғашқы онжылдықтарда да мүғалімдік дәрежеге жеткен казақ қыздары санаулы ғана еді. 1919 жылы Алма Оразбаева Мәскеудегі Я.Свердлов атындағы Коммунистік университеттің жанындағы үгітшілер курсын, 1925 - 1926 жылдары БК (б)П ОК жанындағы марксизм - ленинизм курсын оқып бітірді.

Кеңестер дәуірінде оның есімі қазақтың алғашқы революционер қызы ретінде асыра дәріптелді. Сөйткен Кеңес өкіметі Алма Оразбаеваның өмірінің соңғы жылдарының елеусіз әрі қасіретті өтуіне жайбарақаттық танытып, қашан қайтыс болып, зиратының қай түпкірде қалғандығын ешкім білмейтін күйге жеткізді. Өз қайраткерлерін өзі "жейтін" әділетсіз тоталитарлық жүйе тұсында бұл трагедия туралы ешікім жұмған аузын аша алмады.

Алма Оразбаева РК(б)П Қазобкомының әйелдер бөлімінің құрылған кезінен (1921) бастап, 1925 жылға дейін басқарды. Ол осы бөлімнің жергілікті ұйымдарынан бастапқыда губкомдардың жұмысшы және шаруа әйелдермен жұмыс істеу I бөлімдері (работниц и крестьянок, женотдел) деп аталған құрылымдарды ұйымдастыруда көп еңбектенді. Мұндай арнаулы бөлім 1923 жылы 13 желтоқсанда Қазақ АКСР-і Орталық атқару Комитеті жанынан да құрылды. Ол "Қырғыз (қазақ) әйелдерінің тұрмысын жақсарту жөніндегі комиссия" деп аталды (төрағасы — Сейітқали Мендешев). Бұл комиссияға Денсаулық қорғау, Халық ағарту халық комиссариаттары сынды республикалық 9 мекемелердің басшы өкілдері кіргізілді.

Алма Оразбаеваның 1925 жылы 21 сәуірде РК(б)П Қазақ обкомының әйелдер бөлімінің жұмысы туралы жазған қатынас кағазға қазақтың оқыған қыздары туралы бірталай қызықты түсінік береді. Республика басшылығының қазақ әйелдері арасындағы нақты жұмысы 1925 жылдан жүргізіле бастады, оған дейін, 1922-1925 жылдары бұл жұмыс негізінен әйел өкілдерінің өз бастамасымен, үлкен қиыншылықтармен, баяу жүргізілді. 1925 жылдың сәуірінде республикадағы әйелдер арасындағы жұмыс бөлімдерінде (женотделдерде) қазақтың жиырма жеті қыз-келіншектері жұмыс істеді. Осы тұста өлкелік әйелдер курсында жеті қазақ қыздары қоғамдық қызметке даярланды. Ал түрлі дәрежедегі мектептерде, курстар, рабфак, медтехникумда 700-ге жуық қазақ қыздары оқыды [39].

Қазақ аруларының ортасынан шыққан алғашқы профессионал артисі әнші Майра Уәлиқызы (1896-1929) болғандығын айтуға тиіспіз. Әйел заты рұқсатсыз ер адамдардың үстіне кірмейтін тұста, ауылдан аттап баспайтын кезде ол құстай үшып, қалалар мен ауылдарды еркін аралады, тамаша өнерін көрсетуімен қатар казақ әйелінің азаттығын өнеге етті, белсене насихаттады. Халық әндерімен бірге өзі шығарған өлендерін айтып ел сүйіспеншілігіне бөленді. Сонымен бірге қазақ әйелінің емін-еркін жүріп-тұруына әлі тосын қарайтын ауыл қазағының кінәлаушылығына да ұрынғандығын айтуға тиіспіз.

Майра Уәлиқызымен кездесіп, оның әндерін жазып алған А.В.Затаевич Майранікіндей шабытты, батылдық пен екпіндікті бұрын кездестірмегендігін айрықша атап көрсетті [40]. Музыка өнері мен музыкатану саласындағы әзірше жалғыз академигіміз Ахмет Жұбанов өзінің теңдессіз мұрасы — "Замана бұлбұлдарында" шығармашылығы баяндалған 24 әнші, сазгерлердің ішінде әйелдер қауымынан Майра Уәлиқызын ғана келтіреді. Ахмет Жұбанов Майраның әншілік өнерінің шыңы "Майра" — қазақ әйелінің "еркіндік әні.., әншінің өз қолымен калап кеткен ескерткіші болуға түрады" [41] деп жазды. Майра Уәлиқызының қайтыс болған жылы ҚСЭ-да (7-т., 388-6.) 1926 жыл деп көрсетілген. Біздіңше Майра Уәлиқызын жақсы білген Ахмет Жұбанов пен жазушы Сапарғали Бегалиннің [42] 1929 жыл деп көрсеткені шындыққа жарасады.

Шығармашылық интеллигенцияның қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы өкілдерінің ең көрнектілерінің бірі — ақын Шолпан Иманбайқызы (1904-1926). "Арманым жалғандағы өнер, ғылым" деп мәдениет биігіне талпынған, небәрі 22 жас ғұмыр кешкен Шолпан Отан тарихында ақындық ізін қалдырып үлгерді. 15 жасында тоқалдыққа берілген Шолпан тағдыр тауқіметін ерте тартып, поэзиялық шығармашылықпен үш-төрт жыл ғана айналысып, өзінің ерен талантымен елді тамсандырып, жарқ етіп жанып-сөнген таңғы шолпан жұлдызындай әсер қалдырды. Феномен десе дегендей еді. Қазақтың ақын қыздары бұрын да көп болғанымен, жиырмасыншы жылдары Шолпан Иманбайқызының поэзиясы жеке-дараланып шықты. (Сарыарқа қыздарын өнер-білімге баулуда Шолпан Иманбайқызы шығармашылығының атқарған қызметі өте үлкен болды. Оның өз басының үлгісі, жүректен шыққан жалынды сөздері ауылдың қыз-келіншектеріне большевиктердің жалаң үгіт-насихатынан әлде-қайда күшті ықпал етті.

Аяулы ақын қыз туралы жаңа деректер іздей жүріп, бұрын белгісіз болып келген мұрағаттық құжатқа тап болдық. Шолпан Иманбайқызының 1924-1925 жылдары Орынбордағы Нағима Арықова басқарған Өлкелік әйелдер курсында оқығаны белгілі. Осы курс окушыларының әр пәннен жазған жазба жұмыстарының ішінен Шолпан Иманбайқызының өз қолымен жазған (араб карпімен) "Жаратылыс пен табиғат туралы" деген жұмысы кездесті. Қағаз беті ақынның өте сезімтал жаны, балаға тән тазалығы, ой алғырлығы, нағыз шығармашылық адамның қабілеттерін аңғартады. 1931 жылы Мұстафа Шоқайдың Шолпан Иманбайқызының есімін Ахмет Байтұрсыновпен қатар атап, бұл екеуін "ұлттық" әдебиетіміздің ең үздік түлғалары" [43] деп атағаны жуырда ғана белгілі болды. Айта, кету керек, жоғарыда аталған курста оқыған қыздардың тағдыры арнайы зерттеуді қажет етеді.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі
2013 -> 1. 2 "Айқап" журналы және "Қазақстан


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет