Психика саулығы дегеніміз – адам мен сыртқы дүние арасындағы тепе-теңдік жағдайы, оның әлеуметтік ортаға, физикалық, биологиялық және психикалық ықпалдарға қатысты реакциясының сай болуы, жүйкелік реакция күші мен сыртқы тітіркендіргіштер арасындағы сәйкестігі, адам мен оның айналасындағылар арасындағы үйлесімділік, адамның шынайы объективтілік жайлы пікірінің басқа адамдардың пікірлерімен ұштасуы, өмірдің кез-келген жағдайына сын көзбен қарауы.
Адам психикасының саулығын білдіретін үш деңгейді көрсетуге болады:
Психофизиологиясының саулық деңгейі (орталық жүйке жүйесінің қызметімен, жағдайымен анықталады);
жеке психологиясының саулық деңгейі (психикалық іс-әрекітінің жағдайымен, қызметімен анықталады);
тұлғасының саулық деңгейі (адам қажеттіліктері мен әлеуметтік орта талаптары, мүмкіншіліктері арасындағы қатынаспен анықталады);
Адам психикасының әрбір деңгейінде норма мен аномалиялар көрсеткіштерінің өзіндік медициналық-психологиялық және әлеуметтік құндылықтар жүйесі болатыны анық. Жағымсыз өзгерістердің бірінші деңгейде де, екінші деңгейде де, үшінші деңгейде де орын алуы мүмкін. Психофизиологиялық саулық деңгейіндегі ауытқулар орталық жүйке жүйесінде де, перифериялық жүйелерде де (мигрень, невралгия, неврит, полиневрит және т.б.) пайда болатын алуан түрлі жүйке аурулары түріне білінеді. Жеке психологиясының саулық деңгейіндегі ауытқулар бірқатар психикалық ауруларды (қабылдау, ойлау, есте сақтау және т.б. қабілеттіліктерінде ауытқулар) тудырады. Тұлға саулығының деңгейіндегі ауытқулар тұлғаның өзін қоршаған әлеуметтік ортамен қалыпты түрде өмір сүру бағытындағы өзгеріске (нашақорлық, ішімділік, қылмыскер және т.б.) әкеліп соғады.
Психикалық аурулар мен ақыл-ой кемістігі түрлерінің бірқатары тұқым қуалайды. Баланы дүниеге әкелуді жобаламас бұрын, оның тұқымындағы психикалық аурудың орын алу-алмауын анықтау үшін медициналық-генетикалық қеңес беру пайдаланылады. Бұл белгілі бір ата-ананың ауру баланы дүниеге әкелуінің мүмкіндігін (тәуекелділігін) анықтайтын ерекше медициналық көмек түрі болып табылады.
Шизофрения, маникальды-депрессивтік психоз, эпилепсияның соққыдан болмаған түрлері, ақыл-ой кемістігі сияқты тұқым қуалайтын аурулардың пайда болуына қоршаған ортаның жағымсыз әсері мен генетикалық айғақтардың қосылысы себеп болады.
Мұндай тұқым қуалайтын өзгерістердің алдын алу шаралары ауруды ерте бастан зерттеу, медициналық-генетикалық қеңес беру және олардың дамуына кедергі болатын ортаны қалыптастыру әрекеттерінен тұрады. Даун синдромы, сияқты хромосомдық аномалия пайда болған кезде генетикалық қеңес беру арқылы «қателік» қай жерде және қашан пайда болғанын анықтауға болады: әкесінің немесе анасының жыныстық жасушаларының қалыптасуы барысында ма, әлде аналық жыныс жасушасының немесе зиготаның пайда болуы барысында ма. Осы арқылы өзгерістері бар баланың тууының алдын алуға болады.
Тұқым қуаламайтын психикалық ақаулар да болады. Олардың болуына әйелдің жүктілік барысында жұқпалы ауруға ұшырауы немесе туу барысындағы психикалық және физикалық әсерлер немесе мидың зақымдалуы себеп болады.
Психика саулығын сақтауда бала тәрбиесін дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Жан-жақты дамуы, денсаулығын үнемі қадағалап отыру, пайда болған өзгерістерге дер кезінде түзетулер енгізу баланың пихикалық ахуалының қалыпты болуын қамтамасыз етеді.
Адам психикасының саулығын сақтау мен жетілдіру негізі салауатты өмір салты болып саналады: ойлау мен еңбек ету әрекеттерінің тиімді күнтәртібі, жан дүниесінің ахуалы мен қанағаттануы. Темекі шегу мен ішімдіктен бас тарту қажет. Өз эмоцияларын қадағалауды және есеңгірететін әрекеттерге қарсы тұруды қалыптастыру керек.
Психика саулығы, қабілеттіліктері, мақсаттары мен қасиеттері жеке адамның қоршаған ортаға бейімделуіне себеп болады. Барлығына қолайлы, ортақ анықтаманы жасау мүмкін болмаса да, бұл психика саулығы жайлы кең таралған анықтама, өйткені әр түрлі адам қоғамдастықтары мен мәдениеттеріндегі бұл мәселеге қатысты барлық пікірлерді бір түйінге біріктіру мүмкін емес. Өз қоғамдастығындағы қалыптардан ауытқып бара жатқан адам психикалық ауру болып мойындалуы мүмкін. Әр түрлі мәдениеттер мен әр мәдениет ішіндегі әр түрлі уақыттардағы психикалық аурулар жайлы пікірлер алуан түрлі болады. Біріншісіне мысал ретінде мынаны айтуға болады: басқа американдықтардың көпшілігіне қарағанда индейцтердің көптеген тайпалары елестерді қалыпты құбылыс деп есептейді, ал екіншісіне мысал мынау болады: кезінде қылмыс ретінде, кейінірек психикалық ауру деп қарастырылған гомосексуалдылық қазіргі жағдайда жыныстық бейімделу нұсқасы болып саналады.
ХІХ ғасырдың соңынан бастап, З.Фрейдтің, содан кейін К.Юнг пен басқалардың зерттеулерінен соң, психология мен психиатрияда психиканың саналы түдегі іс-тәжірибемен ұштаспайтыны жайлы тұжырым қалыптасты. Психика мен ондағы ауытқулар жайлы зерттеулерге біздің саналы жан дүниемізді санадан тыс құбылыстар, импульстар, эмоциялар мен оларға қарсы тұратын қорғаныс механизмдері анықтайтыны туралы фрейдтік ілім қатты ықпал етті [22].
Фрейдизмнің бұл ықпалы осы уақытқа дейін сақталуда, бірнеше жылдар бойы (1950-1960 жылдарға дейін) айтарлықтай әсер еткен, психикалық іс-әрекеттің бихевиоральдық теориясы ғана тыс қалған. Оны жақтаушылар психиканың санадан тыс нәрсе екеніне қарсы шығып, оның мінез-құлыққа түсініктеме бере алмайтынын айтты.
Адам санасындағы тәртіптер арасындағы жайттар жайлы зерттеулерді жүргізу үшін қазіргі заманғы психологияның басқа ғылымдармен, атап айтқанда, антропологиямен, нейробиологиямен, нейрохимиямен, кибернетикамен, лингвистикамен байланысын анықтады. ХХ ғасырдағы осындай ғылымдар терминологиясында психика саулығы ұғымына анықтама берілген. Мұндай терминологияны білмеген ХІХ ғасыр психологтарын психика саулығына қатысты мынадай қазіргі заманғы анықтама қанағаттандыратын еді: қоршаған орта ынталандыруына саналы және санадан тыс реакциялармен тиімді жауап беретін психика сау психика болып табылады. Қазіргі кезде ХІХ ғасырдағы француз психологы П.Жаненің «белгілі бір психикалық ой-пікірлер біздің санамызға сыймайды» деген идеясы өзекті болуда. Бұл интуция пікірлері – Фрейд жазғандай «қолданылмайтын ойлардың қайнаған қазаны» емес, алайда олар көп уақыт бойы мойындалмаған [23].
Технологиялық, урбанизацияланған қоғамда өмір сүруші жеке адам өзінің әлеуметтік және этникалық тегіне қарамастан, әлеуметтік бейімделуін, яғни осы қоғамға сай қызмет жасауын қамтамасыз ететін белгілі психологиялық қасиеттерді меңгеруі қажет. Бұл қасиеттер дамудың әр түрлі кезеңдерінен белгілі бір ретпен өтуіне байланысты қалыптасады. Әрбір кезеңге адамның өзі шешетін мәселелері мен келесі кезеңге өтуіне қажетті қасиеттердің жиынтығы тән болады. Сонымен, жеке адамның психикалық саулығы жайлы пікір оның дамуымен, генетикалық шығу тегі және мәдени ортасымен салыстырылады.
Өкінішке орай, еліміздегі халықтың көпшілігі тұлғаны әлеуметтендірудегі бұзылыстардың басқа түрлерін – өзіндік бағалаудың дұрыс еместігін, талаптану деңгейін, өзіндік бағалаудың төмендеуін - зерттеуге айтарлықтай мән беріп отырған жоқ. Кейбір адамдар қарым-қатынас жасауда қиналса, екіншілері – өзіндік таным мен өзіндік дамуында қиындық сезінеді, ал үшіншілерінде – тұлғаның (көреалмаушылық, жаугершілік және т.б.) және мінез-құлықтың (әр түрлі психологиялық тәуелділік) деструктивтік қасиеттері басым болады. Бұған көп мысалдар келтіруге болады. Мұның бәрі ауру емес, қалыпты тұлғаға тән болады, және де адамның осындай қиыншылақтарды жеңуіне психиатр емес, кәсіби психолог көмек бере алады.
Қазіргі заманғы психологияда психологиялық кеңес берудің, психологиялық терапияның, психологиялық түзету мен психологиялық зерттеудің технологиялары мен техникалары өте көп. Мәселелердің осы аясы медицина саласына емес, психология саласына жатады, және де оны психикалық емес, психологиялық саулық деп есептеуге болады. Мәселенің осылай қойылуы өте маңызды, себебі көмек көрсету барысына «пациент» (әр түрлі дәрі-дәрмектер арқылы емделетін ауруды іздеп табу) деп емес, «клиент» деп қарау қажет.
Сыртқы ортаның биологиялық, психологиялық және әлеуметтік сипаттағы қолайсыз әсерлері нәтижесінде қалыптасқан психикалық күйлер: шаршау, қалғып жүру, үнемі қауіптену, тарығу, жан күйзелісі, көңілдің бұзылуы, фрустрация түрінде болады.
Қорқыныш пен үрейдің бастамасы, жан күйзелістері, эмоциональды ширыққан сезім қалпы, сабырсызданудан басталады. Бұған - адамдардың психоәлеуметтік және психоэмоционалды торығуын ауыр экономикалық дағдарысты қосу керек. Созылмалы дистресс тек тұрмыс, өндіріс мәселелері, әлеуметтік жағдайлар мен медициналық көмектің аздығы нәтижесіне ғана емес, сонымен қатар, қазіргі және болашақта өмір сүретін ұрпақ денсаулығының төмендеп кету мүмкіндігі туралы күдіктің күштілігінен де пайда болады.
Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы анықтағандай (БДҰ)–шын мәніндегі денсаулық – дене, психикалық және әлеуметтік үйлесімділік болып табылады. Адамның өмірінің барлық аспектілеріндегі әлеуметтік, дене, эмоциялық, рухани және ақыл-ой жетістіктерінің үйлесімі ғана өмірінің шын мәнісі болып табылады. Денсаулық пен үйлесімділікке ұмтылса, бұлардың ешқайсысын да шеттетпеу керек. Сонымен денсаулық: дене саулығы, жан саулығы, психикалық және психологиялық, әлеуметтік саулық болып бөлінеді. Дене саулығы — бұл организмдегі функциялардың өзіндік айналымының жеткілікті болуы, физиологиялық процестердің үйлесімі және сыртқы ортаның түрлі факторларына барынша бейімделгіштік күйлері.
Жан (психикалық) саулығы - тек дене гигиенасы ғана емес, сонымен бірге психогигиена, руханилықтың өзіндік тәрбиесін, адами тұрғыдағы ұстанымды, сана тазалығын да қамтиды. Психикалық саулыққа жету жолы - интегралды тұлғаға жету жолы. Психикалық саулық - психиканы жаттықтыру, психикалық процестерді дамыту (ес, зейін, қиялдау және т.б.), ақыл-ой мен сезімді тәрбиелеумен тығыз байланысты. Әлеуметтік саулық әлеуметтік белсенділікпен, адамның қоршаған әлемге деген белсенділігімен байланысты. Саулықтың басты белгілері:
зақымданушы факторлар әрекетіне тұрақтылық;
орташа статистикалық норма деңгейіне сай өсу мен даму көрсеткіштері;
орташа статистикалық норма деңгейіне сай организмнің функционалды қалпы;
организмнің резервтік мүмкіндіктерінің болуы;
нақты бір аурудың, не дамуында кемістігінің болуы;
моральді еріктік және құндылықты-мотивациялық бағдарларының жоғары деңгейі.
Денсаулық сақтаудың дүниежүзілік ұйымының анықтамасына сәйкес, денсаулық бұл тек аурулардың немесе жарымжандық ақаулықтың болмауы ғана емес, сонымен қатар толық дене күші мен психиканың және әлеуметтік жағдайдың жақсы болуы.
Жағдайдың жақсы болуы адам өмірінің барлық аспектілеріне қатысты: өмірдің әлеуметтік, физикалық, интеллектуалдық, эмоциональдық және рухани элементінің үйлесімділігі қажет. Егер денсаулық пен жақсы жағдайда ұмтылатын болсақ, онда олардың бірде біреуіне немқұрайлы қарамауымыз керек. Соңғы жылдарда әрбір адам өзінің денсаулығын жақсарту үшін қандай да бір амал жасайтын болғандықтан, осы мәселеге деген қызығушылық танытуда. Денсаулықты сыртқы ортаның өзгерістеріне тәуелді, бүкіл өмір барысындағы ағзаның жеке даму үрдісінде қарастыру керек. Дененің саулығымен аурудың арасындағы адам ауру емес, бірақ, дені де сау емес, аралық “үшіншік үйі” болады. В.П.Петленко бұл күйді “ауруалды” немесе “ақуалдылық” күйі деп атайды. Ақаулық алды - бұл ағзаның қалыпты қызмет етуінің шекаралық күйі. Жер бетінде өмір сүріп жатқан барлық адамдардың жартысынан көбі осы күйде болады. Оларға: өздерін зиянды химиялық заттардың әсеріне ұшыратып жүргендер, орнымен дұрыс тамақтанбайтындар, ішімдік заттарды үнемі пайдаланушылар, темекі шегетіндер, түнгі уақыттарда жұмыс жасайтындар, экологиялық орын ауыстырушылыққа ұшыраған адамдар жатады.
В.П.Петленконың пікірінше, осындай күйдегі адам өз табиғатындағы психофизикалық мүмкіндіктің тек жартысын ғана меңгереді. Осындай күйлерді зерттеу - психология, педагогика, валеология және медицина ғылымдарының міндеттері болып табылады [24].
Адамның денсаулығы- бұл қоршаған ортаның үнемі өзгеріп отыратын жағдайларда жасына және жынысына сәйкес келетін физикалық және психикалық тұрақтылықты сақтау қабілеттілігі. Табиғат адам ағзасының туғаннан тұрақтылықтың үлкен қорымен өмір сүру мен өзін-өзі реттеуге деген қабілеттілікпен қамтамасыз еткен: оның өмір сүру (тұрмыс) қалпына тәуелді болады. Егер шартты түрде денсаулық деңгейін 100 % деп алсақ, онда 20 % тұқымқуалаушылық факторларға, 20 % сыртқы орта (экология) факторларына, 10 % медицина, 50 % адамның өзіне, оның өмір сүру қалпына тәуелді болады.
Өмір сүру қалпы – бұл адамның өз-өзімен және сыртқы орта факторларымен өзара қарым-қатынасының жүйесі. Сыртқы орта факторларына: химиялық, физикалық, биологиялық,психологиялық әсерлер жатады. Адамның өмір сүру қалпы жынысқа, жасқа, денсаулық күйіне, өмір сүру жағдайына, экологиялық жағдайға, пайдалы әдеттердің болуына және зиянды әдеттердің болмауына тәуелді.
Салауатты өмір сүру салтының негізгі құрамдас бөліктері үш мәдениеттен тұрады: тамақтану мәдениеті, қозғалыс мәдениеті және эмоциялар мәдениеті. Психологиядағы нақты жеке тұлғаның салауатты өмір сүруінің мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін негізгі факторлары: рефлекцияға деген қабілеттілік, тіршілік ету ортасының жағдайы, еңбек ету мен дем алудың дұрыс тәртібі болып табылады.
Рефлексия – бұл өзін-өзі бақылау, өзін-өзі тану, өз әрекеттерін ойластыру қабілеті. Пайдалы әрекеттер мен гигиеналық дағдылар саналы түрде түсінілген жағдайда жақсы бекітіледі. Салауатты өмір сүру салты адамның ерік күшін жұмсауын, өз істерін ұғынуын, оның салдарын жеке өзі үшін де, сондай-ақ басқа адамдар үшін де болжауын талап етеді. Нақты өмір сүріп жатқан буынның денсаулығына болашақ келер ұрпақтың денсаулығы мен бақыты тәуелді.
Денсаулыққа әсер ететін кеңістік – бұл климаттық аймақ пен баспана. Дені сау адамда жаңа климаттық жағдайға тез бейімделуге мүмкіндік беретін орнын толтырушы механизмдері болады. Баспана микроклиматтының да өз көрсеткіштері болады: температура, ылғалдылық, оттегі мен көмірқышқыл газының концентрациясы тұрғын үй көлемінің шамасы және т.б. Еңбек пен демалудың саналы тәртібі, негізінен адам өмірі еңбек пен демалыстың кезектесуімен өтетін болғандықтан, салауатты өмір салтының маңызды факторы. Еңбек, ақыл-ой және дене еңбегі болып бөлінеді. Демалыс белсенді және енжар болып бөлінеді. Осылайша, егер жеке тұлға өзіне және кеңістікке қатысты қауіпті формадағы агрессивтілік танытпай, психикалық және денсаулыққа қолайлы жағдайда белсенді өмір сүретін болса, онда оны дені сау деп есептеуге болады.
В.А.Сухомлинский ХХ ғ. 70 ж. бас кезінде педагогикалық жұртшылықты баланың үйлесімді дамуында бәрі де өзара байланысты екендігін айтқан болатын. Ол: “Денсаулық балаға қандай үй тапсырмасы берілетіндігінде де, оларды қашан орындайтындығына да тәуелді. Үйдегі өз бетінше саналы еңбек етудің эмоциялық бояуы маңызды роль атқарады. Егер бала кітапты оқуға көңілсіз болса, онда бұл оның тек рухани күшін тудырып қана қоймайды, сондай-ақ, ішкі ағзалардың өзара әрекетінің күрделі жүйесіне де жағымсыз әсер етеді. Мен баланың сабаққа деген жақтырмаушылық жағдайында ас қорытуы бұзылып, асқазан және ішек жолы аурулары туындаған бірнеше жағдайларды білемін” – деп жазды В.А.Сухомлинский [25].
Балалық кезең ортаның әсеріне деген үлкен сезімталдықпен сипатталады және осындай қосымша факторлардың кейбір балаларды жүйкелік-психикалық бұзылыстарға ерекше бейім қылатындығы аталып көрсетіледі. Балалар мен жасөспірімдер неврозының патогенезінің дамып келе жатқан жеке тұлғаның қатынастар жүйесінің деформациясы жататындығы бекітілген факт болып есептеледі. Бұл оны неврозды дамуға әкелетін (В.Н.Мясищевтің невроздар қағидасының шеңберінде) біртұтас жүйені құрайтын жеке тұлғаның аса маңызды қатынастарының бұзылысы ретінде түсініледі.
Қазақстан бүгінгі таңда өтпелі кезеңде тұр, оның экономикалық, саяси және әлеуметтік құрылымы әлі де болса тұрақты емес. Бұның айқын дәлелі қоғамның бөлек топтарға бөлінуі, ал әрбір қоғамдағы топтың өзінің салауатты өмір сүру бейнесі бар. Көптеген отбасылары өмір сүруі үшін қажетті болып табылатын – дұрыс тамақтану, киіну, жайлы қоныс, маусымдық киім, жеке гигиена құралдарына да дұрыс қолы жетпей кедейлік қамытында өмір сүруде. Бұл адамдар “қауіп-қатер тобына” жатады, бұл топты өміріне және денсаулығына қауіп төнетін адамдар ғана құрайды. Адамдардың өмір салты мен салауатты өмірі бес әлеуметтік факторларға тәуелді деп қарастыруға болады:
- макроәлеуметтік фактор - нақты тарихи жағдайлар, мемлекеттің мәдени дәстүрлері деп қарастыруға болады;
- микроәлеуметтік фактор - жеке отбасының экономикалық жағдайы;
- психоәлеуметтік фактор - нақты отбасы қажеттіліктерінің арасында денсаулықтың алатын орны;
- психологиялық фактор - денсаулықтың денсаулық иерархиясындағы орнын анықтау мәселесіндегі тұлғалық бағдарлары;
- қауіптілік факторы - тәуекелділік факторларының көрінуінің шынайылығы мен шарттарының болуы.
Жеке тұлға қалыптасуының биологиялық және әлеуметтік факторларының арақатынасының бірлігі адамды жеке тұлға ретінде қалыптастырудың негізі болып табылады. Осы әдіснамалық тұрғыдан алғанда жеке тұлғаның қалыптасуын зерттеуде кешенді тұрғы болуының қажеттілігі айқын.
Балалық шақтағы барлық ауытқулар, бейімделу немесе жеке тұлғалық өзгерістерде, осы айтылған себептердің көп факторлығын ашуға мүмкіндік беретін, солардың өзара әсерін зерттеу қажет. Психикалық денсаулықты нығайту, өсіп келе жатқан ұрпақтың жоғарғы тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру және үйлесімді психофизиологиялық пісіп жетілуін қамтамасыз ету - маңызды әлеуметтік міндеттерге жатады.
Психикалық және тән саулықтарын бір-бірінен бөлуге болмайды. БДҰ беретін денсаулық анықтамасында бұл жағдай барынша нақты көрсетілген. Денсаулық ауру немесе жарымжандықтың (кемістіктің ) жоқтығы ретінде ғана емес, сондай-ақ, толықтай әлеуметтік, рухани және физикалық аман-есендік. сонымен адам биоэтнопсихоәлеуметтік бірлік ретінде қарастырылады. Біздің ойымызша, қазіргі кездегі этносқа деген тұрғыларға сүйене отырып, адамды- биоэтнопсихоәлеуметтік бірлік деп анықтауға негіз бар сияқты.
Мидың генетикалық потенциалы мен органикалық саулығы баланың отбасындағы, балалар ұжымындағы, оқыту және тәрбиелеу үрдістеріндегі мінез-құлқын әлеуметтендіру мен реттеуді тудыра алатын физикалық процестердің дұрыс өтуінің негізі болады.
Денсаулыққа әсер ететін факторлар мәселесі зерттеу нысанасы “адам-орта” жүйесі болып табылатын көптеген ғылымдар үшін теориялық та, практикалық та қатынаста ерекше маңызды болып табылады.
Адамтану психологиясы саласындағы зерттеулердің нәтижелері жеке тұлғаның дұрыс қалыптасуы қолайсыз биологиялық және әлеуметтік факторлармен бұзылуы мүмкін екендігін көрсетті. Биологиялық ақаулықтың психиканың дамуына тигізетін әсері түбегейлі болып табылмайды, ал ауыртпалық жүктейтін биологиялық қауіптілік факторлары мен жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуының арасында қатынас сызықтық түрде болмайды.
Биологиялық фактордың теріс жақтары және оның психикаға тигізетін әсері, жеке тұлғаның әлеуметтік детерминизмімен анықталады, орталық жүйке жүйесінің оптималды қызмет жағдайы, қолайлы әлеуметтік фактордың тиімді әсет етуі үшін және әлеуметтік қауіптілік факторларымен байланысты болатын, жеке тұлғаның қалыптасуының маңызды бұзылыстарын шектеу үшін алғы шарт болып табылады. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда биологиялық және әлеуметтік детерминацияның арақатынасы (теориялық және әдіснамалық мәселелерді қосқанда) күрделі және көп аспектілі болып келеді. Дамудың сапасы жағынан әр түрлі екі факторының–биологиялық және әлеуметтік –ролін зерттеу, детерминизм қағидасын ұсынады. Психологиялық тұрғы биологиялық және әлеуметтік адам дамуының біртұтас үрдісінің жүйелік детерминизмінің бөлімдері ретінде қарастыруды пайымдайды; биологиялық пен әлеуметтіктің өзара жанама түрленуі анағұрлым толық формада оның психикасына көрінеді. (Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, С.Л.Рубинштейн,) П.В.Симонов атап көрсеткендей, жеке тұлғаның әлеуметтік меңгеру ерекшелігі генетикалық фактордың рөлін, яғни әлеуметтік және биологиялық бірлікті сипаттайтын жеке ерекшеліктерге тәуелді, бірдей әлеуметтік әсердің әр түрлі әсер етуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайтындығын атап көрсетеді. Шеткі жүйкелік-психикалық бұзылыстардың туындауындағы орта факторларының мәні бар ортаның психозақымдаушы әсерлерін анықтайды. Психикалық зақым кез-келген жаста бала үшін естен танарлықтай әрекет болуы мүмкін, эмоционалды депривация, мектептегі қарама-қайшылықтар, неврозбен мінез-құлықтың бұзылыстарын тудыруы мүмкін [26].
Психикалық денсаулығы бұзылған жасөспірімдердің ата-аналарының кейбір қолайсыз тұлғалық ерекшеліктері бірнеше сипатта болуы мүмкін: генетикалық фактордың әлеуметтік психологиялық фактормен қосылуы, жасөспірімнің жеке басының қалыптасу үрдісіндегі теріс көріністің күшеюіне, жанұяда психологиялық алдын-алу жұмыстары болмаған жағдайда жүйкелік психикалық ақаулықтың дамуына жағдай жасайды. Шекаралық бұзылысы бар жасөспірімдерде байқалған нақты қолайсыз орта факторларының арасында отбасылық тұрмыстық факторлар (созылмалы дау-дамайлар, невроз және т.б.) ерекше мәнге ие болып табылады.
Баланың қалыпты дамуы үшін отбасы және қоршаған ортада бала өзін қорғайтындығын сезінуі шарт. Баланың қоршаған ортамен өзара қатынасын реттеудің негізгі механизмдері эмоциялық байланысты құра білу қабілетіне негізделген. Тілек пен қажеттіліктер тәрбие процесі нәтижесінде, қоршаған ортадағылардың қолдауы, не қарсы ықпалы негізінде қалыптасады. Егер бұл даму процесі қоршаған орта не мидың зақымдануына байланысты дұрыс жүрмесе, жеке тұлға дамуында ауытқу болады.
Нервтік психикалық ауытқушылықтың туындауындағы орта факторларының әсерін қарастыра келіп клиницистер психологиялық тұрғыдан маңызды, ең алдымен ортаның психиканы зақымдайтын әсерін қарастырады. Баланың жүйке жүйесінің психикалық саулығын қорғауда отбасының тәрбиелік функциясының әсері зор. Отбасы мүшелерінің жылы қарым-қатынасы баланың үйлесімді дамуына әсер етеді. Бала тәрбиесінің типі мен оның психикалық дамуының ерекшеліктері арасында тығыз байланыс болуы заңды.
"Эмоция" ұғымының төркіні - "емовера" деген латын сөзінен, "эмоцион" дейтін француз сөзінен шыққан. Қазақша мәні - тітіркендіру, толқу. Бұл - жан дүниесінің сыртық және ішкі әсерлер салдарынан ызалану, қаһарлану, қорқу мен шаттану сияқты жағдайларының көрініс беруі. Эмоция - адамдар мен жануарлар дүиесінде де көрініс беретін кейіп. Эмоциялық күй адамды іс-әрекеттерге шабыттандырып, тиісті нәтижелерге жеткізеді немесе көңіл-күйін жабырқатып, іс-әрекетін бей-берекетсіздікке ұшыратады. Сезім мен эмоцияның адам іс-әрекеті мен көңіл-күйіне ұнамды әсер етуі стеникалық - күшті сезім тудырса, ал ұнамсыз не теріс әсер етуі астеникалық - әлсіз, жағымсыз сезім тудырады. Сөйтіп, адамның сезім күйі және оның қысқа мерзімді айқын көрінісі - эмоция - жан дүниесінің жандануы мен тіршілік ағымында айтарлықтай маңызы бар психикалық процесс. Сонымен, эмоция дегеніміз - адамның органикалық мұқтаждықтарын қанағаттандыру не қанағаттандырмауға байланысты туатын психикалық күйлер. Адам эмоциясы, негізінен, тіршілік ортасы мен әлеуметтік жағдайларға байланысты және ол тарихи даму жағдайына тәуелді. ал хайуанаттар дүниесінің эмоциясы биологиялық сипатта тіршілік ету жағдайына ғана бейімделеді. Дегенмен, эмоцияның адам мен хайуанаттар дүниесіне тән - ызалану, қорқу, жыныстық еліктеу, тандану, қуану, мұңаю сияқты түрлері бірдей болады. Ч.Дарвин осы орайда, хайуанаттар дүниесіндегі сезім мен эмоция түрлерінің пайда болуын эволюциялық даму тұрғысынан дәйектей отырып, сезімнің тек ақыл иесі - адамдарға тән ар мен ұят, ождан сияқты түрлерін әлеументтік өмір тіркілігімен ұштастыра зерттеді.
Күрделі эмоциялардың бірі - көңіл. Кейіп - біраз уақыт бойы адамның көңілін билеп, мінез-құлқына әсер ететін, жалпы эмоциялық күй. Өмір-тіршілігінде адамның сезімі бір объектіге бағытталып, оған қуанады не күйзеледі, ашуланады, бойына ыза кеңейді, біреуді сүйеді, бір нәрседен шошиды. Сонымен, кейіп дегеніміз - адамның белгілі объектіге бағытталмай-ақ, ұзаққа созылған көтеріңкі, не жабырқау қалыптағы көңіл-күйі.
Адамның кейпінің көрініс белгілі сезімге, себептерге байланысты болады. Мәселен ұнамды хабар естіген адамның көңілі түсіңкі болып, оның бойын қобалжу, уайым билейді. Жұмысы сәтті болып реттеле бастаса, оның бойын қуаныш кернеп, көңілі тасиды. Мұндайда шаттықтың лебі бірнеше күнге созылады. Адам кейпі тіршілік жағдайына байланысты құбылмалы болып отырады. егер адам шаршап-шалдығып, ауырып жүрсе, оның кейпі солғын болады. Ал дені сау, ұйқысы қанық, көңілі көтеріңкі болса, адам мәз болып, жадырай түседі. Адамның кейпіне табиғат көрініс, жыл маусымдары. ауа райы сияқты факторлар да айтарлықтай әсер етеді. Кейпіне қарап адамдарды шат, жайдары, жылы жүзді, ақжарқын, не көңілге кірбің кіру, ызалы, түсі суық т.б. деп ажыратылады. Адамның көңіліне айналасын қоршаған дүние әсер етіп отырады. Егер оның қызметі жақсы жүріп жатса, ұжымы ынтымақты болса, отбасы жағдайы жасарымды болса, көңілі де көтеріңкі болады. Көңілге адамның денсаулық жағдайы, нерв жүйелерінің ерекшеліктері де әсер етеді.
Мәселен, адам көптен айналысып жүрген ісі оңға басса, немесе бір нәрсеге қолы жетсе, онда шаи-шадыман күйге түседі. Ал егер керісінше, көзделген мақсатына жете алмаса, жанын қоярға жер таба алмай қиналады. Мұндайда қабағы қатыңқы, ренішті күйде жүреді. Адам өз көңілінің қожасы болу керек екендігін олар іс жүзінде көрсете білуі тиіс. Өз көңілін меңгере білу - мұғалім үшін аса қажетті сипат. Егер мұғалім көңілсіз, кірбің болса, оқушылардың оқу материалдарын меңгерулеріне қолайсыз әсер етеді.
Эмоцияның бір түрі - аффектер. Аффекттер дегеніміз - қысқа уақытқа созылса да, бұрқ етіп қатты көрінетін эмоцияның түрі. Аффекттер кейде адамның бүкіл психикалық кейпін бұзып, мәнерлі қозғалыстарға толы, ерік күшінің әлсіреу жағдайында өтеді. Аффект кезінде адамның "есі шығып" кетпейді. Дені сау адамдарда болатын аффекттерді адамның жеке басының кемшілігі деп түсіну керек. Бұл - адамның өзін меңгере алмауы, ерік тәрбиесінің кемістігі. Ерік-жігері күшті адам мұндай ұшқалақтыққа, лепірмелікке бармайды. Ондай адам не істесе де ойланып істейді. "Ар ісі ақылға ермаек, бойды жеңбек, өнерсіздің қылығы өле көрмек" деп Абай дұрыс айтқан.
Дені сау адамдардың аффектісінен психикасы ауруға шалдыққан адамдапдың аффекттерін ажырату қажет. мұндай аффекттеп ми қабығы мен қабық асты орталықтарының байланысы бұзылғандықтан, екінші сигнал жүйесінің реттеушілік ролі кемігендіктен болады. Аффекттерді тәрбиелеу адамның жеке басын тәрбиелеумен тығыз байланысты мәселе.
Адамның көңіл-күйінің кйпін білдіретін жайттың бірі психологияда фрустрация деп аталады. "Фрустрация" латыншадан аударғанда - көңілдің бұзылуы, межелі істің жүзеге аспай қалуы дегенді білдіреді. Жоспарланған ісі мен мүдделі мақсаты түрлі себептер мен кедергілерге ұшырап, адам оған ренжиді, көңілі құлазып, бойын ашу-ыза көрнейді, қайғырып, күйзеледі. Адамның сезімі мен эмоциясы жағымсыз күйге ұшырайды. Фрустрациялық жағдайдағы көңіл-күй өшпенділік, кейіс пен қаһар тудырады.
Сезімнің адам бойында жиі кездесетін, өзіндік мән-мағынасы бар ерекшелігі - эмпатия. Эмпатия - адамның өзгелер қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиыншылықтарға ұшырағанда, оларға жанашырлық білдіріп, солардың ауыр халінің өз басына түскендей көңіл-күйде болуы. Жаңашырлық сезімнің (эмпатияның) мән-жайын психологияда ашып көрсеткен - американдық психолог Э.Титченер. Ол философиядағы ұнату сезімінің теориялық негіздеріне сүйене отырып, жаңашырлық сезіманің эмоциялық, салыстыру мен ұқсату тәсілдерімен түсіндірілетін танымдық және адам көңіл-күйінің аффектті жағдайға душар болу себептерін алдын ала сезе білу сияқты түрлері болатындығын да даралап көрсетеді.
Құмарлық - адамның ойы мен әрекетінің негізгі бағытына із қалдыраптывн күшті, терең, тұрақты эмоция. Құмарлық өзінің қоғамдық мәнімен бағаланады. Құмарлық көрнекі түрде сыртқа шығып, ұзақ уақытқа созылады. Ол әрқашан белгілі бір объектіге бағытталады. Құмарлық - адамның белсенді іс-әрекетін оятатын күшті сезім. Оның ұнамды және ұнамсыз жақтары да бар.Мысалы, оқып білім алуға дегенқұмарлық адам қабілетін тәрбиелейді, мәдениетін дамытып, өмірдегі мақсат-мүддесіне жеткізеді. Бұл - ұнамды қасиет. Ал ұнамсыз құмарлықадамның еркін нашарлатады, жан дүниесін аздырып, бей-берекеттікке ұшыратады. Мәселен маскүнемдікке салыну т.б. сияқты.Бұл адамның өзіне де, өзгелерге де зиянды. Құмарлықтың ұнамсыз түрімен күрес жүргізіп, жексұрын қылықтарға жол бермеу керек. Егер ғылым мен өнерге, еңбекке құмарлықты ұнамды десек, дүние құмарлық , бақ құмарлық, ойын құмарлықты ұнамсыз құмарлық дейміз. "Құмарлық кісіге жүк артады, міндеттілік туғызады, міндет борышты етеді, абұлар еңбекке жүктейді, еңбек ғылым мен өнерге ашылған жол", деп Абай адамға қажетті құмарлықтың психологиялық табиғатын жақсы көрсетті.
Баланың эмоционалды дамуы - оның сезімдерінің жан-жақтылығының көрінісі. Балалар қуанады, жылайды, қорқыныш сезінеді, мұңаяды. Әр жаста өзіне тән нормативті қорқыныштар байқалып отырады, қолайлы өмір жағдайларында олар жойылады. Бірақ қорқыныштар бала бойында жинақталып, оның тұлғалық дамуына кедергі болып және ол үшін адаптациялық, невротикалық және басқа да мәселелер туындататын жағдайлар да кездеседі. Эмоционалды күй патологиялық бола бастағанда, арнайы коррекциялық жұмыс қажет [27].
Психологиялық денсаулық жеке тұлғаның толыққандылығын қамтамасыз етеді, ол - адам тұлғасының маңызды сипаты. Ересектер баланы
жас кезеңіне сәйкес, қоршаған адамдармен қарым-қатынас контексінде, қоршаған дүниенің мәдени, әлеуметтік, эконмикалық, экологиялық нақты жағдайында өзін-өзі түсіну, қабылдау, дамыту тәсілдерімен қаруландырып,
уақыт және кеңістікте шектелген, психологиялық қызмет аясында балалардың психологиялық денсаулығын қамтамасыз ету, жетілдіру амалдары ретінде психолог пен балалардың арасында белсенді-диалогты танымдық іс-әрекет орнайтын тренингтік тәсілдерді кеңінен ұйымдастырудың қажеттілігі айқындалады. Қорытындылай келе, психологиялық денсаулық - адамның әлеуметтік функцияларды толыққанды орындауына мүмкіндік беретін қоршаған табиғи және әлеуметтік ортасымен арасындағы динамикалық тепе-теңдік, адам мен басқа адамдар арасындағы тепе-теңдік, адам, табиғат, ғаламшар арасындағы үйлесімділік.
Достарыңызбен бөлісу: |