Мазмұны кіріспе


Арт-терапия техникасы және оның психоэмоциялық саулықты реттеудегі маңызы



бет3/7
Дата11.01.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7467
1   2   3   4   5   6   7

Арт-терапия техникасы және оның психоэмоциялық саулықты реттеудегі маңызы

Ақылды адамның қалыптасуы бейнелердің интернационалды тілі - тастарды қашап жазу, би, пантомимика, ым-ишара, жесттердің дамуымен байланысты. Өнер коммуникация құралы, өзіндік, эмоционалды тіл ретінде қарым-қатынас мақсатында пайда болды. Арт-терапияның көне бейнелері өнердің архиакалық формаларында - халық шығармашылығында сақталған. Бұл жерде «ұжымдық бейсаналылықтың» символикалық тіліне негізделу байқалады. Белгілеуге бейім адам, бейсаналы түрде айналадағы заттар мен формалар белгілерін қайта жасай отырып, оларды дінде және сол сияқты бейнелеу өнерінде пайдаланды. Емдік-коррекциялық және профилактикалық жұмыстағы дербес бағыт ретіндегі терең тамырларына карамастан, арт-терапия бірнеше он жылдар даму есебінде. Оның дамуы үшін жағдайлар ХХ ғасырдың аяғында, балалық және примитивті өнерге қызығушылықпен қатар пайда бола бастады. Шарттылық шеңберінде тұрақтала алмайтын эмоциялардың ашық түрде көрінуі, аудиторияның суретші кәсіптілігіне беретін шынайы бағасы емес, шығармашылықтың өзі болып табылады және өнер үшінде, арт-терапия үшін де маңызды болып табылады.

Ол ХХ ғасырдың ортасында кең тарай бастады. «АРТ-ТЕРАПИЯ» термині (art - өнер, art therapy - өнер терапиясы) адамның психо-эмоцмоналды күйін көрсету мақсатында серпінді бейнелі шығармашылықпен емделуді білдіреді. Ең алғаш рет бұл терминді Адриан Хилл 1938 жылы шипажайларда өзінің құрт ауруына ұшырағандарды бейнелеу шығармашылығымен емдеу сабақтарын сипаттауда пайдаланды. Содан кейін бұл термин өнер терапиясы сабақтарының барлық түрлеріне қолданыла бастады (музыкотерапия, драматерапия, би терапиясы және т.с.с). [28]

Арт-терапия кәсіби іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде психотерапиямен тығыз байланыста Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Ұлыбританияда дами бастады. 1960-1980 жж арт-терапияны дербес мамандық ретінде мемлекеттік тіркеуге негіз болған, кәсіби қауымдастықтар құрыла бастады. 1969 жылы арт-терапевт-практиктерін біріктіретін, Американ арт-терапевтік ассоциациясы құрылды. Осыған ұқсас ассоциациялар Англия, Голландия, Жапонияда пайда бола бастады. 1980-1990 жж мәдени ахуалдың өзгеруімен ерекшеленді. Әлем иммигранттар, босқындар, бір аумақта рассалы және этникалық қауымдастықтардың болуы мәселелеріне кезікті. Мұндай жағдайларда арт-терапевттер көмегі елеулі болды. [29]

Біздің елімізде соңғы жылдар психотерапия және оның негізі формалары мен модельдерін қарқынды игеру кезеңі. Арт-терапия мамандар мен потенциалды клиенттердің қызығушылықтарын тудыра бастады. Соңғы уақытқа дейін Ресейде бұл бағыт туралы білімдер жеткіліксіз болып келді, осыған байланысты түрлі қызықты жорамалдар туындады. Ешқандай да негіздемелерсіз өздерін арт-терапевттерміз деп атайтын адамдар пайда болды. Қазіргі уақытта біздің елімізде бұл мамандықтың дамуымен А.И.Копыткин медицина ғылымдарының кандидаты, Арт-терапевтік ассоциация президенті, арт-терапия және басқа да шығармашылық бағыттарда маман даярлауға арналған негізгі бағдарламаның жетекшісі сияқты дәрігер-психиатрлар мен психотерапевттер айналысуда.

Арт-терапияға кереметтей анықтама беру күрделі, өйткені ол белгілі бір мөлшерде маманның теориялық түсініктеріне және практикалық іс-әрекеті саласына, қандай да бір елдегі арт-терапияға тән модельдерге және олардың даму деңгейіне байланысты. Арт-терапияны түсіну бойынша түрлі пікірлерді қарастырайық. Эдит Крамер пікірінше, көрсетуге, ішкі қақтығыстарды қайтадан бастан кешіруге және нәтижесінде оларды шешуге мүмкіндік беретін ең алдымен көркемдік шығарма процесінің «шипалық» мүмкіндіктері есебінен тиімді нәтижеге қол жеткізу мүмкін болады. Адриан Хилл бейнелеу әрекетінің шыпалық мүмкіндіктерін ең алдымен «ауыр мазасызданулардан» пациенттің көңілін бөлу мүмкіндіктерімен байланыстырады. Маргарет Наумбург пайымдауынша, көркемдік сабақтар нәтижесінде адам өз қорқыныштарын еркін көрсету қабілеттеріне күмәндануды жеңеді, өзінің бейсаналылығымен жанасады және олармен бейнелердің тілінде олармен сөйлеседі. Өзіндік ішкі әлем мазмұнын көрсету арқылы адам өз мәселелерін жеңе алады [30].

Осылайша, ғалымдардың бірқатары, көркемдік шығарма психотерапевтке клиентпен тығыз қатынас орнатуға көмектеседі және осылай оның мазасыздануын анықтай алады, екіншілері- көркемдік шығарманың шипалы ықпал етуіне клиенттің көңілін бөлу және жағымды ахуал жасау арқылы қол жеткізуге болады, үшіншілері- ол өздігінен оның сезімдерін шығаруға қабілетті және деструктивті тендециялардың шығуына мүмкіндік береді деп түйіндейді [31].

Арт-терапияға қатысты бірнеше көзқарастардың болуы орынды. Сонымен қатар арт-терапевтік бейнелеу жұмысы түрлі материалдардың кең мөлшерде таңдалуын қарастырады. Бояулар, қаламдар, түрлі-түсті борлар мен қатар журналдар, түрлі-түсті қағаздар, құм және т.б заттар жиі қолданылады. Проза немесе поэзия терапиясының «механизмі» мынадай, яғни ұяң адамға өлең, әңгіме түрінде өз мазасыздануын сипаттауға мүмкіндік береді, бұл уақытта ол басқа бір кейіпкер артына жасырынып, айтып жатқаны өзіне қатыссыз ретінде болады [32].

Музыканың адамға ықпалы үш деңгейде жүреді - вибрациялы, эмоционалды және рухани. Дұрыс таңдалған әуен адамға жағымды ықпал етеді. Мысалы, анасы баласын әлдилей отырып, шипалық күші бойынша салыстыруға келмейтін, ұйқыға жетелейтін, оның қорғаныстық тежелуін тудырады. Музыкалық қолдау сабақтары процедураның шипалық эффектісін жоғарылатады. Акушерлер босану процесінің белгілі бір кезеңдерінде музыка қолданады.

Табиғаты бойынша өнер терапиясы жан-жақты. Ол адамның ішкі күшінің ашылуымен байланысты және көптеген мүмкіндіктер береді:



  • өзіңдегі кездейсоқтықты дамыту және зейін, есте сақтау, ойлау (когнитивті дағдылар) процесстерін жетілдіру;

  • өзгеше тұрғыда өзіңнің өмірлік тәжірибеңді зерттеу;

  • экзотикалық деңгейде қарым-қатынасқа түсуге үйрену (бейнелеу, қозғалыс, дыбыстық құралдар);

  • өзін көрсету барысында өзіңді және басқаларды қанағаттандыру;

  • құнды әлеуметтік дағдыларды дамыту (топтық жұмыста);

  • жаңа рөлдерді игеру және тұлғаның латентті қасиеттерін көрсету, сонымен қатар өзіндік мінез-құлық өзгерісінің айналадағыларға қалай ықпал етуін бақылау;

  • тұлғалық даралануды нығайтуға жетелейтін өзіндік бағаны көтеру;

  • шешім қабылдау дағдыларын дамыту;

  • босаңсу, жағымсыз ойлар мен сезімдерді шығарып тастау;

бейнелеу өнерімен айналысу және шығармашылыққа деген өзіндік қабілетті жүзеге асыру; [33].

Бірінші жоспарда арт-терапия - адамның шығармашылық негізіне сенім. Бірақ оның міндеті барлық адамдардан суретші немесе актер жасап шығару емес, мәселені шешу мақсатында олардың шекті шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға бағытталған индивид белсенділігін қоздыру.

Арт-терапия бойынша қазіргі зерттеулерді талдау бұл әдістің емдік мақсатта қолдануға болатынын дәлелдеуді қарастыруға мүкіндік береді. Ол:

1) әлеуметтік қолайлы түрде агрессивті сезімдердің көрінуі үшін мүмкіндік береді. Сурет салу, жапсырма немес бояулармен жұмыс қысымды қауіпсіз шешу тәсілдері болып табылады.

2) терапиядағы процесті үдетеді. Бейсаналы қақтығыстар және мазасызданулар вербалды психотерапиядағы сөйлеуге қарағанда, көру бейнелері көмегімен жеңіл көрінеді.

3) терапия процесінде диагностикалық жұмыстарға негіз болады. Шығармашылық өнімді пациент теріске шығара алмайды. Шығармашылық жұмыс стилі терапевтке көптеген мәлімет береді, өз өнімін өңдеуге автор елеулі үлесін қосады.

4) жойылмайды деген сезімдер және ойлармен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Кейде вербалды емес құрал интенсивті сезімдер мен сенімдерді анықтайтын және түсіндіретін жалғыз құрал болады.

5) терапевтік өзара қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі. Топ мүшелерінің көркем шығармашылықтарында элементтердің сәйкес келуі эмпатиялар мен жағымды сезімдер дамуын үдетуі мүмкін.

6) ішкі бақылау және реттілік сезімдерінің пайда болуына негіз болады. Сурет салу, жапсырма, бояулармен жұмыс формалар мен түстерді ұйымдастыруға жетелейді.

7) сезімдерге көңіл бөлуді дамытады және күшейтеді. Өнер көру және кинестетикалық түйсіктерді айқындауға және олармен эксперимент жүргізуге мүмкіндік беретін шығармашылық нәтижесінде пайда болады.

8) өзіндік тұлғалық құндылық сезімін күшейтеді, шығармашылық құзырлылықты көтереді [34].

Жасырын іскерліктерді айқындау және дамыту нәтижесінде пайда болатын қанағаттану арт-терапияның қосалқы нәтижесі болып табылады. Арт терапия тиімділігін аталған көрсеткіштерді қоса отырып анықтауда, топтық жұмыста шығармашылық тәсілдерді ерекшелеу қажет, сонымен қатар терең фантазиялау мен қиялдауға, топ мүшелері арасындағы қақтығыстарды шешуге және үйлесімділікке жетуге көмектеседі [35].

Психоаналитикалық теорияда сублимация шешім қабылдауға қанағаттану мүмкіндігін беретін антисоциалды импульстер әлеуметтік сабақтас мінез-құлық типтеріне қайта бөлінуі барысында процесс ретінде көрінетін психологиялық қорғаныс механизмдерінің бірі ретінде сипатталады (Kramer, 1958). Психологиялық қорғаныстың барлық механизмдері адамға үрей сезімін минимумға дейін жеткізуге көмектеседі, сублимация бейімді болып табылады, өйткені ол әлеуметті қолайлы нәтижелерге жетелейді. Психоаналитикалық теорияға сәйкес, көркемдік шығарма сублимацияның бір түрі болып табылады, яғни фантазиялар шығармашылық көру бейнелеріне сублимацияланады.

Арт-терапиямен айналысатын терапевттер үшін, сублимация орталық түсінік болып табылады, өйткені өнер бір мезгілде «басқа арнаға бағыттап» және ашу, ауру, үрей, қорқынышты көрсетеді. Тарихи қалыптасуы бойынша, өнер біздің инстинктивті ниеттеріміз бен әлеуметтік орта шектеулері және талаптары арасындағы қақтығыстарды көрсетуге және шешуге көмектесті.

Эдит Крамер (Kramer, 1958) бойынша, өнердің әрбір шығармасы мотивтер арасындағы қандай да бір қақтығысты сипаттайды. Көркем шығарма біздің қиялымызға символикалық форма береді, нәтижесінде қандай да бір мөлшерде біз олардан арыла аламыз.

Психоаналитикалық теорияны толықтай қолдамайтын психотерапевттер пайымдауларынша, фрейдтің сублимация концепциясы шектен тыс шектеулі (Garai, 1978). Олардың пікірлерінше, шығармашылық көрініс мотивтері басылып қалатын либидо күшінің туындысы ретінде емес, тұлғаның автономды, бөлінбейтін бөлімі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Арт-терапия тобын басқарушы топты қажетті материалдармен қамтамасыз етіп және көркемдік шығармашылықты ынталандыру үшін максимум иілгіштік танытады. Түрлі-түсті қаламдар, қыш, ағаш, тас, мата қиындылары, қағаз сияқты қарапайым заттар пайдаланылады. Кейде топ мүшелері өздерін қызықтыратын басқа да заттар алып келулері мүмкін: жағалау құмы және ағаш қабығы. Бөлменің іші қозғалыс және шулы ойындар ойнау үшін ыңғайлы болуы керек. Шығармашылыққа негіз болу үшін, басшы мүмкіндігінше байқалмайтындай болуы керек. Қатысушылардың толығымен өз сезімдеріне берілуі байқалып отырады[36].

Арт-терапиямен айналысатын терапевттің суретші болуы міндетті емес. Оның көркемдік шығарма мәселелеріне қызығушылығы, патопсихология және топтық динамика саласындағы білімдері маңыздырақ. Арт-терапияның процедуралық аспектілері басшының теориялық және кәсіби дайындығына және топ қызметтеріне байланысты. Бастапқыда топтық терапия аурухана жағдайындағы тұйық индивидуумдармен жұмыс түрі ретінде басталды (Garai, 1978). Пациенттер басқа пациенттер шығармашылықтарына қызығушылық білдіріп, қарым-қатынасқа бейімдірек бола бастаған. Бүгінде кейбір пациенттер арт-терапия сабақтарына қызығушылықтарын білдіреді, оған ұмтылады да, себебі шығармашылық өзіндік көріністегі шектеуді сезінеді. Мысалы, невроз жағдайында пациенттер өздерін мөлшерден тыс ақылды етуге және өздерін шектен тыс бақылауға бейім. Кездейсоқ сурет салу және жапсырма жасаумен айналыса отырып, олар өздерінің ригидті қорғаныстарын жоя алады. Шизифрениктермен жұмыс жасау барысында арттерапевттер олардың позитивті «мен-концепциясының» қалыптасуын қолдауға ұмтылады. Түрлі адамдар топтарын жоспарлы ұсталыққа немесе суретшілікке мұқият үйретуге қарағанда, көркемдік іс-әрекет терапиясын кездейсоқ деп атауға болады. Өнер терапиясымен айналысатын зерттеушілер, көркемдік қабілеттердің терапевтік құралы ретінде көркемдік қабілеттердің немесе пациенттерді арнайы дайындаудың қажеті жоқ екенімен келіседі.

Өнер терапиясы үшін психика ерекшелігін көрсететін процестің өзі маңызды болып келеді. Жетекші топ мүшелерінің ішкі мазасызданулары көріністерін мадақтап отырады және шығармашылық қабілеттерінің мәнсіздігіне мазасызданбайды [37].

Карл Юнг пайымдауынша, қиял және шығармашылық адам болмысының қозғаушы күштері болып табылады. Шығармашылық процестегі фантазияның рөлін Юнг келесіше сипаттады: тек суретші ғана емес, сонымен қатар кез-келген шығармашыл адам, өзінің барлық жетістіктері үшін өз фантазиясына міндетті. Балаға тән және сол сияқты үйлеспейтін жұмыс түрлеріне тән ойын, фантазияның динамикалық принципі болып табылады. Ешқандай да шығармашылық процесс өздігінен туындамайды және аталған ойын фантазиясыз өз бетінше бола алмайды (Jung, 1921/1970, р63). Осындай, яғни субъектінің саналы түрде оған ықпал етуге талпынбастан өз фантазиясы дамуын бақылауы сияқты шығармашылық процесті белгілеуде Юнг «белсенді қиял» терминін пайдаланды.

Өнер терапиясында фантазияны кездейсоқ қолдану мысалдары ретінде шимақтар суретін салу бойынша жаттығулар қызмет етуі мүмкін. Қатысушылар ешқандай жоспарсыз бірнеше уақыт ішінде қағаздан қолдарын үзбестен қисық сызықтар суретін салады. Бұл жаттығудың мақсаты- қатысушыға кездейсоқ өз сезімдерін білдіруге мүмкіндік беру. Жаттығуды орындау мөлшері бойынша қатысушы психикасының бейсаналы компоненттері байқалады. Содан кейін қатысушы бірнеше уақыт аралығында суретіне мұқият қарап, пайда болған көру бейнелері қандай да бір оқиғалар, объектілер немесе санасындағы кейіпкерлерді сезінуге көмектесу мүмкіндіктерін түсінуге ұмтылады.

Арт-терапия процесі балаға өз мәселелерін сезінуге, сонымен қатар оларды шешудің түрлі жолдарын табуға мүмкіндік береді. Сурет салу қиял, ойлаудың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Шын мәнінде сурет салуды ұнататын балалар басқа балаларға қарағанда, қиялдауы бойынша, сезімдерін және пікірлерін білдіруде ерекшеленіп тұрады. Олар өздерін қандай да бір адамның немесе сурет кейіпкерлерінің орнына қойып оған деген өз қарым-қатынасын еркін білдіре алады. Сурет сала отырып, бала өз сезімдері және мазасызданулары, ниеттері мен армандарын білдіреді, түрлі жағдайлардағы қарым-қатынастарын қайта жасайды және жағымсыз, жарақаттайтын бейнелермен үрейсіз жұмыс жасайды.

Суретке бейнелеу барысында қорқынышты қайтадан сезіну оның жарақаттаушы әсерін әлсіретеді. Өзін жағымды, күшті және өзіне сенімді кейіпкерлермен теңестіре келе, бала зұлымдықпен күреседі: жақындарын қорғайды, жауларын жеңеді. Бұл жерде күштілік, батырлық, зорлық және зұлымдыққа қарсы тұру сияқты әрекеттер ғана көрініс табады, ал әлсіздікке, өзін қорғай алмауға орын жоқ. Сурет салу барысында рахаттану, қуану, тіпті ызалану эмоциялары қатар жүреді, ал қорқыныш пен мұңаю сезімдерінің болуы мүмкін емес.

Сурет салу өз мүмкіндіктерін жүзеге асыру, өзара қарым-қатынастарды және эмоциялар көріністерін модельдеу тәсілі ретінде байқалады. Бұл белсенді түрде салып отырған баланы еш нәрседен қорықпайтынын білдірмейді, онда қорқыныштың пайда болу ықтималдылығы төмендейді.

Қорқыныштардың табысты жойылуы олардың даму себептері мен ерекшеліктерін білуге байланысты. Қорқыныштардың даму механизмдері мотивацияланған құрылым жасай отырып өзара үйлеседі. Балалардың сезімдерін және ниеттерін, олардың ішкі әлемін түсіну, сонымен қатар ата-аналарының жағымды үлгі болуы қорқыныштарды табысты жеңу үшін қажетті алғышарттар тудырады. Қорыққаны үшін баланы жазалауға, ұрысуға және айыптауға болмайды, өйткені ол барлық жағынан оның өзіндік сезіміне және ішкі және сыртқы қауіптерге қарсы тұруға қабілеттілігі үшін жауапты болатын ата-аналарына тәуелді. Сурет салу арқылы ең алдымен қиял арқылы туындаған, яғни ешқашан да болмаған, бірақ бала түсінігі бойынша болуы мүмкін қорқыныштарды жоюға болады. Содан кейін ертеректе болған және қазіргі уақытта бала жадында эмоционалды із қалдырған шынайы жарақаттайтын оқиғаларға негізделген қорқыныштар жойылады. Сонымен қатар баланың суреттерінен қандай да бір оқиғалардың жақын арада болғанын байқауға болады, мысалы, иттің тістеуі, өрт, жалғыз қалуы т.с.с. Этикалық тұрғыда баладан ата-аналарының өмірден кетуімен байланысты қорқынышты бейнелеуді сұрануға болмайды [38].

Сурет салу процесінде кейбір қорқыныштар жандануынан қорқудың қажеті жоқ, өйткені бұл оларды толығымен жою жағдайы болып табылады. Ал олардың бала психикасында сақталуы өте қауіпті, өйткені олар кез-келген сәтте айқын көрініс беруі мүмкін. Кез-келген жаста, бала өзінің сәтсіздіктері үшін алдын-ала мазасыздану күйінде, қандай да бір нәрсені дұрыс емес жасау қорқынышы сурет салу үшін психологиялық кедергі болуы мүмкін. Сонымен қатар, арт-терапевтің мақсаты баланы сурет салуға үйрету емес, арт-терапияның негізгі міндеті шығармашылық арқылы өзіндік танымын және өзіндік тұжырымын дамыту және оның адаптациялық қабілеттерін көтеру [39].

Ата-аналар баланы сурет салуы үшін мадақтап, қолдап және сурет салу барысында мақтап отырулары қажет. Егер де ата-аналар басымдылық, дөрекілік білдірсе, баланың сурет салу эффектісі төмендейді. Баланың сурет салу нәтижелеріне отбасындағы өмірге құштарсыздық, өзіндік сезімдер туралы бітпейтін әңгімелер де теріс ықпал етеді. Осындай ахуалда балалардың сурет салуы және ойнауы шектеулі, суреттерде қара және сүр түстер басымдылықтары айқын көрінеді.

Өнер психотерапиясының түрлі бағыттары жүйесінде арт – терапия клиент бейнелеу әрекеті мен психотерапевтік іс - әрекеттері және емдеу мақсатындағы психотерапевтік қатынастар, түрлі физикалық кемшіліктегі адаммен, эмоционалды және психикалық бұзылыстармен тренингтер және ребилитациямен қатар жүзеге асырылатын психологиялық ықпал ету әдістер жиынтығы ретінде қарастырылады [40].

Отандық авторлар еңбектерінде арт-терапия тақырыбы денсаулыққа жағымды ықпал етуші фактор, немесе клиенттің бейнелі шығармашылығы сабақтарына негізделген психотерапияның бір формасы ретінде қарастырылады.

«Арт-терапия» сөзін ( art therapy ) 1940 жылдан бастап ағылшын тілді елдерде, түрлі клиникалық тәжірбиелерде белгілеу үшін М. Наумбург және А. Хилл сияқты авторлар қолдана бастады. Олардың барлықтары үшін емдеу және реабит мақсатында жүргізілетін бейнелеу сабақтарында клиенттерді психологиялық «қолдау» олардың барлығына ортақ [41].

Британдық арт – терапевтер ассоцияциясының мәліметтік брошюрасында « Арт-терапевтер клиент үшін қауіпсіз орта жасайды, олар бөлме немесе студия болуы мүмкін, және оны түрлі бейнелеу материалдарымен қамтамасыз етеді – бояулар, глина және т.с.с Клиенттер бейнелеу жұмысында өз ойларын және сезімдерін көрсете отырып, оларға ұсынылған материалдарды өз қалаулары бойынша қолданылуына болады». Арт–терапевт клиентті бейнелеу материалдарымен жұмыс жасауға жетелейді, осыған байланысты арт – терапевтік процесс диалогтың бір түрі ретінде жүзеге асырылады [42].

Арттерапия мазмұнының анықтамасына шолу жасауда арт – терапиялық білім берудің Еуропалық құжаттары мазмұнды. Онда өнер психотерапиясының түрлі бағыттары бойынша маман даярлайтын 30 – ға жуық еуропалық университеттер біріктірілген ( ЕКАТО ). ЕКАТО құжаттарында өнер психотерапиясы бағыттарының ішінде арт – терапияғы ерекше орын беріліп отыр. Бұл ұйымның барлық мүшелері, арт – терапия барысында клиенттің бейнелеу іс - әрекетті арнайы маманның қатысуымен клиентке қауіпсіз орта тудырады, оның шығармашылығының көрінуіне, сонымен қатар өзінің жекелік тәжірбиесін сезіну жағдайлары жасала отырып жүргізіледі. Арт – терапияда бейнелеу іс - әрекеті психотерапевтік қатынастар және клиент пен маманның кері байланысы коррекциялық – емдік ықпалдың маңызды факторлары болып табылады [43].

Әлем елдерінің білім беру мекемелері іс - әрекетіндегі арт – терапия.

Арт – терапевтік іс - әрекет АҚШ, Еуропа елдерінде дипломнан кейін, кем дегенде 2 – 3 жыл алдын – ала дайындықтан өткен білікті арт – терапевтер жүзеге асырылады.

Американың білім беру саласында арт – терапия тәжірбиесінде, олардың арт – терапевтер әрекеттерін клиникалық бағытта күшейткенін байқауға болады, яғни бұл мектеп қызметкерлері штатына клиникалық арт – терапевттерді енгізумен расталады. Бір жағынан бұл арт – терапевттер даярлау процесінде клиникалық пәндердің ролін күшейтумен және осы елдегі арт – терапевттік қызметке талаптардың күшеюімен байланысты, және екінші жағынан білім беру мекемелері басшылары түсініктерінің өзгерулерімен байланысты [44].

Алдыңғы жылдарға қарағанда мектептегі арт – терапияның клиникалық бағытталуы арт – терапевттердің педагогтары және мектеп психологтарымен тығыз байланыс орнатуға жетелейді. Ең алдымен психотерапевтік көмекті қажет ететін балаға мүмкін ету мектептерде арт – терапияның клиникалық бағыттылығын күшейтуде маңызды аргумент.

Арт – терапия дербес психотерапия бағытқа айналу алдында АҚШ – тың бірқатар педагогтары В. Ловенфельд және Ф. Кейн терапевтік және білім беру элементттерін біріктіруге ұмтыла отырып, көркемдік білім беруде жаңа тәсілдердің бастамашылдары болады. Арт – терапияның білім берудегі ынтымақтастық тенденцияларын таңдай келе, Американ арт – терапиясы ассоциясының президенті Ш. Макнифор, АҚШ – та арт – терапия бағытының қалыптасуына орай, педагогиканы терапиямен байланыстыру ұмтылыстары теріске шығарыла бастады. Ең алдымен, бұл жағдай мамандықтар шекараларының жайылуына әкеліп соғады деп есептейтін білікті арт – терапевттер былай деген: «Білім және арт – терапия ара – қатынастары былайша қалыптасады, педагогтың күрделі білім беру міндеттерін шешуде шекарадан шығу ұмтылыстарының алдын алуда... Біз арт – терапевттік қызметтер «кәсіби арт-терапевтік» болуы шарт, бірақ көптеген мектептерде өз штатына мұндай өзгерістер енгізу мүмкіндігі жоқ.

Бірінші мамандығы бойынша сурет пәнінің мұғалімі Ш.Мак Нифф, арнайы кәсіби арт-терапиялық даярлықтан өткеннен кейін, 1970 жылдардың өзінде білім беру мекемелеріне арт-терапияны енгізуге өз үлесін қосты. Оның пікірінше, бұл жағдай эмоционалды және мінез-құлық бұзылыстары бар балаларға қатысты емдік- коррекциялық ықпалдарды ғана емес, сонымен қатар балаларды өз сезімдерін шығармашылық тұрғыда көрсетуге үйрету және танымдық дағдыларды дамытуға мүмкіндік берер еді [45].

М.Эссекс, К.Фростиг және Д.Хертз пайымдауларынша, өнер арқылы экспрессивті психотерапия мектеп қабырғасында ұзақ мерзімді психокоррекциялық жұмыс формасы болып табылады. Авторлар пікірлерінше мектептерге арт-терапияны енгізудің негізігі мақсаты (эмоционалды және мінез-құлық бұзылыстары) балаларды білім беру мекемелеріне бейімдеу және олардың академиялық үлгерімдерін көтеру. Авторлар мұғалімдер іс-әрекеттері және мектеп арт-терапевттері арасындағы айырмашылықтарды көрсете келе, оқушылардың мәселелерді шешу дағдыларын және күйзелісті жеңе білу қабілеттерін дамыту, олардың тұлғааралық құзырлылықтарын көтеру және коммуникативті дағдыларды жетілдіру, сонымен қатар баланың шығармашылық мүмкіндіктерін ашу және оқушылардың салауатты қажеттіліктерін қалыптастыру сияқты бірқатар ортақ ұзақ мерзімді міндеттерді көрсетті. Бұл авторлар мектептерге арт-терапияны енгізе отырып, мектепті салауатты және әлеуметтік өнімді тұлға қалыптастыру ортасы ретінде қарастырды. Д.Буш және С.Хайт мектептерде арт-терапияны қолданудың бірқатар басымдылықтарын көрсетті. Ол басымдылықтар мектептің барлық қызметкерлері, педагогтары, психологтар және арт-терапевттердің бала денсаулығын сақтау және нығайтуға бағыттылықтарынан байқалады.

Жеткіншектік шақта балалардың ауыр қылмыс түрлеріне баратын жағдайлары да көптеп кездесуде. Сондықтан да мектептерге ерте жастан оқушылардың агрессивті және суицидті тенденцияларын анықтау әдістерін енгізу өте маңызды [46].

Білім беру саласында арт-терапия әдістерінің диагностикалық және дамытушы аспектілерін сипаттайтын көптеген ғылыми еңбектер жарық көруде. Осы орайда арт-терапевттер құрастырған қайталанбас графикалық әдістер де жиі қолданыс табуда. 1970 жылдан бастап білім беру мекемелеріндегі арт-терапевтік әдістердің диагностикалық және дамытушылық мүмкіндіктерін зерттеген арт-терапевт Р.Сильвер еңбектері ерекше көзге түседі. Ол мектептерде арт-терапевтік кеңес беру процесімен тығыз байланысты үш графикалық тесттердің негізін қалады. (Сильвердің суреттік тесті, «оқиғаны бейнеле» тесті және «ынталандыра сурет салдыру техникасы»).

Алғашында Р.Сильвердің «суреттік тесті» балалардың танымдық және шығармашылық қабілеттері дамуында қандай да бір ауытқуы бар оқушыларды және психикалық дамуы тежелген жеткіншектерді анықтау құралы ретінде қолданылып, когнитивті және эмоционалды сфераларды бағалау үшін құрастырды. Суреттік тестті пайдалану негізінде, автор, мұндай балалармен жеткіншектердің танымдық және шығармашылық қабілеттерге бейімділіктерін байқады. Әсіресе, сөйлеу бұзылған балалар мен жеткіншектердің танымдық қабілеттерінің бейнелі ойлаумен байланыстылығына көз жеткізе келе, Р.Сильвер білім беру мекемелеріне бейнелеу сипатындағы жаттығулар жүйелерін қолдануға негізделген бірқатар дамытушы бағдарламаларды жасау және енгізуге бағытталды [47].

«Оқиғаны бейнеле» суреттік тесті де АҚШ-тың бірқатар білім беру мекемелерінде балалар мен жеткіншектердің эмоционалды бұзылыстарын анықтау мақсатында қолданылды. Бұл тест эмоционалды бұзылыстарды, солардың ішінде жасырын депрессияларды анықтауға мүмкіндік береді. Балалардың өз жағдайларын сөздермен білдіре алмайтынын ескеретін болсақ, олардың депрессиялық күйлерін анықтау өте күрделі. Депрессивті бұзылыс балалар суреттерінің сипаттамалары бойынша, сонымен қатар жағымсыз тақырыптардың басымдылықтарымен анықталады (мұңлы, жалғыздық, әлсіздік, өмірін өзіне қол жұмсаумен аяқтайтын немесе кейіпкерлердің қауіпті жағдайларда бейнеленуі).

Балалар және жеткіншектерде депрессия мен делинквенттілік арасындағы тығыз байланыстарға негізделе отырып, Р.Сильвер және Дж.Эллисон түзеу мекемелері оқушылары арасында зерттеу жүргізді. Клиникалық негіздерге сүйене отырып, Р.Сильвер және Д.Эллисон жеткіншектік агрессивтілік депрессияның жасырын түрі болуы болуы мүмкін, осыған байланысты кейіпкерлер арасындағы деструктивті өзара әрекеттесу бейнеленуі тек делинквенттілікті растап қана қоймай, сонымен қатар депрессивті күйдің және тіпті суйцидті тенденциялардың жоғарылығын білдіретінін көрсетті [48].

Жалпы білім беру мектептерінде диагностикалық графикалық әдістерін қолдануда арт-терапевттер Ч.Ирвуд, М.Федорко, Э.Хольцман, Л.Монтари және Р.Сильвер балалар мен жеткіншектерде эмоционалды және мінез-құлық бұзылыстарын ерте жастан анықтау мүмкін екендігін және олармен превинтивті арт-терапевтік бағдарламаларды жүргізуге болатындығын көрсетті. «Оқиғаны бейнеле» тестін қолдану негізінде Ч.Ирвуд, М.Федорко, Э.Хольцман, Л.Монтари және Р.Сильвер мектептерде агрессивті мінез-құлыққа тәуекелдігі өте жоғары балаларды анықтай алды. Сонымен қатар олар кейбір оқушылар суреттерінде депрессивті күй индикаторларына ерекше көңіл бөлді, өйткені соларға негізделе мұндай балаларды ертерек клиникалық зерттеуден өткізу және антидепрессивті терапия жүргізу мүмкін болады. Бірқатар жағдайларда арт-терапевттер әйгілі телімелі графикалық әдістерді қолданады. Американ арт-терапевттері Э.Холт және Д.Кейзер «отбасының кинестетикалық суреті» тестін қолдана отырып, оқушылар суреттерінен отбасылық алкоголизмге бейімділік белгілерін ерекшеледі және растады, сонымен қатар кейбірінде мектепке және қарым-қатынасқа бейімделуде қиындық тудырып жүрген мүмкін факторларды анықтады.

Осы авторлар пайымдауларынша, тәуелділікпен байланысты мәселелердің алдын-алуға мүмкіндік беретін отбасылық алкогоглизмге бейімділік белгілері тән балаларға қатысты жеке және отбасылық араласу әдістерін қолдану мүмкін болды. Э.Холт және Д.Кейзер оқушылар, жасөспірімдер денсаулықтарын сақтауда арт-терапияның орны ерекше екендігін көрсетті [49].

Британ арт-терапевті К.Уэлсби пайымдауынша, білім беру жүйесіндегі реформалар жағдайында және оқу жүктемелерінің артуына байланысты, көптеген мұғалімдерде «эмоционалды күю» синдромы дами бастайды. Олар қолайсыз немесе артта қалған оқушылармен жұмыс жүргізу жағдайында болмайды, осыған орай мектеп арт-терапевттері мұндай оқушыларды психологиялық қолдау қызметін өз міндеттеріне алу мүмкіндіктері бар.

Т.Бронская өз зертеулерінде мектеп-интернаты оқушысымен жүргізген жұмысын келтіреді. Оқушы эмоционалды күйзелісте болған және ақыл-ойының жоғары деңгейде болуына қарамастан, үлгерімі төмен деңгейде. Автордың ерекше көрсететін жағдайы, оқушы өзін тануға ашылған кезеңде жүргізген арт-терапия, метафоралық бейнелер жасау арқылы ішкі қысымдар себептерін сезіну және қорқынышты жоюға мүмкін болды. Арт-терапиялық сабақтар нәтижесінде оқушылар өз «Менін» нығайтып және өз ішкі әлемі аспектілерін қорқынышта болғанын сезініп, мойындады.

Соңғы кезеңде Британ баспасөздерінде арт-терапевтік ықпалдың мектеп базасында жүргізілу мәселелері, сонымен қатар арт-терапевт бөлмесінен кейін сабаққа көшу жағдайлары қарастырылуда. Арт-терапевтік сессиялардың ұйымдастырылған түрде аяқталуы балаларды бір істен екінші іс-әрекет түріне жеңіл көшуге бейімдейді және өкпелеу мен айырылу сезімдеріне импульсивті әсерленулерінің алдын-алуға мүмкіндік береді [50].

К.Кейз және Т.Дэлли өз еңбектерінде жалпы білім беретін мекемелеріндегі бастауыш сынып оқушыларымен жүргізген жұмыстарын сипаттайды. Жеке арт-терапияны қалайтын басқа авторларға қарағанда, олар балалардың шағын тобымен жүргізген жұмыстарынан мысалдар келтіреді. Топ мұғалімнің нұсқауы бойынша арт-терапияға жіберілген үш бірінші сынып оқушыларынан құралады. Балалардың барлығы эмоционалды және мінез-құлықтық бұзылыстармен ерекшеленеді, оларда ақыл-ойы қалыпты деңгейде. Авторлардың сипаттаулары бойынша, сабақтар еркін форматтылығымен ерекшеленеді. Олар белгілі болғандай, қазір немен айналысқылары келетіні туралы өз ойларын қысқаша талдаудан басталып, содан кейін әр қайсысы өзіне қажетті құрал-жабдықтарды таңдай отырып, бейнелеу іс-әрекетіне көше бастайды. Арт-терапевт әр балаға кезекпен жақындап, оның жұмыстарын қысқаша әңгімелей отырып сезімдерін анықтауға ұмтылады.

Д.Мория мектептерде арт-терапияны қолдану бойынша әдістемелік ұсыныстарын даярлады, онда жалпы білім беру мекемелерінің оқушылармен арт-терапиялық жұмыс жүйесін жан-жақты негіздеп және арт-терапевтік бағдарламалардың жүзеге асуымен байланысты кейбір ұйымдастыру процедураларын нақтылайды. Арт-терапияны мектептерге табысты ендірудің маңызды жағдайлары ретінде, біріншіден, тығыз байланыс және арт-терапевттің мектеп қызметкерлерімен бірлестігін, екіншіден, арт-терапевтің, мектеп әкімшілігінің және басқа да қызметкерлердің арт-терапевтік тәсілдің өзгешелігін және оның мектептерде қолдану міндеттерін қарастырады.

Арт-терапияны мектептерге ендірумен байланысты кейбір өзекті мәселелер Д.Морияның «Мектепте білім беру жүйесінде арт-терапевтік іс-әрекет мәселелерін жеңу стратегиялары» және «Арт-терапевттердің клиникадан мектептерге көшу бойынша ұсыныстар» атты еңбектерінде қосымша қарастырылған. Аталғана еңбектерде Д.Мория мектептегі арт-терапевт қызметін арт-терапия әдістерінің табысты қолданылуы жағдайы ретінде қарастыра келе, ұйымдастыру процедураларын нақтылауға ерекше назар аударады. Оның пайымдауынша, «олар арт-терапевттердің мектептердегі жұмыстарын орнымен қалыптастыруға және іс-әрекеттерін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл процедуралар стандартты болғандықтан, арт-терапевттердің жеке бастамашылдықтарына тәуелсіз. Мектеп тарапынан ұйымдастыру процедуралары арт-терапевттер іс-әрекеттерін бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етеді... Өйткені мектепке келген психотерапевттер кез-келген уақытта жұмыстан шығып кетуі мүмкін, ал мектепте сақталатын арт-терапевтік құжаттар нақты клиенттер туралы маңызды мәліметтер көзі болып табылады» [51].

Аталған автордың еңбектерінде арт-терапияны мектептерге енгізу арт-терапевттер мен мектеп қызметкерлері арасында тиімді диалог және бірлестік құру және олармен мәлімет алмасу, арт-терапевттермен клиентке қатысты құпиялылық ережелерін сақтау, арт-терапевтік сабақтарды мектептің сабақ кестелеріне енгізу және арт-терапевттерді мектеп қызметкерлері штатына енгізу, кәсіби қарым-қатынас және супервизия қажеттілігі және тағы басқа да өзекті мәселелер қарастырылады. Арт-терапияны алғашқылардың бірі болып жапон ғалымы Т.Окада тәжірибеден өткізді. Ал арт-терапияны мектепте қолданудың отандық тәжірибелеріне келетін болсақ, ол М.Ю. Алексеев, Е.Р.Кузьмин, Л.Д. Лебедев, А.В.Гришин, Л.А.Ахметова еңбектерінде қарастырылған. М.Ю. Алексеев арт-терапия элементтерін қолдана отырып, ағылшын пәні мұғалімдері үшін керемет оқытушы әдістемелік бағытта оқу-әдістемелік құралын ұсынды. Балаларды шет тіліне үйретуде арт-терапия элементтерін пайдалануды автор дербес шығармашылық ойлауды дамыту және оқушылардың шығармашылық тұлғасын тәрбиелеу қажеттіліктерімен негіздейді. Оның пайымдауынша, қазіргі педагогикадағы танымдық белсенділікті ынталандыратын инновациялы формаларды және «шығармашылық тапсырмаларды» орындау әдістері сияқты жұмыс түрлерін пайдалану тиімділігін төмендететін бірқатар қиындықтармен қатар жүзеге асады. М.Ю.Алексеев арт-терапия элементтерін «өзін-өзі көрсетуде, өзін-өзі тануда, өзін-өзі дамытуда тұлға қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді тәсілі» ретінде қарастырды. Оның пікірінше, бұл оның педагогикалық тәжірибеде оқытудың дамытушы құралы ретінде қолданылу қажеттігін шарттастырады.

«Педагогикалық мүмкіндіктер және арт-терапия ерекшеліктері» атты еңбегінде М.Ю.Алексеев педагогтардың арт-терапияны пайдалану бойынша кейбір нұсқауларды қарастырды. Нұсқаулардың бірінде педагогтар арт-терапевт қызметін жүзеге асырады, олардың әрекеті емдеумен емес, баланың үйлесімді-эмоционалды және ақыл-ойын дамытуды тәрбиелеу. Педагогтардың мұндай іс-әрекеті профилактикалық медицина саласымен байланысты болып, тәрбиелеу және дамыту міндеттерімен қатар терапевтік және диагностикалық міндеттерді шешеді, «арт-терапияны осылайша пайдалану үшін педагог қосымша психологиялық немесе арт-терапевтік білім алуы қажет».



М.Ю.Алексеев бойынша арт-терапияны педагогтың қолдануының тағы бір нұсқасында, педагогтарға қосымша психологиялық немесе арт-терапиялық бағытта даярлықтың қажеті жоқ. Мысал ретінде «креативтілік сабақтарын келтіреді» және оқытудың дамытушы құралы ретінде нақты бір сабақ түріне арт-терапия элементтерін енгізеді [52].

Л.А.Ахметова бастауыш мектеп оқушыларының арт-терапиялық мәдениетін қалыптастыратын «өзіне-өзі арт-терапевт» бағдарламасын жасады. Онда автор арт-терапияны балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін және ақыл-ойын дамытуға бағытталған инновациялы педагогикалық тәсіл ретінде қарастырады. Өнердің емдік мүмкіндіктері туралы жалпы бақылауларға және өнердің «сыртқы ортаның теріс ықпалынан психологиялық қорғануды қалыптастыру қабілеті туралы психологиялық және педагогикалық ғылымдарға негізделе отырып, өз бағдарламасын оқушыларды психологиялық-педагогикалық коррекция сферасына жатқызды». Л.А.Ахметова бағдарламасынан эстотерапияның белгілі бір элементтері енгізілсе де мәдени бағыттылықтың басымдылығы байқалады, өйткені үйретуші сабақтар мен тренингтер барысында педагог оқушыларды бейнелеу өнері, музыка, поэззия шығармаларымен таныстырады және осы шығармаларға олардың әсерленуін зерттейді. Сабақтар барысында түрлі іс-әрекеттер арқылы оқушылардың шығармашылық тұрғыда өзіндік ашылу элементтері кездеседі, мысалы, белгілі бір тақырыптарға кестелер жасау, тақырыптық суреттер салу және поэззиялық шығармашылық, әуенді-серпілісті импровизация [53]. Л.А.Ахметованың пайымдауынша, осы бағдарлама бойынша кіші мектеп оқушыларымен сабақ жүргізу процесінде баланың эмоционалды- эстетикалық қалыптасуы жетіледі және болмысқа өнегелі қарым-қатынас қалыптасуы жүзеге асады. Зерттеудің эксперименталды бөлімі бағдарламаның ең алдымен оқушылардың мотивациялық компоненттері және ерікті-эмоционалды сфераларына ықпалын растайды. Осылайша, оқушылардың қалаулары бойынша көркем және музыкалық іс-әрекет түрлерін кеңейтеді, сонымен қатар олардың эмоционалды күйлерінің жағымды динамикасы бағдарлама соңынан Люшер тесті көмегімен расталды. Л.А.Ахметованың «оқушылардың арт-терапиялық мәдениеті» түсінігін қолдану орындылығы белгісіз. Ол осы түсінікте өнер құралдары арқылы өзіндік коррекцияға қабілеттілік, позитивті-эмоционалды бағыттылықты жасауда баланың өнер шығармаларын олардың дағдылары, ішкі жоспар әрекеттері ырықтылығының жоғары деңгейі айтылады. Л.А.Ахметова бағдарламасының қолданылуы психопрофилактикамен белгілі бір байланыста болса да, ол негізінен тәрбиелік, білім беру және мәдени бағыттылықта және осыған орай ағартушылық ықпалдар саласына жатады. Л.А.Ахметова өз бағдарламасының психопрофилактикалық және коррекциялық әсерлерінің эффектілерін қарастырмаған, ал бұл мақсатта бір ғана Люшер тестін пайдалану жеткіліксіз. Сондықтан да осы бағдарламаны арт-терапиялық бағытқа жатқызу күмән тудырады. Онда педагогикалық іс-әрекеттен ерекшеленетін арт-терапевтік іс-әрекеттің маңызды компоненттері минималды деңгейде ғана келтіріледі немесе тіпті келтірілмейді. Автордың педагогиканы арт-терапиямен байланыстыру тенденциясы да мүмкін. Бұл Л.А.Ахметованың арт-терапевтік іс-әрекеттерінің негізгі критерияларының жеткіліксіз деңгейде игерілуімен байланысты, яғни бұл оның еңбектерінде кәсіби арт-терапевтік сілтемелер жасалмағанымен расталады. Оның еңбектерінде арт-терапия түсініктеріне анықтама келтірілмейді.

Д.И.Воробьеваның мектепке дейінгі оқушылардың ақыл-ой, көркем және шығармашылық дамуының интеграцияланған бағдарламасын ұсынды. Автор «арт-терапия» түсініктерін пайдаланбайды және өз бағдарламасын тәрбиеге, білім беруге және баланың дамуын іс-әрекеттік тәсіл тұрғысынан негіздеді. Д.Воробьева пайымдауынша, бағдарламаның жүзеге асырылуы барысында бірқатар психикалық процесстер және баланың тұлғалық қасиеттері жаттықтырылады (қызғушылық, зейін, салыстыру, талдау, сөйлеу, эмоция, есте сақтау). Автор бейнелеу процесінің кезеңдерін ерекшелейді (ойды жүзеге асыру, нәтижені бақылау) және солардың негізінде сабақтар құрылымдарын құрастырады. Бағдарламаның жоғары деңгейде құрылуы және сабақтың белгілі бір алгоритмде орындалуы баланың дидактикалық бағыттылығын және мектепке дейінгі оқушы тұлғасын дамытушы ықпалы арттырылады. Мазмұны және міндеттері бойынша Д.И.Воробьева және Л.А.Ахматова бағдарламалары ұқсас келеді, ал Д.И.Воробьева бағдарламасының арт-терапиямен байланысы жоқ [54].

Отандық авторлар бағдарламаларының ішінде А.В.Гришиннің ұсынған қосымша білім беру мекемелерінде арт-терапия арқылы балалардың шығармашылық ерекшеліктерін дамыту бағдарламасы біздің пікірімізше арт-терапиямен ұқсастығы басым. Оның қосымша білім беру мекемелерінде жүзеге асырылуына қарамастан, автор бейнелеу өнері мұғалімдеріне арт-терапияны қолдануды ұсынады, сонымен қатар арт-терапияға тән элементтер кеңінен қолданылады: балалардың шығармашылық іс-әрекетттері өнімдерін тұлғалық ерекшеліктер және мазасызданулардың бейнеленуі тұрғысынан талдауға ынталандыратын сабақтың рефлексивті бағдарлануы; олардың шығармашылық тақырыптарды, іс-әрекет түрлерін еркін таңдау, сонымен қатар педагогтың балалардың шығармашылық іс-әрекет өнімдерінің шығармашылық-эстетикалық сапасын бағалаудан саналы түрде бас тартуы; сабаққа қатысушылардың жоғары деңгейдегі өзара толеранттылықтарын, педагогтардың эмоционалды икемділігін, балалардың шығармашылық ерекшеліктерін қабылдау және өз пікірлерін қатыстырмау т.с.с. Осы ретте арт-терапия балалардың психоэмоция мәселесімен тиімді жұмыс жасауға мүмкіндік беретін бірден бір әдіс болып табылады.

Бірінші тарауда, сонымен, психоэмоциялық саулықты реттеуде арттерапия техникасының маңызы және ғылыми-теориялық негіздері талданды. Психокоррекциялық және профилактикалық жұмыстағы дербес бағыт ретінде терең тамырлануына қарамастан, арт-терапияның бірнеше ондаған жылдар бойы даму үстінде болғаны баяндалды. Арттерапия адамның психо-эмоцмоналды күйін көрсету мақсатында серпінді бейнелі шығармашылықпен емделуді білдіреді. Арт-терапия кәсіби іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде психотерапиямен тығыз байланысты.


  1. Каталог: ld
    ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
    ld -> Қош келдіңіздер!
    ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
    ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
    ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
    ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
    ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
    ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
    ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
    ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


    Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет