Мектепке дейінгі дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі пәнінен дәрістер жинағы


-дәріс. Жөргектік кезеңдегі дене дамуы және күтімі



бет68/202
Дата08.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#124557
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   202
Байланысты:
Мектепке дейінгі дене т рбиесі теориясы мен дістемесі п нінен д

7-дәріс. Жөргектік кезеңдегі дене дамуы және күтімі


Дәріс жоспары

  1. Бір жасар баланың дене даму ерекшеліктері (Күн тәртібін ұйымдастыру.Гигиеналық шаралар.Гимнастикалық жаттығулар.Массаж)

  2. Анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктері

  3. Дене жаттығуларының кешені (Тұлғаның 1,5 айлықтан-3 айлығына дейінгі кезең, 3 айдан 4 айлыққа дейінгі кезең, 4 айлықтан 6 айлыққа дейінгі кезең, 6 айдан 9 айға дейінгі кезең, 9-10 айлықтан 1 жасқа (12 айға) дейінгі балалардың даму ерекшеліктері. 1 жастағы балалардың қимыл-қозғалыс ерекшеліктері)



Негізгі әдебиеттер:

  1. Кенеман А.В., Хухлаева Д.В. «Мектеп жасына дейінгі балалар дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі».

  2. А.Ж.Сисенбердиева «Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі». Оқулық. Алматы. 2011

  3. Уанбаев Е.К. «Дене тәрбиесінің негіздері». Алматы. Санат. 2000

  4. «Балалар бақшасындағы дене тәрбиесі». Осокина. 1982. Мектеп

Қосымша әдебиеттер:

  1. Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың үлгілік бағдарламасы, 2016 жыл

  2. Жұмабекова Ф.Н. «Мектепке дейінгі педагогика» Астана, 2008

  3. ЖМББС «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу»



Бұл жастағы балаларды тәрбиелеу кезінде күн тәртібін ұйымдастыруға, дұрыс гигиеналық күтім әдістемесіне көп көңіл аударылуы тиіс. Бұрын аталып көрсетілгендей, баланың бір жасар шағында дамудың жоғары қарқындылығы, қысқа мерзім ішінде дене дамуының және жүйкелік-психологиялық дамудың тез өзгеріп отыруы байқалады. Орталық жүйке жүйесінің сыртқы ортамен үнемі өзара әрекеттестік кезінде дамуы барлық сезім мүшелерінің дамуына, жағымды эмоциялардың тууына және жетілуіне, негізгі қозғалыстарды меңгеруге, тіл әзірлігі кезеңдерінің дамуына көмектеседі. Мұның өзінде ересек адам үлкен рөл атқарады. Бір жасар баланы тәрбиелеу кезінде оның жағымды эмоциялық жағдайда болуын қамтамасыз етудің маңызы өте зор. Жайдары, шаттықты көңіл күйі тәндік және жүйкелік-пси­хологиялық дамудың дұрыс және өз уақытында өтуінің, денсаулықтың жақсы болуы шарттарының бірі болып табылады. Бала өмірінің алғашқы айларында шаттанып күледі, көптеген қимыл-қозғалыс жасайды-талпынудың неше түрін көрсетеді, бұл қол, кеуде, т.б. қозғалыстарының одан әрі дамуының негізі болып табылады. Балалардың негізгі қозғалыстарды өз уақытында және дұрыс меңгеруі бойдың өсуіне, негізгі мүшелер мен жүйелер әрекетіне игі ықпалын тигізеді, өзін-өзі айтарлықтай меңгеруді қамтамасыз етеді де, сол арқылы психикалық даму мүмкіндігін кеңейтеді. Қозғалыстардың даму қарқыны мен бір ізділігі тәрбие жағдайына және ересек адамның ықпалына, сондай-ақ баланың жеке ерекшеліктеріне тәуелді. Орталық жүйке жүйесіндегі және тірек-қозғалыс аппаратындағы жас мөлшеріне қатысты өзгерістер әрбір жас кезеңінде белгілі бір қозғалыстардың дамуы үшін алғы шарттарды тудырады. Бұл алғы шарттар тиісті жағдайлар бар ке­зінде жүзеге мейлінше тиімді асырылады. Арнайы мақсатты бағытта әсер ету жолымен әр нәрсеге икемділікті, дағдыларды қалыптастыруға, сол арқылы бүкіл ағза дамуының әлдеқайда жоғары деңгейіне жетуге көмектесуге болады. Керісінше, дер кезінде қолға алынған дұрыс тәрбие мен үйретудің болмауы дамудың мешеу қалуына алып келеді, кейін мұның орнын толтыру қиын болады. Тәрбиелеудің ең негізгі қағидаларының бірі – белгілі бір дағдының, икемділіктің, психикалық іс-әрекеттің өзінен-өзі пайда болуын күтіп отыра бермей, ағзаның нақты бір кезеңінде жүйке жүйесінің тиісті орталықтарының толысуы арқы­лы пісіп жетілетін функцияларының көрініс беруіне белсене көмектесу. Оның үстіне тәрбиелік әрекеттер жаңа функцияны қолдағандай болады, оның көрініс беруіне жағдай туғызады. Статикалық және қимыл-қозғалыстық функциялардың дамуына әр күн сайын жәрдемдесу, баланың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес күн тәртібін ұйымдастыру балалардың дұрыс және үйлесімді дамуын қамтамасыз етудің, дене дамуындағы және денсаулық жағдайындағы ауытқушылықты болдырмаудың қуатты факторы болып табылады. Сәби жаста күн тәртібін орынды ұйымдастыруға, гигиеналық шараларға дене тәрбиесінің құралы ретінде ерекше мән беріледі. Әрбір жас кезеңінде сергектіктің, ұйқы мен тамақтанудың алмасып отыруындағы қажетті бір ізділік қамтамасыз етіледі. Жасына қарай тамақтандыру, ұйықтау және сергек болу сағаттары анықталады. Бөлмені жақсы желдету, таза ауа жайлы, тәтті ұйықтауды қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайларда бала сергек жүрген сағаттарда тыныш әрі белсенді болады. Бір жасар балалар таза ауада 4-6 сағат болуы тиіс. Балалардың денсаулығын нығайту үшін, сондай-ақ күн тәртібіндегі шынықтыру мақсатымен, табиғаттың жаратылыстық факторларын пайдаланудың (ауаның, судың, күннің) маңызы зор. Күн тәртібін жүзеге асыру кезінде балалардың бойына гигиеналық дағдылар мен әдеттерді сіңіру қажет. Бұған мұқият гигиеналық күтім (жуындыру, шайындыру, іш киім ауыстыру, шомылдыру т. б.) көмегін тигізеді. Дене тәрбиесінің ең негізгі құралдарының бірі - гимнастикалық жаттығулар және массаж жасау болып табылады. Бір жасар балалардың қимыл-қозғалыстарын жетілдіру үшін дене жаттықтыру мен массажбен айналысудың ұйымдастырылған формалары пайдаланылады, сондай-ақ еркін қимыл-қозғалыс әрекетінде болуды қамтамасыз етудің де маңызы зор. Өз бетімен қимыл-қозғалыстық әрекет етудің физиологиялық маңызы - балаға тән қозғалысқа қажеттілікті қанағаттандыру: бала өз ыңғайымен қозғалады, өзінің қалауы бойынша жату, отыру, тұру қалпын алмастырады, қозғалысты дем алумен кезектестіріп отырады. Сондықтан да өз бетімен жасалған әрекет - балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігінің барлық түрлері ішінде ең аз қажытатын әрекет. Бала өмірінің алғашқы апталарынан бастап, оның қимыл-қозғалыс белсенділігі үшін оптималды жағдайлар жасаудың маңызы зор. Бір жарым айдан алты айға дейінгі шамада балалар әрекет үстінде болу сағаттарының бәрін көлемі жеткілікті мөлшердегі (бір балаға 0,5 м есебінен) жасына сай ойыншықтармен жабдықталған манежде өткізеді. Жеті айлық кезінде балаларды еденге жіберу ұсынылады. Бұл үшін бөлменің бір бөлігін (бір балаға 0,75 м2 есебінен) биіктігі 40-45 см кедергімен қоршайды, жылы болуы үшін түкті көрпе және жууы жеңіл клеенка төсейді. Бөлменің бұл бөлі­гін-«едендегі манежді»-балаларды белсенді қимылға (еңбектеуге, қаз-қаз тұруға, өрмелеуге, аяқ басуға т.с.с.) ынталандыратын құралдармен жабдықтайды. Едендегі манежге сатылы және сырғанақты шағын төбешікті, дөңгелеткішті, клеенкамен қапталған жылтыр бөренені, жүретін көпіршені, үлкен доптарды қояды. Баланың киімі жасына сай ауыстырылады және оның қимыл-қозғалысына кедергі жасамайды. Бір жастың алғашқы ширегінде (3 айға дейін) балада басын тік тұрғанда ұстай білуді және етпетінен жатқанда басын көтеріп ұстай білуді жетілдіру керек. Мұндай жағдайда жатып бас көтеру кезінде омыртқа иілістері қалыптасады, мойын жә­не арқа бұлшық еттері бекемденеді, мидың қан айналымы жақсарады. Yш айдан соң бала басын еркін көтереді, жотасын қайқайтады, иық тірейді. Осы кезге таман бала ойыншықты әртүрлі жағдайда алуды меңгереді. Тәрбиеші бұл икемділікті әртүрлі қозғалыстарды дамытуға пайдалануы тиіс. Осы кезеңде қол қимылын дамытуға көп көңіл бөлу керек. Yш-төрт айлық шамада бала қолтығынан сүйегенде тұра бастайды. Ересек адам күніне бірнеше рет баланы киіндірген кезде қолына алып тік тұрғызуы, қатты жерге (үстел үстіне) тұрғызып көруі, аяқты ырғақ ыңғайымен бүгіп-жазып билей басуына мүмкіндік беруі тиіс. Бұл баланың көңіл күйін көтеріп, шаттандырады, ересек адамның сөзі мен жымиюына әрекет қимылмен жауап қатуға мүмкіндік береді, бұлшық еттерін нығайтады, аяғының буындарын бекіндіреді, аяқ тіреудің жақсы дамуына жағдай жасайды. Төрт-бес айлығында бала манеж ішінде ойыншықтармен ойнап жатып, шалқасынан жатқан күйінен бір қырындап, етпеттеп жатуға ауысуды, етпетінен жатып қол тіреуді, басын жақсылап көтеруді меңгере бастайды. Егер бала етпеттеп ұзақ уақыт жататын, солай жатып ойыншыққа қол созатын болса, тезірек еңбектейді, содан соң отырады және бір нәрсеге сүйеніп тұра бастайды. Жеті-сегіз айлығында бала төрт тағандап тұрады, еңбектеп жүре алады. Еңбектеу - бала қозғалысы дамуының маңызды кезеңі, бұлайша жүргенде ол жаңа сенсорлық әсерлер алады. Балаларда локомоторлық функцияларды - еңбектеуді, кедергі қоршауды бойлай аяқ басуды дамыту маңызды. Баланың өзі үйренбейінше оны отырғызуға және тұрғызуға болмайды. Өз бетімен отыру, тұру дағдыларын меңгеру омыртқа иілістерінің қалыптасуына, кеуде, аяқ бұлшық еттерінің нығаюына көмегін тигізеді, дененің үйлесімді дамуына игі әсер етеді. Баланың психикалық даму мүмкіндігі кеңейеді. Ол ойыншықпен отырып ойнап алады (бұл ыңғайлы), айналадағылардың бәрін көреді. Сегіз-тоғыз айлығында бала қоршауды айнала аяқ басып, қозғалады, төбешіктің сатысына шығады, бөренеден асып аунайды - мұның бәрі оның қабылдау ауқымын едәуір кеңейтеді, жүйкелік-психологиялық дамуға көмектеседі. Бір жасқа таянғанда бала өз бетімен жүре бастайды, міне, осы жерде тәрбиешінің жүруге үйретудегі, баланы өз қозғалысына қуандырып, көңіл күйін көтерудегі рөлі зор. Тәрбиеші балалар қуанышты, қимылдағыш, жайдары болуы үшін олармен көбірек сөйлесуі тиіс Тәрбиеші күн сайын балалар әрекет үстінде жүрген кезде, қимыл-қозғалысты дамыту үшін сол қозғалыс қалыптасып бекігенше әр баламен сабақ-ойын өткізеді. Әр жас шама кезеңде белгілі бір міндеттер шешімін табады. Алғашқы үш айда ересек адам аймалау, аялау арқылы ба­ланың алуан түрлі талпыныстарын қолдайды, қол қимылдарын (ойыншықты алу, оны ұстап тұру т.б.) жетілдіреді. Алғашқы жарты жылдықта еңбектеуге әзірленуге көмектесу керек: етпетінен жата білуді, шалқасынан жатқан жерінен аунап түсіп етпетінен жата білуді қалыптастыру қажет. Бұл үшін ойыншықтар, ересектер көмегі пайдаланылады. Екінші жарты жылдықта негізгі міндет балалардың еңбектеуін және аяқ басып тұруын дамытудан тұрады. Алғашында бұл қозғалыстар ересектердің ептеп көмектесуімен атқарылады. Мәселен, еңбектеуге үйрету кезінде бала аяғын тіреуі үшін табанына алақан тосуға, ұмтылып жетуі үшін алдына ойыншық қоюға болады. Аяқ басып тұратын кезде баланы алғашында екі қолынан, кейінірек бір қолынан ұстап демейді, содан соң қадам жасауға итермелейді. Дене жаттығуларымен және массажбен арнайы айналысу да қозғалысты дер кезінде дамытуға, статикалық және динамикалық қозғалыстардың (еңбектеу, отыру, жүру) сапасы мен дәлдігін жетілдіруге жәрдемдеседі. Сәби жастағы балалардың гимнастикалық жаттығулардағы қимыл-қозғалыстарының дұрыстығы мен дәлдігі тәрбиешілердің қолдарымен немесе арнаулы құралдармен (дөңгелектер, таяқшалар) қатаң түрде шарттас болады, гимнастикамен айналысу балалардың қозғалыс белсенділігінің басқа формаларынан осы арқылы да ерекшеленеді. Тыйым саларлықтай себеп жоқ болса, 1-1,5 айлық кезден бастап дене жаттығулары, массаж жасау белгіленеді және оларды күн тәртібіне ендіреді. Балаларды қимыл-қозғалыстарға үйрету әдістемесі белгілі бір талаптарға сай болуы тиіс: біріншіден, ыңғайлы жаттығулар, яғни, баланың жас шамалық және функционалдық мүмкіндіктеріне сәйкес келетін жаттығулар іріктеліп алынады; екіншіден, балаларды жаттығуларды орындауға ынталандыратын әдіс жас шамасына сәйкес болуы тиіс. Бала өмірінің алғашқы жарты жылында белсенділікті ынталандыру үшін туа біткен - шартсыз рефлекстер содан соң вестибулярлық (денені белгілі қалыпта ұстау) рефлекстері пайдаланылады. Бүгілдіргіштер мен жазылдырғыштар тонусын теңестіруге көмектесу үшін жазумен байланысты рефлекстер пайдаланылады. Екінші жарты жылдықта жаттығуларды орындау белсенділігі - көру (ойыншық, дөңгелек, тәрбиешінің қозғалысы т.б.), қозғалыс (жаттығуларды орын­дау кезіндегі тәрбиеші көмегі-жетелеу, аяғын көтеру т.б.), есту (тәрбиешінің сөздері-санауы, «отыр», «тұр», «жүр» т.б.) шартты қоздырғыштарды қолдану арқылы ынталандырылады. Мұның өзінде сөз кешенді қоздырғыштың әлі де нашар компоненті болып табылады. Екінші жарты жылдық барысында ол міндетті түрде көру қоздырғышымен және ең қуатты қоздырғыш-қозғалыс қоздырғышымен үйлестірілуі тиіс. Егер тәрбиеші балаға «отыр, отыр» дейтін болса, бала оның нұсқауын әрқашан орындай бермейді, бірақ бұл нұсқау ересек адамның бала қолын жай ғана төмен тартқылаумен үйлесе келсе, ол нұсқауды оңай орындайды. Бала өмірінің алғашқы жылында гимнастиканың бәсең түрі ретінде массаж жасауға мол орын беріледі, ол бүкіл бұлшық ет топтарын қамтиды. Yш-төрт айлығында рефлекторлық жаттығулардан бөлек ересек адамдар көмегімен атқарылатын бәсең жаттығулар пай­даланылады. Алғашқы жарты жылдықтың соңына таман олар белсенді-бәсең жаттығулармен (көбіне ересек адамдардың шамалы көмек көрсетуімен орындалады) алмастырылады, сөйтіп бала бір жасқа толар шамада негізінен белсенді жаттығулар пайдаланылады. Мейлінше мол физиологиялық тиімділікке және бұлшық етке түсер жүкті қатаң мөлшерлеу үшін мына төмендегі талаптарды сақтау қажет:
1) жаттығулар барлық бұлшық ет топтарын-қол, иық белдеуі, арқа, кеуде, аяқ, табан бұлшық еттерін қамтуы тиіс;
2)дене жаттығуларын оның алдында атқарылатын массажбен кезектестіріп отыру керек;
3) жаттығулармен айналысу процесінде әртүрлі бұлшық еттік топтарға арналған жаттығуларды кезектестіру қажет.
4) жаттығуларды бастар кездегі қалыпты-шалқалап, етпеттеп қырын жатып, отырып, тұрып бастау қалыптарын ке­зектестіріп отыру керек;
5) әлдеқайда жеңіл жаттығулардан бастап, бірте-бірте күрделісіне көшу және қайтадан едәуір жеңілімен аяқтау қажет;
6) жаттығулар дем алумен «үзіліспен» кезектесіп отыруы тиіс, массаж да осындай демалыс болып табылады, өйткені ол бұлшық еттердің мейлінше босаңсуын қамтамасыз етеді.
Денеге күш түсіруді: жаттығуды қайталауды жиілету есебінен (2-3-тен жыл аяғында 5-6-ға дейін), массаж жасауды 3-4-тен 6-8-ге дейін жиілету, айналысу мерзімі ұзақтығын алғашқы жарты жылдықтағы 5-6 минуттан жыл аяғын­да 8-10 минутқа дейін созу есебінен бірте-бірте арттырып оты­ру қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   202




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет