М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Басқарма төрағасы-ректоры м.а. педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы
Кіріспе
« Дулати университеті» КЕ АҚ – өзіндік тарихымен, бай дәстүрімен, озық материалдық-техникалық базасымен, білікті профессорлық-оқытушылық құрамымен және үздік студенттерімен белгілі университет.
Тараз өңірлік университетіне ХVI ғасырдағы көрнекті ғалым, тарихшы, ойшыл, Орталық Азияның мемлекеттік қайраткері Мұхаммед Хайдар Дулатидың аты берілген. Оқу орнымызда ғалым жайлы терең мағлұматты университетіміздің басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлының дәрісінен тыңдау - жыл сайынғы дәстүрге айналған.
Мұхаммед Хайдар Дулати - ХVІ –ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген көрнекті ғалым, тарихшы, ойшыл, мемлекет қайраткері, ақын. Ұшқыр ой мен тұңғиық білім иесі, бірнеше тіл білетін ғалым сол заманның әдебиет пен мәдениетінің керемет үлгісін көрсете білген. Орта ғасырдағы білім мен мәдениеттің шарықтаған кезі М.Х.Дулатидің ғылымға деген құштарлығын, білімге қажеттілігін, қоғамдағы рухани ұстаздар мен ғалымдардың рөлін тануға мүмкіндігін арттырған.
Орта ғасыр мәдениетінде білімге деген құштарлық жалпы қоғамға тән құбылыс болды. Білгірлер балалардың жан-жақты біліміне үлкен мән берген. «Жоғары» дәрежелі тегінің арқасында Мырза Мұхаммед Хайдар керемет білім алып, мемлекеттік қызметте айтарлықтай жетістіктерге жетті. Екінші жағынан ойшылдың өмірінде білімді адамдармен қарым-қатынас және орта ғасырға тән философиялық ізденіске толы ерекше кеңістік маңызды рөл атқарды.
Бізге оның екі еңбегі белгілі: Моғолстан мен Қашқариядағы шағатайлардың хандары мен моғолдардың тарихы баяндалған, ортаазиялық парсы тілінде жазылған Тарих-и Рашиди еңбегі жəне шағатай тілінде жазылған Жаһан-наме поэмасы.
М.Х.Дулати өзінің басты еңбегі «Тарих-и Рашидиде» ХІV –ғасырдың екінші жартысы мен XVІ –ғасырдың бірінші жартысындағы Моғолстан мен Қашғар тарихы жайында жазып, ұрпағына құнды еңбек қалдырды. Ауқымды территорияда орналасқан түркі жəне көрші халықтардың тарихы бойынша алғашқы дереккөз ретінде еңбекті XVI-XX –ғасырларда көптеген авторлар кеңінен қолданды. Ол біздің заманымызда да өзінің өзектілігін жоғалтпаған. М.Х.Дулати көптеген тарихи оқиғалардың қатысушысы, куəгері жəне оның кітабы ортағасырға байланысты туындаған көптеген сұрақтарға жауап беретіндей құнды еңбек болды, сондықтан 200 жылдық кезеңде бірнеше түркі халықтарының саяси, əлеуметтік-экономикалық, мəдени өмірінің, Моғолстан мемлекетінің ауқымды территориясын қоныстанған түркі халықтарының тарихи өмірінің дамуы бойынша алғашқы дереккөз болып табылады.
1998 жылы біздің облысымызда айрықша оқиға болды: Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен үш оқу орны – Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институты, Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институты және Жамбыл университеті – М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік (қазір – өңірлік) университетінің құрамына енді.
Қазіргі күні жедел дамып жатқан әлемде кез-келген ЖОО-да өз миссиясы бар. Миссия, яғни Тараз өңірлік университетінің жоғары мақсаты - бәсекеге қабілетті, инновациялық, отаншыл және тәрбиелі, қазіргі заманғы халықаралық және отандық критерилерге сай келетін мамандарды даярлау. Біздің университет әлемдік экономикалық даму мен өркендеуге мүмкіндік беретін Жамбыл облысында ғылыми-зияткерлік, ақпараттық-мәдени ортаны дайындауға үлес қосады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 11.10.2019 ж. №752 қаулысымен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті біріктіріліп, қайта құру нәтижесінде аталған ЖОО «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып құрылды.
Университетіміздің қолданыстағы академиялық саясаты білім берудің Еуропалық Сапа Стандарттарының талаптарына негізделген, Университет барлық білім алушыларға сапалы және қолжетімді білім алу үшін тең мүмкіндіктер ұсынады. Университет өз қызметінде білім алушылардың айрықша қажеттіліктеріне немесе нәсілдік, ұлттық, этникалық, діндік, жыныстық белгілеріне, сондай-ақ әлеуметтік, отбасылық жағдайына, физикалық мүмкіндіктері, жасы немесе басқа да субъективтік критерийлеріне байланысты бөлінуіне (кемсітілуіне) жол бермейді.
Университеттің академиялық саясатының негізгі бағыты «Дулати университеті» КЕ АҚ оқытушылары, қызметкерлері мен білім алушыларының академиялық адалдық ережелері» және студенттің ар-намыс кодексі құжаттарында баяндалған академиялық адалдық және академиялық қоғамдастықтың алдыңғы қатарлы идеяларына сәйкес оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |