Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Үкімет қызметін ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшін дербес жауап береді;
- Үкімет қаулыларына қол қояды;
- Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке баяндап отырады.
Үкімет мүшелері өз құзыреті шегінде шешімдер қабылдауда дербестікке ие әрі өздеріне бағынысты мемлекеттік органдардың жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алдында жеке-дара жауап береді. Үкіметтің жүргізіп отырған саясатымен келіспейтін немесе оны жүргізбейтін Үкімет мүшесі орнынан түсуге өтініш береді не ол лауазымнан босатылады.
Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.
Үкімет өз құзыретінің мәселелері бойынша республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар қаулылар шығарады, ал Премьер-Министр республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар өкімдер шығарады.
«Қазақстан республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңда республика Үкiметiнiң құзыретi 18 тармақтан тұратын нақты шараларды қамтиды.
Оның негізгілері мыналар:
- мемлекеттiк әлеуметтiк-экономикалық саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөнiндегi стратегиялық және тактикалық шараларды әзiрлеу;
- мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу;
- әлеуметтiк-экономикалық және ғылыми-техникалық дамудың индикативтiк жоспарларын әзiрлеп, жүзеге асыру;
- Республика Президентi белгiлейтiн тәртiппен республикалық бюджеттi әзiрлеу мен оны өзгертуге қатысу, Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсыну, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз ету;
- Республиканың қаржы жүйесiн нығайту жөнiндегi шараларды әзiрлеу және жүзеге асырады; мемлекеттiк валюта, қаржы және материалдық ресурстарды жасақтау мен пайдалануда заңның сақталуына мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ету;
- мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастыру, оны пайдалану жөнiндегi шараларды жүзеге асыру, мемлекеттiк меншiк құқығын қорғауды қамтамасыз ету;
- еңбекке ақы төлеу, азаматтарды әлеуметтiк қорғау, мемлекеттiк әлеуметтiк қамсыздандыру мен әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн және шарттарын белгiлеу және т.б.
Республика Үкiметi Президент тапсырмаларының орындалуы және өз қызметiнiң басқа да бағыттары туралы ұдайы хабардар етiп отырады және Президент актiлерiнiң орындалуын ұйымдастырады, оларды министрлiктердiң, өзге де орталық, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың орындауын бақылауды жүзеге асырады және өзге де міндеттерді орындайды.
Үкімет министрлiктердiң және өзінің құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың Республика заңдарын, Президентi мен Үкiметi актiлерiн орындауын қамтамасыз етедi.
Сонымен бірге, министрлердiң және өзге де орталық атқарушы органдар басшыларының ұсынуы бойынша министрлiктер мен өзге де орталық атқарушы органдар туралы ережелердi, олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердегi адам санын ескере отырып, солардың штат санының лимиттерiн бекiтедi, сол органдардың актiлерiнiң толығымен не бiр бөлiгiнде күшiн жояды немесе тоқтата тұрады.
Сондай-ақ, Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын, олардың орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, бұған Республика Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орталық атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары енбейдi.
Үкiмет мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiндегi атқарушы органдарының қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың заңдарды, Президент пен Үкiметтiң актiлерiн орындауын бақылайды.
Тиiстi жергiлiктi атқарушы органдарды басқаратын әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi Республика Президентi мен Үкiметiнiң өкiлдерi болып табылады және Республика Үкiметiне мемлекеттiк басқару мәселелерi жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
Республика Үкiметi заңдарда белгiленген тәртiппен өзге де, соның iшiнде республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, арнаулы мемлекеттiк органдардың қызметiн қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерiн шешедi.
Достарыңызбен бөлісу: |