Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы;
Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның ішінде:
- республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
- мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;
- Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;
- мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;
- республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды;
- Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды және т.б. мәселелерді шешеді.
Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау Сенаттың ерекше қарауына жатады.
Мәжілістің ерекше қарауына жататын мәселелер:
- Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
- Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру;
- Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіру.
Парламенттің әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады.
Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгілеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгізілген күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиісті екенін білдіреді. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президенті заң күші бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгілеген тәртіппен жаңа заң қабылдағанға дейін қолданылады.
Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға:
- жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне;
- меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға;
- мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметінің, мемлекеттік және әскери қызметтің негіздеріне;
- салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге;
- республикалық бюджетке;
- сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне;
- білім беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандыруға;
- кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге;
- айналадағы ортаны қорғауға;
- республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысына қатысты заңдарды қабылдау құқығына ие.
Мемлекеттік кірісті қысқартуды немесе мемлекеттік шығысты көбейтуді көздейтін заңдардың жобалары Республика Үкіметінің оң қорытындысы болғанда ғана енгізілуі мүмкін. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
Парламенттiң бiрiншi сессиясында оның Палаталарының бiрлескен отырысында депутаттар Қазақстан халқына мынадай ант бередi: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсiздiгiн нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, өзiме жүктелген депутаттың мәртебелi мiндетiн абыроймен атқаруға ант етемiн». Антты Президент қабылдайды және ант беру Республика Үкiметi, Конституциялық Кеңесi мүшелерiнiң, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерiнiң қатысуымен салтанатты жағдайда өткiзiледi.
Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмысты атқаруға, кәсiпкерлiк қызметпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы Республика Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
Парламент депутатының өкiлеттiгi орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша депутат iс-әрекетке қабiлетсiз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен осы Конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент Мәжiлiсiнiң Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутаттарының өкiлеттiгi оның шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкiлеттiгi Республика Президентiнiң шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
Тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық мәслихаттары атынан өкiлдiк ететiн депутаттар болып табылатын таңдаушылардың бiрлескен отырысында сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкiлеттiгi осы таңдаушылардың шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
Парламент депутаты Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен; оған қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген; Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады және де саяси партиядан сайланған депутаттар конституциялық заңға сәйкес өзiн сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған; депутатты сайлаған саяси партия қызметiн тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент және Парламент Мәжiлiсi депутаттарының өкiлеттiгi тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты Парламент сессиясында және өзi құрамына кiретiн оның органдарының отырыстарында қаралатын барлық мәселелер бойынша шешушi дауыс құқығын пайдаланады және заңға сәйкес 13 тармақтан тұратын өкілеттіктерге ие.
Үкімет
Қазақстан Республикасының Үкіметінің қызметі «Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы N 2688 Конституциялық заңымен реттеледі.
Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды. Ол алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.
Республика Премьер-Министрі тағайындалғаннан кейінгі он күн мерзім ішінде Премьер-Министр Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентіне ұсыныс енгізеді.
Үкімет:
- мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
- Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;
- Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;
- мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;
- Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;
- министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;
- Республиканың министрліктері, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің күшін толық немесе қолданылу бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;
- Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Достарыңызбен бөлісу: |