Орталық атқарушы органның жауапты хатшысы
Орталық атқарушы органның жауапты хатшысын министрлiктердiң және Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың аппараттарының басшысын Республиканың Премьер-Министрiмен келiсiм бойынша Республика Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Жекелеген министрлiктер мен Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарда Республика Президентiнiң шешiмiмен жауапты хатшы қызметi енгiзiлмеуi мүмкiн. Мұндай жағдайда осы Конституциялық заңда көзделген жауапты хатшы өкiлеттiктерiн министрлiктiң немесе Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органның Республика Президентi айқындайтын лауазымды адамы жүзеге асырады. Үкiметтiң, министрдiң, Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы орган басшысының орнынан түсуi жауапты хатшылардың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соқпайды.
Жауапты хатшы өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде Республика Президентiне, Премьер-Министрге және министрге (Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы орган басшысына) есеп бередi.
Министрлік
Министрлiк тиiстi мемлекеттiк басқару саласына (аясына) басшылықты, сондай-ақ заңдармен көзделген шекте - салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын Республика орталық атқарушы органы болып табылады.
Министрлiктi Республика Премьер-Министрiнiң ұсынысы бойынша Республика Президентi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
Министрлiк Республика Yкiметiнiң құзыретiне жатқызылмаған мәселелер бойынша өз құзыретi шегiнде шешiмдердi өз бетiнше қабылдауға өкiлеттi.
Министрлiктiң құрылымын министрлiктiң жауапты хатшысы бекiтедi.
Министрлiктiң құрылымдық бөлiмшелерi ведомстволар, департаменттер мен басқармалар болып табылады.
Министрлiктiң алқасы министрдiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады. Алқаның сандық және адам құрамын министрлiктiң, мемлекеттiк комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының қатарынан министр бекiтедi. Министрлiк, қабылдаған шешiмдер министрдiң бұйрықтарымен ресiмделедi.
Агенттік
Республика Премьер-Министрiнiң ұсынысы бойынша Республика Президентi құратын, қайта ұйымдастыратын және тарататын Қазақстан Республикасының агенттiгi Yкiметтiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы орган болып табылады.
Агенттiк тиiстi мемлекеттiк басқару саласына (аясына) басшылықты, сондай-ақ заңдарда белгiленген шектерде салааралық үйлестiрудi және өзге де арнайы атқару және рұқсат беру мiндеттерiн жүзеге асырады.
Агенттiктiң құрылымын агенттiктiң жауапты хатшысы бекiтедi және, әдетте, департаменттер мен басқармалардан тұрады.
Агенттiк төрағасының жанынан алқа құрылады, ол консультациялық-кеңесшi орган болып табылады. Алқаның сан және адам құрамын агенттiктiң төрағасы бекiтедi.
Агенттiк төрағасының бұйрықтары агенттiктiң актiлерi болып табылады.
Комитет
Республиканың орталық атқарушы органының комитетi ведомство болып табылады. Ведомствоның аумақтық бөлiмшелерi болуы мүмкiн.
Ведомствоны тиiстi орталық атқарушы орган басшысының ұсынуымен Республика Үкiметi құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
Ведомство басшысын тиiстi орталық атқарушы органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Ведомство Республиканың орталық атқарушы органы құзыретiнiң шегiнде бақылау және (немесе) iске асыру функцияларын жүзеге асырады.
Ведомство шығаратын актiнiң нысаны ведомство басшысының бұйрығы болып табылады.
Сот билiгi
Қазақстан Республикасында сот билiгi «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 ж. 25 желтоқсандағы № 132-II Конституциялық Заңымен реттеледі.
Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқа заседательдерi арқылы соттарға ғана тиесiлi.
Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады. Соттың ерекше өкiлеттiгiн басқа органдарға берудi көздейтiн заң актілерін шығаруға тыйым салады.
Ешқандай өзге органдар мен тұлғалардың судья өкiлеттiгiн немесе сот билiгi функцияларын иеленуге құқығы жоқ.
Сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады.
Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.
Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
Сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады.
Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады.
Сот iсiн қарау тәртібімен қаралуға тиiс өтiнiштердi, арыздар мен шағымдарды басқа ешқандай органның, лауазымды немесе өзге де адамдардың қарауына немесе бақылауға алуына болмайды.
Әркiмге мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды және өзге де адамдардың Республиканың Конституциясында және заңдарында көзделген құқықтарға, бостандықтар мен заңды мүдделерге нұқсан келтiретiн немесе оларды шектейтiн кез-келгензаңсыз шешiмдерi мен iс-қимылдарынан сот арқылы қорғалуға кепiлдiк берiледi.
Ешкiмдi де оның iсiн заңның барлық талаптары мен әдiлеттiлiктi сақтай отырып құзыреттi, тәуелсiз және алаламайтын соттың қарау құқығынан айыруға болмайды.
Судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi.
Соттың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Судьялар нақты істер бойынша есеп бермейді. Сот ісін жүргізудің белгіленген тәртібіне қарамастан берілген сот істері бойынша, сондай-ақ соттың құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша өтініштерді сот қараусыз қалдырады немесе тиісті органдарға жібереді.
Сотқа немесе судьяға құрметтемеушілік білдіру заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Сот актілері мен судьялардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезіндегі талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға мiндеттi. Сот актілері мен судьяның талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының сот жүйесiн Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы Конституциялық заңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа соттар құрайды.
Қандай да болмасын атаумен арнаулы және төтенше соттар құруға жол берiлмейдi.
Жергiлiктi соттарға мыналар жатады:
- облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары);
- аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот).
Қазақстан Республикасында басқа соттар, оның ішінде мамандандырылған (әскери, қаржылық, экономикалық, әкімшілік, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі және басқа) соттар құрылуы мүмкін.
Мамандандырылған соттарды облыстық немесе аудандық сот мәртебесімен Қазақстан Республикасының Президенті құрады.
Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң бiрлiгi:
Конституцияда, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда, iс жүргiзу және өзге де заңдарда белгiленген, барлық соттар мен судьялар үшiн ортақ және бiрыңғай сот төрелiгi принциптерiмен; сот билiгiн барлық соттар үшiн сот iсiн жүргiзудiң заңдарда белгiленген бiрыңғай нысандары арқылы жүзеге асырумен; барлық соттардың қолданыстағы құқықты қолдануымен; заңдарда судьялардың бiрыңғай мәртебесiн баянды етумен; заңды күшiне енген сот актілерін Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында орындаудың мiндеттiлiгiмен; барлық соттарды тек қана Республикалық бюджет есебiнен қаржыландырумен қамтамасыз етiледi.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкiлеттiгi жергілікті және басқа соттардың қарауына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге iстер бойынша жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады және сот практикасының мәселелерi бойынша түсiндiрмелер бередi.
Достарыңызбен бөлісу: |