5. Мемлекеттің маркетингтік үлгісінің қалыптасуы постиндустриалды қоғам шындығына тән жаңа парадигмаларды іздеумен байланысты. Мемлекет белгілі бір әкімшілік құрылым ретінде қарастырылады. Ол басқарудың биліктік-директивалық әдістеріне немесе әлеуметтік макрореттеу қағидаттарына сай жүрмейді, нарықтық қарым-қатынастың ерекше қисынына сай жүреді. Мұнда азаматтық қоғам клиент рөлінде, қызметті пайдаланушы ретінде алға шығады, ал мемлекет «қызмет көрсету орталығы» рөлін атқарады. Индустриалды батыс елдерінде мемлекет, азаматтық қоғам және жеке сала қарым-қатынасының қарқыны макроэкономикалық басқару және әкімшілікті менеджмент пен жеке ұйымдардың тиімді қызмет стилі көрсеткіштерін жақындата түсті. Демек, жаңа мемлекеттік басқарудың маркетингтік үлгісі қалыптасады.
Тарихи типтермен бірге мемлекетті жіктеудің өзге де түрлері бар.
Дінге қатысты мемлекет діни немесе зайырлы мемлекет болуы мүмкін. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша Қазақстан зайырлы мемлекет, яғни елде ресми, мемлекеттік дін жоқ және бірде-бір діни ағым міндетті, басым деп танылмайды. Олар мемлекеттік құрылым мен мемлекеттік органдар қызметіне, лауазымды тұлғаларға ықпал етуге құқықтары жоқ.
Діни мемлекеттегі басым дін басқарудың негізгі идеясы деп жарияланады. Мемлекеттік дін және діни мекеме конституциялық-құқықтық институт болып танылып, мемлекеттік ұйымдасудың ресми бөлшегі болып саналады.
Бұл мынадан көрінеді, яғни мемлекет:
- біріншіден, осы діни мекемені қаржыландырады;
- екіншіден, оның қызметкерлерін тағайындауға қатысады;
- үшіншіден, аталған мекеме ішіндегі қызметті реттейтін актілерді бекітеді;
-төртіншіден, осы мекеменің мемлекет атынан кейбір қызметті, негізінен, некені, туу мен өлімді тіркеу қызметтерін атқаруын мойындайды.
Мемлекеттік дін мынадай елдерде бар:
- Ұлыбритания (англикандық);
- Швеция, Норвегия, Дания, Исландия (лютерандық);
- Испания, Парагвай (католиктік);
- Греция (православтық);
- Иордания, Иран, Марокко және т.б. (ислам).
Бірқатар шет елдерде (Бельгия, ФРГ, Нидерланды, Израиль) мемлекеттік дін институты мемлекет тарапынан заңнамалық тұрғыдан дінді мойындау институтымен алмастырылған. Бұл институттың айырмашылығы: мемлекет дін қызметшісін тағайындауға және діни мекеме ішіндегі жұмыстарды реттеуге араласпайды. Бірақ, мойындаған діни мекемеге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі және оларда неке қиылғаннан кейін заңды түрде неке қиюды қажет етеді.
Мемлекет қалыптасу түрі мен мемлекеттік билікті ұйымдастыру нысаны бойынша ерекшеленеді. Негізінен, мемлекеттік нысанның екі негізгі түрі бар – басқару және мемлекеттік құрылым нысаны.
Басқару нысаны – мемлекет мазмұнының сыртқы көрінісі; құрылымы негізделген және мемлекеттік билік органдарының құқықтық жағдайының көрінісі; мемлекеттік билікті ұйымдастыру нысаны. Мемлекеттік биліктің жоғары органдарының орыны мен сипатына байланысты екі негізгі нысанды монархия және республиканы бөліп көрсетеді.
Монархия (грек. monarchia – дара билік) – бір ғана басшының (монарх) қолында билік толықтай немесе жартылай түрде шоғырланған мемлекетті басқару нысаны. Ресми немесе іс жүзіндегі жоғарғы мемлекеттік билік.
Монархия анықтамасынан оны ерекшелейтін заңнамалық белгілерді бөліп көрсетуге болады (19-сурет):
1) мемлекеттің бір ғана басшысы – монархтың болуы (фараон, король, патша, шах, князь, сұлтан және т.б.);
2) монарх қолында билік тұтас шоғырланады, ол бөлінбес, жоғарғы және егеменді (тәуелсіз) болып саналады;
3) тақты мұрагерлік бойынша иеленеді, яғни, туыстығы бойынша мұрагер болады, яғни тектік құқығы бойынша қалдырып отырады;
4) монархтың билігінің шексіздігі, яғни оның өмір бойы билік басында болуы;
5) сыртқы қарым-қатынастағы өкілеттік міндет бойынша емес, өзінің құқығы бойынша;
6) монарх заңнамалық тұрғыдан жауаптылықтан азат болуы, оның тұлғасына қол сұғылмайды және сот алдында жауап бермейді.
19-сурет. Монархияның анықтамасы
Түрлі тарихи кезеңдерде монархияның негізгі екі түрі өмір сүрді: шектелмеген (абсолютті) және шектелген (конституциялық). Мемлекет басшысының билігін шектеумен ажыратылатын осы екі тип қазіргі күнге дейін сақталып келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |