«Менің кәсібім - дүниеде ең жақсы...» Эссе
Өз мамандығын, атқарып жүрген ісін, жетік меңгерген жақсы білетін адам ғана өз кәсібін осылайша атайды. Өмірде адам қай кезеңде болса да, белгілі бір кәсіпке, мамандыққа бейімделуі тиіс. Сол арқылы ол өзінің нәпақасын тауып жейді, белгілі бір ортамен араласады, еңбек ету арқылы өзін-өзі шыңдайды. Бірақ ол жолға жетуде адам аянбай тер төгіп, заман ағымына сай жаңашыл, ізденімпаз болуы абзал. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін мына өмір ағысында адам ең бастысы – адам болып қалу керек. Сонда ғана ол мақсатты белестерді бағындыра алады деп айтуға болады. Бүгінгі біз өмір сүріп жатқан ХХІ ғасыр жаһандану кезеңінде. Жаһанданудың әсері білім кеңістігіне молынан көрініс беруде. Себебі білім әлемінде күн сайын, тіпті сағат сайын түрлі оқиғалар, жаңалықтар болып, түрлі өзгеріске ұшырап жатады. Өйткені қазіргі еліміздің білімді ұрпағы бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы тиіс. Ол үшін кез-келген тұлға талмай еңбектеніп, өзінің білімін шыңдауы әркімді-ақ толғандыратын өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сонда ғана шәкірт тәрбиелеген әрбір ұстаз оның болашағына жол сілтейді, бағыт-бағдар береді. Соңында оның нәтижесін көруі тиіс. Осындай ойлардың жетегінде жүрген мен де өзімнің қабілет-қарымыма сай, өмірдегі ұстанымым бойынша ұрпақ тәрбиелеуде еңбектеніп жүрмін. Әрбір ұстаз өз білгенін, оқыған-тоқығанын кейінгі жастарға үйретіп, жемісін көрсе, одан асқан бахыт жоқ.
Ұстаз жолы – мамандықтардың ішіндегі ең күрделісі деп айта алам. Өйткені өзін балаға нағыз жанашырмын деп санайтын, жанына жылулық себетін ұстаз ғана жақсы тұлға қалыптастыруы тиіс. Сапалы білім мен саналы тәрбие ғана оқушы жанына серік болса, өмірдің даму заңында өресінің биіктігімен, рухының тазалығымен дараланып, ұлттың асыл қасиеттерін бойына сіңірген азамат болып шығатыны сөзсіз. Сол үшін де әрқайсымыз ұстаз ретіндегі борышымызды жүрек қалауымызбен орындасақ қана қол жеткізе аламыз. Алдыңдағы оқушы болашақта кім болғысы келеді, оның мейлі қай мамандықты таңдаса да өз еркі, бірақ ең бастысы – адам болуында. Бүгінде біздің колледжден тәлім-тәрбие алып, маман иесі атанған түлектеріміздің көбісі әр жақта, түрлі салада еңбек етуде. Кейбірі өз мамандығын мақтан тұтып, өзін шығармашыл дамытып, отбасын асырап, ата-анасын қуантып жүр. Ал кейбірі бізден алған білімін жетілдіріп қана қоймай, онымен тоқтап қалуды көздемей, алдарындағы үлкен мақсаттармен жоғарғы оқу орындарына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, тіпті басқа салада еңбек етіп жүр. Бүгінде осылардың әрқайсысы «Менің кәсібім - дүниеде ең жақсы...» деп айтады. Айтса, айтқандай-ақ! Сонысымен олар құнды, сонысымен олар бағалы. Себебі әрқайсысының өмір деген ұлы додада алатын өз үлесі болары хақ. Сол үлесінің жолында әркім дамып, жетіліп, өркендеуі заңды. Міне, осының өзі ата-ананың көз қуанышы болса, ұстаздың еңбегінің зая кетпегені деп білемін.