Ақ кіреуке. Сауыт түрі. Ақ кіреуке сөгілді, Жалғай алмай келеді. (Жүсіп., 203); Көбе, кіреуке, сауыт бұлар мағыналары жуық сөздер. Көбе – батырлар киетін сауыт, оның екі түрі болады: бірі – жүректің тұсын, білекті, тізені, иықты садақтың оғынан, қылыштан қорғау үшін жалпақ темірден жасалған сауыт; екіншісі – бүкіл кеудені қорғау үшін тырнақ көбесіне ұқсас қола не мысты қатпарлап тізіп немесе металл шынжырларды (шығыршықтарды) біріктіріп, көйлек тәріздес етіп жасалған түрі, кейінірек көбенің жеңіл көкірекше түрі шыққан. Батырлар мінетін аттың да арқасы мен жонын, қабырғасы мен мойнын түгелдей жабатын көбелер де жасалған (ҚСЭ, 5-том, 642-643). Ал сауыт – «садақ, қылыш, найза» т.б. осы сияқты қару-жарақтардан қорғануға арналған киім. Ол ұсақ темір шығыршықтарды бір –бірінен өткізіп тоқылған тордан қысқа жеңді жейде түрінде жасалады. Сауыттың дулығасы, мойынды жабатын далбағай сауыт, қол сауыт, аяқ сауыт жеке тоқылады (ҚСЭ, 10-том, 63). Бұған қарағанда, сауыт – көбенің екінші түрін атайтын сөздің бірі, яғни көбе сөзінің синонимі. Кіреуке – ерте замандағы соғысқа киетін сауыт, оның басқа сауыттардан айырмасы кеудесінде, арқасында, білек үстінде темірден немесе көзеден істелген шарайнасы болған (ҚСЭ, 6-том, 181). Батырлар жырында:
Бадана көзді кіреуке,
Мұны саған береді,
Баса келіп кисейші («Ер Тарғын»).
Үстімдегі ақ сауыт,
Ақ кіреуке бек сауыт («Ер Қосай»).
Әдеб: (М-Ж. Көпеев. Екі томдық. 2-т. – Алматы, Ғылым, 1992. – Б. 203. Р. Сыздық. Сөздер сөйлейді. –Алматы, Мектеп. 1980. - Б. 70-71).
Достарыңызбен бөлісу: |