Отау. Үйленген жастардың кіші үйі. Атасы басқа жау жеңге, Отауға салып тастапты. (М-Ж, 28); Радлов: блая новая юрта жениха; аk отау іd.; отау баіазысы подарокъ жениха за показаніе ему новой юрты. Отауа тÿсÿ ночеваніе въ первый разъ въ новомъ Отау т.б.- деп түсіндіреді (1893: 1103). ОТАУ I зат. Жаңадан тұрмыс құрып, енші алып бөлінген үй, кіші үй. Сүйіндіктің үлкен үйіне жақын тұрған кішілеу ақ үй бар, Асылбектің отауы болуға керек (М. Әуезов) (ҚТТС, 184). Отау лексемасы мен жасау сөзінің жасалу моделі бір. Мысалы, жасау – сөзінің түп – төркінін көрнекті этнограф Г.Бонч-Осмоловский «Свадебный жилища турецких племен и народностей. Л., 1926» - деген еңбегінде арабтың джис («приданный» мағынасында) және ау («үй») сөздерінің бірігуінен жасалған сөз деп түсіндіреді. Жасау (жас + ау) бірінші компоненті: jаш (жас) - 1) свжій, зеленый, сочный, влажный, свжее дерево (Радл., 1905: III, 240), jаs (ДТС, 245) - дегендегі жас (көк < көк өскін, көктеу) түркі тіліндегі көк ұғымымен байланысты – көк (жас) – от (көк шөп). Екінші компоненті: көне түркі тілінде «үй», «отау», «киіз үй» мағынасын білдіретін еv, eb, ef, üj, üv (ДТС, 189); ау – эвъ – дом (Буд., 1869: I, 215); осы түбірден өрбіген: ауыл//айыл//аал//авыл т.б. (Қайдар., 61) – үй бірігуінен «жасау» сөзі жасалған. Көктің синонимі от (жылқыны отқа қой, шөпті отау т.б.). От (өрт) алдамшы түбір тұлғасы сондықтан (отау) негіз бола алмайды. Демек, жасау мен отау семантикасы бір сөз болып шығады. jаш > жас > жасау > от > отау > отан (көк - тәңір). От (өрт) сөзінен туындаған үйдің иесі (отағасы) кейіннен пайда болған сияқты. От (өрт) – қаулап жану мен от (қаулап өсу) жағынан о баста семантикасы бір болуы мүмкін. Өйткені, тілімізде өртең және өркен мағынасы сәл де болса жуық сөздер сақталған. Jаs – (жасау) - «жаңа, су жаңа» (жаңа үй) - дегенді білдірмесе керек. Сол сияқты Отан сөзі вәтан парсы сөзі емес, түбір тұлғасы от болуы мүмкін.
Әдеб.: М-Ж. Көпеев. Екі томдық. 2-т. – Алматы, Ғылым, 1992. – Б. 28. В. Радлов. Опыт словаря тюркских наречий. Том. I.. Часть 2. – С. –ПЕТЕРБУРГЪ. 1893. –С. 1103. В.В. Радлов. Опыт словаря тюркских наречий. Том. III.. Часть 1. – С. –ПЕТЕРБУРГЪ. 1905. –С. 240. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. II том. –Алматы, 1961. – Б. 184. Л.З.Будагов. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. Том. I. САНКТПЕТЕРБУРГЪ. 1869. –С. 215. Наурыз. –Алматы, Қазақстан. 1991. –Б. 64. Ә.Қайдар. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы, Ана тілі. 1998. –Б. 61.
Қорыта келгенде, Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы бізге беймәлім лексеманы зерттеп халық игілігіне айналдыратын күн баяғыда туды. Бұл орайда, мәшһүртанушылар бір сыпыра жұмыстар жасауда. Алдымызда, Мәшһүр-Жүсіп шығармалар тілінің этимологиялық сөздігін жазу міндеті күтіп тұр. Сол сияқты, айтыстары, жұмбақтары, мақал-мәтелдердің шығуы (5 т. –Б. 94-103; 9 т. –Б.312-317) сияқты тың тақырыптардың тілін зерттеу де күн құрғатпайтын алда күтіп тұрған басты міндет деп есептейміз. Атсалысам деген шәкірттерге жол ашық.