МӘШҺҮр-жүсіп шығармалары тілінің Әдеби тілге қатысы



бет1/7
Дата31.01.2018
өлшемі1,33 Mb.
#36975
  1   2   3   4   5   6   7
Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы

А.Қ. Тұрышев



МӘШҺҮР-ЖҮСІП ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ӘДЕБИ ТІЛГЕ ҚАТЫСЫ
Оқу әдістемелік құралы
1 Бөлім

Павлодар


Кереку

2009


УДК 809.434.2

ББК - 84(5 каз)5

Т 31

Баспаға Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің жанындағы «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік секциясы және ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесі ұсынған

Хаттама №8. 11.12.2008 жыл
Пікір жазғандар:

М.С. Серғалиев - Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор;

Ф.Ш. Оразбаева - Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті, «Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор;

Н.Қ. Жүсіпов - С.Торайғыров атындағы ПМУ, «Қазақ филология» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.


Құрастырушы: Тұрышев А.Қ

Т 31 Мәшһүр-Жүсіп шығармалары тілінің әдеби тілге қатысы: оқу әдістемелік құралы. – Павлодар : Кереку, 2009. – 74 б.


ISBN 9965-568-94-9

«Мәшһүр – Жүсіп шығармалары тілінің әдеби тілге қатысы» Оқу әдістемелік құралы 05 01 17 – мамандығы: «Қазақ тілі мен әдебиеті» міндетті компонент. САЕ 306 «Қазақ әдеби тілінің тарихы». Таңдап алынған компонент: МZҺ ТМ «М. Ж. Көпеевтің әдеби мұралары» БВ Masһ 3205 – «Мәшһүртану» арналған. Қосымша оқу әдістемелік құралы ретінде бакалаврлар мен магистрлар, мәшһүртанушылар, лингвистер пайдалана алады

ISBN 9965-568-94-9 ББК - 84(5 каз)5

© А.Қ. Тұрышев., 2009

© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2009

Кіріспе
Мәшһүр - Жүсіп Көпеев өзінің артында 30 томдық мол мұрасын қалдырған. Осы мол мұраны игеру ісі шыны керек еліміз Егемендік алуымен тығыз байланысты. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кейбір гуманитарлы факультеттерінде «Мәшһүртану» курсы енгізілді. Ал «Қазақ филология» кафедрасында 2007 жылдан «М - Ж. Көпеевтің әдеби мұрасы» және «Мәшһүртану» таңдап алып оқылатын пәндер қатарынан орын алды. Сондықтан да Мәшһүр – Жүсіп шығармаларын тек қана әдеби тұрғыдан ғана емес тілдік тұрғыдан да оқыту міндеттері алдымызда тұрды. Осы мақсатта жиыны оншақты: монография, әдістемелік құрал, оқу құралдары, бағдарлама қазақ тілі мамандығына байланысты жазылды.

Әсіресе, Мәшһүр - Жүсіп шығармалары тілінің ұлттық әдеби тілге қатысы, тілдік ерекшеліктері зерттелді. Зерттеу нәтижесінде Мәшһүр - Жүсіп шығармасында ескі этномәдени лексиканың тілдік қоры өте мол екендігі анықталды. Ақынның қолжазбаларында, шығармаларында монғол, қалмақ, араб-парсы, орыс тілінен енген тілдік қабаттар да ұшырасады. Мәшһүр - Жүсіп тілінің автономды болмағандығы, ол да өзінің алдындағы Ыбырай түзетуге күш салған, Абай негізін қалаған жаңа жазба әдеби тілге ден қойып, Шәкәріммен бірге қазақ әдеби тілін дамытуға өзіндік үлесін қосты десек артық айтпаймыз.

Әрине, көлемі шағын оқу әдістемелік құралға тұтас бір дәуірдің әдеби тілінің тарихын сыйғызу мүмкін емес. Жазылған деректерді жүйелеп, студенттерге ұғынықты болу үшін анағұрлым ықшамдап беруге тура келді. Көптеген тың деректер әдістеме көлемі көтермейтін болған соң қысқарып, алынып тасталды. Дайындалған осы оқу-әдістемелік құралдың қолжазбасы екіге бөлінгенмен тілдің ішкі талдау заңдылығын, логикалық жүйесін қатал сақтап, бірін – бірі толықтыратындай мағыналық байланысы үзілмеген бір дүние. Үзілсе де тілші мамандар ондай үзілген мағыналық байланысты екінші әдістемеден тауып алып оқи алады. Оқу-әдістемелік құрал Мәшһүр - Жүсіп шығармаларынан алынған нақты мысалдармен толықтырылған. Және де тілдің ұзақ жылғы даму барысында өзгеріске түскен тілдік тұлғалардың да өзіндік ерекшеліктері ашылған. Ыбырай, Абай, Шәкәрім қолданысындағы тілдік ерекшеліктер де салыстырыла зерттелген.

ХVIII – ХIХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі аса бір күрделі даму дәуірлерін бастарынан кешірді. Осы кезеңдердегі қазақтың ұлттық әдеби тілінің дамуына қатысты көптеген зерттеу еңбектер жарық көрді. Сондықтан да қазақ әдеби тілінің даму тенденциясына байланысты өзіміздің көзқарасымызды әр уақытта мерзімді баспасөздерде жазып, арнайы монография арнағандықтан қайталап бұл жайтқа оралмаймыз. Бірінші және екінші оқу әдістемелік құралдың қолжазбасында нақты әдеби тілдің тарихи даму сатысындағы тілдік өзгерістерге ғана тоқталғанды жөн көрдік. Егер де бірінші оқу құралында Мәшһүр - Жүсіп шығармаларындағы - ман, - мен, - бан, - бен, - пан, - пен тұлғалы етістіктердің қолданылуы. I жақ жекеше мәндегі морфологиялық көрсеткіштер, - мыс, - міш (міс//ген мысалы: Төлеміс//Төлеген) формасына дейін жеткендігі тілші ғалымдардың қилы көзқарасы басшылыққа алынып дәлелденген болатын.

Қолдарыңыздағы оқу әдістемелік құралының қолжазбасында алдыңғы кейбір морфологиялық тұлғалардың айталық, «сана» қызметі мен мағынасы жағынан -мыс//мыш, -дүр, -ғана сөздерінің тіл қолданысына ұқсататыны белгілі (Е.Жұбанов) осы тұрғыдан келгенде оқу құралында айтылатын -дүр етістіктің келер шағын білдіретін тұлғасы көне түркі дәуірінен келе жатқан құбылыс екендігі, бірақ та -дүр тұлғасының кейбір мәні мен мағынасы, қызметі алдыңғы оқу құралында бәрібір басқа морфологиялық тұлғаларға қатысты айтылып, талданады, тілшілер мұны жақсы біледі. Сондықтан да, тек қана -дүр тұлғасының жалаң қызметін алдыңғы, соңғы кейбір өзі қатысты тұлғалармен бөліп алып қарастыру өте қиын.

Мінекей, тіл ғылымы осы жағынан да басқа ғылымдардан өзінің ерекшелігімен айқындалады. Тіл аясында сыйып тұрған -дүр//-дұр тұлғасына ұқсас сияқты формалардың тілдің даму сатысында өз қалпынан өзгертпей қолдан-қолға жетуі, сол тілдік тұлғаны көнелік тұлғасын бұзбай қолдану ақын – жыршылардың үлкен шеберлігін қажет еткендігі Мәшһүр – Жүсіп шығармалары тілін зерттегенде анық көрінді. Мысалы, дир, дыр, дюр, дур татар тілінде тыр, тур, дыр, дур тұлғасында қолданылады. Мелиоранский бұл жұрнақтың -тұрған деген сөзден ықшамдалып барып жасалғанын айтады. Сондықтан да бұл - әдістеме көне тілдің барысы туралы шағын ғана мәлімет бере алады.




1 Мәшһүр- Жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктрі
- ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен тұлғалы етістіктердің қолданылуы. I жақ жекеше мәндегі морфологиялық көрсеткіштер М-Ж. Көпеев шығармаларында өте жиі қолданылған тіл ерекшелігі болып табылады. Махамбет, Абай, Ыбырай тілі зерттеулерінде ішін-ара сөз болады. Зерттеушілер -ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен формасын ауыспалы осы (келер) шақтың -ма-й-мын, -ме-й-мін, -ба-й-мын, -бе-й-мін, -па-й-мын, -пе-й-мін болымсыз тұлғасының I-жақ түрінің қысқарған варианты деп көрсетеді.

М.Балақаев: «Болымсыз етістіктің келер шақтық тұлғасының бірі I жақта май-й-мын болуы грамматикалық - норма. Сонымен қатар ол ауытқып -ман түрінде де жұмсалады. Грамматикалық тұлғасының негізгі нормадан өзгеше болып ауытқуы бұл арада заңды: -ман (басқа варианттары да) тұлғасы осындайда -май-мын қосымшалары орнына жұмсалғанда, ерекше стильдік қызмет атқарады: егер бармаймын, айтпаймын жай болымсыздық хабар болса, барман, айтпан деген істі істеуден қайсарлықпен үзілді-кесілді бас тартқандықты білдіреді. Мұны нормадан жөнімен ауытқу деп тауып, сондайды дұрыс қолданған кісілерді қоштап отыру керек» - дейді [1, 58 б.].

А.Ысқақов: «Жазуда да, ауызекі тілде (лебізде) де екінші үлгі бойынша жіктелетіні белгілі өкінбеймін, аямаймын, жібімеймін деген сияқты көсемшенің ауыспалы формасының орнына: өкінбен, аяман, жібімен деген форма қолданылады» [2, 73 б.].

Н.Жүнісов оңтүстік аймақтың тіл ерекшеліктерін зерттеп: «Жіктік жалғауының -мын, -мін түрі зерттеліп отырған говорда кейде -ман, -мен болып фонетикалық өзгеше вариантта қолданылады. Жіктік жалғауының бараман, жатырман, барыппан түрінде қолданылуы қарақалпақ тілінде де бар» - деп көмектес септігінің жалғауы мен жалғаулық шылаудың жергілікті тұрғындар тілінде -ман, -бан, -пан, тұлғасында кездесетінін -мен қосымшасы, -мен жалғаулық шылауы бұл жерде атпан, тұсман, малман т.б. болып жуандатылған тұлғаларда айтылды дейді. Демек, омоним тұлғалы жіктік жалғауынан ажырата білу керек. Р.Сыздықова: «…бірыңғай мәндегі сөйлемдердің етістіктері болымды түріне –ар жұрнақты, болымсызында –ма+н жұрнақты тұлғалармен берілген» - дейді [3, 278 б.].

Ғ. Мұсабаев келер шақ аффиксі болып кеткен жіктеу есімдігін -мын, -мін деп жақтық қосымшаға теліп жүрміз, мұнда осы шақтың көрсеткіші жоқ. Қазақ тілінде осы шақтың тұлғасы жоқ, ол аналитикалық тәсілмен беріледі (отыр, жатыр, тұр, жүр) көмекші етістіктерін атайды. М. Қашқари да осы шақ туралы сөз қозғамайды оның тұсында болмаған дейді. Ауыспалы осы шақ етістіктің түбіріне көсемшенің -а, -е, -й жұрнағы мен жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалатыны белгілі (кел+е+мін, бар+а+мын). Ғ. Мұсабаев көне түркі тілінде бұлай жасалған етістіктерді келер шақтың орнына қолданғанын татар, башқұрт тілдерінде: қил+ә, бұл+а етістіктері келер шақтық мағына береді дейді. Түркі тілінде келер шақ тек қана көсемшелі тұлғалар арқылы жасалатын, сонда ғана келер шақ аффиксін қабылдайтынын орта ғасырда болғанын (Мен кел+е+мін, Сен кел+е+сің) дегендегі -мін, -сін көне түркі жазуларында мен, сен шылау бола бастаған есімдік, орта ғасырда қалыпты шылаудың рөлін атқарғандығын айтады [4, 122-123 б.].

Қ.Жұбанов есімшенің осы шағын атамайды оның орнына тел есімшені (әрі септеледі, әрі жіктеледі) көрсетеді. Көне түркі тілінде -мін, -сін есімдік, тілдің даму үрдісінде мен, сен деп өзгеріп (орта ғасырда) шылауға айналған. Тілшілер мен жалғаулық шылауын (менен) әуелде бірлән формасынан ықшамдалғанын, Осы тұлғалас мен көмектес септігін шылаудан қалыптасқанын айтады. Қ. Жұбанов: «Мен Менен-мелен-меллен-бір+ле+ин. Мұндағы ін бұрын инструментальный (көмектес) падеж болған. Қол ма қол деген күрделі сөздегі ма бұрынғы мен. Йадағын=аяқпен. Жіктеу. Бұл – есімге тура жалғанады, етістікке тура жалғанбайды; демек ол алғашында септікке ұқсап келіп, кейін жік жалғауы болып кетуі мүмкін. Мысалы, келіп=келубан (келіппін); «барған»» [5, 77 б.].

С. Исаев «Көмектес септік жалғауы есімдіктерге тікелей жалғанбай, о баста ілік септік тұлғасының үстіне жалғанған болу керек, қазіргі кезде соның қалдығы сақталған: менімен-меніңмен-мениң білән, бұнымен-буниңмен-буның билән т..б.» сол сияқты көмектес септіктігінің қосымшасы «…тарихи жағынан бірлән-білән-мынан-менен септеулік шылауынан қалыптасқан» - деп, [6, 91 б.] көмектес септік жалғауын омонимдес жалғаулық шылаудан (-мен, -бен, -пен) ажырата білу керектігін, басқа түркі халықтарында бұл септіктің түрі жоқтығын, буын үндестігіне бағынбайтын ерекшеліктерін атап өтеді.

Қ. Молгаждаров: «Көне түркі тіліндегі бірле септеулігі екі категориялық дәрежеде көрінеді деп жүрміз. Біріншісі көмектес септігінің мен/бен/пен қосымшалары қызметінде, екіншісі септеулік шылау бірге тұлғасының мағынасында болмақ» - деп, көмектес септігінің якут, тува тілдерінде бар екендігін, көне түркі ескерткішінде бірле шылауы көмектес септігінің мағынасында емес, бірге шылауының қызметінде жұмсалғанын, көмектес септігінің қосымшалары (мен, пен, бен) кейінгі тілдің даму процесінің жемісі еместігін айтып өтті. Жіктік жалғауы дыбыс заңдылығының әсерінен өзгереді I, 2-жақ жалғауының жекеше, көпше түрі өткен шақ есімшенің қысқарған түріне жалғанады (барға+н+мын (-ған-н=ға) н дыбысы түсіп қалады, керісінше жіктік жалғауы, өткен шақ есімшенің қысқарған түріне өзі қысқарып барып жалғанады (барғанмын//барғам) –ған-н=ға//-мын-ын=м формуласы бойынша түзіледі, -а, -е, -й формалы көсемшеде ықшамдалады (табам, тігем, барам, кіред) жіктік жалғауы екпін қабылдамайды (келемін), жіктік жалғауының жақтық түрінде ерекшеліктер бар т.б.

М.Қашқари: мән ет тоғрағаймән, мән аңар оғрағаймән [7, 140 б.] мән есімдік, -ғай келер шақ қосымшасы, мән жіктік жалғауы, мен-мен (түрікше) ман сөйлеуші жақ орнына қолданылатын сөз деп көрсетеді [7, 327 б.]. Тілдердің даму барысында алдымен есімдік, шылау (жұрнақтан көсемше жұрнағына айналуы мүмкін), септік жалғауы қалыптасқан. Ассимиляция заңдылығына байланысты: -мен, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін (-ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен) көне түркілік жіктік жалғаулары пайда болған.

Етістіктердің бірінші жағы мен, біз тарихи қалыптасуы жағынан есімдікпен тығыз байланысты. Мысалы: -м жалғауының мен есімдігінен жасалғаны сияқты. Осыған орай Қ. Жұбановтың «Оқып дегендегі п әуел баста мен деген көмектес септіктен шыққан. «Мен» - жалғау ғой, сондықтан п қосымшасын да жалғау ретінде қарау керек тәрізді» - деген сөзінің жаны бар.

Ғ. Мұсабаев көсемшенің п жұрнағын тереңірек қарап, өзбек тілінде II жақ жұрнағы б түрінде келетінін, тарихи шығармаларда бон//бан түрінде ұшырайтынын жазады. Көсемшінің арғы төркіні бан (бән), бен, ман (мән), пен деген формадан қысқарғанын «сүләпән» (Күлтегін) сүле түбір, пән көне тұлға, ендеше мен/бен/пен үндестік заңына бағынатыны сондықтан пен дегенді п жұрнағының арғы кезеңі деп қарастырады. Оның о бастағы шыққан төркіні бан есімдігі (барибан-барып, алибан-алып) дейді.

М. Томанов түркі тілдер I жақ қосымшасын үш топқа I топ: -маң, -мең, -мән, -ма, -ме және –мың, -мің, -мұң, -мұн. М дыбысынан басталатын варианттар қыпшақ тобында , б дыбысынан басталатын оғыз тобында кездесетінін айтады. М дыбысынан басталатындар кейде п, б/п дыбысымен алмасып қолданады, н дыбысының түсіп қалуы қарашай-балқарларда ұшырайды, сен есімідігі сіз - ге, біз есімдігі жекеше мәнді білдіретін есімдікке қатыстылығы, II жақ есімдіктердің с дыбысынан басталатынын ал, біз есімдігінің м дыбысынан басталмағанын, б дыбысынан басталатын есімдіктер кейін пайда болғанын көрсетеді [8, 111-113 б.].

Зерттеушілер жіктеу есімдігінің ұқсастығын олардың шығу тегінің бір екендігінен іздейді. Мысалы: О. Бетлинг жіктеу есімдіктерінің көптік тұлғасын жекеше тұлғаларының өзара кірігуінен қалыптасқан деп: (- мін, - сін, - біз, - сін, - сің, сіз), ал Котвич, Мукачи, Банг, Рамстедт – бұлардың көптік тұлғаларының құрамындағы з екілікті (көптікті) білдірген қосымша, алдыңғы бөліктері (мі, сі) – жекеше түрлері, яғни о бастағы сипаты деп қарайды. Бұл авторлар жіктеу есімдіктерінің ең алғашқы сипаты мына тәріздес болған деп түсіндіреді: 1. Ме / н, бі / н, мі / н, се / н, сі / н, е / н, і / н. II ба / н, ма / н, са / н, ан; III. Біз, сіз, із. Ал, А.М. Щербак жіктеу есімдіктері жүйесінің алғашқы сипаты мына тәріздес болған деп қарайды: пән, сән, ын, ан, пи, с, си, с, анлар. М. Томанов түркі тілдеріндегі жақ тұлғаларының -м, (-ң) -н өздерінің алғашқы қалыптасу дәуірінде коллективтіік немесе екілік мән берген болу керектігін [8, 111 б.] айтса, Р.Әміров: «Жақтық мағынаның бірде арнаулы жалғаулар –мын, -мін, -сың, -сің, бірде тәуелдік жалғаулар арқылы білдірілуінің тарихи себебі бар. Жалғаулардың бұл екі түрі де бір төркіннен тараған. Бұлардың төркіні-жіктік есімдіктер (- мен, - мын, - мін, - м, - ым, - ім, - сен, - сың, - сің - ң, - ың, - ің, т.т.) Осы себептен бұл жалғаулар қызметі жағынан селбесіп, қатар келе береді» - дейді [9, 105 б.].

-Мын//-пын дыбысталу жағынан бірінен-бірі алыс жатыр. Бұлар етістіктің түбірімен жымдасу үшін әр түрлі дыбыстық өзгерістерді басынан өткізген. Осыдан келіп жуан, жіңішкелікке байланысты жоғарыдағы варианттары пайда болған. Сөйлеу тілінің әсерінен бұл жіктік жалғауларының толық және ықшамдалған формасы жарыса көрсетілген морфологиялық тұлғаларда М-Ж.Көпеев шығармаларында (ауыз әдебиетінің үлгісінде) қолданыс тапқан.

М-Ж.Көпеев шығармаларындағы жіктік жалғауының жалғануының өз ерекшеліктері бар. Олар: -мын жалғауының дыбысы түспей жалғануының себебі: етістіктің өткен шағынан аулақ болуы; жүр, тұр, отыр, жатыр төрт етістіктен басқаларының түбіріне тікелей жалғанбай, етістіктің көсемше, есімше жұрнақтарынан кейін жалғануы. Есім сөзге жалғану үшін жалғанатын сөз субъектімен тікелей байланысты болуы. Мысалы: Алладан пәрман тілеген (Қыз Жібек), Күн батса ханша пәрман қылып (Зияда-Шахмұрат), Береме дертке дәрмен құдірет керім (Мәлік-Хасан), Жіберді алла бізге пәрман (Мәлік-Хасан), Болған соң не шара бар хақтан фәрман (Әбубәкір Кердері), Болды деп не ғып бұлай ойламаңыз, Шара не, бір құдайдан пәрман болса (Мәшһүр-Жүсіп). Немесе: шорман, арман, думан, ат-тұрман, сайман, дұшман, батпан (салмақ өлшемі), пұшайман (Мәшһүр-Жүсіп). -Ман//-пан тұлғалары көнеленіп жеткен, түбірдің өзіне кіріккен заттық ұғымдағы мағынаны береді.

М-Ж. Көпеев -ман//-мен, -бан//-бен, -пан//-пен қосымшасы өзгелік етіс формасы іс-әрекет, қимылдың тікелей өзіне қатыспай бөгде біреу арқылы жасалуына әсер етеді. Келеді қалай жұтсам, саған шамам, Бастырман аяғыңды жалғыз қадам! (Мәшһүр-Жүсіп). (Бас+тыр+ман) -тыр+ман форманты өзгелік етіс жұрнағымен тіркесіп іс-әрекетке болымсыздық мән береді -тыр жұрнағы қатаң -(с), сонор дыбысына біткен етістіктің түбіріне жалғанады. Шақтық мәні (Мен бас+тыр+ма+й+мын аяғыңды жалғыз қадам) іс-әрекет сөйлеушінің хабарлауынан кейін болады. Яғни, -ман тұлғасы арқылы болашақта болатын қимылды, әрекетті жүзеге асырмау ниеті барлығы аңғарылады.

Р.Сыздықова етістіктің болымдысына -ар жұрнақты, болымсызында -ма+н жұрнақты тұлғаларды жатқызады [3, 278]. Бұндай қолданыс тек қана М-Ж. Көпеевке тән екендігін анықтадық. М-Ж. Көпеев шығармаларында аналитикалық форманттар белгілі бір грамматикалық категорияға қатысты мағынаны білдіретін морфологиялық көрсеткішке ие болады. -Ман болымсыздық тұлғасы -а ал формантымен (аналитикалық етістік) қосылып екі компонентті күрделі етістіктің тіркесінен жасалады. Амал-қимылдың өту үрдісі болымды мағыналы етістік түбіріне болымсыздық мағынаның үстелуі арқылы беріледі. М-Ж. Көпеевте ала алман, бара алман, алып қала алман етістікті тіркесте алман) етістігі көсемшенің -а жұрнағымен жалғасып тұр (ал+май+мын) (-ма-й) көсемше тұлғалы болымсыз мәндегі ауыспалы осы шақтық үлгіде жасалғанымен іс-әрекет, қимыл әлі іске аспағандығын көрсетеді. Амал-қимылдың өтпеу үрдісіне қосымша болмау мағынасы үстеледі. Іс-әрекеттің иесі амал-әрекетті өзіне бағыштайды. Бұл мысалдарда лексикалық мағыналары басқа-басқа болғанымен, семантикалық реңктері бірдей болымсыздық мағына білдіреді. Кешегі кетіп қалды-ау күнім өтіп, Айырып ала алман қуып жетіп (Мәшһүр-Жүсіп), Кешегі кетіп қалды-ау күнім өтіп, Айырып алып қала алман, қуып жетіп (Мәшһүр-Жүсіп).

М-Ж. Көпеев жинаған ауыз әдебиеті үлгісінде де Ақылыңды ала алман, Елге қайтып бара алман жиі ұшырасады. Сол сияқты көрмен, жағаламан сөздері көмекші есімдермен бетін, шетін тіркесіп келеді, атаушы көмекшілер өздері тіркесетін атаушы сөздерге қосымша лексика-грамматикалақ мағына үстейді, бұл күрделі (аналитикалық) формалардың құрамындағы көмекші сөздерде бірдей емес, олар семантикалық жағынан да, түрленуі жағынан да, қызметі жағынан да зат есімдерге ұқсас болуымен қатар, үнемі сол есімдермен тіркесіп жұмсалады беті, шеті сөздері лексикалық мағынасы тек солғындаған көмекші есімдер. Қарпықта Құлымбеттің көрмен бетін, Нұраның жағаламан енді шетін (Мәшһүр-Жүсіп).

-Ла//-ле жұрнағы өзі жалғанатын етістік түбіріне амалдың үсті-үстіне еселеніп, жиілеу сипатын білдіретін реңк қосатыны белгілі, ал, М-Ж. Көпеев зат есімді сөзге -ла қосымшасын жалғап жаға+ла+ман вербалдану үрдісі арқылы болымсыздық мағынаны беретін етістік жасайды. Ауыспалы осы шақтың болымсыз тұлғасының (-й жұрнақты көсемшенің жіктелген түрі мен қысқартылған варианты) -ман, -бан, -мон, -пан (фонетикалық түрі) М-Ж. Көпеев шығармасында актив жұмсалған. Байлардан қылман дәме құнан, тайдай, Біледі бұл Орта жүз біздің жайды (Мәшһүр-Жүсіп); -Мені бұған қаратам десе құдай, Өлер майын ұсынбан!-депті (Мәшһүр-Жүсіп); «Ойқымон» анасат!-деп, аят келген, Намаздың парыздығын ғалам білген (Мәшһүр-Жүсіп); Жүгіріп пайғамбарға Біләл келді, Пайғамбар: -Бара алман!-деп жауап берді (Мәшһүр-Жүсіп); Ей Ғалы, мен сескеніп сенен қорықпан, Пайғамбар «Ұр» деп өзі рұқсат берген (Мәшһүр-Жүсіп); Кітаптан көргенімді айтпан теріс, Құдіреттің қылған ісі тіпті келіс (Мәшһүр-Жүсіп).

М-Ж. Көпеев -ман ықшамдалған жіктік формасын де етістігінен өрбитін дейді көсемшелі формасымен тіркестіріп, төл сөзді автор сөзімен ұштастырады, төл сөздің интонациясы, синтаксисі мен өзіне тән сөздері толық сақталады, де көмекшісі автор сөзінің құрамына енеді де етістігі ауыспалы келер шақ формасында жіктеліп тұрады (де+й+ді) бұған -ман өз тұлғасы да, дейді көмекші етістігі қосымша мағына үстейді, оның жетекші жәрдемі арқылы айтылар ойды жалғастырады. Автор сөзінің құрамындағы дейді төл сөзді болар іс-амал әрекеттен сақтандырады, амалдың жүзеге аспауына дәнекер болады.

Жоғарыдағы мысалдан дейді көмекші етістігі мен қатар -ман деп тұлғалы көсемше формасы М-Ж. Көпеев шығармасында жиі қолданылады. -Күнәні біле тұра қылман!-дейді, -Сенімен бір түн ойын-қызық үшін, Қараны ақ жүзіме салман!-дейді; -Бірігіп сеніменен жатпан!-дейді, -Қорқамын жаратқыш хақтан!-дейді, -Ойнаған аз ғана күн қызық үшін, Ақыретті жалғанға сатпан!-дейді (Мәшһүр-Жүсіп). М-Ж. Көпеевте дыбыстық өзгеріске ұшыраған -мон тұлғасы туралы М. Томанов зерттеушілердің пікіріне орай «Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде нимә, мемә, неме, нима, ниме есімдіктері айтылады. Зерттеушілер бұлардың қайсысы. Алдыңғы не сұрау есімдігі де, ме чуваш тілдеріндегі -мон сөзінің (не мәніндегі) қысқарған варианты болу керек деп есептейді» [8, 133 б.]. Түркі тілдерінде есімдіктердің әртүрлі дыбысталатынын якутта: мін, эн, кіні, біһігі, эһігі; чуваш. әбі (эп), эзі (эс), выл (ву, у, ул) эбір (эбі-ір, ібір), эзір, (эз-ір, і-бір) візім (узім) т.б. ескерсек –мон расында д а о баста жіктеу есімдігінің ең алғашқы сипатынан 1. мо/н қалыптысқанын байқауға болады.

Қ.Жұбанов -бан алғашында септікке ұқсап, кейін жіктік жалғауы болып келуі мүмкін дегенді айтады Мысалы, келіп=келубан (келіппін) [5, 77 б.]. С. Исаев есімдіктердің ауыспалы осы (келер) шақ -ма (ба, -па)-й -мын, -ме (бе, -пе) -й-мін тұлғасынан емес, есімшеден болған болжалды келер шақтың –ма-с-пын, -ме-с-пін, -бе-с-пін, -па-с-пын, -пе-с-пін деген болымсыз тұлғасынан ықшамдалып қалыптасқанын [6, 128 б.];

Р. Сыздықова -ар жұрнақты есімшенің болымсыз түрі (-ма+с) I жақ жекеше түрде жіктелгенде, отырмаспын, тұрмаспын деген толық тұлғалардың орнына отырман, тұрман тәрізді ықшам варианттарының қолданылуы-қазіргі көптеген түркі тілдерінде жоқ норма - дейді [3, 277 б.]. С. Исаев - ман, - мен, - бан, - бен, - пан, - пен формасының келер шақ есімше тұлғасынан ықшамдалғанын - е көмекші етістігінің қолданылуынан да (емен), яғни – емес - пін бар да – е мей - мін деген жоқ екендігі де, дәлелдеп тұрғандығын айтады [6, 128 б.].



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет