-Дүр мен -дұр тұлғасы да ауыз әдебиетінен жеткен көне құбылыс. Бұл жөнінде профессорлар: (Р.Сыздықова. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы. 1993, 247 б; С.Исаев. Қазақ әдеби тілінің тарихы. Алматы. 1996, 142 б.) айтып өтті. Жалпы -дүр тұлғасы жөнінде кейінгі еңбекте кеңінен сөз болады. Мына, ауыз әбиетінен алынған мысалда:
Едіге деген ер дүрмін,
Үзілмес жібек кендірмін.
Немесе,
Еменнен шоқпар шекесіне,
Шық еткізетұғын мен дүрмін...
М-Ж. Көпеевтің бұл жазбасында -дүр тұлғасы етістіктермен ғана емес, есімді сөздерімен тіркеседі де мін жіктік жалғауы түбір сөзге тікелей жалғанады. Оның үстіне -дүр тұлғасы жағынан заттық мағынада жұмсалып тұрғанмен, сын есімнің қызметін атқарады. І жақтағы жіктік жалғауын қабылдайды. -Дүр тұлғасы түрлі морфологиялық ыңғайда жұмсалады. Құйқылжымалы -тұн мен –тынның толық түрі -тұғын формасы кездеседі.
-Дүр тұлғасының варианты -дұр да кездеседі. Мысалы:
Мынау қалай айуан – дұр деп айтты,
Белдеу ұстап, жағалай жүр деп айтты...
М-Ж. Көпеев жинап терген ауыз әдебиетінің нұсқасында: сөлкет (сөлекет), пәлен-пәстуан, бүрсүгін /і/ ат шаппаса, масұт (мақсат), милләтте, ғаріптердің, ғазилігі, әбдіре (сандық) (диалекті), ғибрат, ғазап, хожаңа, дабысына, ійінін (протезалық құбылыс), сауқым салса (зауқым дейміз), Аплатондай (Плотон), алдияр (қалмақ сөзі), ханзаданың, ұжмақтың (жұмақ) (протезалық құбылыс), ақ батса (патша) б/п дыбыстарының сәйкестігі, жандарал (генерал), сенат, есітіп (эпентезалық құбылыс), лағарға (лағып), әуліктірдің (желіктірдің), ұсап (ұқсап) -қ дыбысының процесін көрсетеді, кеп (келіп), пұрсат (мұрсат), орыс отаршылдығымен келген сөздер: (дуанбасы) сол уақыттың ығымен жасалған сөз, қазір елбасы деген сөздің жасалуына түрткі болды, аға сұлтан, софыалдияр (діни арап сөзімен, қалмақ сөзінің бірігуінің нәтижесінде пайда болған), Кептиектің (бір іс түскенді білдірсе керек), «мұңлы», «зарлы» сөздері -лы, -лық, -лік тұлғасының қысқарған түрі, ұдай /ы/ той ауыз әдебиетіне байланысты ықшамдалу, екі сыңары да түсініксіз қос сөздер: ұйқы-тұйқы, жиқы-қиқы, миқы-тиқы т.б. сөздер жиынтығы іздесе табылады. Бұл теріліп алынған мысалдар уақыт табы жоя алмаған сөздер. Өздерінің көне лексикалық, морфологиялық, грамматикалық тұлғаларын сақтап бізге жеткен. М-Ж. Көпеев ауыз әдебиетін жинаушы ғана емес, жанама түрде болсын сол жинаған дүниелердің авторы да болып табылады. Демек, М-Ж. Көпеев ауыз әдебиетінен сусындап, ауызша дамыған әдеби тілді де меңгерген, соның жұрнақтарын бойына жұқтыра отырып, өз шығармаларына арқау еткен. Ауызекі сөйлеу тілінің өз ерекшеліктері бар екендігі жоғарғы мысалдардан көрінді. МЖ. Көпеев бір жағы ауыз әдебиетінің тілін қаймағын бұзбай тілдік жадығат, тілдік материал ретінде бізге тасып әкелді. Ауыз әдебиетін жинау арқылы М-Ж. Көпеев сол кезең дәуіріндегі тіл құбылысын да алдымызға әкелгенімен құнды болып табылады.
Қорыта келгенде, М-Ж. Көпеев ауыз әдебиетінен де, ортағасырлық түрік әдебиетінен де, ақын-жырау, би шешендерден де үлгі ала отырып, өз шығармаларын жазған. М-Ж. Көпеевтің тіл ерекшелігін сөз қылғанда Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин шығармаларымен тығыз байланыста қарастырған жөн деп ойлаймыз. Кейбір тіл элементтері Абай Құнанбаевтың да тілімен ұқсас келіп жататынын айта кеткен дұрыс дейміз. Әрине, өлең түзуде, қазақ тілінде бар сөздерді абайша түрлендіре, Абай өзінен кейінгі ақын-жазушылардың көбіне үлгі бола алады. Сол сияқты М-Ж. Көпеев те Абай салған сара жолмен жүрді. Абай Құнанбаевтан үйрене отырып, М-Ж. Көпеев өз мектебін құрды. М-Ж. Көпеевтің стилі, жазу мәнері Ахмет Яассауи мәнеріне Шығыс үлгісіне иек артты. Қиссалары, дастандары назира үлгісінде жазылып, қазақ ішіндегі жай-күйімен Алла алдындағы сенім, Мұхаммет пайғамбардың ілімімен, наным сенімімен тиянақталып отырды. Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин қазақ елін тығырықтан, қараңғылықтан алып шығудың жолы орыс мәдениеті арқылы, ғылымы, білімі екендігін айтып өтті. МЖ. Көпеев расы керек қарапайым орыс халқымен араласа білді, Баян елінен қашық емес, орыс жеріне барып білімін де көтереді, орысша өте сауатты болды. Бірақ, ғылым мен адамияттық, имандылық пен парасаттылық мұсылман діні арқылы келетінін, қазақ елін де, жерін де өзінің туысқан қаны болып табылатын мұсылмандар елінен ажыратуға өте-мөте қарсы болды. М-Ж. Көпеев 1905 жылғы орыс революциясынан кейін-ақ (қанды жексенбіні) естіп біліп, патша отаршылдарынан жаны түршікті. Бостандықты ерте жырлады. Сол уақыттағы ішкі, сыртқы саясаттан жақсы хабардар болып отырған М-Ж. Көпеев қазақтың сол кездегі зиялы өкілдерімен тығыз байланыста болған.
Абай Құнанбаев та, Ыбырай Алтынсарин да мұсылман дініне сенді. Заман ағысына байланысты Абайды да, Ыбырайды да тым орысшыл қылып жіберді. Саясаттың құрбаны болған ақын-жыршыларымыз, ел ішіндегі құйма құлақтарымыз миллиондап есептеледі. Қазақ елін бірден-бір отарлап, өздеріне бағындыру ол дегеніміз, қазақтың бетке ұстар беделділерін орыс империясының сойылын соғу үшін жергілікті жердің халқының өкілін өз аузы арқылы сөйлету, сөйтіп халық арасында саяси бедел жинау еді. Әйтпесе, ХІХ ғасырда қазақтың жазба әдеби тілдің бір-екі адам ғана негізін салды дегенге кім сенеді. Қазақ елі бөліне отырып бірікті. Қазақ елінің структурасы молекулалардың ығы-жығы бөлініп, бірігіп жатқан структурасымен бірден-бір кем емес. Қазақ тілі де сол структураның ішінде бөлінбес, ажырамас құрам ретінде өсіп, дамып жатты. Ел ішіндегі әнші-күйшілер, ертегішілер, дастаншылар, абыздар, шайырлар, бақсылар, дәруіштер, жарапазаншылар, диуаналар, сал-серілер, би-шешендер, ақын-жыраулар, абыздар, кейіннен молдалар мен сопылар, қожалар т.б. толып жатқан, тіпті далада қой жайып жүрген қойшылар күндіз күнге, түнде ай мен жұлдыздарға қарап, шексіз әлемді ой түйсігімен оқып, соған барып-келіп отырған, қиял жетегінде кетіп неше түрлі қиял-ғажайып ертектер тудырып, адам баласын болашаққа жетелеп отырған. Ойы ұшқыр, қиялы терең әр түрік баласы, бертін қазақ жұрты құлағы түрік, көкірегі ояу «сөзді» құдай деп есептеген, құдайдың өзін сөз арқылы тапқан. Бұл аталғандардың бәрі-қазақ әдеби тілін тасушы деп атаған. Қазақтың ауыз әдебиетінің «әдеби тілі» жоқ дегенге келісу өте қиын. Ол кездегі ата-бабамыз қазіргі біз құсап қара сөзді созып тұрмаған, әр сөзін қара өлең күйінде өлеңдетіп сөйлеген, естуге әуен мен ән, жаттауға «жады» қатты қызмет еткен. М-Ж. Көпеев сондай адам болған. Бұқарды көмейі бүлкілдеп төгіп сөйлейді екен деп отырып, өзі де солайым болған. Оның алдындағы Исабек ишан, Шонтыбай қажы, Ізбас қажы т.б. қазақтың басқа жерін айтпағанның өзінде бір ғана Баянның жерінде қаншама білгір қажылар, имандар, билер болған. Әрісі Саққұлақ шешен, берісі Шоң би дала кемесі болған, әдеби тілдің ауызша тасушысы, бізге жеткізуші адамдар болған. Бұлар ішкі халықтың сөзін реттеп отырған, сөздің бұзылуына жол бермеген. Кейіннен оқығандар, шағатайшылап, өзбекшілеп, татаршылап кеткенде ел ішіндегі сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар түзеп отырған, шұбар-ала тіл, сөз, қалың ел ішіне кірмеген, қағаз жүзінде қалып қойған. Жалпы, оңынан солына, батысынан-шығысына кезіп, көшіп, жайлауы бір елден қыр асып қонып отырғанда диалекті деген ұғым жат болған. Диалекті көрші елдің аралас-құралас негізінде туған. Не кірме сөздер өлмей сақталып, қазақыланып кеткен. Ол уақытта қазақтар диалектінің не екендігін білмеген. Сөйтіп, қазақ әдеби тілі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, даналар арқылы келіп жеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |