ӘЙТЕКЕ БИ
Әдебиет, өнер тарихында рухани таза болмысымен, турашылдығымен, даналығымен, күйлі-қуатты әрі сымбатты сөздерімен аты аңызға айналған ақыл- ой алыптарының бірі- Алшын Әйтеке би. Ол ұлтының біртұтастығын сақтаған, мемлекеттің іргетасын көркейте қалаған, елінің есендігі мен еңсесі биік болуы үшін қайраткерлік, санаткерлік, мәмлегерлік, батырлық, шешендік өнерінің күш-қуатын мейлінше сарқа пайдаланған текті тұлға.
Әйтеке би Нұрата тауының Бұқарға қарай созылған Қызбибі тауының сілемінде 1644 жылы өмірге келген. Бұқар мен Самарқан медреселерінде араб - парсы тілдерін үйренген.
Ел аузында «Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады» деген ұлағатты сөз бар. Әділ сөйлеу, ойды шегелеп, нақты жарып айту батырлық пен батылдықтан, даналық пен білімпаздықтан туады.
* * *
Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария,
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек,
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған пәлеге жолығады,
Жол қуған олжаға жолығады.
* * *
Бүркіт бол, заманыңыз түлкі болса,
Бай болар кедей жігіт мүлкі болса.
Жақсылардың белгісі сол емес пе,
Қара қылды қақ жарған әділ болса
* * *
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Тамыры суда болса да,
Уақтысы жеткенде,
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл,
Панасы жоқ, тұрақ жоқ.
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен де сол қиын,
Түнде жанған шырақ жоқ,
Артта қалған тұяқ жоқ,
Шүкіршілік етіңіз.
XVІІІ ғасырдың басында (1723 ж.) «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында жоңғар басқыншыларынан елін арашалап алып қалған, иісі қазақты топтастырып басын біріктіре білген аузы дуалы үш би – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің орны бір төбе. Астарлап сөйлеп, тілдесудің бір үлгісін мына жайдан түсінуге болады. Келген бір елшінің ұсынысын естіген соң, үш би өзара астарласып сөйлесіпті. Бірінші би: «Мына көлдің алар ма еді қазын атып?» - десе, екінші би: «Оғың босқа кетпесін жазым атып» - депті. Сонда үшінші би тұрып: «Құтылмастай бәлеге қап жүрмейік, Суға келген перінің қызын атып», - деген екен. Үш би мәмлеге келіп, елшіні өлтіріп, жағдайды шиеленістірудің қажеті жоқ екенін өзара түсінісіп, елшіні жолға салған екен.
Төбе басында отырып, дүйім елді аузына қаратқан шешендердің шешендік сөз өнері шетелдіктерді де таң қалдырған екен.
Орынды сөзге тоқтау атам қазақтың адамдық салты еді. Бұндай жағдайда «Тура биде – туған жоқ» деп айтылады.
*********************************************************
Достарыңызбен бөлісу: |