Мұғауина М. О «Іскери-шешендік тіл дамыту» мәтіндер жинағы Атырау, 2014 Атырау облысы әкімі аппаратының Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру және тілдерді оқыту өңірлік орталығының кеңесінде баспаға ұсынылды



бет4/14
Дата25.12.2016
өлшемі1,86 Mb.
#5263
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

АҚЫЛДЫ ДЕП КІМДІ АЙТАМЫЗ?

Бір мәжілісте бас қосып сөйлесіп отырғанда, Шоң биге Мұса мырза:

Ақ сауыт деп нені айтамыз,

Арғымақ деп нені айтамыз?

Ақылды деп кімді айтамыз?

Ер жігіт деп кімді айтамыз? –деп сұрақ қойыпты.

Бұған Шоң:

Ақ сауыт деп айтамыз,

Атқанда оқ өтпесе.

Арғымақ деп айтамыз,

Желгенде жылқы жетпесе.

Ақылды деп айтамыз,

Тозған елді септесе.

Ер жігіт деп айтамыз,

Жауға тастап кетпесе! – депті.

************************************************************



Тапсырма. Мәтінге қатысты тірек сөздерді жазыңыз.
Түсіндірме сөздік

Ақ сауыт – көне темір сымнан тор көз етіп тоқылған батырлар киетін киім;

Арғымақ – асылтұқымды сымбатты жылқы;

Ақылды – сана-сезімі жоғары, білімді, есті;

Ер жігіт – ер мінезді азамат;

Жау – 1. Бір елге шабуыл жасаушы, шапқыншы, дұшпан;

2. Өштескен, қастасқан адам, дұшпан.


ҚАЗЫБЕК ПЕН БҰХАР
Бұхар жыраудың өте қартайған кезінде көңілін сұрамақ болып,

Қаз дауысты Қазыбек би келеді.

Төсекте жатқан Бұхар жырау:

– Бірден оңға дейін санның мағынасын маған ешкім айтып бере алмады, Қазыбек, сен айтып берші, - деген екен.

Сонда Қазыбектің берген жауабы:

Бір дегеніңіз – бірлігі кеткен ел жаман,

Екі дегеніңіз – егесіп өткен ел жаман,

Үш дегеніңіз – үш бұтақты шідерден шошыған ат жаман,

Төрт дегеніңіз – төскейге шыға алмаған кәрілік жаман,

Бес дегеніңіз – білікті адамнан белгілі бала тумаған жаман,

Алты дегеніңіз – аймағын билей алмаған адам жаман,

Жеті дегеніңіз – жетем деген мақсатына жете алмаған жаман,

Сегіз дегеніңіз – бастаған серкесіз қой жаман,

Тоғыз дегеніңіз – толғанғаныңыз,

Он дегеніңіз – өткеніңіз, о дүниеге жеткеніңіз.

*************************************************************



Тапсырма. Мәтінді: а) ауызша әңгімелеңіз; ә) Қазыбек би туралы не айта аласыз? б) Бұхар жырау кімнің кеңесшісі болғанын тарихтан білесіз бе?
Түсіндірме сөздік

Аймақ – 1. Өлке, атырап; 2. Төңірек, маңай, айнала;

Бірлік – ынтымақтық, ауызбірлік, татулық;

Егес – талас- тартыс, тайталас;

Егесті – дау-дамайлы, бәсекелі;

Шідер – аттың алдыңғы екі аяғы мен артқы бір аяғын қосып салынатын тұсау. Шідер салды – еркіне жібермеді;

Төскей – таудың қия беткейі, биіктеу баурай;

О дүние – діни адам өлгеннен кейін де тіршілік етеді-мыс дейтін ұғым, ақиреттік ұғым.

БАЙДАЛЫНЫҢ ШОРМАНҒА АЙТҚАН ТӨРТ НАҚЫЛЫ
Шорман 90 жастағы Байдалы биге салем беріп, «үлгілі сөз естиін» деп бала жігіт күнінде барған екен. Би: «О, кәрілік, мен саған не жаздым!» дей беріпті. Қонағы бір қонып ауылына қайтқалы жатқанда Байдалы қарт бала Шорманға: «Не алып қайттың?» - депті.

- «Ойхой, кәрілік, мен саған не жаздым» дегеннен басқа ештеңе естігенім жоқ, - депті Шорман. Сонда Байдалы Шорманға: - Сөздің анасы сенде еді, баласы менде еді, өзің бастамаған соң мен не айтайын, ана таппаса, бала тумақшы емес. Әдейі ат арытып келдің гой, төрт ауыз сөз айтайын, соны алып қайт, - деп, Байдалы: - Алыста не алыс? Жақында не жақын? Тәттіде не тәтті? Ащыда не ащы? – депті.

- Алыста – жер мен көктің арасы алыс. Жақында – ерлі – зайыпты кісінің арасы жақын. Тәттіде – сол қатыннан туған бала тәтті. Ащыда – сол бала қаза тапса сол ащы, - дейді Шорман.

- Бір айтуға бұ да жарайды, бірақ анығы бұлай емес. Жер мен көктің алыстығы жоқ, көзге көрінеді. Ерлі – зайыптының жақындығы жоқ, талай қатын мен еркектің араздасып келгенін көріп, айырып жібердім. Жақын болса біреуінен біреуі айырылар ма еді? Бала да тәтті емес, айтуға ғана. Әкесімен араздасып келіп, баласын әкесінен айырып әкеткенді де көрдім. Ондай баладан айырылғанның ащылығы жоқ. Төрт сөздің шешілуі мынау:

Алыста – білімді мен наданның арасы алыс.

Жақында – өлім жақын.

Тәттіде – жан тәтті.

Ащыда – жаннан айырылу ащы

«Алтын берген дос емес, ақыл берген дос» деп бұрынғылар осындай сөзді айтқан екен.

************************************************************



Тапсырма. Мәтінге сүйене отырып, түсінгеніңді баянда.
Түсіндірме сөздік

Ащы – 1. Сортаңды, тұзды жер және соған өскен шөп; 2.а) тұзы күшті, тұзы көп; ә) дәмі ауызды қуыратын, жағымсыз; б) құлаққа жағымсыз, жанға жайсыз; 3. Жусан, ермен тәрізді дәмі ащы шөп;

Алыс – 1. Арпалыс, талас-тартыс; 2. а) қашық, ұзақ; ә) ауысп. Атасы басқа, бөтен, бөгде;

Үлгілі – тәртіпті, тәрбиелі, өнегелі;

Кәрілік – жасы ұлғайғандық, қартайғандық;

Жақын – а) арасы алыс емес, таяу; ә) ағайын-туған, туысқан; б) ауысп. Көңілдес, ашына, тамыр;

Тәтті – а) дәмі қант, бал сияқты жағымды тіл үйіретін; ә) бал, қант, кәмпит; б) ауысп. Артық, қымбат, жақын; в) ауысп. Жанға жайлы, ұнамды;

Жер – 1. күнді айнала қозғалатын Күннен кейінгі үшінші планета; 2. Жер қаты, қабаты, құрлық, топырақ; 3. белгілі бір ел, мемлекет; 4. біреудің пайдалануындағы, қарамағындағы аумақ; 5. мекен-жай, орын; 6. ауысп. Ел-жұрт, өмір сүрген орта; 7. мезет, кез, уақыт, мезгіл, орын, тұс;

Көк – 1. Түпсіз тұңғиық аспан әлемі, әуе; 2. Киіз үйдің керегесін т.б. көктейтін түйенің терісінен істелген таспа, қайыс; 3. а) заттың көгілдір аспан тәрізді түсі; ә) көгеріп шыққан өсімдік, өскен шөп; б) жеміс-жидек, көкөніс;

Ерлі-зайыпты – неке заңымен тұрмыс құрған жұбайлар.
СҮЙІНБАЙ АРОНҰЛЫ
Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай,

Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай,

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,

Көреді бәрін де өз баласындай.

Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады

Қыранның қырдан байқар баласындай.

Жаман парқы жақсымен бірдей емес,

Жақсы жігіт елінің ағасындай,

Жақсының сөзін әркім пайдаланар,

Миуалы алма, өріктің ағашындай.

Жаманның көкірегі – көр, көзі – соқыр,

Жүрер жолдан адасып-ай.

Жақсы адам қайсы жерден ажырайды,

Жақсымын деп бәрі жүр таласып-ай

Жамандар – өтірікші, өсегі көп,

Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.

Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,

Жанбай қалған ағаштың шаласындай.

Соқтығып әркімге бір ұрынады.,

Сиырдың тентек болған танасындай,

Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,

Жылқының қотыр болған аласындай.

Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,

Жұғымды болар елдің еркесіндей.

Жақсының жүзі – жылы, сөзі – майда,

Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.

Жақсы болар баланың – жүзі жақсы,

Наубайдың күймей піскен бөлкесіндей.

Жақсыға үлкен – кіші – бәрі жақсы,

Жасынан бірге өскен еркесіндей.

Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,

Жаман адам балтаның ұңғысындай.

«Олақтан салақ жаман» деген мақал,

Жамандар кеудесі – үлкен, сөзі – кесек,

Ақылы ауыс адамның жындысындай.

Екеуін салыстырып әдейі айттым,

Қажетін қолданарсың тұрмысыңа – ай.

*************************************************************



Тапсырма. 1. Өлеңді оқып, мазмұнын түсініңіз; 2. Осы өлеңге байланысты өз ойыңызды мына сөзді тірек етіп алыңызда, айтыңыз; 3. Жақсы жігіт, жақсы әйел, жаман парқы тапсырма бойынша сурет.
Түсіндірме сөздік
Ауыс – 1. Орын өзгерту, алмасу; 2. Бір қызметтен екінші бір қызметке көшу; 3.Бір мәселеден екінші мәселеге көшу; 4. ауысп. Біреуден-біреуге тарау; 5.ауысп. Ақылынан алжасу, жындану;

Жақсы – 1. жаман емес, оңды, тәуір; 2. ақылды, тәрбиелі, саналы, адамгершілік қасиеті мол; 3. ауылдың белді, беделді азаматы; 4. иә, қош, мақұл деген сөздің орнына жүреді;

Жаман – 1. сапасы төмен, жақсы емес, әсіре нашар; 2. жағымсыз, ұнамсыз, кейіпсіз; 3. өте, қатты; 4. ауысп. Сәби, нәресте, бала;

Миуалы – миуасы бар, жемісті;

Парқы – 1. бір нәрсенің екінші нәрседен айырмасы, айырмашылық, ерекшелік; 2. бір нәрсенің қадір-қасиеті, мән-жайы, жай-жапсары; 3. белгілі бір істің байыбы, пайымы;

Өтірікші – үнемі өтірік айтатын адам, алдампаз;

Өсек – біреуді сыртынан даттап, кінәлап айтқан жалған сөз;

Олақ – 1. Іске икемі жоқ, ебедейсіз, епсіз; 2. Малға (қойға) құлақтың ұшының алдыңғы жағынан орай кесіп алып салынатын ен;

Салақ – шаруаға ыңғайы жоқ қырсыз, ұқыпсыз;

Шала – 1. Отынның толық жанып бітпеген калдығы; 2. Толық емес, пісіп жетілмеген, шикі;

Көр – 1. Қайтыс болған адамды жерлеу үшін қазылған жер, қабір; 2. а)Суқараңғы, соқыр; ә) ауысп. Түйсіксіз, надан; 3. а) қарау, көз салып байқау; ә)кездесу, жолығу; б) ауысп. бір нәрсені бастан кешу, білу; в) айыптау, жазғыру, кінәлау; г) балау, санау, білу, тану; ғ) қосымша мағына үстейтін көмекші етістік;

Соқыр – 1. көру мүшесінен айырылған, жанары жоқ; 2. ауысп. Ештеңені білмейтін надан, топас;

Көкірек – 1. омырау тұс, кеуде; 2. көңіл, көкей, ой-сана; 3. менмен, тәкаппар, өркеуде.

ҚАЗАҚ – ҚОНАҚЖАЙ ХАЛЫҚ
Қазақ халқы – ертеден қонақ десе ішкен асын жерге қоятын халық. Үй иесі бұрын танысын, танымасын «Құдайы қонақпын» десе болды, жылы шыраймен қарсы алып отырған. Жол жүріп келе жатқан жолаушы «Бөлінбеген еншім бар» деп, жолшыбай ауылдың кез келген үйіне түсіп, қонақ бола берген. Оның үстіне қазақта «Қырықтың бірі қыдыр», «Қонақты қусаң – құт, ырыс қашады», «Қонақпен бірге құт, ырыс келеді» деген мәтелдер бар. Сөйтіп, бөлінбейтін еншіге қиянат жасауға болмайды. Бір қызығы, алты аласы, бес бересі болмаса да, қонақ үй иесі тойдырмаса, күтпесе, аттана бере жамандап кететін болған. Сондықтан халқымыз қонақты қарсы алу, шығарып салуға ерекше мән берген.

Қонақты үй иесі қарсы алып, есікті өзі ашып, үйге енгізіп, соңынан өзі кіріп, есікті жабады. Бұл – қонақпен еріп келген «құт», «ырыс» бірге кірсін дегені. Ал қонақты шығарып саларда, есікті қонақтарға аштырып, соңынан өзі жауып шығатын болған. Осы күнгідей қонақтарға есікті ашып, іштен жауып алу деген болмаған.

Қазақ халқы қонақтарды «Арнайы қонақ», «құдайы қонақ» (жолаушылап келе жатып түстеніп, не бір күн түнеп шығатын қонақ), «қыдырма қонақ» (алыстағы ағайын, туған- туысқандарын арнайы іздеп келіп, бір немесе бірнеше күн олардың сый- құрметін көріп қайтатын қонақ), «қылғыма қонақ» (қай үйден түтін шықса, қай үйге қонақ келсе, соны аңдып жүріп келе қалатын сүйкімсіз қонақ) деп бөлген.

Келген қонақтармен жөн сұрасқаннан кейін, үй иесі қонағына ең жақсы тамақтарын беріп, риза етуге тырысады. Ең алдымен қонақтарға сусын (қымыз, шұбат және басқа) беріледі. Содан кейін шай ішіледі. Шайды дәмділеп құю, қонақтарға сонымен сый-сияпат көрсету сол үйдегі әйелдер мен бойжеткен қызға үлкен сын болған. Шайды дәмділеп құйып бере алмаған бойжеткен қыз тәрбиесіз саналып, әңгімеге ұшыраған.

Шай ішілген соң, асқа дейін қонақтардың көңілді отыруына, яғни олардың бабын табуға үй иесі бар жағдайды жасайды. Ол үшін үй иесі әңгіме – дүкен құрып, қонақпен бірге отырады. Реті келсе, ауылдағы әнші, күйшілерді шақыртып, әңгіме арасында қонақтардың көңілін көтереді.

Үй иесінің балалары да аяқтарынан тік тұрып қонақтарға қызмет көрсетеді. Қонақ күту – халқымыздың ең жауапты ісі.

*************************************************************

Тапсырма. 1.Мәтінді оқып, мазмұнын баянда;

2. Қазақ халқының қонақжайлығы туралы әңгімеле.



Түсіндірме сөздік

Бойжеткен – кәмелетке толған, ержеткен қыз;

Құт – береке, байлық;

Ырыс – 1. мол байлық, береке; 2. бақ, талай, несібе

Қонақ – 1. а) Жолаушылап келе жатып, үйге түскен адам; ә) Сый-сияпат көрсету үшін үйге, елге арнайы шақырылған адам; 2. бот – дәні тары тәрізді, бір жылдық шөптесін өсімдік

Құрмет – қадір, қастер, сый;

Сый-сияпат – 1. құрметтеген адамға берілетін тарту-таралғы; 2. біреуге көрсетілген зор қошемет, қадір-құрмет.

Бабы – 1. күтім, жай-күй; 2. Аспай-саспай, бипаздап, нәшініне келтірушілік; 3.ауысп. Шаруа реті, іс жағдайы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет