Мұханбетжанова Ә. Молдағалиев Б. Ерниязов О



бет3/5
Дата13.12.2016
өлшемі1,5 Mb.
#3789
1   2   3   4   5

Бақылау сұрақтары

    1. Білім және оның мазмұны туралы түсінік бер.

    2. Білім мазмұнының көздерін ата.

    3. Білім мазмұнына қойылатын жалпы талаптарды көрсет.

    4. Оқу жоспары дегеніміз не?

    5. Оқу бағдарламасы дегеніміз не?

    6. Оқулық дегеніміз не?

    7. Оқу құралы дегеніміз не?

    8. Оқулыққа қойылатын талаптарды ата.

    9. Оқу жоспары неше компоненттен тұрады?

    10. Оқу мазмұны неде және қалай көрініс табады?


Әдебиеттер:

І.

  1. Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандарты. Алматы, 1998.

  2. Қазақстан Республикасының ″Білім туралы″ заңы . Қазақстан мұғалімі. 25 ақпан 1998.

  3. Қазақстан Республикасының Орта білімді дамыту тұжырымдамасы. Алматы, 1997.

  4. Қазақстан Республика азаматтарының жаңа әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру тұжырымдамасы. Егеменді Қазақстан. 1995.

  5. Қазақтан Республикасының білім беру туралы заңы. Егеменді Қазақстан. 18 қаңтар, 1999.

  6. Қазақстан Республикасы конституциясы. Алматы, 1995.

  7. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тәрбие тұжырымдамасы. Қазақстан мұғалімі. 12 қыркүйек, 1995.

  8. Мемлекеттің білім беру саласындағы саясаттың тұжырымдамасы.Алматы, 1995.

  9. Қазастан Республикасында гуманитарлық білім беру тұжырымдамасы. Алматы , 1994.

  10. Қазақстан Республикасындағы этно-мәдени білім беру тұжырымдамасы. Алматы, 1996.

II.
1. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: «Нұрлы әлем», 2003. -368 бет.

2. Әбиев Ж.,Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. А., 2004.

3. Жұмабаев М. Педагогика. Алматы, 1993.

4. Педагогика ./Курс лекций. А., 2003.

5. Подласый И.П. Педагогика начальной школы. М., 2000.

6. Подласый И.П. Педагогика. М., 2003.

7. Коменский Я.А. Ұлы дидактика. Алматы, 1993.

8. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2000.

9. Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. Алматы, 1992.

10.Лихачев Б.Т. Педагогика М., 1998.

11.Сластенин В:А., Исаев И.Ф. Педагогика М., 1997
Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар


  1. Қазіргі мектепте оқытылатын ғылымдарды таңдау критериилерін көрсететін кесте құрастыр.

  2. Жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына талдау жаса.

  3. Оқу жоспарлары типтерінің кестесін құрастыр және жалпы орта мектептің базистік оқу жоспарына талдау жаса.

  4. Ғылым мен оқу пәнінің сәйкестігін сипаттайтын кесте дайында.



Реферат тақырыптары

  1. Қазіргі даму кезеңіндегі қазақстандық мектептердің білім мазмұнының мәселелері.

  2. Жалпы білім беру мазмұнын таңдау принциптері мен критериилері.

  3. Жалпы орта білім беру мазмұны.

  4. ҚР «Білім туралы» заңы.

  5. Жалпы, политехникалық және кәсіптік білімнің өзара байланысы.


Төртінші тақырып
Оқыту процесінің мәні
Жоспары:

1. Оқыту процесінің мәні және оның функциялары.

2. Оқытудың түрлері.

3. Оқушылардың танымдық іс-әрекеінің ерекшеліктері.

4. Оқыту процесінің құрылымы, негізгі сатылары.

5. Көрнекті педагогтардың еңбектеріндегі дамыта оқыту идеялары.


1. Оқыту – қоғамдық қатынастарды, қоғамдық сананы, мәдениетті және өнімді еңбек тәжірибесін, қоршаған ортаны белсенді өзгерту және қорғау туралы білімді ересектерің мақсатты бағытталған, ұйымдасқан, жүйелі түрде беруі және оны өсіп келе жатқан ұрпақтың меңгеруі. Ол ұрпақтың сабақтастығын, қоғамның толықтай қызмет етуін және тұлғаның дамуының сәйкесті деңгейін қамтамасыз етеді. Оқыту процесінде оқушылар адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесінен белгілі бір жақтарын меңгереді: идеологияны,саясатты, ғылымды, мораль, еңбек, әдебиет және өнер, жалпы және денелік мәдениетті. Оқыту тұлғаның жан-жақты және үйлесімді дамуының негізін салады.

Оқытудың ғылыми танымнан айырмашылығы бар. Ғылыми зерттеу адамзатқа белгісіз білімді ашып берсе, оқушы адамзатқа белгілі тек өзіне белгісіз білімдер жүейсін меңгереді.

Оқыту мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті ретінде екі өзара байланысты процеске бөлінеді: сабақ беру мұғалімнің іс-әрекеті ретінде және оқу оқушының іс-әрекеті ретінде. Мұғалім қоғамның мүддесін көздейді, ол оқушы меңгеруге тиісті адамзаттың тәжірибесін өзінде алып жүргенге іспетті. Сабақ беру бірнеше жақтың қосындысы болады: мұғалімнің өз пәнін білуі, оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастыра білу іскерлігі, қазіргі оқыту әдістерін білуі, оқушының танымдық мүмкіншілігін, оның ақыл-ой дамуының терең түсінуін, шәкірттің тұлғалық белгілерін қалыптастырудың жолдарын білуі. Оқу – белсенді танымдық процесс, онда оқушының ақыл-күштері, мінезінің моральдық және еріктік белгілері, тұлғаның белгілері және темпераменті қалыптасып, көрініс табады.

Оқыту өзіне үш функцияны енгізеді: білім берушілік /білімдерді меңгеру процесі, оқу дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру/, дамытушылық /оқушыларды психикалық және денелік дамыту/, тәрбиелеушілік /оқу іс-әрекеті оқушыны тәрбиелейді, онда патриоттық, адамгершілік сапалар, көзқарастар, сенімдер, мұраттар, эстетикалық сезім, тәртіптілік, еңбексүйгіштік т.б./.

Оқытудың білім берушілік, дамытушылық және тәриеленушілік функцияларын жүзеге асыру оқушының тұлғасын қалыптастыру процесіне кешенді тұрғыны қамтамасыз етеді.

2. Қазіргі мектепте оқытудың 3 түрі қолданылады: түсіндірмелі – иллюстративтік /ТИ/, кейде оны дәстүрлі оқыту деп атайды; проблемалық /Пбо/; бағдарламаланған /программированное/ /БО/ және оның негізінде дамыған компьютерлік оқыту /КО/.

Түсіндірмелі – иллюстративтік оқыту. Мұндай оқытудың негізгі әдісі – түсіндіруді көрнекілікпен ұштастыру. Оқушылардың іс-әрекетінің жетекші түрлері – тыңдау және еске сақтау. Басты талап және тиімділігінің көрсеткіші – оқығанды қатесіз қайталап айту. Түсіндірмелі – иллюстративтік оқытудың он жақтары: уақыт үнемдейді; оқушылардың күрделі білімдерді түсінуін жеңілдетеді; оқыту процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Кемшіліктері: «даяр» білімдерді беруі, оқыту процесін жекелеп және саралап жүргізуге толық жағдай жоқ.

Проблемалық оқыту эвристикалық әдістерді қолдануға негізделген оқытудың бір түрі. Мақсаты – практикалық және теориялық – танымдық сипаттағы проблемдік жағдайларды шешу процесінде эвристикалық іскерліктерді дамыту. Іздеушілік процеске оқушылардың білімдері және талдау іскерліктері қатыстырылып, олар онан әрі белсенділік сипатқа ие болады. Оқу проблемасы күрделі болғанымен оқушылардың оларға әлі жететін болу керек. Проблеманы шешудің кезеңдері: оқу проблемасына кірістіру және оны ұғыну; осы сұрақ бойынша бар білімді талдау, олардың жеткіліксіздігін анықтау, жетіспейтін ақпаратты іздеуге қатыстыру; мәселені шешу үшін әртүрлі тәсілдермен білімді табу; алынған нәтижені тексеру. Проблемалық оқытудың оң жақтары: өзіндік шығармашылық іс-әрекет арқылы дербес түрде білімге ие болуы, оқу әрекетіне жоғары қызығушылық, өнімді ойлауды дамыту, оқытудың берік және әрекетті нәтижесі. Кемшіліктері: оқушылардың танымдық әрекетін басқарудың қиындығы, әлсіздігі, қойылған мақсатты орындау үшін көп уақыт кетеді.

Бағдарламаланған /программалық/ оқыту - әрекеттердің /операциялардың/ бірізділікті жүйесі, оларды орындау алдын-ала жоспарланған нәтижеге әкеледі. Бағдарламалап оқытудың негізгі мақсаты – оқыту процесін басқаруды жақсарту. ПО ерекшеліктері: оқу материалы бөлек-бөлек порцияларға бөлінеді: оқыту процесі бірізділікті қадамдардан тұрады, онда білімнің порциясы және оларды меңгеретін ойлау операциялары бар; әрбір қадам тексерумен аяқталады /сұрақ, тапсырма, т.б./; егерде оқушы қадағалаушы тапсырманы дұрыс орындаса материалдың жаңа порциясын алады да оқытудың келесі қадамын орындайды; оқушы дұрыс емес жауап берсе көмек және қосымша кеңес алады; әрбір оқушы дербес жұмыс істейді және әлі келетін қарқынды оқу материалын меңгереді; бүкіл қадағалаушы тапсырмалардың орындалуы есепке алынады және олар оқушының өзіне /ішкі кері байланыс/ және мұғалімге /сыртқы кері байланыс/ белгілі болады; педагог оқытуды ұйымдастырушы және оқушы қиындық көргенде кеңес беруші рөлінде болады; оқыту процесінде БО құралдары кеңінен пайдаланады: программаланған оқу құралдары, тренажерлер, қадағалайтын жабдықтар, оқыту машиналары.

Жеке электрондық-есептеу машиналарының қарқынды дамуы компьютерлік оқытудың жаңа технологиясын дүниеге әкелді. Қазіргі кезде оларды қолданудың жолдарын іздестіру қажет.

3. Оқыту процесінің методологиялық және философиялық негізі диалектикалық материализмнің таным теориясы болып табылады, онда таным процесінің диалектикасы, ойдың бір кезеңнен екінші кезеңге қозғалысы ашып көрсетіледі.

Адамның танып білуі бірнеше кезеңнен өтеді:

1) Ең алдымен сезімдік тану болады, ол арқылы бала өзін қоршаған табиғи және әлеуметтік құбылыстары, оқиғалар, заттар туралы түрлі елес алады. Осы сезімдік образдар барынша жүйеленсе және жалпыланса, балаға мектепте оқу жеңіл болады. Бірақта сезімдік тану жүйесінде бала қоршаған дүниенің заңдылықтарын көрсете, айыра алмайды.

2) Дерексіз /абстракталық/ танып білу, ұғымдар жүйесін меңгеруі. Мұнда мектептік оқыту қажет. Оқушының танымдық іс-әрекеті бір жақты болады. Ол қоршаған дүниенің белгілі бір жақтарын оқу пәндерінің мазмұны арқылы зерттеп біледі. Оқушының танымдық іс-әрекетіндегі нақтылық және дерексіздік қарама-қайшылықты күш ретінде болып, оның ақыл-ой дамуында әр түрлі үрдістерді құрастырады.

3) Танып білудің жоғары кезеңі, яғни жоғары дамыған абстрактылық ойлаудың негізінде қоршаған дүние туралы жалпыланған елес қалыптасып, ал ол өз кезегінде көзқарастарды, сенімдерді, дүниеге көзқарастарды қалыптастырады.

Мектептегі оқу баланы ғылыми білімдер, ұғымдар, заңдылықтар дүниесіне енгізеді. Оқушы аз уақыттың ішінде адамзат ғасыр бойы танып білген, жинақтаған білімді меңгеріп алады.

4. Оқушылардың оқу танымдық іс-әрекетін басқаруға үйрену үшін, олардың білімді меңгеруінің кезеңдерін жақсы білу керек. Негізгі кезеңдері: қабылдау, оқу материалын ұғынуы, бекіту, практикалық іс-әрекетте білімді қолдануы.

І - кезең – қабылдау. Психологияда қабылдауды мақсатты бағытталған танымдық процесс ретінде қарастырады. Ол таңдаушылық сипатта болады. Сондықтан оқушыларға ең алдымен тақырыпты хабарлау керек, яғни олар нені оқитынын білуге тиіс. Міндет қойылып, ол түсіндірілуге тиісті. Егерде оқушылар оқу міндетін ұғынбаса материалмен таныстыра бастауға болмайды.

Сосын мұғалімнің жетекшілігімен оқушылар даярлық жұмыстарды орындайды. Оқу материалымен бастапқы танысу жүзеге асырылады. Онда шынайы немесе суреттелген заттармен, құбылыстармен, жағдайлармен жұмыс жүргізіліп, таныстырылады, тәжірибелерді жүргізу іске асырылады.

Бірінші кезеңде оқушылар қандай құбылыстарды, уақиғаларды, заттарды т.б. оқитын туралы ұғымдары болады және оқу міндетін түсінеді.

ІІ – кезең – оқу материалын ұғыну. Оның мәні: білімдегі теориялық астарларды бөлу және талдау. Басты ойды тауып, ұғымдарды бөліп шығарып, олардың белгілерін негіздеу, түсіндіретін материалдың сипатын ұғыну, мысалдардың жиынтығын және түсіндіретін фактілерді танып білу. Мұнда оқушының білімінде жүйе қажет, онда ол басты екінші қатардағы қосымшаны түсіндіретін элементтерді көріп отырғаны абзал. Оқып жатқанды екі түрде негіздей дәлелдей алатын болуы керек, яғни репродуктивтік түрде: мұғалімнің түсіндіру логикасын қайталайтындай және шығармашылық түрде: сөйлеуінде өзінің мысалдарын, фактілерін, шешу тәсілдерін қосуы.

Бұл кезеңді орындалды деуге болады, егерде оқушылар оқу міндетінің шешу тәсілдерін түсінсе және білімдегі жүйені ұғынса.



ІІІ-кезең – еске сақтау немесе бекіту. Мұндағы міндет ұзақ уақытқа алған білімді сақтау. Осы кезеңде танымдық іс-әрекет жаттығу, дербес репродуктивтік және шығармашылық жұмыс түрінде көбірек сипат алады. Теориялық материал, ұғымдар, ережелер, дәлелдеулер әр түрлі жаттығуларда қайталанады. Ұғымдардың белгілері берік бекітіледі,ережелер, теоремалар, заңдар жақсырақ есте қалады.

Мұғалім оқушылардың жаттығуларды саналы орындағанын қадағалап отыру керек. Мұғалім еске сақтаудың әр түрлі тәсілдерін оқушыларға үйретіп отырады.

Үшінші кезеңнің қорытындысында оқушылар теориялық материалды білулері қажет және оны жаттығуларды орындағанда, есептерді шығарғанда, теореманы дәлелдегенде және т.б. қолдана білуі керек. Оларда оқу іскерліктері және дағдылары қалыптасқан.

ІҮ кезеңде оқушылар алған білімді, іскерлікті және дағдыны практикалық іс-әрекетте қолдана білу қажет.

Бұл қатынаста сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстан үлкен мүмкіншіліктері бар. Балалардың жас техниктер, жас натуралистер үйірмелеріне, спорттық, көркемөнер секциясына т.б. шараларға қатысуы оқу іскерліктері мен дағдыларын практикалық іс-әрекеттің әр түрлерімен байланыстыруға көмектеседі.

Оқытуды оқушылардың практикалық іс-әрекетімен байланыстыру оларда моральдық сапаларды қалыптастыруға, қызығушылықтарын және ынталарын, оқудың он мотивациясын тәрбиелеуге септігін тигізеді.
5. Оқыту мен дамыту арасында тығыз байланыс бар екенiн психология ғылымы жеткiлiктi дєрежеде де дәлелдеп бердi деп айтуға болады. Бұл мәселенi түбегейлi зерттеп, бала дамуындағы оқытудың ролiн, алар орнын анықтаған көрнектi психолог Л. С. Выготский.

Ол дамуды оқытумен тең, керiсiнше оқу мен даму екi бөлек процесс деген көзқарастарды қатты сынға алды. Ең алғаш рет бала дамуының төмендегiдей екi аймағы болатындығы жайлы теория ұсынды.



1. Бала дамуының жақын аймағы - баланың тек үлкендердiң көмегі арқылы атқара алатын iстерi.

2. Бала дамуының қол жеткен аймағы - баланың үлкендердiң көмегiнсiз iстей алатын iстерi.

Баланың дамуы бiрiншi аймақты меңгеру арқылы жүзеге асады. Дамудың қол жеткен аймағы жақын аймақпен өзара қызметтесе отырып, оны игерген кезде дамуға өрiс ашылады. Бұдан әрi психиканың бүкiл саласының қалыптасуы, адамның белсендi қызметтi өрiстетуi мүмкiн болады. Бұл процесте ол бiр жағынан өзiнiң iскерлiгi мен қабiлетiн нығайтып жетiлдіреді, жаңа дағдыларды игередi, екiншi жағынан материалдық жєне рухани байлықтар жасап, осы арқылы адамзат мәдениетіне өз үлесiн қосады. Баланың потенциалдық мүмкiндiктерi неғұрлым жан-жақты үйлесiмдi, толығырақ дамыса, есейген кезде, оның қызметi соғұрлым мазмұнды, жан-жақты, табысты болады.

Оның жүзеге асырудың жолдарын ол соғұрлым серпiндi меңгерiп, жаңғырта алады. Демек, шын мәнiндегi - ертеңгі меңзеу орын алады.

Ғалым психологтар Л. .Занков, А.А.Люблинская, В.В. Давыдов, Д.Б.Эльконин зертханаларында бастауыш мектепте оқытудың мазмұнын, сипатын өзгертуге арналған зерттеулер жасалады. С. Л. Рубинштейн, Е. Н. Кабанова-Меллер жєне басқалар өз зерттеулерiнде оқыту дамудың негiзгi алғы шарты екенiн делелдейдi.

И.Я.Лернер «даму деген ұғымды педагогикалық заңдылықтарға негiздей отырып, адамның әртүрлi қиындықтардағы мәселелердi шеше бiлуге дайындығы деп түсiндiредi. Мұндай анықтама интелектуалдық iс-әрекеттi жоғары орынға шығарады. Мєселе қаншалықты күрделi болса, оны шешуге жұмсалатын ақыл-ой қызметi де соншалықты кең, аумақты, демек даму деңгейi де жоғары болады.

Дамыта оққыту идеясын алғашқылардың бiрi болып 1959-60 жылдары қолға алған академик Л.В.Занковтың басшылығымен жасалған бастауышта оқытудың жаңа жүйесiн мұғалiмдер қауымы үлкен ықыласпен қабылдағанымен, белгiлi себептерге байланысты өрiстеп кете алмады. Тек 1990 жылдары ғана Ресей мектептерiнде қайтадан қолданыла бастады. Қазiр бұл жүйе дәстүрлi оқытумен қатар пайдаланып келедi.

Л.С.Выготскийдің теориясы Д.Б.Эльконин басқарған шығармашылық топ жұмысында әрi қарай жалғастырылады. Баланың - өзiн-өзi өзгертушi субъект ретiнде дамуына арналған тұжырымдама жасалып, зерттеулер жүргiзiлдi. Екi авторлар тобы да өз жүйелерi бойынша оқу бағдарламаларын, оқулықтарын, әдiстемелік құралдар дайындап шығарды. Осылайша, дамыта оқыту ғылыми теориядан практикалық iс-тәжiрибеге батыл ене бастады.

Дамыта оқыту — дәстүрлi оқытуға соңғы уақыттарға дейiн балама жүйе деп қарастырылды. Оның нәтижесiнде әр оқушы өзiн-өзi өзгертушi субъект дәрежесiне көтерiлуi көзделiп, соған оқыту барысында лайықты жағдайлар жасау үлкен нәтеже бердi.


Бақылау сұрақтары

  1. Оқыту дегеніміз не?

  2. Оқыту процесінің мәні неде?

  3. Оқыту процесінің функцияларын ата.

  4. Оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ерекшеліктерін ата.

  5. Оқыту процесінің құрылымы, негізгі сатыларын сипатта.

  6. Оқытудың қызметін атаңыз.

  7. Оқыту түрлері, олардың кемшіліктері мен жетістіктерін атаңаыз.

  8. Оқыту түрлерінің сипаттамасын және ерекшеліктерін атаңыз.


Әдебиеттер:

1. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: «Нұрлы әлем», 2003. -368 бет.

2. Әбиев Ж.,Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. А., 2004.

3.Ильин Е. Рождение урока. М., 1986.

4.Педагогика ./Курс лекций. А., 2003.

5.Подласый И.П. Как подготовить эффективный урок. Киев. 1989.

5.Подласый И.П. Педагогика начальной школы. М., 2000.

6.Подласый И.П. Педагогика. М., 2003.

7.Поташник М.М. Как развивать педагогическое творчество. М., 1987.

8.Коменский Я.А. Ұлы дидактика. Алматы, 1993.

9.Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2000.

10.Қоянбаев Ж.Б. Педагогика. Алматы, 1992.

11.Лернер И.Я. Дидактические основы методов обучения. М.,1981.

12.Лихачев Б.Т. Педагогика М., 1998.

13.Скаткин М.Н. Проблемы современной дидактики. М., 1984.

14.Сластенин В:А., Исаев И.Ф. Педагогика М., 1997.

15.Щукина Г.И. Проблема познавательного интереса в педагогике.М.,1971.

Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар

1) Оқыту түрлерін жүйелеп, кесте түрінде көрсет.

2) Оқытудың психологиялық теориялары.

3) Оқышылардың танымдық іс-әрекетінің ерекшеліктері.

4 Оқыту процесінің құрылымын кесте түрінде көрсет.

5) Көрнекті педагогтардың еңбектеріндегі дамыта оқыту идеялары.


Реферат тақырыптары

  1. Бастауыш сынып оқушыларының оқу мотивтері.

  2. Оқыту процесінде тұтас педагогикалық процестің негізгі функцияларын жүзеге асыру.

  3. Оқытудың қозғаушы күштері.

  4. Оқыту процесінде жеке тұлғаны дамыту.

  5. Л.В.Занковтың дамыта оқыту теориясы.

  6. В.В.Давыдов еңбектеріндегі дамыта оқыту идеялары.

  7. Д.В.Эльконин еңбектеріндегі дамыта оқыту идеялары.

  8. Оқушылардың танымдық әрекетінің ерекшеліктері.



Бесінші тақырып
Оқу мотивтері
Жоспары:

1. Оқу мотивтері туралы түсінік.

2. Оқу әрекеті мотивтерін қалыптастыру.

3. Оқуға мотивацияны арттыру шарттары.

3. Оқушыларды оқуға ынталандыру.
1. Мотивтер /фр. motif, лат. moveo – қозғалтамын/ іс-әрекеттің түрткісі, олар субъектінің өмір сүру жағдайының әсерімен құрылады және оның белсенділігінің бағытталғандығын анықтайды. Мотив ролінде сұраныстары, қызығушылықтары, талпыныстары, эмоциялары, бағытталғандығы және мұраттары болып табылады. Бала мектепке келгенде мектепте болуға деген қызығушылықпен байланысты және қоғамдық өмірге белсенді қатыстырылу мотивтері онда басым болады. Өсе келе бұл мотивтер өзгеріске түседі: бір жағдайларда жақсы баға алуға деген қызығушылық пайда болады, екіншілерде білімнің өзіндік мазмұнына қызығушылық туады.

Себептендіру /мотив/ - баланы оқуға ұмтылдыратын күш. Оқушының оқу мотивтері – борыш сезімі, мұғалімнен мақтау алу ниеті, жазалаудан қорқуы, ересектердің талабын орындау әдеті, танымдық қызығушылық, сыныпта өз орнын табуға деген ұмтылысы, ата-аналарды қуантуға ниеті, «бестік» бағасын алуға талпынысы, сыйлық алуға деген ұмтылысы.

Оқу іс-әрекетіне барынша сәйкес мотивтер – оқу-танымдық мотивтері. Оқушының оқу мотивтері оның тұлғасының бағытталғандығын, жетістіктері мен сәтсіздіктерін көбіне-көп анықтайды. Оқудың мотивтері оң болуы мүмкін /білімге деген ұмтылысы, жақсы баға алуға деген ниеті, ата-аналардың және мұғалімдердің ризашылығына ие болу, құрдастарының арасында сыйлы болу, мамандық алуға ұмтылысы, еңбекке талпынысы, Отанына пайдалы болу, сүйікті адамдарға ұқсас болу т.б./ бейтарап оқыту процесіне мәнді әсер етпейтін оқушының жеке өмірінің мотивтері/ теріс оқуға кедергі келтіретін, білімді меңгеру процесіне, мектепке оқу қызығушылығына зиянды әсер ететін мотивтер: оқуға деген ниеттің болмауы, оқу білімі, өзінің оқу еңбегін ұйымдастыра білмеуі, оқуда қалып қоюы, тәртіпсіздік, жолдастарының және ата-аналарының теріс әсері/ немесе осы үш түрі ұштасуы мүмкін.

2. Мұғалімнің міндеттері: оң мотивтерді дамыту және бекіту; бейтарап оқу мотивтеріне әсер етіп, оларды оң мотивтерге айналдыруға тырысу; теріс мотивтерді ең болмағанда бейтарап мотив деңгейіне түсіруге тырысу. Оқушыны дер кезінде сүйеп, өз күшіне сенімді орнықтыру қажет.

Оқудың оң мотивін дамытудың және қалыптастырудың негізі оқу іс-әрекеті, оқудағы танымдық қызығушылықты дамыту болып табылады. Балалардың өзін басқаруға, өзін-өзі тәрбиелеуге әлі тәжірибелері аз. Проблемдік жағдайларды жасау оқу сабағына қызықтылықты, білуге деген ұмтылысты береді. Оқуға оң қатынасты туғызу үшін қызықты практикалық сабақтарды, топсеруенді, бақылауларды қолдану керек. Мұғалімнің басқарушы ролі мынада: оқумен байланысты жүйе, қызығушылықтардың, ұмтылыстардың және ниеттердің үйлесімділігін жасау болады.

Мотивацияны қалыптастыру бағдарламаларының жалпы мәні мұғалімнің оқушыларды оқуға деген саналы, жағымды, жауапкершілікпен қарау қатынасының деңгейіне көшіру, яғни оқушылардың берілген білімнің өмірде пайдалылығына саналы түсінуі деп түсінген дұрыс.

А.К.Маркова оқушылардың оқуға мотивациясын мақсатты түрде қалыптастыру жұмыстарын былайша бөліп көрсетеді:


  • Оқуға мотивацияны қалыптастыруға жағдай жасайтын мұғалім іс- әрекетінің тәсілдері.

  • Мотивацияның кейбір жақтарын бекітуге бағытталған арнайы жаттығулар.

  • Сабақ кезеңдерінде және үлгерімі төмен оқушылардың оқуға жағымды мотивациясын қалыптастыру және арттыру.

  • Оқушылардың оқу мотивациясын қалыптастырудың және оны зерттеу кезеңдерінің бірізділігі.

  • Оқушылардың оқу мотивациясының жағдайы мен қалыптасу барысының мәлімет картасы.

Оқуға жағымды мотивацияны қалыптастыруға, тәрбиелеуге сынып және мектеп ішіндегі психологиялық атмосфера ықпалын тигізеді. Оқушылардың іс-әрекетінің түрлерін ұйымдастырудың ұжымдық формаларының ықпалы зор. Мұғалім мен оқушылардың біріккен іс-әрекетіндегі қарым-қатынасы тапсырманы орындауға тікелей араласу түрінде емес, дұрыс шешім табуға итермелейтін ақыл-кеңес беру түріндегі мұғалімнің көмегі болуы тиіс. Сонымен бірге жағымды мотивацияны қалыптастыруда мұғалім оқу материалын қызықты жеткізе білуі, эмоционалдылығы, танымдық ойындар, пікірталас жағдаяттар, өмірлік жағдаяттарды талдау, болашақтағы өмірде мектепте алатын білімді қолдану мен оқудың қоғамдық және тұлғалық маңызын түсіндіру; мадақтау мен жазалау әдістерін шеберлікпен қолдана білуі тиіс. Сонымен қатар мұнда оқушының оқу әрекетінде өз бетімен жұмыс істей алуы мен өзін-өзі бақылауы, ортақ оқу іс-әрекеттеріне қосылуының маңызы зор. Оқуға мотивацияны қалыптастырудың түрлі тәсілдерін қолдана отырып, мұғалім мотивацияға әсер ететін сыртқы, тіпті жағымды шарттардың өзі тікелей әсер етпейтінін, оқушылардың өзінің ішкі позициясы, қатынасы арқылы қабылдайтынын есте сақтаған жөн. Сондықтан міндетті түрде мұғалімнің ықпалына оқушылардың саналы, тұрақты қатынасы, ішкі позициясының кейбір астарларын қалыптастыруға бағытталған белгілі жүйелерді (жағдаяттар, тапсырмалар, жаттығулар) алдын-ала қарастырған дұрыс.

Мұғалімнің тікелей мотивациялық сфераны дамытуға бағытталған жұмыстарына төмендегідей ықпалдарды жатқызуға болады:



  • оқушылардың бойында бұрын қалыптасқан және нығайтылуға тиісті жағымды мотивациялық ұстанымдарды өзектендіру;

  • жаңа мотивациялық ұстанымдар (жаңа мотивтер, мақсаттар) мен жаңа сапалардың /саналылық, тұрақтылық/ пайда болуына жағдай жасау;

  • кейбір мотивациялық ұстанымдарды түзету.

Оқушылар қандай әрекетті жүзеге асырса да оны оқушылардың тәсілдер, әрекеттерді орындауы арқылы алдына мақсат, міндеттер қою және түсінуден бастап өзін бағалау мен өзін-өзі бақылау әрекетін жүзеге асыруға дейінгі толық психологиялық құрылымы болуы тиіс. Мысалы, оқушылардың сабақта жаңа білімді игеру іс-әрекетінің циклдері болуы мүмкін. Бұл жағдайда оқу әрекеті жаңа материалды меңгеру әрекетіне дайындықты қамтамасыз ететін міндеттерді, яғни мазмұны бойынша өзін бақылау мен өзін-өзі бағалауға сәйкес проблемалық тапсырмалар мен ізденушілік оқу әрекеті міндеттері болуы тиіс. Егер сабақ жаттықтырушылық бағытта болса оқушы міндетті түрде осы іс-әрекетті орындауға дайын болуы тиіс. Оқушы сабақ басында сабақта болашақта пайдалана алатындай материал алатынын түсінуі керек. Егер оқушы өз іс-әрекетін саналы сезінетін және түсінетін, оқу процесіне ләззат алатын болса бастапқы мотивация күшеюі немесе жаңа қосымша мотивтер пайда болуы мүмкін. Сабақ соңында міндетті түрде аяқтау мотивтерін тудыру керек, яғни оқушы сабақ басында қойылған міндеттердің қайсысы орындалды, қайсысы орындалған жоқ екендігін бағалай алуы, оның себептерін анықтап, өзіндік қорытынды жасай алуы тиіс. Сабақты аяқтау кезеңіндегі негізгі міндет – оқушының сабақтан тәжірибе алуы.

Оқушыларды зерттеу оқу-тәрбие жұмысын психологиялық тұрғыдан негізделген түрде жоспарлау,оның тиімділігін дұрыс бағалау, оқушылармен жақсы қарым-қатынаста болып, оларды оқыту процесінің белсенді мүшелеріне айналдыру үшін керек (А.КМаркова).

Мұғалімнің өқу біліктілігі және оқу мотивациясын зерттеу пәніне оқушының мотиві, мақсаты, эмоциялары секілді мотивациялық сферасы компоненттерімен бірге мотивацияға зор ықпалын тигізетін оның оқу біліктілігінің жағдайы да жатады.

Оқушылардың оқуға мотивациясын қалыптастыру дегеніміз бұл мектепте оқуға деген ішкі ұмтылысты (мотив, мақсат, эмоция) қалыптастыру, оларды оқушылардың саналы сезінуі, өздерінің мотивациялық сферасын одан әрі дамытуы. Мұғалім бұл жағдайда оқушыладың мотивациялық сферасы стихиялы түрде қалай дамитынын және қалыптасатынын салқынқанды бақылаушы позициясын ұстанбай, керісінше психологиялық тәсілдер жүйесінің көмегімен оқу мотивациясының артуына дем беріп отыруы қажет.

3. Мотивацияның /стимулдаудың/ шарттары: білім мазмұнын жекелік бағытталған қызықты материалдармен байыту; барлық оқушыларға ізгілікті қатынас; танымдық сұраныстарын қанағаттандыру; қызықты қарым-қатынас; ойлауды сезіммен байыту; білуге деген құштарлықты дамыту; белсенді өзін-өзі бағалау; өзін-өзі дамытуға ұмтылыс; балалардың бастамашылығын қолдау; оқу еңбегіне жауапкершілікті қатынас.

Мотивацияның тәсілдері:


  • оқушының ниетіне сүйену;

  • салыстыру, мысалдар;

  • оқушыларда асқан ниетті болдырту;

  • оқушыны түсіну;

  • баланы қызықтыратын дүниелер туралы сөйлеу;

  • істелінген қылықтардың неге соқтыратынын көрсету;

  • баланың жақсы жақтарын мойындау;

  • талап қою арқылы стимулдау;

  • жетістіктерді көрсету;

  • мақтау;

  • баламен сезімдес болып сынау.

Балалар туралы жақсы сипаттама беріп, мүмкін болған жағдайда мадақтауды жиі қолдану керек, оларды өз күштеріне сенетін жағдайларды туғызған абзал.

4. Ынталандыру /стимулдау/ дегеніміз оқушыны бір нәрсеге итеру, ұмтылдырту болып табылады. Бала үшін оқу – оңай шаруа емес. Мектеп практикасы оқудың қажеттігін түсіну жеткіліксіз екендігін көрсетіп отыр. Түрлі себептерге байланысты бала өзі ұнатқан іс-әрекеттермен айналысуға көп уақытын сарп етіп, оқуды шетке шығарып қояды. Міне, осындай жағдайларда дұрыс таңдалған және қолданылған ынталандырулар /стимулдар/ керек-ақ.

Ынталандырудың негізгі әдістеріне мыналар жатады: мадақтау, жазалау, жарыс.

Мадақтау – балаға /немесе ұжымға/ педагогикалық әсер, онда тәрбиеші /немесе ұжым/ жекелеген оқушының /немесе ұжымның/ қылығына, мінез-құлқына оң баға береді. Мадақтаудың әсері оң эмоцияны қоздыруға негізделген. Сондықтан өз күшіне сенімділікті, жауапкершілікті, жақсы көңіл күйді туғызады. Мадақтаудың түрлері: мақұлдау, өз күшіне сендіру, мақтау, алғыс, құрметті құқық беру, грамоталармен, сыйлықтармен марапаттау т.б.

Жазалау – бала орнатылған талаптарды орындамағанда және қоғамда қабылданған нормалар мен ережелерді бұзғанда қолданатын педагогикалық әсер. Жазалау арқылы педагогтар мен ата-аналар балаға оның қандай бір қылығын дұрыс еместігін ұғынуға көмектеседі. Өзін кінәлі сезінуге және осындай жағымсыз қылықтарды қайта жасамауға психологиялық кедергіні қалыптастыруға көмектеседі Мектептегі жазалаудың түрлері: құптамау, ескерту, ауызша және жазбаша сөгіс, сабақтан шығару, орындамаған тапсырманы орындату үшін сабақтан кейін алып келу, ата-аналарды шақыру, педагогикалық кеңеске шақырту, мінез-құлқы үшін бағаны кеміту, аз мерзімге мектептен шығару, 16 жастан кейін мүлдем мектептен шығару. Осы орайда денелік және психикалық күш қолдануға мүлдем тыйым салынады.

Жарыс – іс-әрекеттің әр түрлерінде /қоғамдық жұмыс/ оқушылардың шығармашылық күштерін дамытады және белсенділігін арттырады, алдағыларды қуып жетуді, арттағыларға көмектесуді көксейді, сөйтіп осы негізде жоғары жетістікке жетуді мақсат етіп қояды. Жарыс жекелік және ұжымдық болуы мүмкін. Жарыстың тиімділігі жоғары болады, егер де оның нәтижесі үнемі қорытындыланып отырылса.

Белсендету – қуатты, мақсатты бағытталған оқуға ұмтылдырту.

Қызығушылық – тануға, білуге деген ұмтылыста көрініс табатын танымдық сұраныстың формасы. Қызығушылық мыналарға тәуелді: 1) алған білімнің, іскерліктің, ақыл-ой тәсілдерінің қалыптасқандығының деңгейі мен сапасына; 2) оқушының мұғалімге деген қатынасына.

Стимул – қажетті нәтижеге жету мақсатында оқушыны «итермелеу». Оқытудың стимулдары: балалардың ниеті, жетістіктерді салыстыру, оқушылардың түсінігі, мәселелерге деген қызығушылық, жетістікті қуаттау, жұмыстың жағымдылығы, орынды талаптар, мұғалімнің мақтауы, мүдделес сын, жақсы мінездеме алу.


Бақылау сұрақтары

  1. Мотив дегеніміз не?

  2. Оқу мотивтерін ата.

  3. Танымдық мотив дегеніміз не?

  4. Оқу әрекеті мотивтерін қалыптастыру тәсілдерін ата.

  5. Оқуға мотивацияны арттыру шарттарын көрсет.

  6. Стимул дегеніміз не?

  7. Белсендіру дегеніміз не?


Әдебиеттер:

1. Педагогика. Дәріс курсы. Алматы: «Нұрлы әлем», 2003. -368 бет.

2. Белкин А.С. Ситуация успеха. Как ее создать. М.,1991.

3.Выготский Л.С. Педагогическая психология. М.,1996.

4.Дусавицкий А.К. Формула интереса. М.,1989.

5.Егошина Е.В. Методика исследования мотивов учения.//Нач. Шк. -1995.-№5.

6.Леонтьев А.Н. Потребности, мотивы и и эмоции. М.,1971.

7.Маркова А.К., Матис Т.А., Орлов А.Б. Формирование мотивации учения. М.,1990.

8.Подласый И.П. Педагогика начальной школы. М., 2000.

9.Подласый И.П. Педагогика. М., 2003.

10.Педагогика ./Курс лекций. А., 2003.
Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар


  1. Оқушылардың оқуға мотивациясын зерттеу және оны қалыптастыру жолдары.

  2. Мотивация теорияларын кесте түрінде көрсет.

  3. Оқу әрекетіне жағымды қатыасты қалыптастыру жолдары.

  4. Оқу мотивациясын қалыптастыру үшін кеңестер жүйесін құрастыр.

  5. Оқу іс-әрекеті мотивтерін кесте түрінде жүйелеп көрсет.

  6. А.К.Маркова бойынша оқу мотивтерін жіктеу және қалыптастыру жолдары.



Реферат тақырыптары

  1. Мотивация типтері.

  2. Мотивация жүйесіндегі түрлі мотивтердің алатын орны.

  3. Оқу-танымдық мотивтер.

  4. Мотивтер – оқытудың қозғаушы күші ретінде.

  5. Мотивтерді қалыптастыру.

  6. Қызығушылықтар және қажеттіліктер.

  7. Оқуға ынталандыру.



Алтыншы тақырып
Оқыту заңдылықтары және принциптері
Жоспары:

1. Оқытудың заңдылықтары және принциптері туралы жалпы түсінік.

2. Оқытудың заңдылықтары.

3. Оқытудың жеке /нақты/ заңдылықтары.

4. Оқытудың принциптері /ұстанымдары/ мен ережелері.
1. Оқыту теориясының негізгі компоненттерінің бірі оның заңдылықтары. Олардан құбылыстар, үрдістер, оның нәтижелері арасындағы обьективті, тұрақты және қайталанып келіп отыратын байланыстар көрініс табады.

Дидактикалық принциптер – оқыту процесінің жалпы мақсаттарына және заңдылықтарына сәйкесті мазмұнды, ұйымдастырушылық формалар мен әдістерді анықтайтын базистік жағдайлар.

Я.А.Коменский педагогикалық ойдың тарихында ең бірінші болып оқыту процесінің құрылыуын анықтайтын оқыту принциптерінің жүйесін жасады. Я.А.Коменскийдің оқыту табиғаттың және адамның дамуының жалпы заңдылықтарына бағынады деген идеясы «оқытудың табиғатқа сәйкестігі» деген атқа ие болды. Ж.Ж.Руссо оқыту процесінің принципалдық негізі баланың табиғатпен тікелей жанасуы деп есептеді. И.Г.Песталоцци оқытудың мазмұнын көрнекілік принципінен шығарады.

А.Дистервег оқыту жүйесін нақты ережелермен толтырады. Ол оларды оқыту мазмұнына, оқытушыларға, оқушыларға талаптар түрінде қарастырды. Оқыту прициптерін жасауда К.Д.Ушинский үлкен үлес қосты. Ол мынадай принциптерді бөліп шығарды: оқытудың халықтық идеясында көрініс табатын оқытудың тәрбиелеушілік сипаты; оқытудың жүйелігі, шамаға лайықтылығы және әлі жетерлігі; білімнің беріктігі; оқытудың саналылығы және белсенділігі; оқытудың көрнекілігі. К.Д.Ушинский осы принциптерге терең психологиялық негіздеме берді.

Оқыту процесінде қызмет ететін заңдылықтары жалпы өз әрекетімен бүкіл жүйені қамтиды және жеке немесе нақты жүйенің белгілі бір компонентіне әсері болып бөлінеді.



2. Оқыту процесінің жалпы заңдылықтар:

1. Оқытудың мақсаты тәуелді: а) қоғамның дамуының деңгейіне және қарқынына; б) қоғамның сұранысына және мүмкіншілігіне; в) педагогика ғылымының және практикасының даму деңгейіне және мүмкіншілігіне.

2. Оқытудың мазмұны тәуелді: а) қоғамдық сұранысқа және оқыту мақсатына; б) әлеуметтік және ғылыми техникалық прогрестің қарқынына; в) оқушылардың жастық мүмкіншіліктеріне; г) оқытудың теориясы мен практикасының дамуының деңгейіне; д) оқу орындарының материалдық техникалық және экономикалық мүмкіншіліктеріне.

3. Білім сапасы оқытудың әрбір жаңа кезеңінің тиімділігі тәуелді:

а) оның алдындағы кезеңнің өнімділігіне және ондағы қол жеткен нәтижеге;

в) оқылып жатқан жадығаттың сипатына және көлеміне; в) мұғалімдердің ұйымдастырушылық педагогикалық әсеріне; г) оқушылардың оқығандығына; д) оқыту уақытына.

4. Оқыту әдістерінің тиімділігі тәуелді: а) әдістерді қолданудағы біліміне және дағдысына; б) оқыту мақсатына; в) оқытудың мазмұнына; г) оқушылардың жасына; д) оқушылардың оқу мүмкіншіліктеріне; е) материалдық техникалық қамтамасыз етілуіне, ж) оқыту процесін ұйымдастырылуына.

5. Оқытуды басқару. Оқытудың өнімділігі тәуелді: а) оқыту жүйесінде кері байланыстың қарқындылығына; б) түзетуші әсердің дұрыстығына.

6. Оқытуды ынталандыру мыналардың есебінен болады: а) оқытудың мотивтері а) сыртқы /қоғамдық, экономикалық, педагогикалық/ стимулдардың.

3. Оқытудың жеке /нақты/ заңдылықтары

1. Дидактикалық заңдылықтары. Оқытудың нәтижесі оқытудың ұзақтығына, меңгеріліп жатқан мазмұнның оқушыға мәнділігіне тікелей пропорционалды. Берілген көлемдегі білім мен іскерліктің меңгерілу өнімділігі оқылып жатқан материалдың санына, қиындығына және күрделілігіне кері пропорционалды. Оқытудың нәтижесі қолданылған әдістердің, құралдарға және мұғалімнің шеберлігіне тәуелді. Оқытудың «жасату» жолы «тыңдау» жолынан 6-7 есе өнімді.

2. Танымдық /гносеологиялық/ заңдылықтар. Оқытудың нәтижесі оқушылардың оқуға деген сұранысына және оқушылардың оқу іс-әрекетінің көлеміне, білімдерді, іскерлікті практикалық қолдану көлеміне тікелей пропорционалды. Оқушылардың ақыл-ой дамуы өзара байланысты білімдердің, іскерліктердің, шығармашылық әрекеттің тәжірибесін меңгеру көлеміне тікелей пропорционалды. Оқыту нәтижесі оқушылардың үй тапсырмасын әрдайым және жүйелі орындалуына, оқытудың проблемділік деңгейіне, оқушыларды әлі келетін және мәнді оқу проблемаларын шешуге қатыстырылу қарқынына тәуелді.

3. Психологиялық заңдылықтар. Оқытудың өнімділігі оқушылардың оқу іс-әрекетіне қызығушылығына, оқушылардың оқу мүмкіншілігіне, тренировкалық жаттығулардың санына, тренировканың қарқынына, оқушылардың танымдық белсенділігінің деңгейіне, оқушылардың зейінінің деңгейіне және тұрақтылығына, оқушылардың еңбек істеуге деген қабілеттілігіне байланысты. Нақты оқу материалын меңгерудің нәтижесі оқушылардың қабілетіне жекелеген ынтасына, оқушылардың ойлауының деңгейіне, күшіне, қарқындылығына және ерекшелігіне, еске сақтаудың даму деңгейіне тәуелді.

4. Кибернитикалық заңдылық. Оқыту тиімділігі кері байланыстың жиілігіне және көлеміне, оқыту процесін басқару сапасына тікелей пропорциональды болады. Білім сапасы қадағалаудың тиімділігіне де байланысты болады.

5. Әлеуметтік заңдылықтар. Индивидтің дамуы тікелей немесе жанамалай қарым-қатынасқа түсетін басқа да индивидтердің дамуымен шартталған. Оқытудың өнімділігі танымдық контактінің көлеміне және қарқындылығына, «интеллектуалдық ортаның» деңгейіне, өз-өздерін оқытудың қарқындылығына тәуелді.

6. Ұйымдастырушылық заңдылықтар. Оқытудың тиімділігі мұғалімнің ұйымдастырушылық жұмысына, жұмыс істеу қабілетіне тәуелді. Ақыл-ой шаршауы сезім органдарының тежелеуіне соқтырады: төрт сағат оқу сабағы анализаторлардың сезімдігін 2 есе кемітеді. Балалардың ақыл-ой жұмыс істеу қабілеті денсаулық жағдайына, ақыл-ой іс-әрекетінің режиміне, жынысына, жасына, жылдың уақытына, апта күніне, тәулік уақытына тәуелді болады. Балалардың ақыл-ой іс-әрекетінің белсенділігі оқу сабақтарының кестесіне де тәуелді болады.

4. Оқытудың принциптері /ұстанымдары/ мен ережелері:

Саналылық және белсенділік принципінің негізіне ғылым орнатқан заңдылықты жағдайлар жатыр: білім алудың мәні терең және дербес ұғынылған білімдер құрайды, олар өз ойын қарқынды жұмыс істеу жолымен игеріледі.

Көрнекілік принцип негізінде мынадай ғылыми заңдылықтар жатыр: адамдардың басым көпшілігінде көру органдары ең үлкен сезімділікке ие, көру органынан миға түсетін ақпарат кодировканы қайта жасауды талап етпейді, ол оқушының есінде жеңіл, тез және берік орын алады.

Жүйелілік және бірізділік принципі мынадай ғылыми жағдайларға негізделеді: оқушының миында қоршаған дүниенің анық суреті бейнеленгенде ғана ол нағыз және іскер білімге ие болады.

Ғылымилық принципінде мына заңдылық бекітілген: білім беру мазмұнын меңгеру және оқушылардың танымдық күшін дамыту – оқыту процесінің екі өзара байланысты жақтары; оқу материалын меңгерудің беріктігі тек қана объективті факторға емес, сонымен бірге субъективті факторға да тәуелді; білімді меңгерудің беріктігі оқытуды ұйымдастырумен, әр түрлі формалар мен әдістерді қолданумен, оқытудың уақытымен шартталады; оқушылардың еске сақтауы таңдаушылық сипатта болады.

Шамаға лайықтылық принципі оқытудың көп ғасырлық практикасы жасаған талаптардан шығады: оқушылардың жастық даму заңдылықтары және оқушылардың даму деңгейіне сәйкесті дидактикалық процесті жүзеге асыру. Я.А.Коменский шамаға лайықтылық принципін жүзеге асыруға арналған ережелерді анықтады: жеңілден қиынға, белгіліден белгісізге, оңайдан күрделіге.

Ғылымилық принципі оқушыларға ғылым орнатқан білімдерді меңгертуді талап етеді.

Теория мен практиканың байланысы принципінің негізіне философияның мынадай басты қағидасы жатқызылған: өмір, практика – шындықтың өлшемі, танымдық іс-әрекеттің қайнар көзі.

Оқыту принципінің талаптары ережелер жүйесі арқылы жүзеге асады. Ереже – бұл нақты жағдайда белгілі бір мақсатты орындаудағы педагогикалық іс-әрекетті суреттеу. Көбінесе оқытудың ережесі деп қандай да бір принципті қолданудың жекелеген жақтарын ашатын басшылықтық жағдайларды түсінеді.

Оқытудың ережесі теориядан практикаға көшу буыны болады. Ереже мұғалімге қандай да бір жағдайда белгілі бір әрекеттерді орындауды тапсырады, оны талаптарды орындауға бағыттайды.


Бақылау сұрақтары

    1. Оқыту процесінің заңдылықтарына түсінік және оларға сипаттама бер.

    2. Оқытудың заңдылықтарын ата.

    3. Оқытудың жеке заңдылықтарын ата.

    4. Оқыту принциптері дегеніміз не?

    5. Я.А.Каменский, К.Д.Ушинский оқыту принциптерін қалай қарастырды?

    6. Табиғатқа сәйкестілік принципінің мәні.

    7. Саналылық және белсенділік принципінің мәні неде?

    8. Көрнекілік принципінің принципінің мәні неде?

    9. Ғылымилық принципінің мәні неде?

    10. Жүйелілік және бірізділік принципінің мәні неде?

    11. Теорияның практикамен байланыс принципінің мәні неде?

    12. Түсініктілік және шамаға лайықтылық принципінің мәні неде?


Әдебиеттер:

1. Әбиев Ж.,Бабаев С., Құдиярова А. Педагогика. А., 2004.

2. Ильин Е. Рождение урока. М., 1986.

3. Педагогика ./Курс лекций. А., 2003.

4. Подласый И.П. Как подготовить эффективный урок. Киев. 1989.

5. Подласый И.П. Педагогика начальной школы. М., 2000.

6. Подласый И.П. Педагогика. М., 2003.

7. Поташник М.М. Как развивать педагогическое творчество. М., 1987.

8. Коменский Я.А. Ұлы дидактика. Алматы, 1993.

9. Куписевич Ч. Основы общей дидактики. М.,1986.

10. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2000.

11.Лернер И.Я. Дидактические основы методов обучения. М.,1981.

12.Лихачев Б.Т. Педагогика М., 1998.
Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар


  1. Оқыту прициптерінің өмірде жүзеге асырылуын көрсет.

  2. Жалпы заңдылықтарға мысалдар келтір.

  3. Нақты заңдылықтарға мысалдар келтір.

  4. Қазіргі дидактиканың ұсынатын заңдылықтарын кесте түрінде көрсет.

  5. Оқыту принциптерін жүзеге асыру ережелерін көрсет және оған мысалдар келтір.


Реферат тақырыптары

  1. Оқытуда оқушылардың дербес ерекшелігін есепке алу принципі.

  2. Бастауыш мектепте оқыту принциптерін қолдану.

  3. Я.А.Коменский бойынша оқыту заңдылықтары.

  4. Ф.А.В.Дистервег бойынша оқыту заңдылықтары.

  5. Э.Торндайк бойынша оқыту заңдылықтары.

  6. Э.Мэйман бойынша оқыту заңдылықтары.

  7. Білім, біліктілік, дағдыларды игеруде беріктік принципі.

  8. Оқыту принциптерін жүзеге асыру жолдары.



Жетінші тақырып
Мектептегі оқыту әдістері
Жоспары:

1. Оқыту әдістері және олардың функциясы туралы түсінік.

2. Оқыту әдістерін жіктеу немесе классификациялау.

3. Танымдық іс-әрекеттің типіне қарай оқыту әдістерін классификациялау.

4. Ауызша баяндау әдістері.

5.Оқытудың көрнекілік әдістері.

6.Оқытудың практикалық әдістері.

7. Оқытудың бағдарламаланған /программаланған/ әдістері.

8. Оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастыру.

1. Әдіс дегеніміз - оқу-тәрбие жұмыстарының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындау үшін мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілдері.

Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыстар ретке келтіріледі. Оқыту әдістері – бұл мұғалім мен оқушылардың оқу-тәрбие жұмысының міндеттерін шешуге бағытталған өзара бірлескен іс-әрекетінің тәсілі. Оқыту әдістерінде объективті /мұғалімнен тәуелсіз/ және субъективті /оған тәуелді/ бөлімдер болады.

Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызу керек. Олар оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмыстары.

Оқыту әдістері әр түрлі функцияларды орындайды: оқытушылық, мотивациялық, дамытушылық, тәрбиелеушілік, ұйымдастырушылық.

2. Қазіргі уақытта оқыту әдістерінің оншақты классификациясы бар. Білім көзін жалпы белгі ретінде алып оқыту әдістерінің классификациясы жасалған. Бұрыннан келе жатқан басты көздердің саны үшеу болды: практика, көрнекілік, сөз. Мәдениет прогресінің барысында оған тағы біреу – кітап қосылды, ал соңғы жылдары қағазсыз ақпарат көзі – жаңа компьютер жүйелерімен қоса видео қосылды. Бұл классификацияда бес жалпы әдіс бөлінеді: практикалық, көрнекілік, сөздік, кітаппен жұмыс, видеоәдіс. Бұлардың әрбіреуі әр түрлі модификацияда /түрін өзгерте алады/ бола алады.

Орнына немесе негізгі дидактикалық мақсатына қарай әдістердің классификациясы. Классификацияның жалпы белгісі ретінде сабақтағы бірізділікті кезеңдер және сонда орындалатын мақсаттар болады. Соған орай мына әдістер бөлінеді: а) білім алу; б) іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыру; в) білімді қолдану; г) шығармашылық іс-әрекет; д) бекіту; е) білімді, іскерлікті, дағдыны тексеру.

Танымдық іс-әрекет типіне қарай әдістердің классификациясы: түсіндірмелі – иллюстративтік; репродуктивтік /қайталап айту/; проблемдік баяндау; бөліктік-іздеушілік /эвристикалық/; зерттеушілік.

Оқушылардың белсенділігінің дәрежесіне қарай классификация: белсенді және пассивті оқыту әдістері.

Дидактикалық мақсатына қарай оқыту әдістерінің екі тобы бөлінеді: оқу материалын бастапқы меңгертуге әсер ететін әдістер және алынған білімді бекітетін және жетілдіретін әдістер. Бірінші топқа жататындар: ақпараттық-дамытушылық әдістер /мұғалімнің ауызша баяндауы, әңгіме, кітаппен жұмыс/; оқытудың эвристикалық әдістері /эвристикалық әңгіме, зерттеушілік әдіс/. Екінші топқа жататындар: жаттығулар /үлгі бойынша, түсіндіріліп отыратын жаттығулар, вариативті жаттығулар т.б./.

Ю.К.Бабанскийдің классификациясы бойынша оқыту әдістері үлкен үш топқа бөлінген: оқу-танымдық іс-әрекетті ұйымдастырудың және жүзеге асырудың әдістері; оқу-танымдық іс-әрекетті ынталандырудың және себептендірудің әдістері; қадағалаудың және өзін-өзі қадағалаудың әдістері.

3. Мұнда мынадай оқу әдістері бөлінеді: түсіндірмелі-иллюстративтік ақпараттық-рецептивтік (қабылдау) әдіс. Оны сипаттайтын белгілер:



  • оқушыларға білім «дайын» күйінде ұсынылады;

  • мұғалім әр түрлі тәсілдермен осы білімдерді меңгеруді ұйымдастырады;

  • оқушылар білімді қабылдауды /рецепция/ және ұғынуды жүзеге асырады, оларды өзінің есінде қалдырады.

Рецепция /қабылдау/ кезінде ақпараттың бүкіл көздері /сөз, көрнекілік және т.б./ қолданылады, баяндаудың логикасы индуктивтік және дедуктивтік жолмен жүзеге асырылуы мүмкін.

Репродуктивтік (қайтадан айту) әдіс мынадай белгілерге ие:



  • оқушыларға білім «дайын» күйінде ұсынылады;

  • мұғалім білімді хабарлап қоймай, сонымен бірге оны түсіндіреді;

  • оқушылар білімді саналы меңгереді, оларды түсінеді және еске сақтайды. Меңгергеннің өлшемі – білімді дұрыс қайта айту /репродукциялау/ қажетті берік меңгергендік білімді көптеп қайталау жолымен қамтамасыз етіледі.

Бұл әдістің артықшылығы – үнемділігінде. Ол аз уақыттың ішінде көп көлемді білімді, іскерлік пен дағдыны оқушыларға бере алады. Дегенмен, репродуктивтік әдіс басқа оқыту әдістерімен ұштастырылғаны дұрыс.

Проблемалық баяндау әдісі – орындаушылықтан шығармашылық іс-әрекетке өтпелі болады. Оқытудың белгілі бір кезеңінде оқушылар өздігінен проблемдік міндеттерді шешуге әлдері келмейді, сондықтан мұғалім проблеманы зерттеудің жолын көрсетеді, ол үшін оның шешімін бастан аяғына шейін баяндайды. Оқытудың мұндай әдісінде оқушылар қатысушы емес, тек бақылаушылар ғана, бірақта олар танымдық қиыншылықты шешуге байланысты жақсы сабақ алады.

Бөліктік-іздеушілік /эвристикалық/ әдіс мынадай белгілерге ие:


  • оқушыларға білім «дайын» күйінде берілмейді, олар оны дербес табу керек;

  • мұғалім оқушыларды әр түрлі құралдармен жаңа білімдерді іздеуге, меңгеруге жұмылдырады;

  • оқушылар мұғалімнің басқаруымен дербес ойлайды, пайда болатын танымдық міндеттерді шешеді, проблемдік жағдаяттарды құрады және шешеді, талдайды, салыстырады, жалпылайды, қорытындылар жасайды т.б. нәтижесінде оларда саналы берік білім қалыптасады.

Бұл әдісте мұғалім білімнің бөлігін хабарлайды, енді бір бөлігін оқушылар қойылған сұраққа жауап беру арқылы өздігінен табады.

Зерттеушілік оқыту әдісі мынаған саяды:



  • мұғалім оқулармен бірге проблеманы /мәселені/ қояды;

  • оқушыларға білім хабарланбайды, олар өздері проблеманы зерттеп, шешу арқылы білімге ие болады;

  • мұғалімнің іс-әрекеті проблемалық міндетті шешу барысында оперативті басқаруға сай келеді;

  • оқыту процесі жоғары қарқындылықпен сипатталады, үлкен қызығушылықпен жүреді, алынған білім тереңдігімен, беріктігімен, іскерлігімен ерекшеленеді.

Зерттеушілік оқыту әдісінің тиімді жағы – білімді шығармашылықпен меңгереді, ал кемшілігі көп уақытты және мұғалім мен оқушылардан көп еңбекті, қуатты талап етеді.

4. Ауызша баяндау әдістеріне жататындар: баяндау /рассказ/, түсіндіру, әңгіме, дәріс, оқу пікірталасы.

Баяндау /рассказ/ оқытудың сөздік әдісі, ол бойынша оқу материалының мазмұны ауызша айтылған күйде беріледі. Баяндауға қойылатын педагогикалық талаптар: сабақ берудің идеялық адамгершілік бағытталғандығын қамтамасыз ету; хабарланатын ақпараттың дұрыстығы; қойвлатын, дәлелденетін жағдайлардың дұрыстығын дәлелдеу үшін жарқын көз жеткізетін мысалдарды, фактілерді келтіру; баяндаудың эмоционалдығы; баяндау тілінің жатықтығы және түсініктілігі, беріліп жатқан фактілерді, деректерді бағалауда өзінің тұрғысын, көзқарасын көрсету.

Бұл әдістің функциясы – оқытушылық. Бұл әдіс көбінесе бастауыш сыныптарда қолданылды. Мақсатына қарай баяндаудың бірнеше түрін бөледі: баяндау-кіріспе, баяндау – мазмұнын ашу, баяндау – қорытынды.

Түсіндіру – оқытудың сөздік әдісі заңдылықтарды, оқылып жатқан объектілердің мәнді қасиеттерін, жекелеген ұғымдарды, фактілерді, табиғаттағы және қоғамдық өмірдегі құбылыстардағы себеп пен салдарды көрсету болып табылады. Түсіндіруге қойылатын педагогикалық талаптар: міндетті, мәселенің, сұрақтың тұқ етерін дәл және анық қою, себеп-салдар байланыстарды, аргументацияны және дәлелді бірізділікпен ашып көрсету; салыстыру, сәйкес келтіру, аналогия тәсілдерін қолдану; жарқын мысалдарды келтіру; баяндаудың анық логикасын қамтамасыз ету.

Түсіндіру барлық жастағы балаларды оқытуда қолданады.



Әңгіме – диалогиялық оқыту әдісі, мұнда мұғалім мұқият ойластырылған сұрақтар жүйесі арқылы оқушыларды жаңа материалды түсінуге алып келеді немесе өткенді қалай меңгергендігін тексереді.Әңгіменің мынадай түрлері бар: эвристикалық әңгіме /мұғалім оқушылардағы бар білім мен тәжірибеге сүйене отырып, жаңа білімді меңгеруге және түсінуге ережелер мен қорытындыларды жасауға алып келеді/; хабарландыратын әңгіме /жаңа білімді хабарлау үшін/; бекітуші әңгіме / жаңа материалды оқығаннан кейін қолданады/; жеке әңгіме /сұрақтар бір оқушыға қойылады/; фронталдық әңгіме/ сұрақтар сыныптың бүкіл оқушыларына қойылады/.

Әңгіменің бір түрі - әңгімелесу (собеседование). Әңгіме оқушыны белсенді жағдайға қояды, олардың сөйлеуін және еске сақтауын дамытады, зор тәрбиелік мүмкіншіліктері бар.

Дәріс /лат.lectio - оқу/ теориялық сипаттағы оқу материалын мұғалімнің жүйелі, бірізділікпен, монологиялық баяндауы. Көбінесе жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында қолданылады. Дәрістік әдістің технологиясы мынадай: оқушыларға жоспарды хабарлау, конспектілеудің ерекшеліктерін көрсету, басты қорытындыны және жалпылауды, интонациялық бөлу және қайталау, риторикалық сұрақтар, иллюстративтік материалды көрсету, ішінара талқылау, сұрақтарға жауап беру, әдебиеттерге қысқаша шолу.

Пікірталас /дискуссия/ /лат.disussio – қарастыру, зерттеу/ шындықты іздеуде оқушыларды ұжымдық белсенді іс-әрекетке қатыстыру арқылы оқыту процесінің қарқындылығын және тиімділігін арттыратын оқыту әдісі.

Оқыту пікірталасының басты функциясы – танымдық қызығушылықты ынталандыру; көмекші функциялары оқытушылық, дамытушылық, тәрбиелеушілік және қадағалаушылық – түзетушілік болып табылады.

Оқу пікірталасының тиімділігінің маңызды шарты – оқушыларды мазмұндық және формальдық жағынан бастапқы және мықтап даярлау болып табылады.

5. Оқытудың көрнекілік әдісіне жататындар: көрсетілімдер /демонстрация/, иллюстрациялар, видеоәдіс.

Көрсетілім /демонстарция/ /лат.demonstration – көрсету/ - бұл әдістің мәні сабақта бүкіл сыныпқа әр түрлі көрнекілік құралдарды көрсету болып табылады.

Көрсетілімнің объектілері: көрсетілім сипатындағы көрнекілік құралдар – суреттер, кестелер, схемалар, карталар, диапозитивтер, кинофильмдер, модельдер, макеттер, диаграммалар, ірі натуралды объектілер мен препараттар және т.б. мұғалімнің физика, химия, биология т.б. сабақтарында өткізетін тәжірибелері.

Көрсетілімді жаңа материалды меңгергенде, сонымен бірге өткен материалды жалпылағанда және қайталағанда қолданады.

Көрсетілімді қолданудың тиімді шарттары: ұтымды ойластырылған түсініктемелер; көрсетілетін объектіні барлық оқушылардың жақсы көретіндей жағдай жасау; көрсетілімді даярлауға және өткізуге барынша көп оқушыны тарту.

Иллюстрация арқылы мұғалім көрнекілік құралдардың көмегімен оқылып жатқан құбылыстың дәл, анық және түсінікті образын жасайды. Иллюстрацияның функциясы теориялық қағидаларды негіздеу үшін формаларды, құбылыстың мәнін, оның құрылымын, байланыстарын, өзара әрекетін образды көрсету болып табылады. Иллюстрация бүкіл пәндерді оқытқанда қолданылады. Иллюстрация ретінде натуралды және жасанды жасалған заттар қолданылады: макеттер, моделдер, муляждар, көркемөнер шығармалары, фильмдердің, әдебиеттің, саздың, ғылыми шығармалардың бөліктері; карталар, схемалар, графиктер, диаграммалар. Иллюстрацияны тым өрескел қолдану оқушылардың ойлау процесінің дамуын тежейді.

Видеоәдіс. Соңғы жылдары мектеп практикасында ақпаратты экран көздері /кодоскоп, проекторлар, кионаппараттар, оқу телевидениесін, видеомагнитофондарды, компьютерлер/ кеңінен пайдалануда, сондықтан оны оқытудың жеке әдісі ретінде қарастыруға негіз бар. Видеоәдісті барлық дидактикалық функцияларды орындауға қолдануға болады: білім беруге, тексеруге, бекітуге, қайталауға, жалпылауға, жүйелеуге.

Оқулықпен және кітаппен жұмыс – оқушыны дербес жұмысқа қатыстырудың амалы: конспектілеу /оқығанды қысқаша баяндау, қысқаша жазу/, мәтіннің жоспарын құру /оқыған мәтінді бөліктерге бөлу және оларға ат беру/, тезистеу /оқыған мәтіннің негізгі ойын қысқаша баяндау/, сілтеме жасау /мәтіннің сөзбе-сөз бөлігін беру, сілтеме жасаған көздің мәліметтерін беру: авторы, жұмыстың аты, шыққан орны, шыққан жылы, беті/, аннотациялау /мәнді мағынасын жоғалтпай оқығанның мазмұнын қысқаша баяндау/, пікір беру /еңбекке өз қатынасын көрсететін пікір беру/, анықтама құру /статистикалық, биографиялық, библиографиялық, терминологиялық т.б. сипатындағы мәліметтерді жинақтау/, формальды-логикалық модельді жасау /оқығанды сөздік-схема күйінде көрсету/, тақырыптық тезаурусты құру /тақырып немесе бөлім бойынша базалық ұғымдардың кешенін жасау/, идеялардың матрицасын құру /белгілі бір тақырып бойынша әр түрлі автордың ойларын, идеяларын беру/.

6. Практикалық әдістерге жататындар: жаттығулар, лабораториялық әдіс, практикалық әдіс, танымдық /дидактикалық/ ойындар.

Жаттығу - әрекетті меңгеру немесе оның сапасын көтеру мақсатындағы мақсатты түрде ұйымдасқан қайтадан қайталайтын оқыту әдісі болып табылады. Дұрыс ұйымдастырылған жаттығусыз оқу және практикалық іскерліктер мен дағдыларға ие болу мүмкін емес.

Жаттығуларды былайшы бөледі: арнайы /оқу, еңбектік іскерліктер мен жаттығуларды қалыптастыруға бағытталған көп рет қайталанатын жаттығулар/, /туынды/ /бұрыннан қалыптасқан дағдыларды қайталауға және бекітуге септігін тигізеді/, түсінік беріп отырылатын (орындалып жатқан әрекетке мұғалімдер мен оқушылар түсінік беріп отырады).

Оқыту процесінде ауызша жаттығулар кеңінен қолданады. Ауызша жаттығудың қолданатын орындары: оқудың, ауызша есептеудің, баяндаудың, білімді логикалық баяндаудың т.б. техникасы мен мәдениетін меңгеру.

Жазбаша жаттығулар /стилистикалық, грамматикалық, орфографиялық диктанттар, шығармалар, конспектілер, есептер шығару, тәжірибені суреттеу т.б./ оқытудың маңызды компонентін құрайды. Олардың басты міндеті: қажетті іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыру, дамыту және бекіту.

Графиктік жаттығулар математиканы, физиканы, сызуды, география, сурет салу сабақтарында, сонымен бірге өндірістік оқыту процесінде қолданылады.

Лабораториялық-практикалық жаттығулар еңбек құралдарын, лабораториялық жабдықтарды /приборлар, өлшеуіш аппаратуралары/ қолдануға дағдысына үйретеді, конструкторлық-техникалық іскерліктерді дамытады.

Өндірістік-еңбектік жаттығулар оқу немесе өндірістік сипаттағы арнайы жасалған еңбектік әрекеттердің жүйесі болады.

Жаттығуға қойылатын талаптар: іс-әрекеттің сапасын арттыруға оқушылардың саналы бағытталғандығы; іс-әрекетті орындаудың ережесін білуі; орындалатын жағдайды саналы есепке алу және қадағалау; алынған нәтижені есепке алу; қайталануды уақытқа бөлу.

Лабораториялық әдіс оқушылардың өздігінен эксперимент, зерттеу жұмыстарын жүргізуіне негізделеді. Тәжірибелер жеке немесе топта жүргізілуі мүмкін. Проблемдік /зерттеушілік/ лабораториялық әдіс әсіресе тиімді. Онда оқушылар өздері зерттеудің болжамын анықтайды, оны орындаудың жолдарын белгілейді, қажетті материалдарды және приборларды таңдайды.

Практикалық әдісте оқушылар алған білімді практикалық міндеттерді, есептерді шешуде қолданады. Бұл әдістің функциясы – білім мен іскерлікті тереңдету, қадағалау және түзету танымдық іс-әрекетті ынталандыру /стимулдау/ міндеттерін шешу.

Практикалық сабақтардағы оқушылардың танымдық іс-әрекетінің кезеңдері: 1. Мұғалімнің түсіндіруі. Жұмысты теориялық ұғыну кезеңі. 2. Көрсету. Нұсқау кезеңі. 3. Жасап көру. Екі-үш оқушы жұмысты орындайды, мұғалім оқушылар бақылап отырады, қажетті ескертулер береді. 4. Жұмысты орындау. Әрбір оқушы өздігінен тапсырманы орындайды. 5. Қадағалау. Бұл кезеңде оқушылардың жұмысы қабылданады және бағаланады.

Дидактикалық ойындар – шындықты моделдейтін арнайы құрылған жағдайлар, оқушылар олардың шешімдерін табуға тиісті. Бұл әдістің функциясы – танымдық процесті ынталандыру.

7. Бағдарламаланған /программалық/ оқыту - әрекеттердің /операциялардың/ бірізділікті жүйесі, оларды орындау алдын ала жоспарланған нәтижеге әкеледі. Бағдарламалап оқытудың негізгі мақсаты – оқыту процесін басқаруды жақсарту. ПО ерекшеліктері: оқу материалы бөлек-бөлек порцияларға бөлінеді; оқыту процесі бірізділікті қадамдардан тұрады, онда білімнің порциясы және оларды меңгеретін ойлау операциялары бар; әрбір қадам тексерумен аяқталады /сұрақ, тапсырма т.б./; егерде оқушы қадағалаушы тапсырманы дұрыс орындаса материалдың жаңа порциясын алады да оқытудың келесі қадамын орындайды; оқушы дұрыс емес жауап берсе көмек және қосымша кеңес алады; әрбір оқушы дербес жұмыс істейді және әлі келетін қарқында оқу материалын меңгереді; бүкіл қадағалаушы тапсырмалардың орындалуы есепке алынады және олар оқушының өзіне /ішкі кері байланыс/ және мұғалімге /сыртқы кері байланыс/ белгілі болады; педагог оқытуды ұйымдастырушы және оқушы қиындық көргенде кеңес беруші ролінде болады; оқыту процесінде БО құралдары кеңінен пайдаланылады /программаланған оқу құралдары, тренажерлер, қадағалайтын жабдықтар, оқыту машиналары/.

Жеке электронды-есептеу машиналарының қарқынды дамуы компьютерлік оқытудың жаңа технологиясын дүниеге әкелді. Қазіргі кезде оларды қолданудың жолдарын іздестіру қажет.

Бағдарламалап және компьютерлік оқыту онда алгоритмдерді бөлуге негізделген. Алгоритм дұрыс нәтижеге әкелетін бірізділікті әрекеттердің жүйесі ретінде оқушыдан оқу іс-әрекетінің құрамын және бірізділігін орындауды талап етеді. Оқыту бағдарламасын құрмастан бұрын ең алдымен ойлау әрекеттерін және оқу операцияларын орындаудың алгоритмін жасау керек, сол бойынша электрондық-есептегіш машина оқыту процесін басқаруды жүзеге асырады.

Бағдарламаланған оқытудың әдістері оқыту процесін тиімді басқаруды арттыруға, оқушылардың дербес жұмысының үлесін көбейтуге, оқуды жекелік қарқында жүргізуге, қадағалауға арнайы құралдарды қолдануға бағытталған. БО әдістерінде жаңа және дәстүрлі идеялар ұштасады. БО әдістерін былайша бөлуге болады: ақпаратты берудің әдістері; бағдарламаланған тапсырмаларды орындаудың әдістері; қадағалаудың және түзетудің әдістері.

БО әдістерінің ерекшелігі бірліктегі оқу-педагогикалық әсерде олар өзара ажырамас байланыста болады.

8. Дедуктивтік іс-әрекет арқылы мұғалім мен оқушы жұмысы мына бағытта жүреді. Дедуктивтік әдіс оқу материалын тез өтуге көмектесіп, абстрактылы ойлауды дамытады. Оны теориялық материалдарды оқуға, есептер шығаруда қолданған дұрыс.

Дедукция арқылы оқушы өзі білетін қорытындыларды, ережелерді, ғылыми заңдарды бақылау жүргізгенде, тәжірибе жасағанда, жаттығу жазғанда қолданады.

Индуктивтік әдіс. Индукция – латын сөзі. Оқушыларды белгілі бір қорытындыға әкелу. Алдымен оқушыларға жеке заттар, құбылыстар түсіндіріледі, фактілерден қорытындылар шығарылады. Индукция әдісідедукциямен бірге қолданылады.

Танымдық қызығушылықтың үш түрі бар:



  • іс-әрекетке деген оң көзқарастың болуы;

  • танымның баланы жақсы сезімге бөлеуі;

  • іс-әрекеттің баланы ынталандыруы.

Оқыту процесінде баланың оқу іс-әрекетіне оң көзқарасын туғызу керек. Оқылып отырған материалдың оқушыны тебірентіру, қуанышқа бөлеуі, таң қалдыруы, аяушылық сезімін туғызуы сабақтың мақсатына жетуді тездетеді.

Атақты ғалымдардың және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметі туралы кештер, көркем әдебиеттен үзінділер оқу танымдық қызығушылықты арттырады. Мұғалімнің сөйлеу мәдениеті де оқушы сезіміне әсер етеді. Оқулық тақырыптарының мазмұны – оқу іс-әрекетіне қызықтыратын негізгі құрал.

Оқуға қызықтырудың өте жақсы әдісі – танымдық ойындар. Пікір сайыстар да оқушыны оқуға қызықтырады. Үлгерімі төмен оқушыларды жеткен жетістіктері қуантады да олардың оқуға ықыласын арттырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет