259
қызғылт шықты. Кап-қара сақалы қазірде біртүрлі ұзарып, өсіп кеткен екен.
Сүйек-сүйегі адырайып, көк тамырлары көрініп, салдырап қапты.
Ағасының пақыр болған түріне Абайдың жаны қатты ашыды. Алыста
тұрып, тез шешінді де қасына кеп, төсекке отырды.
Жеңіп алған науқас еңсеріп әкетіп барады. Он бес күн бұрын бір келіп
кетіп еді. Қазір көп төмендеп қапты. Құдайберді Абайдың қолын ұстап, қысып,
сипап жатып:
- Жақсы келдің ғой! - деді.
Аурудың жүдеу
қолын інісі қос қолымен ұстап, өзіне таман тартып кеп,
жүрегіне басты. Екеуінде де үн жоқ. Бірақ адал туысқандардың арманды
мұңдарын жүректері айтысты. Бірталайдан соң Құдайберді әлсіз ғана үн қатты:
- Әкеңе кірдің бе? - деп еді.
- Әлі барғам жоқ. Әуелі сізге келдім!
Осы уақытта Абай келді дегенді есітіп, қарсы үйден үш бала келіп, сәлем
берді. Үшеуі де Құдайбердінің балалары. Үлкені он
бір-он екідегі - Шәке,
екіншісі сегіз жасар - Шұбар, үшінші бұл екеуінен де кішірек, тоқалдың баласы
- Нұртаза.
Балалардың бәрін де Абай қасына шақырып алып, беттерінен сүйді. Шәке
мен Шұбар оқу оқи бастаған. Абай келген сайын олардың сабақтарын
сұрастырып жүретін. Балалар бұған қатты үйір еді. Қазір де баурына кіріп кетті.
Құдайберді Абайға үйрілген өз балаларын көріп, қобалжып кетіп, бетін
ірге жаққа бұрды.
Абай осы қозғалысты байқап балаларды аз алдандырды да, үйден қайта
ұзатып салды. Науқастың қасына тағы кеп отырды.
Құдайберді есікке көзімен нұсқап:
- Адам бола ма?.. Болар ма? Інілерің міне. Кім боларын... не көрерін
қайдан... білейін? - деді. Қоштасып жатқан сияқты.
Інісінің көзінен екі-үш тамшы жас ақты. Даусы да дірілдеп, жылағандай
шықты.
- Қарыздары мен болармын, Бәке! Әл-шамамның жеткенінше қойным
менен мойнымда, өсірермін!
Құдайберді бұған өзі тоқтау айтты:
- Жылама... Жыламашы!..
Екеуі тағы да үнсіз
ғана бір-біріне қадалып, қарасып қалды. Аздан соң
Құдайберді бойын жиып, оңалды да Абайға бетін беріп, қырынан жатты. Бірақ
қозғала бергенде тағы жөтелген. Абай оның көрпесін иығына көтеріп қымтап
қойды.
Құдайберді енді басқа сөзге ауысты да, екеуі жай ғана әңгімелесіп кетті.
- Әкеңнің сені неге шақырғанын білемісің, Абай?
- Жоқ, Бәке, әзір білгем жоқ.
- Ендеше, бүгін сайлаушы төре кепті. Әкем Жақып аулына түсіріпті. Мына
жаңа орын - «болыс» деген бар дейді. Соған сені сайламақ. Ұқтың ба? Не
дейсің бұған?
- Өзіңіз не дейсіз? Маған не ақыл айтар едіңіз?