255
Балағаз бен Абылғазының ендігі қияс мінезі Құнанбайды дағдарта бастады.
Баяғы дағдыға
салып шауып алайын десе, мынадай аш-арық боп, суық тартып
жүрген елдің ішінен өрт шығарып алам ба деп қорықты.
Ойға келген бір шара - ұлыққа шағу еді. Ең оңайы отряд шығартып,
урядниктерге ұстатып, кісендеп тыю.
Бірақ осы тұста заң өзгеріп кетті. Бұрынғы аға сұлтандық қалып, «болыс»
деген жаңалық кіргелі жатыр. Тобықтының дуаны да өзгерді: жаздан бері бұл
ел Семейге қарайтын бопты. Және түгел Тобықты бұрын бір ғана старшын еді.
Тобықты енді үш болыс ел боп бөлінетін көрінеді. Жаңа дуан жана ұлыктың
қолында. Олармен жүз көрісіп, сырмінез болған Құнанбай да жоқ.
Ертең
сайлауы келеді. Сондай кездің қарсаңына өз елінің ішімен қағаздасып жату
лайық емес.
Ең болмаса сайлау өткенше қоя тұру қажет.
Бірақ аял қылайын десе, Балағаздар асып барады. Екі бұйрығын
орындамады. Енді: «Біржолата құрық әкеткен боп, тіпті дандайсып кете ме?»
деп, тағы қобалжиды. Осындай шарасыздық үстінде, Құнанбай бір топ мықты
жігітті аттандырып: «Тау ішінде жүргенде үстінен түсіп, тегіс ұстап әкеліңдер!»
- деп бұйырып еді.
Оған көнетін Балағаз емес екен. Мойынды қашыққа салып барды да,
бірден-екіден бытырап кетті. Титығы құрыған
қуғыншылар ел ішіне қайта
айналып келгенде, Балағаздар да ілесе оралды. Келе бере Құнанбай
жылқысынан тағы алды. Бірақ қауырт алмай, біртіндеп, тай, байталдан алды.
Бұл уақыт ел-елдің қыстауға қонып, ақтан ажырап, нағыз күйзеулікке түсетін
шағы еді. Ендігі бірен-саран ұсақ қараны аш-арықтың
сойысына алып жатқан
сияқты.
Аз күнде Тобықты ішіне келетін болыстық сайлауын тосып отырып,
Құнанбай енді Базаралыны шақыртты. Жігітектің өзге жігіттеріндей емес,
Базаралы іркілген жоқ, тез келді.
Құнанбай жас тоқалының үйінде екен. Тамға жаңа кіріпті. Үй жылы.
Жасау-жабдық жас жігіттің отауындай. Толық денелі, дөңгелек жүзді
Нұрғаным сұлу да, сәнді екен. Әсіресе, қоңырқай келген, үлкен өткір көздері
ерекше ажарлы. Жүзінде жастық пен саулық, тоқтық, баршасы да нұрлана түсіп
шырай береді. Ақаусыз бетінде мөлдіреген тұтас қызылы бар. Ерге біткен
көрнекті
мұрнының оң жағында кішкене, томпақша меңі бар екен. Нұрлы
қызыл жүзіне біткен қап-қара мең, өзінше, қатты жарасып тұр. Олдағы
Нұрғанымның ерекшелігі. Өзге әйелге бітпеген нысанасы тәрізді.
Құнанбайдың сөз бастауын күтіп отырып, Базаралы Нұрғанымды әбден
болжады. Ішінен: «Япыр-ай, мына тоқалды қалай таңдап, қайдан тауып алған?»
деп, тамашалай қызғанды.
Нұрғаным біртүрлі байыпты және еркін, батым көрінді. Құнанбай мен
Базаралыға
шай жасатып, соны қызметші қатынға құйғызып беріп отырып,
күйеуіне де, қонаққа да қымсынбай қарайды. Бірер ұсақ шаруаның жайын да
Құнанбайға еркін айтты. Күйеуі мұны «қалмақ» дейді екен. Шай аяқтап
келгенде:
- Қалмақ, шайыңды жиғыз! Мына Базаралымен сөзім бар, - деді.
Нұрғаным асықпай отырып, бұйрығын орындады да, малшы қатынға: