249
Қалың елмен бірге Жігітек көпшілігі де қатты жұтаған. Жер аз болған
тапшылықтан жұтады. Сол көптің ішінде «ақ сирақ» боп қалғанның бірі - осы
Қараша, Қаумен ауылдары, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Әділхан сияқты
жігіттерде тек қана бір-бір ат қалды.
Жаз бойы бұлар үйден шыққан жоқ. Аштықты да, кемтарлықты да көп
көрді. Кісіге барып, көз сүзіп сауын сұрауға, жалпетек болуға намыстары
жібермеді. Керек десе, Байдалыдай туысқанға да барған жоқ. Кәсіп етейін десе,
мынандай жұтап калған елдің ішінде түк нәрсенің орайы жоқ. Жалғыз айла -
жалға жүру.
Бірақ ол бір ғана өз бастарын асырау болмаса, қатын-балаға талшық емес.
Өмір бойы жалшылықта жүрсе де, көсегесі көгерген қойшы, жылқышы, түйеші
жоқ. Алатын ақысы құр ғана «ішіп-жем» болғандықтан,
талай жандар атадан
бала, баладан немереге шейін үнемі кісі босағасын тоздырумен өтіп келеді.
Жігіттер жаз бойы көргенде, не көрді? Ашыққан баланы көрді. Қаншырдай
қатқан шеше мен жеңгені, қатын-қалашты көрді. Айнала күрсіну де күңірену.
Осы жайларға сол жігіттер айла таппай, қарғыс айтатын. Жалғыз-ақ
төменшіктеп, жасып айтпайды. Іштегі ызамен, қыжалмен айтатын. Барлығының
сондай күйін Базаралы жақсы айтып беріп еді. Бір күн кешке дөң басында бір
топ жігіттің ортасында отырып, ызалы мысқылмем сөйледі.
- Ел еру болса, шаңырағына жоқшылык кеп шеру тартады. Көші-қон болса,
әке-шешең, қатын-балаң ақтабан шұбырындыға ұшырайды. Жалғыз сиырға
артқан ашамайдың үсті де арман бопты. Құдайдың бізден аяған несі қалды?.. -
деген.
Осы жазда, дәл осы жігіттерге Базаралы көп-көп күйік айтқан. Аман
қалғанның тетігі неде? Жұтағанның жайы неден? Әділетсіздік қайсы? Ол
қандай тон киіп, қалайша тіл қатып келеді? Солар туралы түкпірлеп, ойлаған
ойларын айтатын.
Сондай әңгімелер тұсында Балағаз бен Абылғазы тыным таппай әбігер боп
қалушы еді. Базаралыға қадалып кеп: «Ақыл-айла тапшы,
бет нұсқап, жол
көрсетші! Істерлік іс бар ма? Соны айтшы?» дей беретін. Бірақ Базаралы ол
сұрақтарына жауап айта алмаған.
Ақыры, ендігі өмір өзгеше боп кетті.
Балағаз бен Абылғазы екеуінің түнделетіп атқа мінетінін Базаралы көпке
шейін білген жоқ. Ең алғашқы кезекте Майбасар жылқысы жоғалды. Одан
кейін Жақыптан алынды. Осының жаманат сияқты хабарын естіп жатқанмен,
Базаралы елең қылмаған. Үшінші кезекте Ырсай жылқысы алынды. Дәл осы
орайда Базаралы бір түнде ұйқтай алмай, аунақшып жатып, таңға жақын тысқа
шығып кетті. Көпке шейін үйге кірмей, далада болған.
Үй сыртындағы көгалға барып, таң салқынға төсін төсеп, жапа-жалғыз
ойланып отырып қап еді. Жап-жақын жерде көрші ауыл бар-ды. Қарашаға
қараған төрт-бес үй болатын. Сол ауылдың Ақтөс
дейтін бір сақ қаншығы
болушы еді. Таң жаңа ғана сызып атып келе жатқанда Базаралы Ақтөстің
үргенін естіп, елең етіп қалды. Шабаланып тұрып, оқыс үрді. Анық кісі
көргенде үретін үрісі.
Бұл не қылған бөгде кісі екен? Білейінші, - деп ойлап, Базаралы тосып
қалған. Аздан соң Қарашаның. аулындағы шеткі үйдің тұсына екі атты кісі