44
- Тіпті қозы көш жер сайын бір қоныс қой! - деді. Сүйіндік бұл жөнде
Жігітекпен, әсіресе, мұңдас.
- Және қоныс болғанда қандай! Тұнып тұрған көкбастау,
торғындай тұма,
қасқа бұлақ, көк үйірім көл.
- Жайлауға барса ғой, өзге бір ру ел бір бұлаққа үйіліп отырса, мұның әр
ауылы ұзын аққан әлденеше өзеннен үлеседі.
- Осының бәрін аз жылдың ішінде басып отыр. Енді тағы қай сыбаға!!
- Бәсе, қай сыбаға десеңші?!
Бөжей мына екеуін құр тыңдаумен отыр еді. Енді ыза болғандай бұрыла
берді де:
- Е, е, сыбаға үлестіруші сен екеуің болсаң, айтарсың? - деп, қолын сілікті.
Бұл сөзді тыңдағысы келмеді.
- Айта берсең арман көп. Осы сары аурудан не таптың? - деп біраз қабағын
шытып, Түсіпке түйіліп отырып: - Дәрменсізде арман көп. Бірақ арман азық боп
па еді? Айла таппас болғанда, айттың не, айтпадың не! - деді.
Түсіп енді түйсініп отыр. «Арман» дегені Бөжейдің өз ішін де жеп болған.
Ши бойында осы Түсіп пен Бөжейдің атақты атасы Кеңгірбайдың бейіті бар.
Соның тұсындағы мол қорық - Жидебай, Барақ болатын. Құнанбай қыстау етем
деп соны да алды... Бөжей сонда қатты қорланған. Өлісіп те көрмек боп еді.
Бірақ, Құнанбай дәл осы Түсіпті шақырып ап, ебін тапты. Түсіп Бөжейге кеп
басу айтып, қолын бөгеп қалды. Соңғы жылдарда іште жүрген наразылығының
көп себебі сол болатын. Со да өндімеді. Кейін Түсіпке талай рет зығыры қайнап,
шынды айтысқанда:
- Құнанбаймен сөз біткен. Істен басқа айла жоқ. Ер болсаң іске шыда! Ол
болмаса дағдыңа бас, ұсына бер! - дей беретін.
Мұны Сүйіндікке де сездіретін. Және Жігітек ішіндегі бір таянышы
Байдалыға да айта жүруші еді. Әрқайсысына осындай оңашада көзбе-көзде ғана
сездіретін.
2
Күзеуден жеті көшіп отырып Қызылшоқы, Қыдырға,
Көлқайнарға жеткен
Құнанбай ауылдары енді осы аралардағы қыстау-қыстауына тарамақ болатын.
Бірақ, кеше танертең Құнанбай бұйрық етіп:
«Хабар алмай көшпесін, тарамасын!» депті. Өзі қасына Майбасарды ертіп
Шыңғысқа кетіпті. Жер алыс болмаса да, Құнанбай күнұзын ат үстінде жүріп,
кешке ғана қайтты.
Келіп тускені, үлкен бәйбішесі Күнкенің ауылы еді. Мұнда бүгін
сыбаға
әкелген әйел қонақтар көп екен. Ішінде Құнанбайдың тоқал шешелері
Таңшолпан бар. Ақбердінің шешесі бар. Және кәрі жеңгесі Бопай да келіпті.
Күнкеге бірі келін, бірі абысын есепті Ырсайдың шешесі,
Жұманның шешесі,
Жортардың шешесі сияқтылар да бар екен.
Өзге жұрттан бөлініп көшкен бұл бір топ ауылдар - шетінен Ырғызбай руы.
Ұзын саны жиырма шақты ауыл. Көпшілігі Ырғызбайдың тоқалдары мен
Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туысқандар болатын.