48
Бірен-саран жастардың аттарының басы оқыс ілгерілеп кетсе, қасындағы
үлкендері зекіп, күбір етіп: «тарт, шегін!» деп, тойтарып тастайды. Құнанбай
жалғыз көзімен оңды-солын шолып алған. Жиында Ырғызбайдан өзге жан жоқ
екен. Әрқайсысының
аулында көрші-қолаң, жалшы-жақпай «бұратана - кірме»
деген көп болса да, бұл араға келтірмепті. Олар сойыл соғар. Бірақ келеге әсте
кірген емес. Құнанбай жіті жүріп отырып, тобын бастап, көштің алдына түсті.
Содан жиырма ауылдың жиырма басты адамына қазір Шыңғыс ішіндегі
қай сай, қай қыстауға барып жетіп, шаңырақ көтеретінін айтып келе жатты.
Сөзі ақылдасу емес - байлау. Атағаны - кесіп, пішіп қойған әмір менен бұйрық.
Алты күннен соң осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бір мол
көштер келе жатты. Бұл Бөкенші мен Борсақтың көші. Бұлар да Қызылшоқыдан
өтіп Шыңғысқа кіргелі келеді. Малды көштер емес. Бірақ көшкен елінің саны
көп. Жинақы боп, топтальгп көшпей, бытырып, ен жайылып, бет-бетімен келеді.
Көш бойында ат мінген кісі аз. Әр көште бірен-саран еркектер мен көш
бастаған қартаң әйелдер ғана ат үстінде. Олардан басқа бала-шаға, кемпір-шал
және жас қатынның көбі жүк артқан түйелерге мініпті. Жылқысын отарға
жіберіп, қысқа арналған мінгішті шақтап алған елдерге ұқсайды.
Бірен-саран
тайлаққа мінген, өгіз мінген еркектер де бар. Барлық қалың
елдің ішінде екі-үш ауылдың көші ала бөтендеу. Ол Бөкенші руынан Сүйіндік,
Сүгірдің көштері. Борсақ руынан Жексен көші.
Осы көштердің алдына Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі, жастан
жиырма шақты кісі оқшауырақ келеді. Бұл жиында әзіл-күлкі де, әңгіме де жоқ.
Өңшең тон, шекпен киген сұрғылт топтың пішіні де, қазіргі күздің сұрғылт,
жабырқау аспаны сияқты күңгірт, салбыраңқы. Әсіресе, Сүйіндік пен Сүгір,
Жексен күпті сияқты. Көп жұрт соның аузына қарағанмен, Сүйіндік ақырын
ғана:
- Бара көрейік. Жүзбе-жүз көрісейік. Жауабын өз аузынан естейік! - деді.
- Не де болса, бара көрейік те!
- Не жөн, не жолға сыйғызады екен?.. Өзінен естиік! - деп Сүгір мен
Жексен де соны кұптады. Бұл жиындағы жастар мен қартаң шаруалар түйіліп
алған, қатты ашулы еді.
Кұнанбай күзеуден ерте қайтып кеткен соң, өзге елдің бәрі де дағдыдан
тыс, күземді ерте алып көшіп еді. Жаз бойы Бөкенші мен Борсаққа
Құнанбайдың қабағы келіспеген. Қырына ала берген болатын.
Сүйіндік осыдан секем алып, әнеу күні Бөжеймен ақылдаса барса да,
жауапқа жари алмай қайтты.
Содан, күзеуде кейіндеп қалса да, ерте кеткен Ырғызбай жайын
сұрастырып отырып еді.
Қазірде Ырғызбайдың аталастары Топай, Торғай, Көтібақ та осы
Бөкеншінің артынан ілесе көшіп келеді.
Көштер Шыңғысқа кіре бере, сайды өрлеп, өзді-өзінің жылдағы қыстау-
қыстауына қарай тартты. Бөкенші, Борсақтың Шынғыс ішінде қыстау еткен
жерлерінін ені оншалық мол болмайтын.
Сол жердін орта тұсы Жексен
қыстауы - Қарашоқы. Көктемде Қодарды асып өлтірген жер осы.
Бірнеше көштерді сай-саймен өз жолдарымен жіберсе де, Сүйіндік,
Жексендер бастаған еркектер тобы жұбын жазған жоқ. Бірталай қалың