52
- Мекенің қайырлы болсын!.. - десіп, жабырлап құттықтап жатыр. Осы
топтың артынан іле, тағы бір топ келді. Бес-алты кісі еді. Мұны бастаған шал -
Құлыншақ. Торғай руының ең жуаны. Құлыншақтың қасында бес азамат
баласы бар екен. Белгілі «бесқасқа» деп атанған өңшең жауынгер, найзагер,
батыр ұлдары.
Құлыншақ та Құнанбайға тақап кеп:
- Қарағым Кұнанжан, амансың ба? Қонысың қайырлы болсын!.. - деді.
Бөкенші, Борсақ енді таныды.
Ырғызбай жалғыз Ырғызбай боп, мына
зорлықты істеп отырған жоқ. Көтібақ, Торғай, Топай руларының да бар жуан,
содырлары Құнанбай ісін құптаған тәрізді.
Сүйіндіктің дәме қылары Көтібақ еді. Тым құрмаса, «бір тоға, берік Байсал
Құнанбай ісінен сыртқары болар» деп ойлаушы еді.
Астыртын не сөз болған? Не сыр бар?.. Мәлім емес. Қалай да мына
ажарына қарағанда, Құнанбай иісі Олжайдың бар жуандарын түгел соңынан
ертіп алған көрінеді.
Амандаса келген, қайырлы босын айта келген Байсал,
Құлыншақ дәл
бүгінгі күн, құр амандасу емес, Бөкенші, Борсаққа қыр көрсете келіп тұр.
Құнанбай соны әдейі істетіп отыр.
Мұны жалғыз Сүйіндік емес, Жексен де сезді.
- Апыр-ай, ата қонысым еді. Одан қала берсе, осы жиын, осы бәріңнің көз
алдыңда, кешегі көктемде ғана, осы мынау тастың бауырында Борсақтың бір
баласының қаны тамып еді ғой. Ер азаматымның қаны тамған жер еді ғой! -
деді. Бұл сөз - дәл бұл жиынның күтпеген сөзі. Сүйіндік өз ішінен:
«Алдырған албырт деп оның несін айтты екен?» - деп, жақтырмады.
Құнанбайға бұл сөз тіпті тосын болатын. Оны дау үстінде дәлел, далбай
қылатын кісі болар демеген. Сондықтан жауабын ойламай айтты. Жексен
айтқан сөзді, Бөкенші, Борсаққа тағы осы
жерді алуына бір ұпай қып
пайдаланбақ болды:
- Не деп тұрсын? Алжығанбысың? «Ерім» дейсің! Ерің сол болса, сенің
елдігіңде не қасиет қалды? Ол ер емес, Борсақ әруағынан садаға... тіпті
Тобықты әруағынан садаға!.. Ол - сұмырай еді. Мен сол сұмырайды құртып,
сонын
із-тозы бітсін деп, бұл жерді, бұл өңірді әдейі басқаның мекені етіп
тұрмын. Сандалған несі? – деді.
Бөкенші, Борсақтың қалың жиынына мына сөз таспен ұрғандай тиді.
Бәріне де бір сәтте Қодар өлімінің сыры, Бөкенші жерінің алыну сылтауы бір-ақ
шешілгендей болды.
Бұған келгенде Сүйіндіктің де шыдамы таусылып еді.
- Ойпыр-ай, не дейсің? Әттен, аузыңнан айналайын Бөжей-ай, Қодар
өлгенде: «Бұл шылбыр Қодардың мойнына ғана түскен жоқ. Бұйырса, Бөкенші,
Борсақ, сенің мойныңа да түскен шылбыр болар» деп едің... Арманда кетіпсіп
ғой,
есіл ерім, Қодар-ай, - деп үні өшіп, атының жалын құшып, бүгіліп тұрып
қалды.
- Уа, қара бет басым! Қара басқан қу басым! Мен қуарған не еткен ит едім?
Ойбай бауырым!.. Бауырым, Қодар - деп Жексен өкіріп жылап, атын борбайлап,
Қодар қыстауына қарай шаба жөнелді. Сол-ақ екен, бар Бөкенші, Борсақ тегіс:
«Ойбай бауырымдап» Жексеннің артынан шаба-шаба жөнелісті. Сүйіндік те