136
Бөжейдей азаматтарының ыстық көзіндей болған екі серік аты келгенде
барлық үлкендердің өздері де еңіреп-еңіреп жіберісті. Біреулер таяғына сүйеніп,
бірнеше кәрілер жер тіреп жыласып:
- Арысым-ай, арыстаным, бауырым-ай! - десіп, күңіреніп еді.
Өзгеден бұрын бойын жиып алған тағы Байдалы болды. Ол
әуелі оң жақ
босағада тұрған күрең атқа кеп:
- Жануар-ай, иең кетіп тұл қалдың ғой, сен бейбақ! - деп, жақындап келді
де күрең аттың кекілін шорт кесті. Содан кұйрығынан алып, уыстап тұрып, дәл
тірсегінен жоғары келтіре, қалың кұйрығын да борт-борт кесіп алды.
Қара көк атқа да соны істеп, тұлдаған екі атты барлык осы өңірдің өзге
жылкысынан бөлек түске кіргізіп қоя берді. Қара тіккен жерде ас берудің серті
айтылды. Мынау тұлданған екі ат келесі жылға шейін мінілмейді. Қол тимей
семіріп барып, жыл асқан соң иесінің асына сойылады.
Байдалы екі аттың артынан қарап тұрып:
- Қара көктің жал-құйрығы қара ғой. Қаралы ат осы болсын. Көшкенде
ерімнің каралы ер-тұрмайы осыған ерттелсін, тұлдаған
киімдері осы жануарға
жабылсын! - деді. Бұл сөзі байлау еді.
Осыдан соң Байдалы бастаған үлкендер қастарына Қаршығалыдағы барлық
басты ру, бай ауылдарының мал иелерін алып отырып, Бөжейдің жаназасына,
підиясына байлайтын мал-мүліктің әңгімесіне кірісті.
«Өлім - бардың малын шашар, жоқтың артын ашар», Бөжен бай болмасын,
бірақ жоқ емес. Әсіресе, ағайын тұрғанда, мынандай шебі бүтін тұқымы
тұрғанда, неге жоқ болады! Тіріде тілеуі бір туысқан өлісінде неге ұмытады?
Бет топырағы жасырынбай тұрып қайтып ұмытады?
Осыны айтыспаса да ойламаған ағайын жоқ. Сондықтан олар Бөжейдің өз
үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен шығартпасқа бекісті.
Ертең бата оқыры, қонақасысы аз болмайды. Қара тіккен үй, әсіресе өткен-
кеткеннің бәрін шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан болса,
аш-арық болсын, алыс-жақынның бөгде жүргіншісі болсын, баршасы да бұл бір
жылдың бойында, ылғи ғана Бөжейдің үйіне түсетін болады.
Солардың тие
берсіні, тілек батасы Бөжейге сауап. «Өлгендердің артын күту, аруағын күту
сол сауабын ойлауда» деп, молда, қожа көп өсиеттеген сөздерді де Байдалылар
еске алды.
Сонымен Бөжейдің өз үйінің шығыны әлі алда жатыр. Ол санаусыз көп.
Ендеше мынадай қауырт шығасыны ол үйдің қзіне салмай, бөліп әкету шарт.
Жиылған ағайын ынтымағы сараңдықка бой ұрмады. Бұл өлкеде талайдан
болмаған бай підия және де осы Бөжейдікі болатын болды.
Бастығы Сүйіндік, Байсалдар болып: «Азаға салғаным», «қосқаным»,
«аруағына арнағаным» деп шеттерінен қос ат, іңген, жамбы, тай тұяқ, қон тұяқ
сияқты бұйымдар атасты. Сүйтіп, кеңес аяғында підиясының өзі талай тоғыз
болып саналды. Бас тоғызы түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі
тоғыздары және ішік-кілем сияқты тоғыздар еді.
Осы таңертеңде, дәл осы кеңесте, мынау қара тіккен ақ үйге бұдан былай
мол жасау, қаралы сәнді жасау жиюдың жайы да байланды.
Сүйіндік, Байсал,
Байдалы бар, бәрінің үйлерінде, тең, сандықтарында
жатқан қаралы қалы кілем, қымбат ішік, өзгеше тон, тұскиіз сияқты асыл
137
бұйымдар тегіс осы үйге әкеліп жиылмақ. Түске жақын ақ үйдің ішіне әзірше
жасау қып ілмесе де, ертең өлік шыққан соң
ілетін боп барлық септің
жасауларын да әкелісіп қойысты.
Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт
байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып,
сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап
жыртқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр.
Бөжейдің екі қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт
байласып алыпты. Бұлар әкелері өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың
сарынын тапқан екен. Бүгін таңертеңнен бері жаназашыларға көріскенде сол
жоқтауларын айтумен отыр.
Барлық Шыңғыс сыртындағы ұшы-қиыры жоқ, ен өлке, кең сала, мол
жайлау, құйқалы адыр, қалың таулардан жұрт ағылды.
Аңыраған ел жер
қайысқан қалың нөпір боп кеп, бірнеше күн жыласып, аза салып болды да,
ақыры Бөжейдің жаназасын шығарды. Сүйегін бұл жайлауға қоймай,
Шыңғысты қайта асырып, қыстауының үстіне апарып, Тоқпамбетке қойды.
Бөжейдей жұрт жоқтаған жанға топырақ салмай қалған жалғыз Құнанбай
айналасы болды.