130
етті. Айғыз тұп-тура аямай: «Дұспандық етіп жүрген Бөжейдің қатыны» деп
байлады.
Осының ертеңінде Құнанбайдың сәлемімен Бөжей аулына Жұмабай барып
қайтты.
Көршілес, картаң қатынның бірін Айғыз да Бөжейдің бәйбішесіне жіберген.
Оған:
- Балама өгейлік қып отыр.
Ақылы болса, ары болса, бүйтер ме еді?
Күтімсіздікпен дертті қыпты, - деген кінәлар айтқызды.
Жұмабай Бөжей аулынан түнеріп қайтты. Ол келгенде Абай барлық Бөжей
жауабына түгел қанды. Бөжей қасында Байдалы, Түсіптер бар еді. Қатыны да
Айғыз жағынан есіткендерін жеткізген-ді. Үй ішімен, ағайынымен күңкілдесіп
алып, Бөжей Құнанбайға ашулы жауап айтыпты.
- Құнанбай жаққан отқа менің арым өртенді. «Жарасы жазылды, сынығы
бітті» дей ме екен? Не жаны жүр деп ойлайды екен шыбын кеудемде? Әлде
өзгелер үйелменімен өртенсе де, өзімнен бұрау сынбасын дей ме? Құнанбайдан
не шықты. Шашыраған бір ұрығы ма? Сұрау салмай, мазамды алмай тек жүрсін,
күйдірмесін ағайын! - депті.
Үлкен ызаның сызы жатыр. Тоңы жібімеген араздық қайтадан тағы бір рет:
«Мен арылған жоқпын!» дегендей жота көрсетті.
Құнанбай демігіп тыныс алып, қап-қара боп кетті. Бөжейдің бұл
жауабынан Абай да қатты түңілген еді.
- Адамшылық рақым қайда?
Өзге емес, ақылсыз, надан қатыны емес,
Бөжей өзі өсте ме екен? Көз алдында соншалық жазықсыз нәрестені ұзақ өлімге
бұйырып, сол үшін және биттей де шімірікпеу не деген қаттылық? Әншейінде
мінезді, мейірбан көрінетін сырты екен ғой. Өзіне сын жетпей, жұртты сынап
жүргенде сүйтеді екен ғой. Ендеше, жауығып, қарсыласып, кінәлап жүрген
Құнанбайдан қай қасиетімен артты? - деп, аса наразы боп қалды.
Құнанбай бұл арада шешілген жоқ. Жалғыз-ақ Абайға қарап:
- Менің балам адамзат баласы емес, өштескен қасқырдың күшігіндей
көрінгені ғой. Көрге бірге кететін жаулық десеңші мынаны.
Аузына осы тірі
жүрген ұрпағымның қайсысы түссе де, шайнап тастағалы, көзге шұқып жоқ
еткелі отырған түр ғой мынау! Жалғыз-ақ тәуекел! Тостым, күттім артын! - деп,
тоқырап қалды.
Осыдан кейін аз күн еткен соң, Бөжей аулынан Айғыздар күткен жаман
хабар оқыс келді.
Кәмшат өліпті. Және таңертең өлген баланы сол күні түс ауа қойып та
бітіріпті. Керек десе,
Құнанбай аулына, Айғыздай көзі тірі шешесіне хабар да
айтпапты. Айғыз бен Ұлжандар есіткенде бүгін қойшыдан есітіп отыр.
Жалғыз Құнанбай емес, бастығы Зере болып, Абай болып, Бөжей мінезіне
шынымен аса қатты ренжіді. Әнеугі жауап бір көңіл қалдырған болса, мынау ісі
тіпті бір қырыс надандық пен қаталдық тәрізді. Бөжей өзі осыны сезген болу
керек. Кәмшат елген күні, ол: «Айғызға хабар қылсақ нетеді?» деп, үй ішімен,
Байдалымен ақылдасқан еді. Бірақ осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек
жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді.