123
түйіп ап, Абайға тіксіне қарады. Баласының өзін барлап: «Осының өзі қандай?»
дегендей.
Абай әке көзінен жасканған жоқ. Байдалының дауын соншалық зілді,
ұтымды күйде айтумен қатар, мына бала өз сұрағын да осы араға қосып
отырған сияқты. Әке мен бала ең алғаш рет шындасып бет ашысатын белге
келгендей еді.
Бірақ Құнанбай өз баласы туралы екі ұшты болуын тез жойып, Байдалы
сөзінің салмағына сөз салып кетті. Есітті, ұқты. Жалғыз-ақ түк шіміріккен жоқ.
Ашумен демігіп, ернін шығарды. Өз байлауы өз ішінде. Жауап айтқан жоқ.
Абай әкесіне осы сәлемді әкелгенде, тым құрса бір шешілер, бір сөйлесер деп
еді. Ол болмады.
Байдалының алғашқы сөзін естіртіп бір тоқтаған еді. Одан тың сөз тумаған
соң Абай аз отырып, Байдалының соңғы әңгімесін айтты. Бұл Абайдың, әсіресе,
«жауап айтар, не айтар екен?» деп асығып күткен жайы еді.
Құнанбай баласының осы көңілін анық таныды білем. Қаратай мен
Байдалы үшін болмаса да, өз баласы мен өз туысы үшін бір жауап керек. Ол
тіпті аналардың орайын беру үшін, әсіресе, керек.
- Қаратай жүйрік қой. Жер таниды. Айтқаны шын болса керек. Бірақ өз
топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де
болады. Мен өмірде ұстаған нәрсемді берік ұстанам. Жақсылық - кісінің
айнымас табандылығында деп білемін. Соның түбінен мін шығатын кез де
болатын шығар! - деп, үндемей түнеріп отырып қалды. Дау айтқан кісі жоқ.
Абай әкесінің жауабын ғана білмек еді. Ойландыратын жауап естіді.
Құнанбай аздан соң ғана барып, әлгіден де жуасыңқырай түсіп:
- Адам бенде ғой! Бенденің жоқ-жіті толған ба? - деді.
Қияласа да өз мойнына кінә алып отыр.
Бұл кезде Абайға әкесі жадағай көрінбеді. Кінәға, дауға жүйрік Байдалы
сияқты емес. Ол шешендіктен көрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан
емес. Қабат-қабат шың сияқты.
Құнанбай өз ойымен кетсе, Абай өз көңіліндегі түйінін аяқтата алмаған, өз
дағдарысымен кетіп еді.
Достарыңызбен бөлісу: