126
бұл өңірдегі ағайын Зере отырған үйді жатсынған жоқ, Бірақ сыбаға мен ерулік
әкелушілер көп болса да,
бұл келгендердің ішінде Бөжей, Байдалыдан немесе
Сүгір, Сүйіндіктен келген белгі болмады. Келіп жатқанның барлығы момын
ағайын. Араз-кұразға ынтасы мен бейілі жоқ, жай шаруаның ауылдары еді.
Үй іші келушінің барлығына ырза болды да, келмегенді санаған жоқ.
Жалғыз Абай ғана өз ішінен әр мінездің мәнін өзінше жорыды.
Шешелеріне берген уәде бойынша Абай Бөжей аулына баруға асыққан.
Қопаға қонған күннің ертеңінде қасына Ғабитханды ертіп, солай жүріп кетті.
Бөжей аулы Қопаның аузынан алыс емес. Батыс жақтағы көк қырқаның
астында Саркөл деген тұщы көлдің басында. Түс шағында екі жас жігіт сонда
келді. Саркөл жағасында жағалай отырған ауыл көп екен. Бөжейдікін
сұрастырғанда, бие қайтарып жүрген асау тайлы бала тап орта тұстағы он
шақты үйлі ауылды көрсетті.
Бұл бай ауыл емес, бірен-саран ғана бозғылт үйі
бар. Көпшілігі қоңыр үйлі орташа ауыл тәрізді. Шынында Бөжей бай болған
емес. Орташа, дөңгелек қана дәулеті бар еді. Абайлар Бөжей үйінің сыртына
кеп, аттан түсіп жатты. Қазіргі уақытта бұл ауылда бірде-бір бөгде кісі болмау
керек. Кермеде де, белдеуде де ерттеулі ат жоқ. Жиын болса, көлдің арғы
шетіндегі ақ ауылда болу керек. Саркел айналасындағы топыры кеп ауыл сол
тәрізді. Жас жігіттер Бөжейдің өзін де үйде жоқ болар деп топшыласып еді. Сол
ойлары шын болды. Бөжей анау ақ ауылдағы жиында. Сонда түстеніп отыр
екен.
Аттарын байлап, енді үйге қарай жүре бергенде Абай осы үйдің ішінде
әлсіз үнмен жалынып жылаған кішкене баланың үнін есітті.
Ауру баланың
жылағаны.
Абай жүрегі жаман белгіні сезгендей су етіп, қатты аянышпен шаншып
кетті. Үн дәл Кәмшаттың үні сияқты. Абайлар үйді айналып есікке тақай берді.
Бірақ дәл осы кезде жаңағы баланың жылауына ызаланған ұрысқақ дауыс
естілді.
Бар сөзі басқа ұрғандай ап-анық шығып жатқан Бөжейдін бәйбішесінің
даусы.
- Ырылдатпа! Ырылдатпашы анау көзің ойылғыр жетімекті! - деп, зекіп
тастап, долы бәйбіше есікке қарады.
Киіз есік ашылып, екі бала жігіт кіріп келген екен. Абайлар төрге шықты.
Үлкен үйдің іші сыртындай жұпыны емес, жасаулы, кілемді, алашалы екен.
Бірақ салақ үйдің
белгісі - сыпырылмаған, төрден олақ жиналған көрпе-
жастықтан көрініп тұр.
Үй ішінде, төсек алдында ұршық иіріп үлкен қара сұр қатын отыр. Танауы
қусырылып, ерні қатты жыбырлаған қара қатын аса бір ұрысқақ қатал жан
сияқты.
Биік төсектің бас жағында жер төсек бар екен. Соның үстінде Бөжейдің екі
бойжеткен қызы кесте тігіп отыр. Жасына жеткен қыздардың пішіндері - сұлу
да, сыпайы да емес. Түксиген, сүйкімсіз. Және шешелеріндей ашушаң, қатқыл
адамдар сияқты.
Осы төсектердің бас жағынан Абайлар отырып, үй ішімен ақырын ғана
амандасты. Мажырасып қарсы алған үй іші де болған жоқ.