139
- Иә, жығарсың? Сен түгіл қысырдың асау тайы - ақ тай да жыға алмаған
Оспанды. Қанша мөңкісең де түспеймін! - деп, Смағұлдың мойнын құшақтап
қысып ап, екі аяғымен тепеңдеп тебініп қояды.
Смағұл Оспанның зорлығына еріксіз көніп, жүгіріп жортып, Абай қасына
келді де суға Оспанмен бірге шолп етіп құлай кетті.
Абай Оспанның тентектігінен мезі болатын. Осыдан бірер жыл бұрын бұл
інісімен
өзі де ойнап, асыр сап кететін болса, биылдар беймаза көріп, шеттей
беретін. Тіпті ыза қыла берсе, зекіп ұрсып, қуып жіберетін.
Қазірде де Оспандар шулап келгенде, Абай жақтырмай, тайқып шықты.
Киіне бастады.
Оспан Абайдың тұнжырлығын елеген жоқ.
- Абайша сүңгимін! - деп, саяз жерге етпетінен жата қалады да, артын
тоңқитып, мөңкіген тайдай, екі аяғын шапшыта береді.
Абай асықпай киініп боп, енді үйге қайтпаққа артына бұрылып еді. Жар
жағасына Тәкежан кеп тұр екен. Сұлу киінген әдемі бозбала Тәкежан ат үстінде,
қолында қаршығасы бар. Астындағы жирен жал кұла дөнені қатты терлепті.
Күміс жүгеннің ауыздығын тістеп, әрлі-берлі көлбектеп, ет қызуын баса алмай
тұр.
Тәкежанның қанжығасында бір сары ала қаз, екі үйрек бар екен. Барлық
бала соны көре сала:
- Ей, аға!..
- Әй, ағатай, маған!..
- Маған!.. Маған берші! - деп, судан ырши-ырши жүгірісті.
Тәкежан құс салып қайтқанда, осындай алдынан шығып жүгірген
балаларға, кейде, аң олжасын беретін. Бірақ, балаларды шетінен зар қақтырып,
жалындырып, көп-көп сұратып барып қана береді.
Тез бермейтінін біліп, балалар да талмай сұраушы еді.
Тәкежан Абайға қарап мақтана күлді. Өзінің
жігіт болып каршығаға құс
ілдіретінін Абайға әрқашан бұлдаушы еді. Оны әлі өзінің шерігіне де
татымайтын бос, болбыр бала көретін. Өйткені Тәкежан осы жазда қайнына да
барып келді. Өзінің жігіт-желең жолдастары да бар. Казірде түн сайын қыз
аңдып, ауыл-ауылды шулатып та жүреді. Абай ондайдың біріне жараған жоқ.
Оспан мен Смағұл Тәкежан қасына қатар жалынып, жүгіріп барып еді.
Тәкежан ол екеуіне үлкен кісіше зіл тастап, әуелі боқтап алды. Абайдан
бөлек, бір үлкендік белгісі тағы осындайында. Ол аса боқтампаз. Құнанбайдың
алдында мысықтай үндемей отырып, былай шыға бере,
бала-шаға, малшы-
жалшыны сықпыртып боқтап жүру оның дағдысы болған.
Оспан мен Смағұлды жалындырып алды да, екі үйректі қанжығасынан
шешіп беріп жатып:
- Жаман енеңді... қос қара! Ертеңді-кеш суды лайлағанша, тым құрыса,
бүлдірген терсеңдерші! - деді.
- Бүлдірген?
- Қай бүлдірген?
- Бүлдірген кайда?
- Ей, ағатай, айтшы! - деп, Оспан мен Смағұл тағы жалынды.