164
шенеунік пен көмейі кең Майыр бар. Осылардың бабын табуды Алшынбайдың
өзіне тапсырған. Бұның арты ақша, пара, үлкен-үлкен жем деген сөз. Қыс түсіп,
мал арзандады. Семізін елден алғызуға жер мойны қашық. Құнанбай да,
Алшынбай да ақшадан қысылды. Сол кезде, қыстың орта тұсына жақындағанда,
Семейдің үлкен саудагері Тінібек бай Қарқаралыға келді. Көп жәшікке тең-тең
қып бұл тиеп келген. Қарқаралы халқының барлык соғым терісін бір өзі баурап,
жиып алғызбаққа келіпті.
Тінібек Құнанбай мен Алшынбайды ел-елдің ішіндегі өз саудасына керек,
мықты тірек деп санайтын. Несиеге бұл беріп, қойын - торпақ, торпағын - өгіз
ғып, қызыл елтірісін кұнан қой қып елден жиып алу үшін, бұл саудагер сол
елдің жуандарына сүйенбекке керек. Тартып та, қорқытып та алып беретін
солар. Құнаибайға осы ретпен бейімделуден басқа, былтыр Семейде Тінібек
құда болайық, жақындасайық деп те бір қолқа салған.
Ол кезде Құнанбай қаланың саудагеріне қыз беруді намыс көрді. Жұрттың:
«Аталы жерге бермеді, бұлға берді» деген өсегі болар деп те қорықты.
Жарытып жауап бермей, құр дәмелендіріп қана кеткен.
Қазір ақшадан қысылған Құнанбайға Тінібек сол сөзін қайта салды.
Алшынбай араға жүріп, екі жағын құда қылды. Құнанбай Мәкіш деген қызын
Тінібектің баласына аттастыратын болды.
Осыдан соң ақша сандығының аузы ашылып, Майырдың топсасы да босай
бастаған.
«Омбыдан келген Чернов деген шенеунік қиын бола ма, сол алмай жүре
ме?» деп, Құнанбай күдік қып еді.
Алшынбай мен Қасқа тілмәш екі кеш оңаша айналдырып, қонақ қылды да,
жақсы хабар әкелді. Алшынбай күліп келіп:
- Күзден бері осыны бір қанды қақпан көріп жүр ем. Тілеуің бергір, құлқын
осыныкі екен ғой. Көзді жұмып кылғи беретіннің өзі осы боп шықты. Тіпті
талғар да, таңдар да емес. Ылғи қызыл бер деп, тағы керілмейді, қыл-қыбырды
қоса жұтқызсаң да е-е дер емес! - деген.
Сонымен Құнанбай ісі пара арқылы ұшталып болды да, ем-дем істеліп
жетіп, енді қағаз атаулының тоқталып жойылуы ғана қалып еді. Дәл осы кезде
Омбыдан бұйрық сап еткен-ді. Бұрын жіберілген болымсыз қағаздар жөнінен
көрпіс Құнанбайды және оның барлық «жұмысын» Омбыға әкел деп Майырға
бұйырыпты.
Қарқаралының пара жеп қойған бұл ұлығы енді қатты қысылды.
Құнанбайдың Омбыға жүруі даусыз болды. Осы ортада Құнанбай өз аулына
тағы да кісі шаптырған. Ел іші Құнанбай Омбыға кетеді екен дегенді естігенде
айдалды, жазаланды деп түсінді. Жігітек, Бөкеншілер: «Құнанбай кесіліп
кетіпті. Итжеккенге барады» деп бір сөйлеп: «жоқ, Тескен тауға, Темірқан
шораға кетеді» деп бір лаулап, неше саққа мінгізіп жатты.
Құнанбай дәл өзінің үйлеріне және әсіресе, шешесіне сәлем айтып:
«Қорықпасын! Бір сапар барып қайтсам да, түбі қайыр болар!» деген.
Жалғыз-ақ, Құнанбай не десе де, осы хабардан соң Зеренің күрсіні күшейді.
Үндемес уайымы, ұзақ намазы көбейді. «Жалғыз... жалғыз-ақ еді сорлы...» деп,
кейде намаз арасында байқамай, «күбір» етіп дауыстап сөйлеп те қояды
165
Алшынбай, Майыр, Чернов және Тінібек төртеуі Омбы бұйрығы келген
соң, ең әуелі Құнанбайды сол Омбыға жөнелту қажет деп тапты.
«Жібердік» деп, Омбыға «үкілі почта» жөнелтіп, Майыр өзі де қағаздарды
алып ілесе шықпақ. Содан арғысының есебі жолда табылмақ. Жолдан қалса
Омбының өзінде бітпек. Қалай да осы Майыр өзі барып құтқарып қайтпаққа
серт етті.
Сонымен Құнанбай жүріп кетті. Көлігін, жылы шанасын, жол азығын, қос
аттарын шетінен ортан қолдай қып сайлап алды. Қойын-қонышқа ақшаны да
сықап алды. Құнанбай қасына үш жігіт ертіп, тартып кетті.
Бірақ не дегенмен Омбыға қарай беттегелі Құнанбай көңілінде күдік көп.
Әсіресе, діні бөлек, сыры бөлек Майыр ғой деп, параны көп алса да, көп уәде
берсе де, сол Майырдың өзіне сенбейтін. Дәл кетерінде Алшынбай мен
Тінібекке:
- Соған, сол жағына ұкып болыңдар. Әбден барды айтысып, ашық айтысып
арылыңдар да, менің артымнан шапқыншы жіберіп, хабар етіңдер! - деген.
Бұл уәде бойынша Алшынбайдың пысық жігіті Көккөз дәл үшінші күні
Құнанбайды қуып жетті. Күн аяз болғанмен, ашық, жалтыр еді. Шапқыншы қос
атпен салт қуып келіпті. Екі құла айғырдың қалың жалдары төгіліп, ұзын кекіл
мен күлте құйрық бәрі де қырауытып, шаңыта түсіп, көпсіп тұр. Бауыр мен
жондарынан бу бұрқырайды. Қап-қара тер басыпты. Қатты шабылған екен.
Көккөз Құнанбайды шанадан өзі түсіріп, қолтықтап оқшау шығарып алды
да, көп күбірлесіп, бар сәлемді айтып берді. Аздан соң бұл жігіт оң сапарды
көп-көп тілеп қала беріп, Құнанбайдың жүрдек тройкасы тағы да тарта жөнелді.
Қасындағы Мырзаханға Құнанбайдың жалғыз айтқаны:
- Майырды Керекуде тосыңдар! Тосып алып, содан әрі бірге тартыңдар! -
деді.
- Өзі әйтеуір, азбай ма екен? - деп, Мырзахан қадалып еді.
- Азбас! Азып сонша не бопты? - деп, біраз отыра түсіп, - бірақ әлі өзіміз
көрсететін бір қайрат та бар. Дер кезінде айтармын. Беліңді әрдайым бекем
буғайсың! - деді.
Майырдың ниеті дұрыс болғанда, осы Омбыға жүргізгені қалай екенін
Мырзахан түсінбеуші еді. Оған Құнанбай:
- Солай істелу керек! Көрпіс алдында әмірін орындап, мені жүргізгенін, өзі
де шыққанын, айтқанды екі қылмағанын таныту керек. Ақталып қайтатын
болса, кісіге Омбы деген осы тұрған жер емес пе? Оны күдік көрме! - деген.
Керекуде Құнанбай үш-төрт күн аял қылғанда, шапраш Майыр қуып жетті.
Келген күні кешке ол Құнанбайды өзі түскен пәтеріне шақырыпты. Құнанбай
қасына жалғыз Мырзаханды ертіп барған.
Майыр Керекудегі өзінің жақын ашнасы Сергей деген қазағуар көпестікіне
түскен.
Үй иелерінен бөлек, оңаша сәнді белмеде Майыр Құнанбай мен
Мырзаханды қабыл алды. Өзі Қарқаралыда тілмәш ұстағанмен, қазақшаға
ысылып қалған болатын.
- Ал, Өскенбайыш мырза, енді сені айыптайтын қағаздарды көрмексің ғой,
солай емес пе? - деді.
- Көрсет енді! Тек бірін қалдырмай, бәрін көрсетші!..
|