158
соғыс үстінде, Ақадырдан қатты қудырып, құлата айдатқап болатын. Жаңағы
Құнанбай жағын тайсалдырған қалың сел, қол емес, сол түйелер екен.
Оны білген Құнанбай жоқ. Қатты шабуылдан Құнанбайлардың өздері
іркіліп қайтқан соң, оларды қайта қууға Жігітек қолында найза, айбалта аз
болған соң, Байдалы өз кісілерін арандатпады.
Сонымен, үшінші күннің кешінде «Мұсақұл соғысы» аяқталды. Аяқтағанда,
Құнанбай жеңе алмай, Жігітек болса қарсыласуға, белдесуге әбден жарайтынын
көрсетіп аяқтады. Қол кимылы үнемі ем болмайтыны көрінді. Қарсысына
шыққан елдің мықты шебінен Құнанбайдың жүрегі шайлығып қалды.
Жұлыскан майдан тарқады. Бірак, екі жақтын да гуілдеген сөздер,
дақпырт-лақабы, қызу кеңес, ұзақ әңгімелері «лау-лау» етіп, атраптың
баршасына тарап жатты.
Дәл соғыстың басшылары - Жігітек пен Құнанбай жағын алғанда
Байдалылар басымдай сөйлеп, шоқтықтанып қалғандай. Құнанбай айналасы
көбінше үнсіз. Суық ашумен томсарып, томырылған тәрізді. Осының өзі де бұл
жақтың ойдағысы болмағанына айғақ.
Ендігі істің айласы не? Тулап шығып, шаншып алысқан елді қалай
бағындырмақ керек? Құнанбай осы ойлардың соңында.
Арада он күн өтті. Қимылсыз, қарекетсіз жым-жырт он күн. Ана жақ:
«Құнанбайдың тауы шағылды, тауаны қайтты» деп, масайрап, жамырасып
жатыр. Бір-біріне қонаққа барысу, «ақсарбас, көкқасқа» айтысып баталасу,
тамырласып достасу көп. Тіпті осы қосылысқан қуаныш үстінде, біреумен біреу
құда болысу да көбейе бастаған.
Жігітек жағының бұл қуанышы текке кетпеді. Түсіптін кеткеніне оныншы
күн болды дегенде, Тобықты ішіне, дәл Құнанбай аулына Қаркаралыдан он бес
қазақ-орыс кеп түсті. Солар Құнанбай аулына келгенде, Түсіп те Жігітек ішіне
жетті. Ап-анық, соның арызымен Құнанбайды тергеуге шыққан ұлык,
жаңағыдай қарулы қолмен кепті.
Келген әскердің басы Чернов деген шенеунік. Қарқаралыдағы Майырдың
тапсыруы бойынша, көрпістен келген осы шенеунік өзі шығыпты.
Ұлыққа арнап Жидебай, Мұсақұлдың екі арасына он шақты үй тігілді.
Сол ұлық үш күн жатып тергеу жүргізді. Келген беттен-ақ сұғын қадағаны
Құнанбай. Ашып айтпаса да, бұның ажары Құнанбайды аға сұлтан деп
қарамайды. Енді тергелуші айыпкер деп бағалағандай. Ыңғай солай екенін
ұққан соң, Жігітек, Бөкенші, Борсақ, Көтібақ баршасы да Құнанбай үстінен
шағым айта бастады.
«Еруліге қарулы» етіп, Құнанбай жағы да, анау елдердің басты адамдарын
кінәлап: «Кісі өлтірді! Ауыл шапты, жер өртеді, буаз қатынның баласын
түсірді!» деп, неше алуан ойдан шығарған сұмдық жалаларды жауып жатты.
«Сол тентектермен алысқан Құнанбай ондайлық бүлік елдер кезінде қылмысты
атанды, жау атанды» деп, Құнанбайды қиялап кеп ақтап жатты.
Ұлық бұл арада байлау жасаған жок. Екі жақтың арыздарын тыңдап, тізіп
алды да, үшінші күн кешке Құнанбайға:
- Қарқаралыға бізбен бірге ертең ерте жүресің, қамдан, - деді.
Бұл анық жаман белгі. Құнанбай ұлықтан қайтысымен, осы түнде өзіне
тән жақыннан он кісі шақырып, кеңес құрды.
159
Бұл жиында Ызғұтты, Жақып, Майбасар сияқты үлкендер және баладан
Құдайберді, Абай бар.
Кеңесті Құнанбай өзі жетелеп, алда тұрған үлкен қауыпты айтты. Бірен-
саран, Ырсай сияқты босаң қарттар жылайын деп еді, Құнанбай зекіп:
-Көрсетпе, түге, көз жасыңды! Қолыңнан келер болса, ақыл қос! Көмек айт!
- деді.
Бұл жиында шешендік сап, келелі сөз сөйлейтін орын жоқ. Тек байлау
айтып, іс қамын ойлау қажет.
Соның өзінде де мынау өңшең тоғышар, боркемік ағайын жол нұсқап, жөн
көрсете алмай іркіліп отыр. Көбінің осындай аңғарын таныған Құнанбай еңдігі
ақылды өзі айтып:
- Іс ұлықтың тергеуіне кетеді. Ендігі бәле қағазда. Қағаз деген абырой, атақ,
бақ, беделге қарай ма? Шамаларың келсе, ана жақтың арызын тый. Барды
салып соны тоқтатып көріңдер. Артымнан арыз бармасын! - деді.
Мұның айласы не болатынын да мынау бұйығы көп бала ағайын таба
алатын емес. Шешілген кісі шыға алмады.
Абай әке қасындағы бұл топтың қысталанда соншалық татымсыз екенін
дәл осы кеште анық көрді.
Ақыл айтып, мәслихат беруден бұрын тартынып келсе де, қазір Абай
ойындағысын айтпақ болды.
- Арыз бармас үшін, жауығып отырған ағайынның көңілін табу керек қой!
Құнанбай бұған суық қарады, жақтырмады.
- Аяғына жығыл деймісің?
- Жоқ. Бірақ алғанды қайта орайлап, есесін түгендеу керек. Сонымен
көңілін тауып тоқтатпаса, арызды тоқтатар басқа шара жоқ!
Құнанбай мұның сөзінің төркінін ұқты да, өзгелер не дер екен дегендей,
үндемей тосып қалды.
Абай ақылы басқаларға да қонғандай болды. Бәрі де күмілжіп, жағалатып
сөйлеп отырып, осыған соға берді.
Анықтап айтқан Ызғұтты ғана:
- Жігітектің де, Бөкенші, Көтібақтың да өксігі жер ғой. Қыстау ғой. Сол
жөнде еселесі тоқтау тауып көреміз де, қайтеміз!
Таратып, көп айтуға келетін сөз емес, бастан-аяқ мәнін ойласа, бұл өзі
Жігітектен кешірім сұраған сөз.
Қысқасы, соған барды беріп, жалыну деген сөз. Құнанбай қорланып, күйіп
отырса да, осыған көнетін болды.
- Жермен, малмен тынатын көңілі болса, жесін де тынсын! Қор қылып,
итшілеген өмір ғой! - деп, тоқырап қалды.
Осымен көпті таратып жіберді де, Жақып пен Майбасар, Ызғұттыны ғана
оңаша алып қалып, ендігі дәнекер болатын кісілерді айтты.
Жауға жалынбақ оңай емес, Байдалының өздеріне тура бара ма? Ол
кішірейген үстіне, ерекше бататын қорлық. Бірақ мынау ақыл таппас ағайын
соған да барып қалуға болады.
Сол жағын ескерген Құнанбай араға түсетін кісілерді атап берді... Бұның
бірі - Тоғалақ ішіндегі мықты жас Байғұлақ. Екіншісі - Құнанбайға араз болса
|