182
Күйеу үйі бұл күні үздіксіз шырқаған ән, мәз-майрам күлкі,
дамылсыз
шашу. Тоқтамай әкелініп жатқан кымыз, шай, жиюсыз дастарқан болатын.
Мезгіл түске тақай беріп, жастар еттерін жеп болған кезде, тыстан:
- Той! Той басталды!
- Атқа, атқа қоныңдар! - дескен үндер келді.
Абай мен барлық осы үйдегі еркектер тысқа шығысты. Күйеулердің аттары
тегіс ерттеулі, кермеде екен. Ат үсті ойын-сауықты көп жұртпен бірге көру
күйеуге де рұхсат етілетін. Қыз-келіншектер ауылда қалып, Абай өз
жолдастарымен, он-он бес кісі боп бөлек аттанып, әрлі-берлі жүрген қалың
топтан оқшауырак шығысты.
Күйеулер
мен құдалар жағы ерте сайланып, ерте аттанған екен. Абай
Алшынбай аулынан сыртқарырақ шыға беріп, Ерболмен бірге оңашарақ тоқтап,
мынау кең жазықтағы ауылдардың қонақ күткен көрінісін тамаша қылды.
Бұл той Алшынбайдың үлкен той етем деген бір мерекесі екен. Жиылған
қонақтардың аттары топ-топ. Үйірім-үйірім қара нөпір боп көрінеді. Жалғыз
сол аттардың өзі де бір қос жылқыдай. Әсіресе, үлкен белгі, тойға тігілген
үйлер. Солар саны елу-алпыс. Алшынбай аулынан бір шақырымдай жоғары,
қалың көк шалғынның ортасына ұзыннан-ұзақ екі қатар боп тігіліпті. Ас
пісірген жер ол үйлердің маңында емес, жаңа Абайлар шыққан ауылдың
шетінде. Қазір сол ас басынан анау алыстағы қонақ үйлерге қарай күтушілер
жосылып жатыр. Күтушінің бәрі де ат үстінде.
Бастарын ақ шытпен керте
байлап алған аспазшылар жиырма шақты жігіт.
Бір өзге салтанаты: осы жігіттердің бәрі де жорға мініпті. Аттары қан сорпа
болған, өңшең желқайықтай жылмаңдаған жараулар. Сол жиырма кісілік
күтуші қонақ үйлерге қарай Алшынбай аулынан ағыза жөнеліседі. Қолдарына
қос табақ алған жігіттер тізгіндерін ауыздарына тістеп алыпты. Арттарында
егде тартқан жай шапқыншы сияқты үлкен күтушілер бар.
Олар табақшылардың атын қамшылап айдап, қуып отырады. Ыңғайлы,
шапшаң табақшылар ат үстінен көсілтіп кеп, табақтарының сорпа-тұздығын
төкпестен ұсынып, қонақ үйлердің алды-алдына тұра-тұра қалысады. Үй
алдында тұрған нағыз күтуші ақсақал, қара-сақалдар
сол табақтарды шапшаң
алып, үй ішіне сүңгітіп жатыр.
Сөйтіп қазаннан жаңа түскен ет, бір қолдан бір қолға лып-лып етіп,
салқындамай, тоңазымай лезде жетіп тұр.
Қонақ үйлер дағды бойынша көп жеді. Сол үйлер мен ас үй арасында
жиырма табақшы бір емес, екі емес талай рет жорғаларын асыға тайпалтқан еді.
Бұл сыйдың басы Абайлар тысқа шықпай тұрып басталса, енді бұлар тыста көп
уақыт тосып тұрған кезде де аяқтамай, бітпей жатты.
Қонақ үйлердің ішінде әр жерге орнатылған емізіктеген сабаларды бұрап
болып, жаңағы табақтарды құрғатқан кезде ғана тойшы халық аттарына міне
бастады.
Тыстағы ойын: ат шабыс, көкпар, серке тарту, теңге алу, балуан күрестіру -
баршасы да осы күні болды. Ойын бітіп, күн бата тарқар кезде, Алшынбайдың
тойынан қайтқан кәрілер:
- Тойы той-ақ болды!
- Әкелген қалыңмалына сай Алшынбай да көл-көсір қылды!