173
лақтырды. Абай жабыса түсіп, тарта берді де, Ербол қамшылап отырып жиекке
шықты. Жанын ортаға салып, қатерге басып, Абайға шын достық көрсетіп
шықты. Екі етігін қонышына шейін су басып кеткен екен. Абай Ерболды
құшақтай алып:
- Өй, ат қайда? Өгізің не? Атпен неге келмедің! - деп еді.
- Ат болғанда, сенің атыңды әкелмедім. Анау ауыл қазір тұрады. Біз
өткенше көріп қойса, қаптап кетеді. Ал өзіміздікі әлсіз байтал. Және сол құрып
қалғыр түнде қорадан шығып, тауға жайылып кетіпті. Бағанадан бөгелгенім сол
емес пе? - деді.
Екеуі мінгесіп ап, қызыл өгізді қайта бұрып еді.
Енді кесел қыңыр өгіз
баспай қойды. Қатты әуремен жарым сағаттай етті. Барынша қапа болған Ербол
қызыл өгіздің тұқым-тұғиянын, жетпіс жеті ата-бабасын санап, боқтап-боқтап
діңкесі құрыды да, бір кезде өгізді тастап, тал ішінен бойлап байқап атрапқа
қарады. Бұл уақытта күншығыс қызарып ап, бар дүние күндізгідей көрінетін
болған.
Бір тәуірі ауыл тұрмаған екен. Ербол маңайды болжап ап, жүгіре жөнелді.
Абай азғантай тосқан еді, бір сәтте Ербол әлдеқандай семіз қара көк биеге
мініп жетіп келді. Абай таң қалды.
- Ой, бұны қайдан алдың?
- Үндеме, Сүйіндіктің қойшысының биесі. Мына жерде жайылып жүр екен.
- Е, қойшысы қайтеді?
- Қайткенінде не жұмысың бар?
- Қойын қайтеді? Қойшысы жаяу қалады ғой!
- Өй, тәйір, қойшысы түгіл, құтпаны жаяу қалсын! Сені жау қолына
қалдырушы ма ем? Не айтып тұрсың?
Кел, мін! - деп, бір-ақ байлады да, Абайды аяғынан алып көтеріп, жайдақ
биеге мінгізді. Досының мына мінез, мына сөзіне Абай аса қуанып кетіп, қатты
риза боп:
- Шіркін, Ербол! Неткен жақсы едің? Дос жақсысы сен екенсің ғой... Естен
кетпес іс еттің-ау! - деді.
Сүйткенше Ербол өзі қызыл өгізге мініп ап, бас жібін Абайға ұстата беріп:
- Абай, сөзді қой, тарт! - деді.
Көк бие мұз ішінде пысқырып, толқып, тайғанақтап отырса да, жығылмады.
Қызыл өгіз де қара тартып еріп отырып, аман шықты.
Екі жас жігіт арғы жағаға шығысымен, өгіз бен биені қоя берді де, жарды
жағалап бұғып отырып, төмендеп кетіп, бірталай жер ұзап барып, қыратқа
шықты. Содан Ерболдың үйіне келді.
Қораның алдына жете бере, Ербол Сүйіндік
қыстауының жанында, төбе
басына шығып, биесін көздеп жүрген қойшыны көрді.
- Өй, көк биенің бүгінгі еңбегі жетеді. Ол қойға бүгін бармайды. Бүгінше
қойыңды жаяу бақ! - деп, қылжақтай күлді.
Абай үйге кірген жоқ. Далада тұрып, атын ерттетіп алды. Ерболмен
соншалық ырзалықпен, шын досша қоштасты да, өзенді құлдап, желіп жүріп
кетті.
Құнанбай келген уақытта елдің алды қыстаудан киіз үйге шығып қалған.
Әр қыстаудың жанындағы тақыр көгалдарда аздаған ақ үйлер, қоңыр үйлер