Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет91/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
185 
Төсек салған жеңге, жұмысын бітіріп кетіп қапты. Мынау Ділдәні ертіп кеп, 
үй жанына қойып, Абайды іздеп кеткен екен. 
Абай үйге кірді. Шымылдық түсірілді, төсек әзір тұр. Жеңге Ділдәні 
кіргізбей тұрып, Абайды шешіндіре бастады. Сырт киімін Абай өзі шешіп еді. 
Жеңгесі соны іліп келіп, дәл мәсіні шешерде, ырымды ескертті. 
Етік тартар дейтін бір алым тағы бар. Күйеудің етігін жеңге шешеді де, 
тағы ақы алады. Абайдың қалтасына шешесі салып берген ақша бар-ды. Ішінен 
аса ыңғайсызданып отырып, Абай сол ақшаны жеңгеге тастады. 
Шешінісімен Абай төсекке атқып шығып, шағи көрпені оранып, жатып 
қалды. Ділдә үйге әлі кірген жоқ. Тыста анда-санда шылдыр еткен шолпысы 
білінеді. Бұ да жол болса керек. Тым құрса, шам барда да кірген жоқ. Жеңге 
Абайды жатқызып, шамды алып тысқа шықты да, есік ашып, Ділдәні кіргізді. 
Қалыңдық қараңғыны жамылып, ар ұялар іске, жүзін ғана ұялтып, өзі 
басып келе жатқан сияқты. Абай осы күйдің бәріне енді ыза болып, не қылсан о 
қыл дегендей тек жатты. 
Бірақ Ділдәнін бар қозғалысын естіп жатыр. Ол кемзалын шешті. Мәсісін 
де тастады. Бір сәтте төсекке келді. Соншалық жасқанбай, тура келді де, 
көрпені аша беріп, орнын сипады. Абай төсектің шетіне жуық жатыр екен. 
Күйеу өзі, алғаш қалай жатқанын байқамаған. Қырылдаңқырап шыққан қатқыл 
дауыспен қалыңдық: 
- Ар жатшы! - деді. 
Талай күннен бері сан ырымды жасап, мәпелеп, аялап келген екі жардың ең 
алғаш тіл қатысқаны осы еді. Абай үркіп қалғандай қатты серпіліп, ірге жаққа 
бір-ақ аунады. 
Қазірде Абай көңілі қандай салқын болса, Ділдә да сондай жалынсыз. 
Әдетке, жетекке ергені болмаса, дәл жүрегінде ол да Абайды жатырқап келген. 
Соның үстіне, сен Құнанбайдың баласы болсаң, мен Алшынбайдың қызымын 
деген өр көңіл де болатын. 
Әлдекімше жасқанып, қылымсыған жоқ. Жеңгелер не бұйырса, соны істеді. 
Осы түннен сон Абайлар Алшынбай аулында он бес күн жатты. Ұлжан он 
күн өткен соң қайтып кетті де, күйеулер бес күндей кейіндеп барып аттанған. 
Айрылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйреніскен болатын. Оқта-
текте қалжыңдап та отырысады. Ділдә Абайға сүйкімді, сұлу көрінді. Абайдың 
пішініне Ділдә да үйренді. Бірақ іштей екеуі де бір-біріне қабыспайды, салқын 
күйде қалысты. 
Үлкендер зор меженің бірі деп білетін, өмір белі ұрын бару болса, Абай 
содан асты. Бірақ жас жүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта, бірқатар 
жарықшақ, ақау салып, көңілмен әлдеқандай мосқал тартқандай боп қайтты. 

Абайлар келгенде, жұрт тегіс Шыңғыс сыртында жайлауда екен. Өз 
ауылдарының шеті Дөңгелек қоныста отырған Күнкенің ауылы. Құнанбай 
сонда еді. Ауылды қалың жиын қонақ басып жатыр. Абайлар топ ішінде 
отырған Құнанбайға кеп, сәлем берді. 


 
186 
Құнанбай Ұлжан келгенде, қарсы алып, барлық жанға қанған-ды. Абайдан 
амандықтан басқа бөтен жай сұрамады. 
Бірақ Құдайберді Абайды бұл күн өз аулынан жіберген жоқ. Бар 
жолдастарымен қонақ етіп, құрбыдай күтті. Тәуір көретін інісінің ержетіп, 
үлкенге қосылып, үйленуге айналғанын бұл ауылда жалғыз Құдайберді қуаныш 
еткендей. 
Ол Абай мен Ерболдан Бошанның салтын, әдет ырымдарын сұрастырып 
отырып, осындайдағы дағды бойынша қайынжұрттан сарқыт қып әкелген жаңа 
әндер айтыңдар деп қолқа салды. 
Абай мен Ербол осы түні көп ән айтты. Әнге кірісер жерде Абай: 
- Қарқаралы біздің елден әнші болады екен! - деп еді. Құдайберді күлді де: 
- Қарқаралы әнші ме, жоқ жаңа есік көріп қайтқан күйеудің көңілі әнші ме? 
Қайныңның әні де ыстық көріне ме, кім білсін? - деді. 
Үйдегілер Құдайбердіні қостап бірге күлді. Абай бұрынғыдай емес, бұл 
жолы ағасымен дауласқысы кеп: 
- Әділетін айтам, Бәке! - деді. Құдайбердіні Абай «Бәке» дейтін. 
- Жоқ, сен Қаркаралының дауын айтпа, әнін айт! 
- Рас, ол дұрыс екен! Дауын әннің өзі айтсын! Кел, Ербол, - деп Абай 
бастады да, Ербол ерді. Бұл екеуі әдемі қосылып кеп, аса тамылжыған, шырқау 
ән - «Топай-көкті» айтып шықты. Тобықты естімеген ән. Абай өз әндерінің 
үйдегілерге әсер еткенін байқап: 
- Міне, бұл әнді не дейсіз? - деді. Үйдегілердің бәрі сүйсінген екен. 
Солармен бірге Кұдайберді де: 
- Жақсы екен! - деді. 
- Ендеше тағы тыңдаңыз! - деп алып, Абай мен Ербол «Шырайлым» деген 
жаңа әнді де айтты. Құдайбердіге бұ да ұнады. Мақтай бастады. Осы кезде 
Абай мен Ербол күбірлесіп алып: 
- Енді дүпке сақтаған әнді айтамыз! - десті де, аса бір сәнді, салмақты
назды қоңыр ән айтып шықты. Ән - «Аққайың» болатын. Бұл әннің үш 
қайырмасы айтылды. Үйдің іші мызбақпай, үн шығармай, қалта қарап, қатып 
тыңдап қалған екен. Абай домбыраны қоңырлатып қағып тоқтады да: 
- Ал, Бәке, бұған не дейсіз? - деді. 
Үш әннің үшеуін де Абайлар Қарқаралыдан әкелген, бұның бірде-бірін 
Тобықты әлі білмейді. 
Құдайберді бар ынтасымен шын сүйсінді де: 
- Сенің сөзің дұрыс па деп отырмын. Жақсы ән әкепсіңдер! - деді. Абай 
осы орайда Тобықтыдан өздері салып барған: «Көкқаулан», «Мақпалқыз» 
сияқты әндердің жарамсыз боп қалғанын айтты. Ол әннің бәрі Қарқаралыда 
мәлім екен. Балаға шейін білетін, ескірген ән. Және оның өзі де Тобықты 
ішіндегіден артық өрнекпен айтылатынын сөйледі. 
Кеңесе келе Абай Тобықтының өзі ән шығара қоймайтынын, әннің көбін 
сол Қарқаралы, Баян, Қараөткелден алатынын және сол алғанын да оншалық 
келістіре алмай, бұрып, ырғақсыз ғып әкететінін айтты. Құдайбердінің алғашқы 
қалжыңын енді тойтарғандай. Ағасы Абайға біраз таңданыңқырай қарай 
отырып, сөзінің бәрін мәнді көріп: 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   87   88   89   90   91   92   93   94   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет