198
Нағашылар жақындасып келгенде, Абайлар барлық жігіттермен сәлем
беріп, түсіріп алысты. Ақсақал нағашыға Сүйіндік Абайды таныс етіп,
Құнанбайдың баласы екенін айтты.
Абай «қош келдіңіз, нағашы» деп қол қусырып тағзыммен қарсы алған.
Барлық мол үйлерден мынау он үй өзгеше,
оқшау тұрғанын қонақ атаулы
аттарынан түспей тұрып, ерте таныған еді. Бұл үйлерге өздері түспей, басқа
жерлерге орналасқан қонақтар: «Анау бөлек үйлер кімге арналған? Онда кім
қабылдайды екен?» десіп, сұраса бастаған-ды. Сол ретте ол үйлер Құнанбай
баласы тіккізген, Бөжейдің нағашы жұртына арнап тіктірген үйлер екенін де
білісіп қалған.
Ақсақал нағашыны қасындағы үлкенірек кісілермен іріктеп отырып,
Абайлар дәл ортаға, ең жасаулы үйге кіргізді. Өзге топтарын да дамыл көрмей
қарсы алысып, қатар үйлерге кіргізіп жатқан.
Нағашылар
бәйгеге қосқалы бір баран, екі қылаң жүйріктерін әкепті.
Құйрық-жалы сүзулі, үстеріне бала мінгізген, үкілі-тұмарлы аттар оқшау
байланды.
Алыс-жақыннан келген қалың топтардың бәр-бәрі де әзірше осылай
бәйгілерін жұтындырып, көлбек қақтырып, келіп жатыр.
Алғашқы топ келісімен, өзге қонақтар да іркілген жоқ. Көз байланғанша он
үйдің алтауы толып қалды. Әзірге Жетісудың алыс руының бәрі аталып жатыр.
Енді ымырт жабылар кезде, Қазбалаға төгіліп жатқан топтардың киім үлгілерін
болжау қиын. Қай рулар екендері мәлім емес. Тек қана кейбірінің қылаң аттысы
көп, кейбірінің баран аттылары көп үлкен шоғыр боп көрінеді. Сам жаққа қарай
бұрылса, күміс ер-тұрман жарқылдайды. Өлкедегі қалың нөпірді көргелі,
жаңада мінілген үйірсек аттар кісінейді. Абай үйлеріне түсетін келушілер
саябырлап, азғана толас болды. «Ендігі кісілер ертең келер», десіп, Абайлар
алдыңғы үйлерге қымыз тарта бастаған. Осы уақытта Ербол Абайға келіп:
- Тағы бір қалың топ келді! - деп, ақырын хабар берді.
Бұл жиын
Найманның Тобықтыға жақын отыратын руы - Сыбан екен. Арғы шеті – Аягөз,
Қоңыршәулі, Ақшәулі де, бергі жағы осы Шыңғыстың сілемінде болады.
Тобықтымен сырмінез. Бірақ бәсекесі де көп, тайталас ру.
Абай жылдам басып, тысқа шығып, бар жігіттерін топтан тұрып, тағы да
жақсы қарсы алды. Жері жақын болғандықтан,
өзге Жетісу елінің бәрінен
Сыбандар мол келген екен. Абайға тиген қонақтың арты осылар. Бос тұрған
үш-төрт үйге соларды түсіріп, Абай барлық қонақтарын жайғастырды да, енді
тамам жігіттермен өзі қоса, сарп ұрып жүріп сыйлауға кірісті. Әуелі қымыз.
Содан соң шай... Содан әрі атпен тартқызған табақ-табақ ет! Алыс жолдан
шалдығып келген, қарыны ашып келген қонақтарды тыңайтып, күйлендіріп
жатты.
Ет желінгеннен кейін, шаршап келген қонақтардың алды жата бастады.
Бүгінгі жүріске мұқалмаған Сыбандар енен. Олардың үйлеріне еттен соң
тағы да қымыз сапырылып еді.
Кеш бойы көбінесе нағашы жағының үйлеріне айналып жүрген Абай
Сыбан қонақтарға енді оралып келді. Сыбан жиынының бұл келістегі үлкені
Қадырбай екен. Ол - ақын Қадырбай. Жас күнінде
әйгілі Садақ ақынмен