215
Абай бір топ кісімен үйге кірді. Тыста боран. Бұлардын үстері тегіс қалың
қар, қырау... Үйге шұбатыла кіріп, мол аяз алып келді.
Тыстан кірген суық пен көп кісінің дабырынан
тынышы кеткен Ділдә
басын көтерді...
Абай тымағы мен ішігінің қарын қағып жатып:
- Ділдә, жарық жақсаңшы! Тыйсаңшы мынау мазасызды!.. Болмаса апарып
тасташы анау үйге! - деді.
Ділдә жарық жағып, шымылдықты түріп қойып, қонақтарға көрпе салды да,
Күлбаданды қолына алды.
Күтуші қызыл келіншек отауға кіріп, Ділдәмен сыбырласып алып,
қонақтардың қамына кірісті.
Бұл қонақтар Абайдың қазіргі уақыттағы жолдастары, жас жігіттер: Ербол,
Жиренше, Асылбек және Базаралы болатын.
Орталарындағы үлкені Базаралы. Сол төрге шығып, шешініп отыра беріп:
- Жаным-ау, мына кұдайдың күні қайтеді? Тағы боран! Әлі боран!
Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау ел сорлыны! - деп, уайым айтып, ұзын
қара сақалын ұстап, ойланып қалды.
Еңгезердей мол денелі болса да, аса сымбатты, нұр жүзді Базаралы қазір
отызға жаңа ілінген. Ақ елтірі ішігін желбегей жамылып отырып,
таңдайын
қақты.
Ділдә дөңгелек үстелдің үстіне шам әкеп қойғанда, жігіттер айнала отырды.
Бұл кезде Абайдың да денесі ірілеген. Жаурынды, сүйекті боп қалған екен.
Бойы ортадан биіктеу. Сүйегі ірілеумен қабат, бұлшық еттері де толып, бар
мүсіні балғын, кесек тартыпты. Бет пішіні де денесіне лайық дөңгеленіп, ірілеп
қалған.
Ұзынша қырлы мұрны көтеріңкі, үлкен.
Жазық биік маңдайы шекесіне
таман келгенде дөңкілдене түсіп, кең кесілгендей. Қыс суығынан бет, мұрны
тотықса да, келбетті маңдайы ақшылданып, айқындап тұр.
Отты сұлу
көздерінің ақ, қарасы әлі де тап-таза. Көзінің сыртқы шарасы томпақтау және
ұзынша біткен. Жіп-жіңішке боп кең созылған ұзын қастары мен ойшыл отты
көздері Абайды өзге жұрттың ішінен оқшауырақ етіп тұрады. Жақсы туыс
белгісі сияқты.
Әлі ұзармаса да,
теп-тегіс боп, тебіндеп шығып келе жатқан қоңырқай
мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қарасұр жігіт, сонау сұлу болмаса да,
ұнамды, сүйкімді.
Оңаша отауға іріктелген жас жігіттер бұл кешті көңілді өткізсе керек еді.
Бірақ жаңа орнықпай жатып Базаралы айтқан уайым сөз бәрін де ойға салды.
Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен бері бірге жүрген. Базаралы
осы кешке ғана тау жақтан келгенді. Қалың ел, көп қыстаулар сонда. Абай сол
жұрттың жайын білмек боп:
- Немене, жұт өзі қауырт па? Жоқ, ойдым-ойдым ба? Көлемі қандай? - деп
сұрады.
Асылбек, Жиренше, Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күтті.
- Анық жұт жаппай келмей ме? Бұл соның өзі ғой! Ел
дегенде көпті
айтамыз да... көп қысылды ғой!.. Мына боран айықпағалы міне үш күн болды.