210
- Ә-ә, жаңа түзелді!
- Тоғжан оңай үйренді!
- Ән жаңа келісті! Айт, айтыңдар... пәлі! - деп, тегіс құптай жөнелді.
Жақсы жігіт, сулу қыз соншалық
бір ерекше жарастықпен, жақсы үйлесті.
Тоғжан жүзі айға қарсы келгенде Абай өзгеше бір нұр көрді. Бетіне жұқалаған
қызыл сәуле беріп, іштегі терең сырдан, дос көңілден белгі етті. Сағынған
сүйгенінің жанына жаны ұмтылып, айрылмасқа, кетіспеске серт еткендей.
Қазіргі әсем әнмен үйлескендері бауырға кіріп,
жабысып тұрып құшқаннан да
жақынырақ, күштірек сияқты. Ырғағы көп сезімді сұлу әнге екеуі де бар
шындығын тапсырып, бар сырларын бөледі. Ән айтқан жоқ, екі бірдей ынтық
жан, қауышып табысқан шаттық айтты. Бар жиынға, бар дүниеге, барлық
жұлдызды аспан, жарқын айға да «Көрші бізді, кінәлап көрші!» дегендей.
Мінсіз сырына шындап берілген Тоғжан тоқтамай айта берді.
Абай бір
шақта жас сұлудың жүзінің бала қуанышын көрді. Бақыт күлкісіндей бір рақат,
ырзалық елес беріп, Абайға қадала карап езу тартты. Келгеніне, тапқанына
сүйсініп ішінен алғыс айтқан тәрізді. Қарлығаш қанатының ұшындай боп,
айдай сызылған жіп-жіңішке қастары көтеріліп-жазылып, Абайға өзгеше бір үн
қатқандай болды.
Бағанадан бері соншалық көп, тілсіз сәлем жолдаған Абай, енді әннің сөзін
өзгертіп алып, басқаша айтып кетті. «...Сағындырған ғашық жар ынтығы іште
жүрген шерлі досын кінәлаудан тоқтар ма екен?.. Бар дүние, бар сырын, барлық
бақыт тілегін бір өзінің шұғласына құрбан етем деп келсе, не дер екен! Сол
күнде де
қатты болса, қайта серіпсе, әділдігі, ракымы кәні!.. Ол шақта үміт
бермей өртемес пе еді? Кінәламай жазаламас па еді? Сондай қаталдықты
көрерлік ғашығы қанша ғайыпты еді?» деген бір өзгеше сыр кетті.
Тоғжан алғашқы бір аузына тыңдай ғана ерді де, тоқтап қалды. Сөз бұл
өнірдің айтып жүрген белгілі өлеңі емес. Мәнін, шынын жалғыз Тоғжан өзі
ұқты. Нұрлы қара көздерін төмен салып, үнсіз мүлгіп тыңдады.
Абай жалғыз өзі төрт ауыз өлеңді сыры терең «Ақ-қайың»
әнімен айтып
барды да, баяу ғана тоқтады. Жүрегі барлық бүркеулі шынын да, ыстық жалын
сырын да осы әнге, осы арадағы өз сөзіне салған. Ол ақын боп, мұңды жар боп
шешілді. Осы әннің тұсындағы Абай Ерболдың күнде көріп жүрген жолдасы
емес. Көз алдында өзгеше боп ескелеңдеп, самқап шыққандай көрінді. Ән
басылды. Абай әлпеншектен түсті де, шетірек шықты. Қасына Асылбектің
келіншегі кеп, әнші екенсің ғой дегендей мақтау айтып тұр еді. Құр әдеппен
жымиғаны болмаса, Абай оның сөзін аңғарған жоқ.
Алтыбақан қасындағы ән мен ойын тағы біразға созылып барған соң,
Ербол тың ойын бастады. Онысы - «ақсүйек», содан кейін «серек құлақ» еді.
Жастар тегіс қатты даурығып, шулап жүріп, үлкен желікпен ойнады.
Серек құлақ ойнында қасқыр болған Ерболдың өзі. Ол «қой» алып
қашатын.
Абай көп қыздар мен келіншектердің арасында қалжыңдасып отырып:
- Мен қой болам! - деген.
Ерболдың көп есебі бар екен. Ебі шебер қасқыр болды. Әуелі бір-екі
келіншекті, қыздарды алып қашып, далаға тастап, содан кейін бір кезде Абайды
алып қашты. Жүгіртіп әкетіп бара жатып жолда: