200
жандаралым!» - деген өлеңді жақтырмай, сынап сөйлеген сөзі болмаса! - деді де,
ақырын күліп қойды.
Үйдің
іші тегіс елең етіп, Абай жауабын баққан Қадырбай қатты
қарқылдап күліп жіберді.
- Япырай, мына баланың өзіме соғуын қарай гөр. Сен бұл әңгімені естіген
екенсің-ау, ә? - деп, үй ішіне жағалай қарады. - Мынаның айтып отырғанын
көрдіңдер ме? Бұл менің Солтабайға айтқан өлеңімді нұсқап отыр. Күнекең
соны естігенде, маған: «Несіне жалына бергенсің?» деп, сын айтып еді. Балам,
сен дауыңды тауып айттың! - деп, тағы күлді.
Абай осыдан әрі үндеген жоқ. Тегінде соңғы кезде барлық үлкендерге
талас сөзде соқтығынқырап сөйлегенді қатты ұнатушы еді. Өзі қоймай
сөйлеткен соң, Қадырбайға айтқанына да өкінген жоқ.
Қайта мұндайдағы қатқыл көңілі бір ырзалық тапқандай болды.
Бұл үйдегі
қонақтар ұзақ отырып, кеш жатты. Орындарын жайластырып,
тегіс жатқызып болып, түңліктерін жапқызып, Абайлар ас ошағына қарай
қайтқанда, жаздың қысқа таңы сарғайып атып келеді екен.
Қазбаланың түстік жағындағы үлкен қоңыр биіктер бозғыл тартыпты.
Жұлдызы сиреген көкшіл аспанда Тезектің қарашоқысы айқындап көрінді.
«Таң келедіні» бұл атраптың қатпарларына,
ұйқысы қалың көлеңкелі сай-
саласына елдің алдымен сол мәлімдеп тұрған тәрізді.
Абай, Ербол, Ызғұттылар ас үйлерге жақындай беріп, өзара күңкілдесіп:
- Қазір таң атады. Бүгін ұйқы бола қоймас!
- Ұйқыны қояйық!
- Отын-су ерте қамдалсын.
- Қымыз! Қымыз кешікпесін! Бар үйдің де сабалары сарқылып қалды.
-Ұйқыны қойып, тез қам қылайық! - десіп, келесі күннің қамына жұмылды.
Келер күн ең ауыр күннің өзі болды. Астың дәл үлкен күні осы. Абайға
тиісті қонақтар бұл күні түске шейін кешегі үйлерінен қозғалған жоқ.
Таңертеңнен бері шай, қымызбен сыйлап келіп, дәл түске тақай бергенде,
барлык он үйге ет тартылды. Абайдың бұл жолы жасаған тәртібі қонақтарды да,
көлденең қараған елді де, ас иелерін де қатты сүйсіндірді.
Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-
тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты.
Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып,
қатар ызғытып жөнелгенде,
өлке бойы жайнап кеткендей болады. Нағашыларға арналған күтімнің қапысы
жоқ, оқшау сый болды.
Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен
ақбоз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолыңа үлкен биік ағашқа
орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін
деген белгі.
Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ. Астың қалың думан,
қызу ордасы қайнады. Әңгіме, дүкен қарақшы айналасында болады.
Байсалдың хабарын құлақтана салысымен, барлық жұрт аттарына ұмтылды.
Жал-құйрығы сүзілген бәйгелер де киікше басып, ойқастап шықты. Аз уақытта
қалың ел ат үстінде әзір болды.
Жиынын Абай тегіс болжай алмады. Ол атқа мінбеген, мінбекші де емес.
Өйткені мұның сыбағасына тиген қонақтар алыс елдің адамдары болғандықтан,