«Мың бір түннің» қазақ тіліндегі аударма нұсқалары хақында Аңдатпа «Мың бір түн»



Дата22.12.2016
өлшемі205,13 Kb.
#4291
М.Б.Салқынбаев

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Қазақстан, Алматы қ. m.salkinbayev@mail.ru

«Мың бір түннің» қазақ тіліндегі аударма нұсқалары хақында
Аңдатпа

«Мың бір түн» ертегілер жинағының қазақ тіліне аударылу деңгейі мен ерекшелігі алғаш рет түпнұсқамен салыстырылып, мәтіндік талдаулар жасау арқылы қазақша нұсқасының көркемдік сипаты сараланады. «Мың бір түннің» орысша, арабша, қазақша аудармаларын салыстыру барысында қазақ тіліндегі аударманың көркемдік ерекшеліктері мен өзара жақындықтарын айқындалады әрі оларға жасалған текстологиялық талдаулар қазақша тәржімалардағы аудармашылардың өзіндік қолтаңбалары, қазақы дүниетанымның көрініс беруі анықталады, әрі нәзирашылдық дәстүрдің сақталатынындыңы көрсетіледі.


Түйін сөздер

Мың бір түн, аударма, түпнүсқа, мәтін, әдеби байланыс, араб әдебиеті


Көркем аударма қандай халықтың болсын әдеби, мәдени байланыстарын өркендетуде жетекші рөл атқарады. Аударма тарихына көз жүгіртер болсақ, өзге тілдегі дүниелерді қазақ тіліне аудару немесе қазақ тілінен басқа тілге аудару орта ғасырдағы араб тілді түркі ғалымдарынан бастау алғанын байқаймыз. Бірақ бұл замандағы тәржімашылардың жекелеген сөздер мен сөз оралымдарын араб тіліне қалай жеткізу керек деген мәселеге кезі келгенде ғана назар аударып отырғаны байқалады. Орта ғасырдағы Сирия, Мысыр, Ирак елдерінде ғылыммен айналысқан ғалымдардың атқарған маңызды істері түркі тілдерін араб тілімен қарым-қатынасқа түсіруі еді. Бұл кезеңдегі қазақ топырағында туылып, ер жетіп, араб жерінде ғылым мен білімге қаныққан ғұламаларды қазіргі қазақ-араб әдеби байланыстарына алғаш жол салған ізашарлар деуге болады.

Томаға-тұйық, сыртқы ортамен ешқандай байланыссыз қай халықтың болсын рухани дүниесі дамымайтыны белгілі. Осындай елмен елдің, халықпен халықтың арасын жалғастыратын көпірдің бірі – аударма. Әдебиеттердің өзара байланысы, олардың бір-біріне әсер етіп, байытуы да аудармасыз жүзеге асқан емес. Әдеби процестегі әртүрлі халық шығармаларының өзара ықпалдасу жайын теориялық тұрғыда зерделеген Ю.Б.Борев әдебиеттердің өзара ықпалдасуының он төрт типін атап көрсетеді. Соның бірі – аударманың әсері. Бұл жағдайда суреткер немесе аудармашы түпнұсқамен жұмыс жасағанда өзінің шығармашылық тәжірибесінен қолданатын тұсы да болады. Зерттеушінің тұжырымдауы бойынша түпнұсқаның өзіндік стилистикалық қасиеті көп жағдайда сақталмайды [1,45 б.].

Әдебиеттердің өзара байланысы, бір-біріне әсер етіп байытуы, қай заманда да көркем аудармасыз жүзеге асқан емес. Қоғам дамуының әрқилы сатысында әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүрген ғұлама, даналардың қаламынан туып, кейін дүние жүзі халықтарының рухани азығына айналған құнды шығармалардың әртүрлі тілде сөйлеуі де аударма құдіреті екені ақиқат. Осыған орай қазақ-және араб халықтарының арасындағы мәдени, әдеби байланыстарының дамуында «Мың бір түн» жинағы үлкен рөл атқарады.

Араб тарихы мен әдебиетін зерттеуші А.Е.Крымский мен «Мың бір түн» ертегісін орыс тіліне алғаш аударған М.Салье [2] және басқа да ғалымдардың айтуынша арабтың классикалық үлгісі саналып, ертегі, әңгіме, мысал, анекдот, тұрмыстық новеллалар, сияқты әдеби жанрларды біріктірген жинақ ХІ ғасырдан бастап «Мың бір түн» деген атпен танымал кітаптың түзілу жолы көп ғасырға созылған.

Әлемдік мәдениеттің жауһарларының бірегейі саналатын «Мың бір түн» хикаяларының аударылмаған тілі қалмаған деуге болады. Соның ішінде қазақ тіліне де аударылған бірнеше нұсқалары бар. ХХ ғасырға дейін «Мың бір түнді» қазақ халқының тек арабша сауаты барлары ғана оқыды. Енді жалпы халық ұлттық тілінде оқи алатын деңгейге жетті деген пікірлер бар. Десек те, ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» сияқты басылымдарда «Мың бір түннің» қазақша аудармалары басылып шықты. Мысалы, «Түркістан уалаятының газетінде» «Араб жұртының «Мың бір түн» деп аталған ертегісі» деген атпен 1872 жылдың 18 қазанындағы №19 санынан бастап шыға бастаған «Мың бір түн» хикаялары, 1873 жылдың 17 қыркүйегіндегі №17 санына дейін жарияланып тұрды. 1895 жылы «Мың бір түннің хикаясы» деген атпен М.Жанайдаровтың аудармасы жарық көрді. Автор мұнда «Мың бір түндегі» адамның итке айналуын баяндайтын оқиғаны жазады. Бұл аударманы Ү.Сұбханбердина құрастырған еңбекте орыс тіліндегі нұсқадан тәржімаланған болуы керек деген пікір айтылады. Дей тұрғанмен, ХІХ ғасырда қазақ арасында арабша еркін сөйлейтін сауатты адамдар жеткілікті болғаны баршамызға аян. Орыс тілінен гөрі араб тілін жетік меңгерген уақытта бұл аударманың арабшадан аударылуы да мүмкін деген ой айтуға болар еді.

«Мың бір түн» ертегісінің Қалмахан Әбдіқадыров пен Қалтай Мұхамеджанов жасаған аудармалары елімізде кеңінен танымал. Қ.Әбдіқадыров аударған «Мың бір түннің» бірінші кітабы 1949 жылы, екінші кітабы 1950 жылы, үшінші кітабы 1954 жылы, төртінші кітабы 1955 жылы жарық көреді. Автор өз аудармасын бұрыннан қазақтар арасында ауызша тараған «Мың бір түн» жайындағы аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, шығыс тілдерінен аударған. Мұны тәржімашының кітап соңындағы аудармашыдан деген мына өлең жолдарынан:

Қош айттым Шаһаризадаға елу бесте,

Шыдадым не айтса да мың бір кешке,

Персі, араб, түрік, маңғол түрлі тілден

Жібін ап қазақшалап тіктім кесте. –


көруге болады [3, 405 б.]. Аудармада жәдігердің жалпы желісі сақталғанымен аудармашы тарапынан ел ішінде айтылып жүрген ертегілердің ыңғайына бейімдеген тұстары да жоқ емес. Әйтсе де, бұл еңбек нәзирагөйлік дәстүрдің жалғасы емес, таза аудармаға жатады.

Екінші аударманы көрнекті қаламгер Қ.Мұхамеджанов «Мың бір түннің» М.Салье аударған орысша нұсқасынан жасаған. Орыс тіліндегі А.Филатьева, И.Б.Мандельштам және басқа да орыс аудармашылары аударған нұсқаларға қарағанда алғашқысы әрі көркемі осы М.Сальенің аудармасы болып саналады. Аударма орыс тіліндегі мазмұнмен тығыз сабақтастықта, мейлінше жатық, түсінікті тілде жазылғандығы байқалады.

М.Салье мен Қ.Мұхамеджанов аудармаларының жалпы мәтінін салыстыра зердерлер болсақ, олардың тәржімалаған әңгімелерінде бірдей ортақтық, текстологиялық жақындықтар анық байқалатынын көреміз. Әр қаламгердің танымына сәйкес өзіндік ерекшеліктер де жеткілікті. М.Салье аудармасымен Қ.Мұхамеджанов пен Қ.Әбдіқадыровтың аудармасын өзара салыстыра келе, М.Салье мен Қ.Мұхамеджанов аудармаларының оқиғаны баяндауы мен диологтарында, мәтіндегі өлең құрылысы мен мазмұн сабақтастығы Қ.Әбдіқадыров нұсқасына қарағанда бір-біріне жақындығын байқадық. Дегенмен, үш нұсқада да аудармашылар жалпы оқиғаны әңгімелеу барысында түпнұсқа мазмұнынан алшақ кетпеген.

Кітаптың қазақ аудармашыларының жасаған нұсқасын араб және орыс тіліндегі мәтіндермен салыстырып, негізгі айырмашылықтарын таразылап көрейік. Біріншіден, «Мың бір түннің» түпнұсқасында болсын, аудармаларында болсын, кейбір әдепсіз, имандылыққа сай келмейтін оқиғалар мен анайы элементтер жиі ұшырасады [4, 38 б.]. Түпнұсқадағы мұндай жағдайлар орысша аудармасында мейлінше толық беріліп отырады, ал қазақша нұсқаларында ондай қылықтардың тігісін жатқыза, жұқалап қана аударған [5, 63 б.]. Мұндай жұмыстардың кейбір аударма мәселесімен айналысқан ғалымдар тарапынан сыналатыны да жасырын емес.

«Мың бір түннің» қазақ тіліндегі нұсқасын түпнұсқамен салыстыра зерделей келе, кітап мазмұнында кездесіп отыратын өлең жолдарының да көлемі жағынан біркелкі еместігі көрініс беретінін байқадық. Мәселен, «Хикаяту-с-Саййад уа-л-Ғифрит» атты әңгімеде балықшының тастаған ауына есектің жидіген өлексесі ілінген кезде ол налып, ақындарша мына бәйтті оқиды:

Иа ха’идан фи залами-л-ләйли уа-л-һәләкә

Уқсур ғәнәкә фә ләйсә әр-ризқи бил-хәрәкә [4, 3 б.]

Ал, Қ.Мұхамеджанов «Мынау қай сұмдығың? Сонда менің бала-шағама жібергенің арам есектің еті болды ма? – деп зарлаған балықшыға мына бәйттерді айтқызады:

О, қапас түнек, опат дүние зіл-батпан боп төнетін,

Қырсыға түс: бұлдаңқыра сыбағаңды беретін.


Нәпақа іздеп, теңіз, саған балықшы үміт артады,

Кәсібі сол болса қайтсін бар қуатын сарқады». [5, 35 б.]

Қ.Әбдіқадыров аударған нұсқада мұндай өлең жолдары жоқ. Оның орнына есектің етіне күйіп-піскен балықшының кейпін қара сөзбен суреттейді [6, 30 б.]. Сондай-ақ, сегізінші түндегі сиқырланған жігіт жайындағы әңгімеде оның әйелінің мылқау, жарымжан болып қалған ашына құлға қайғырып, зарлап айтқан мұңы араб тіліндегі нұсқада былай өріледі:
Ғадимту уджуди фи-л-уара ин салакум

Фә ин фу’әди лә юхиббу сәуәкум
Хузу рамақи хәйсу истақаррат бикум науа

Уа әйнә халлалтум фәдфунуни хәзәкум
Уа ин тәзкуру исми ғиндә қабри иаджибукум

Әниу ғизами ғиндә саути надакум [4, 41 б.].
Ал Қ.Мұхамеджанов нұсқасы өлеңнің түпнұсқадағы мазмұнын былайша аударады.

Бітті төзім құштар көңіл, ұмытпаса болғаны,

Ақылым да, жан дүнием де өзгеге әсте қонбады.
Қайда барсаң менің сүлбе рухымды ала кет,

Сәл аялдап мені жерге көміп-жерлеп сала кет.


Атымды ата сонан соң сен, – жауабын да аларсың,

Үніңді естіп сай сүйегім сырқыраса қанарсың. [5, 65 б.].


Түпнұсқадағы аяр әйелдің мұндай зарлы мұңын Қ.Әбдіқадыров барынша жатық әрі еркін аудармаға айналдыра отырып өзінше өрнектейді.
Жаралы болдың сүйгенім!

Жүректі бір жау түйредің...

Жүрегімді түйретіп

Жалынға міне күйгенім.


Күйгенім емей немене

Қайғы басты, күлмедім.

Түсірмес едім жараны,

Қапы қалдым білмедім.


Көкте тұрған күн едің,

Перде тартты бетіңе.

Қара перде ашылып

Қашан жетем ниетіме?.. – [6, 54 б.]


Кітап мазмұнының өлең құрылысында, көлемінде мұндай өзгешеліктер көп болғанымен қай-қайсысының да мағынасы ортақ.

«Мың бір түн» аудармаларының өзгешеліктерінің бірі – оқиғаны баяндау барысындағы іс-әрекеттердің әртүрлі қырынан көрінуі. Мысалы «Нұраддин уәзір мен оның ағасы жәйлі хикаяда» Қ.Әбдіқадыров пен Сальенің аудармасында Бадраддин Хасанды баласы Әжіп таспен ұрып есінен тандырса, Қ.Әбдіқадыровтың тәржімасында Ғажап хасанды қамшымен бастан тартып жіберіп сұлатып кетеді. Татар ғалымы Х.Миннегуловтың айтуынша әке Хасан мен оның ұлы Гажиб мүлде кездеспеген. Ал, олардың кездесіп, баласы әкесін танымауы себепті таяққа жығуы аудармашылардың қиялынан туындаған әрекет [7, 87 б.]. Қ. Әбдіқадіров аударған «Мың бір түн» әңгімесінің өн бойынан қазақ тілінде қалыптасқан тұрақты сөз тіркестері, араб тілінен қазіргі әдеби тілімізге енген сөздер көптеп кездеседі. Сонымен бірге аудармашының осындай тіркестерді, диологтарды беру кезінде өте шебер қолданғанын да атап кету қажет. Мысалы, жинақтағы бір әңгімедегі есек пен өгіздің арасындағы диологтан нағыз шеберліктің үлгісін көруге болады. «Хуз әл-химара уа харасәһу мәкәнәһу әл-йаума, уа раджәға ахра-н-наһар» – деген түпнұсқадағы қожайынның сөздерін Әбдіқадыров «Олай болса өгіз дем ала тұрсын, оның орнына есекті сыңар етіп жер жыртыңдар» – деп аударады да, ол күні бойы өгіздің орнына жер жыртып, кешке жақын оралды – деген сөйлемдерді «Өгізге парлаған есекті қас қарайғанша қосқа салды» – деп аударады [6, 12 б.]. Келтірілген мысалдардан есектің күні бойы өгіздің орнына жер жыртып кеш бата келгенін аудармашы «қас қарайғанша» деп өте шебер аударған. Сөйлемді осындай тәсілдерді қолдану туындының стилін айшықтап, мазмұнын байытып, құндылығын арттыра түсетіні сөзсіз.

«Мың бір түн» ертегісінің араб тіліндегі нұсқасымен Қ.Әбдіқадыровтың және Қ.Мұхамеджановтың (орыс тілі арқылы) жасаған аудармаларын салыстыра отырып, бірқатар айырмашылықтарды байқадық. Негізгі айырмашылық араб тіліндегі нұсқада әңгіме айтылар түні фә ләммә кәнәт әл-ләйләту-л-улә,... деп мың бір түннің қай түні екенін ескертіп отырады да, қалат: бәллиғни әййуһа-л-мәлик әс-сағид әннә... деп әңгімені бастап кетеді. Мұндай құрырылым қазақша нұсқаларда сәл басқаша жасалады. Мәселен, араб тіліндегі бесінші түнгі әңгімені қазақша нұсқалармен салыстырып көрейік, (фә ләммә кәнәт әл-ләйләту-л-хамисату) қалат: бәллиғни әййуһа-л-мәлик әс-сағид әннә-л-мәликә йунан қала ли уәзириһи: әйуһа-л-уәзир әнтә дахилука әл-хасад мин әджли һәзә-л-хаким. Фә туриду ән ақтуләһу уа бағда зәликә әндаму кәмә нәдима әл-мәлику әл-Синдбад ғәла қатли-л-баз... деп Шаһризада бірден әңгімеге көшіп кететін болса [5,6 б.]. Қ.Әбдіқадыровтың алтыншы түні түпнұсқа мен Қ.Мұхамеджановтың аудармасындағы бесінші түндегі әңгімемен сәйкес келеді.

«– Ей, ұлы бақытты патшам, Мәлік-Юнан уәзіріне мен ғалымды өлтіріп, Мәлік-Сандыбаттай опық жей алмаймын – деді.

– Ол қандай әңгіме еді? – деген уәзірі. Патша әңгімені айтты» [5, 38 б.].

Қ. Мұхамеджановтың аудармасында бесінші күні кештегі оқиға былай өрбиді: «Дүниезада: – Жатқың келіп отырмаса кешегі әңгімеңді басташы, апа»! – деді.

– Уа, алдияр патшам, сол жерде Юнан патша өзінің уәзіріне былай

депті:


– Уәзірім, сенің құлқыныңды құртып отырған қызғаныш қой. Сенің сөзіңе құлақ ассам, мен әлгі тәуіпті өлтіруім керек. Оны өлтіргеннен кейін әс-Синдбат патшаның өзінің сұңқарын өлтіріп, өмір бойы өкінішпен өткен кері маған келмей ме, – деп Синдбат патша әңгімесін әрі қарай жалғастырады [5, 45 б.]. Осы берілген үш мәтіндегі негізгі айырмашылық Қ.Әбдіқадыровтың бесінші түнгі әңгімесімен араб және Қ.Мұхамеджанов нұсқаларындағы сол түнде айтылатын әңгіме мүлде басқа оқиғаға байланысты. Әбдіқадыровтың бесінші түнде түнде айтқан әңгімесі түпнұсқада төртінші түні, ал алтыншы түнгі әңгімесі бесінші түнде айтылады. Демек, Қ.Әбдіқадыров жазған нұсқада әңгімеге арқау болатын оқиғалар бір түнге кеш айтылады. Сонымен қатар қарастырып отырған мәтіндердің мазмұны ұқсас болғанымен айырмашылықтар да жоқ емес. Мәселен, Әбдіқадыров аудармасында Дүниезаданың әңгіме айтып бер деп өтініш жасағаны, патшаның уәзіріне сенің ішіңде қызғаныш бар, сондықтан сен хәкімді өлтір деп тұрсың деп айтқаны және патшаның сұңқарын өлтіріп алып өкіну себебі қалыс қалады. Оқиғаны бірден Шаһризаданың әңгімесімен бастап кеткенімен, Ей, бақытты патшам, Мәлік-Юнан, Мәлік-Сандыбат деген сөздері араб тілімен форма, грамматикалық жағынан үйлесім тауып тұрса, патшаның ойланбай іс қылып опық жей алмаймын деген сөздері түпнұсқамен мағыналас. Аудармашының мазмұннан ауытқымағаны, түпнұсқада берілген патша мен уәзірдің диалогын да дәл бергенінен көрінеді.

Ал, Қ.Мұхамеджанов нұсқасында әңгіме болған түндер сәйкес келгенімен, аудармашының алдияр, өмір бойы өкінішпен өткен кері, тәуіп сияқты сөздерді өз жанынан қосқандығы көрінгіп тұр. Мұндай сөздер мен оралымдар тек қазақы дүниетанымға сәйкеседі деп ойлаймыз.

Жоғарыда берілген әңгіменің аудармаларын әрі қарай салыстырып көрейік:

Фә қала әл-мәлик: зукира әннәһу кәнә әл-мәлик мин мулуки-л-Фарис

йухиббу-л-фурджати уа әт-тәнәззуһи уа-с- сайд уа-л-қанас, уа кәнә ләһу баз рәббаһу лә йуфариқуһу ләйлән уә наһаран, йубиту тула-л-ләйли би қурбиһи, уа изә талаға илә-с-сайд йа’хузуһу мағаһу,

Қ.Әбдіқадыров берілген мәтінді:



– Парсының бір патшасы аң аулаудың қызығына қызығына түсіп, әбден әуейіленіп біткен екен. Ол ел жұмысын мүлде қойып, күн сайын аң аулауға барады. Оның өте жақсы көретін бір тұйғыны болыпты. Оны ешқашан көзінен таса қылмай, алтыннан тұғыр істетіп, жанына қондыратын еді – деп аударса [6, 38 б.], Қ.Мұхамеджанов «әр нәрсе Аллаға аян, – деп бастады әңгімесін патша. – Парсы патшаларының бірі әс-Синдбат сауық-сайранды, ит жүгіртіп, құс салып, аңға шығуды жақсы көреді екен. Өзінің қолынан баулыған бір айтулы сұңқары болыпты. Оны күндіз-түні көзінен таса етпейді екен. Аңға шыққанда алдымен қолына алатыны сол. Әлгі сұңқарға алтыннан тұғыр жасатып, томаға кигізіпті». Осы берілген аудармаларды түпнұсқамен салыстырып, тәржімалану ерекшеліктерін зерделеп көрер болсақ, араб тілінде «Ертеде Парсы патшаларының бірі аңшылықты, саятшылықты, көңіл көтеріп, қыдырғанды жақсы көреді екен» деген сөйлемді Қ.Әбдіқадыров патшаның аң аулаудың қызығына түсіп, әбден әуейіленіп біткен, ел жұмысын мүлде қойып, күн сайын аңға шығады деп аударғанын көреміз. Бұл жерде аудармашының негізгі мазмұннан ауытқымағанымен, патшаның аң құмарлығын сипаттау барысында қатты әсірелеп жібергендігі көрінеді. Себебі түпнұсқада патшаның әуейілігі, ел ісін естен шығарғандығы айтылмайды. Сондай-ақ, сұңқарды тұйғын деп аударып, оған алтыннан тұғыр жасатқан деген сөйлемді өз жанынан қосқандығы байқалса, аңға шыққанда өзімен бірге ала шығады деген сөйлем назардан тыс қалған. Ал, Қ.Мұхамеджанов нұсқасында патшаның Синдбат екені айтылады. Жалпы оқиға Синдбат патша жайлы болғандықтан, автор берілген сөйлемде оның аты аталмағанымен, оқырман қауымға түсінікті болу үшін қосқан деп ойлаймыз және бұл аудармашы да түпнұсқада айтылмаған алтын тұғырды суреткерлік қиялымен ойдан жасап, томаға кигізеді. Әйтсе де, аударма араб тіліндегі мәтінмен толық сәйкеседі. Енді түпнұсқадағы «Уа қад санаға ләһу тасатан мин әз-зәһәб муғаллақатун фи рақабатиһи йусқиһи минһа, фә бәйнәма әл-мәлику джалисан изә би-л-уакили ғәла тайри-с-сайд йақулу: йа малика-з-заман һәзә ауану-л-хурудж илә сайди. Фә истағадда әл-мәлику ли-л-хуруджи, уа ’ахаза әл-база ғәла йадиһи, уа сара илә ән уасалу илә уәдин, насабу шәбәкәтә-с-сайд, уа изә би ғазалатин уақағат фи тилкә-ш-шәбәкәти, фә қала әл-мәлику: куллу мән фәтат әл-ғазалату мин джиһатиһи қаталтуһу. Фә даййақу ғәләйһи халқатә-с-сайди, уа изә би-л-ғазалату ақбәлат ғәла-л-мәлик, уа шәббәт ғәла риджләйһа, уа хаттат йәдәйһә ғәла садриһа, кә әннәһә туқаббилу-л-’арда ли-л-мәлик фә та’та’ әл-мәлику ли-л-ғазалати, фә фәррәт мин фауқа димағиһиуа рахат илә-л-бәрри. Фә илтәфәтәт әл-мәлику илә-л-ғәскәри фә ра’аһум йатағамазуна ғәләйһи...». – деген үзіндідегі мазмұнның аударылу ерекшеліктерін таразылап көрейік [8, 17 б.]. Қ.Әбдіқадыров сұңқардың мойнына алтыннан сауыт жасап, су ішіп тұру үшін мойнын іліп қойыпты деген алғашқы сөйлемді өте дәл берсе, патшаның бүгін аңға шығатын күн болып тұр екен деп, құсбегінің аңға шығатын күн болып тұрғанын ескертуі мен саятқа шығуға дайындалу сәтін аудармаған. Одан кейінгі патшаның нөкерлерімен аңға шығуы, бір киікті қамап, кімде-кім киікті жіберіп қойса өлім жазасына кесетіні түпнұсқа мазмұнымен тығыз үйлесім тапқандығы байқалады. Тек киіктің патшаның үстінен қарғып өтіп қашып кеткеннен кейінгі нөкерлерінің бір-біріне көздерімен ымдасып, сыбырласып тұрғанын байқаған патша уәзірінен нөкерлерінің не деп тұрғанын сұраған сәтіндегі уәзір мен патша арасында болған диалог Әбдіқадыров нұсқасында патша мен нөкерлерінің арасында өрбиді. Сонымен қатар, патшаның жер үстін түгел кезсем де, сол киікті ұстамай қайтпаймын деген сөзі автордың оқиғаны баяндаудағы жазушылық ерекшелігі деп ұққан жөн [6, Б. 38-39]. Ал, Қ.Мұхамеджановтың аудармасы түпнұсқамен мағыналық жағынан да, сәйкестік жағынан да дәлме-дәл келеді [5, Б. 45-46]. Дегенмен, құралайдың өз басынан секіріп өткеннен кейін нөкерлерінің ымдасып, миықтарынан күліп тұрғанын байқаған патшаның нөкерлерінен «Тәуекел, құралайды осында өзім алып келгенше мұрсат беріңдер» деп сұрау сәті түпнұсқада берілмеген. Түпнұсқадағы әңгімені әрі қарай сабақтар болсақ оқиға былай аяқталады:

Сумма индәфәға әл-мәлику фи исри-л-ғазалати, уа ләм йазал уара’иһа. Уа сара әл-базу йалтусуһа ғәла ғәйнәйһә, илә әннә ағмаһа даууахаһа. Фә сахаба әл-мәлику даббусан уа дарабаһа фә қаләбәһә уа назәлә фә зәбәхәһа уа салахаһа уа ғәлләқаһа фи қарбуси-с- сарджи; уа кәнәт сағату хәрр, уа кәнә-л-мәкән қафран лә йуджаду фиһи ма’а,фә ғаташа әл-мәлику уа ғаташа әл-хисану, фә илтәфәтәт әл-мәлику фә ра’а шәджәрәтән йанзил минһа ма’а мислә-с-самни, уә кәнә әл-мәлику ләбисан кәффуһу джилдән, фә ’ахаза әт-тасата мин рақабати-л-бази, уа мәлә’әһа мин зәликә-л-ма’а уа уадаға әл-ма’а қуддамаһу, уа изә би-л-бази латаса ат-тасата фә қаләбәһә, фә ’ахаза әл-мәлику ат-тасата саниән уа мәлә’әһә уа занна әннә-л-база ғатшан, фә уадағаһа қудамаһу фә латасаһа саниән уа қаләбәһә, фә ғадаба әл-мәлику мин әл-бази уа ’ахаза ат-тасату салисән уа қаддамаһа ли-л-хисани, фә қалабаһа әл-базу би джанахиһи, фә қала әл-мәлику: хәййәбәкә Аллаһу йааша’аму-т- туйур, хәрәмтәни мин аш-шурб уа хәрәмтә нәфсәкә, уа хәрәмтә әл-хисана. Сумма дараба әл-база би-с-сайфи фә рама әджнихатаһу, фә сара әл-базу йуқиму ра’саһу уа кә әннәһу йақулу би-л-ишарати: унзур әл-ләзи фәуқа-ш-шаджарати. Фә рафаға әл-мәлику ғәйнәһу фә ра’а хаййатан фәуқа-ш-шаджарати әл-ләзи йусаййалу сәммуһа. Фә надима әл-мәлику ғәла қасси әджнихати-л-бази...[4, 18 б.].

Берілген әңгіменің сюжеті мен құрылымы, мазмұны қазақ тіліндегі екі аударма да түпнұсқамен толық сәйкесетінін сараладық. Әйтсе де аудармашылардың қаламгерлік шеберліктеріне қарай кейбір өзгешеліктер де жоқ емес. Мәселен, Әбдіқадыров бірнеше белден, бірнеше құздан өтіп киікке қалай жеткенін өз танымына бейімдеп сипаттай келіп, қайтар жолда шаршап, шалдығып ат аяғын басуға жарамай қалды деген эпизоды мен түпнұсқадағы ағаштың басындағы жылан сөзін қара шұбар деп суреттегенін автордың өз жанынан қосқаны білініп тұр [6, 39 б.]. Патша құсының қанатын қылышпен шауып тастағаннан кейін сұңқардың басымен ағаштың басына қара деп ишарат жасауы түпнұсқадан жолма-жол аударғандай әсер береді. Қ.Мұхамеджановтың әңгімені аудару барысында құралай бір алаңға бұрыла бергендегі патшаның сұңқарды жіберді және жыланды білектей қап-қара екен деп сипаттауын оның оқиға мазмұнын көркем өрнектеуге күш салғаны деп тұжырымдауға болады [5, 46 б.]. Қ. Мұхамеджанов бұл кітапты орыс тіліндегі аудармасы арқылы жасалғанын ескере отырып, оның аудармасын қазақ тіліндегі екінші аудармамен салыстыру мақсатында қарастырдық. Ал, Қ.Әбдіқадыров «Мың бір түн» ертегісі жайында араб, парсы, түрік, монғол тілдерінен жинап аударып шықтым деген кітап соңында берілген автордың өз ескертпесіне орай саралар болсақ, оның әрбір түндегі әңгімені бастағандағы Шаһризаданың патшаға қаратып айтқан сөздері мен мәтін ішіндегі кейбір сөз оралымдарының араб тіліндегі түпнұсқамен дәлме-дәл үйлесім тапқанын көреміз. Аудармашының осындай ерекшеліктеріне қарап, оның араб тіліндегі нұсқамен таныс болғанына күмән келтіре алмаймыз.

Жалпы, араб тіліндегі шығарманың қазақ, орыс тілдеріндегі нұсқаларындағы айырмашылықтар түрлі дәрежеде. Олардың негізгі себебі қандай нұсқадан аударғанында және соның табиғатына байланысты. Екінші, қазақ аударма өнерінің қалыптасуы мен жеткен биігіне, жеке аудармашының танымы мен стиліне, оның оқырман талғамынан шығу мақсатындағы принциптеріне қатысты. Дегенмен, қандай айырмашылықтар болсын, олар негізгі оқиғаны баяндау тәсілі мен идеялық көркемдігі, поэтикасы жағынан өзара тығыз үйлесім тауып, сабақтасып жатыр. Аудармашылар, негізінен, әңгіменің сөзбе-сөз немесе дәлме-дәл аудармасын бермей, негізгі мазмұнынан ауытқымай-ақ өз сөзімен беріп отырған. Түпнұсқадағы оқиғаның негізі сақталғанымен, оның берілу үлгісі, сипаты өзіндік ерекшеліктерге ие болады. Тақырып пен мазмұнның үйлесім табуына қарап, аударма түпнұсқадан тартымдырақ деген тұжырым айтуға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Teoria literatury. Т. 4 Literaturnyi proses. gl. red. U.B.Dorev. – Моskva: IMLI RAN, Nasledie, 2001. – 624 s.

  2. Тysyacha i odna noch. /per. s аrаbs. Salie М.А. 8 тоmov. – Моskva: GIHL, 1958-1960.

  3. Мyn bir tun. Тort тоmdyk. Т. 4. / аud. Q.Abdikadyrov. – Аlmaty: QMKAB, 1961. – 407 b.

  4. Alfu leilatin ua leilatin. Мujallad sani. Аs-sаiiаdu uа-l-gifrit. – Мisr: daru Мisra li-т-тibagati, 48 s.

  5. Мyn bir tun. Т. 1. /orys тіlinen aud. Q.Мuhamedjanov. – Аlmaty: Jazushy, 1988. – 326 b.

  6. Мyn bir tun. Тort tomdyk. Т. 1./aud. Q.Abdikadyrov. – Аlmaty: QMKAB, 1961. – 472 b.

  7. Мinnegulov H. Sharyk ham tatar adabiatinda kysaly kisalar (poetika ham adabi baglanysh maseleleri). – Qazan: Qazan universiteti nashriaty, 1988. – 199 b.

  8. Alfu leilatin ua leilatin. Мujallad auual. Hikayatu-l-himar ua-saur maga sahibi-z-zirg. – Мisr: Дәру Мисра Мisra li-т-тibagati, 50 s.


Салкынбаев М.Б.

О проблеме переводов сборника «Тысяча и одна ночь» на казахский язык
В этой статье рассматривается вопросы переводов сборника «Тысяча и одна ночь» на казахский язык и проявления национального мировоззрения.

Ключевые слова: Тысяча и одна ночь, перевод, оригинал, текст, литературные связи, арабская литература

Salkynbaev M.B.

For the problem of the translation of collection «Thousand and one night» into Kazakh language

In this article is devoted to the problem of the translation of collection «Thousand and one night» into Kazakh language, the manifestation of national philosophy.



Key words: One Thousand and one nights, translation, original, text, literary links, Arabic literature

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет