СӨЗ СОҢЫНДА
Ілияс Жансүгіров творчествосы – әрқырлы, мол арналы. Оның әңгіме, очерк, роман, пьесалары өз кезінде үгіттік мәні болған, жазушы творчествосының бір қырын танытатын шығармалары болса, Ілияс, әсіресе, қазақ совет әдебиетінде сатира жанрын дамытуда өзіндік үлес қосқан сатириктердің алдыңғы тобында болды. Әдебиеттің басқа салаларындағы жемісті еңбектерінің бағасын төмендетпей, әдебиет тарихының алтын қорына қосқан туындыларын ашық айтсақ, өз атына лайықты ескерткішті I.Жансүгіров осы поэзиясында жасап кетті. 20-30-жылдары қазақ совет поэзиясын тақырыптық, жанрлық, көркемдік сапа жағынан қаурт дамытуда I. Жансүгіров салған олжалар аз емес.
Социалистік реализмнің ең жоғарғы белгісі – өмір шындығын революциялық даму, коммунистік дүние тану тұрғысынан көркем образ арқылы бейнелеуінде болса, Ілияс поэзиясы осы талапқа толық жауап бере алды.
I.Жансүгіровтің поэзиясындағы азаматтық позициясы айқын. Осы жолдағы соны да тапқыр ойына бейнелегіштік тіл нақыштары сай келіп отырады.
Шеберлік социалистік реализм әдісінің басты бір шарты. Қазақ поэзиясының ішкі жанрларын дамытуда да Ілияс өз үлесін қосты. Бұл әсіресе оның лирикаға эпикалық фон бере жырлауынан, қазақтың ауыз әдебиетіндегі дәстүрлі толғауға жазба әдебиеттің ұрығын сеуіп, жаңғыртуынан, лирикалық-философиялық ой түйген поэмалары мен сюжетті, оқиғалы, реалистік поэмалар тудырып, қазақ совет поэмасын биік бір сатыға көтеруінен т.б. анық байқалады.
Ақын поэзиясында әлеуметтік өмірлік сарын ұдайы жүріп отырады да, ол реалистік өрнек, романтикалық леппен тығыз байланысты жүзеге асады.
Жаңа өмірді, жаңа құбылысты, дүние тануда I.Жансүгіров көбіне-көп қазақтың халық поэзиясындағы дәстүрлі түр, үлгілерді жаңғырта пайдаланып, сол арқылы өзі де жаңа образдық бейнелеулер жасады. Әрине, іздену жолында кейде фольклордағы шарттылық тәсіліне бой ұрған жайлары да кездесіп қалып жүрді. Әйтсе де бұл кемшіліктерден Ілияс тез арыла бастады. Сөйтіп ол халық поэзиясының дәстүрімен қатар, Абай поэзиясының озық дәстүрінен үлгі ала отырып, көп жағдайларда Абаймен ақындық өнер таластыру дәрежесіне көтеріледі.
Дәстүрлі ұлттық көркем нақыш өрнектерді творчестволық жолмен жаңғырта пайдалану арқылы I.Жансүгіров қазақ совет әдебиетінде социалистік реализм әдісінің көркемдік түрлерінің шеңберін кеңейтуге ат салысты. I.Жансүгіровтің қазақ совет әдебиетінің белді бір өкілі саналатыны осыған байланысты.
С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Мұқанов, М.Әуезов сияқты I.Жансүгіров те үнемі ізденіп, қазақ әдебиетін ілгері дамыту, жаңалықтар табу жолында болды. Бұл ретте олардың өкшелерін басып келе жатқан жас талаптарға әсерлері де болмай қалмады.
Озық дәстүрді жеке жазушы тудырса да, ол көптің қазынасына айналады. Оны меңгеру, одан үйрену, сөйтіп жаңа дәстүрлер тудыру көркем творчествода заңды ғана емес, қажетті құбылыс. Олай болса, I.Жансүгіровтің айналасына еткен әсер ықпалы қаншалықты деген сауал тууы әрине орынды. Бұл өз алдына арнайы сөз ететін мәселе болғандықтан да әңгіменің түйінін кейінге қалдырдық.
Достарыңызбен бөлісу: |