Жақсы боп елден өлім талай ерге,
Аз ба екен оққа ұшқандар дуэльдерде?
Өлімді жан қорлықтан жақсы көрген
Не дейміз Лермонтов пен Пушкиндерге? –
деген жолдарда Ілияс өз ортасынан опа көре алмаған, заманы қудалап, күн көрсетпей, ақыры трагедиялық тағдырына тап болған Лермонтов, Пушкиндердің дуэльде қаза болуын ерекше атап көрсеткісі келген ақын «дуэльдерге - Пушкиндерге» дегенді әдейі ұйқастырып, оқушы назарын айрықша аударып отыр. Бірақ «талай ерге - Пушкиндерге» деген сөздер жақсы ұйқасқанмен «дуэльдерде» деген толық ұйқас, үйлесім тауып тұрған жоқ. Сол сияқты «жылдам - мұздан» сөздері де ұйқасқанмен «каютадан» сөзіне жымдасып кете алмай тұрғанын байқаймыз. I.Жансүгіров «Елеп жатыр элеватор», «Эксковатор күштеп жатыр» деп те ұйқастыра береді. Бірақ мұндайлардың көбі толымсыз ұйқас болып келеді.
Ілияс Жансүгіров поэмасындағы ой, пікір, көркемдік, музыкалық, үнділігін сөз еткенде ол Абайдан кейінгі өрелі ақындардың бірі болды деген әділ пікірді біз де толығымен құптаймыз. Алайда, Ілияс бастан-аяқ осы озық үлгісінен жаңылмай, жаза баспай кете алған жоқ. Оның ерте кезде жазған өлеңдерінде ұйқастың әлсіздігі, мәнсіздігі де сезіліп қалып отырады.
Білтелі қара сояу, қырлы мылтық
От алып тарс еткенде, түтіні бұрқ,
«Алла!» деп, құбылаға бетін бере,
Жас Сатай түсіп қалды жалп етіп сылқ.
Мұнда төртінші жолдың буыны артылып кеткені өз алдына, осындағы мылтық «түтіні бұрқ» – «етіп сылқ» деген ұйқастар онша ұтымды шыққан дей алмаймыз.
Қазақ өлеңінде ұйқасып келетін өлеңнің соңғы екі дыбысы дауыссыз дыбысқа бітсе, тыныс тарылып, дем таусылғандай ұйқас буыны ашық шықпайды.
Достарыңызбен бөлісу: |