Мырзабек дүйсенов көптомдық шығармалар жинағы төртінші том дүйсенов М



бет120/126
Дата17.11.2022
өлшемі4,8 Mb.
#158722
түріМонография
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   126
Байланысты:
4-ТОМ

Адамнан, айналадан күйіркеден,
Бой тартып ел ішінен жиіркенген,
Безінген біржолата тағы болып,
Аулақта әсем тауда жүруменен.

Осы шумақтағы бірінші жолдың соңындағы «күйіркеден» деген сөзге «жиіркенген» сөзі жақсы ұйқасады. Алайда, ақын «жиіркеген» емес, «жиіркенген» деген сөзді ұйқастырады. Ұйқасқан сөздердің соңғы екі буынын (-кеден, -кенген) алып қарасақ, екінші жолда «н» әрпі артық тұрғанын көреміз. «н, г» дыбысы ұяң дыбыс болғандықтан да ұйқасты бұзбай тұр. Және олар алғашқы «-кеден» буынындағы «д» дыбысымен үндесіп кетеді. Ал осы алғашқы 1-2 - жолдардағы ұйқасқан сөздерге төртінші жолдың соңындағы «жүруменен» сөзі ұйқасқанда өлеңнің ұйқасы ақсап қалғандай сезіледі (күйіркеден, жиіркенген, жүруменен). Өйткені ұйқасқан сөздің соңғы екі буынындағы «м» дыбысымен жоғарғы ұйқастардағы қатаң «к» дыбысы үндеспейді және ондағы «д», «нг» дыбыстарына соңғы сөздің «н» деген дыбысы да толық үндесіп кетпеген. Міне, осы екі дыбыстың үндеспеушілігі жалпы ұйқасты ақсатып тұр.


Фольклорда небір тамаша ұйқастармен қатар мағынасыз ұйқастар ұшырасып отырады. Бірақ ондай өлең, жыр, дастандар үнемі белгілі бір әуенмен, домбыра, қобыз, сырнайлардың демеуімен айтылып отыратындықтан да, ұйқасындағы кем-кетіктер еленбей, сезілмей қала береді. Ал Ілияс Жансүгіров те өлең жазғанда үнемі ыңылдап, әндетіп отырып жазады екен. Оның өлеңдеріндегі дәл түспейтін ұйқастардың жүруі де сол фольклорлық дәстүрдің кемшіл жағынан үйренуіне байланысты жатса керек.
Жалпы алғанда мұндай кемшілік ақын творчествосына белгілі дәрежеде нұқсан келтіргенімен оның поэзиясындағы жақсы үйлесім тапқан ұйқастарының тамаша үлгілерін еш жоққа шығара алмайды. I.Жансүгіров поэзиясының ерекшелігі оның бұл кемшілігі емес, ілгеріде сөз болған дара сипаты бар, озық үлгілерінде жатыр деп білеміз.

***
I. Жансүгіров поэзиясының өлеңдік түріндегі жаңалықтары: поэтикалық синтаксис, ұйқас, ырғақтарымен шектеліп қалмай, сонымен бірге ұйқастың түрлерінде, буын, шумақтарында да ерекшеліктер кездеседі.


Қандай өрен жүйрік болса да, ол ең алдымен өзіне дейінгі бар үлгілерді аттап кете алмайтыны белгілі. Жаңашыл ақын алдымен сол бұрынғы озық дәстүрді бойына сіңіре отырып, оны бір жағынан өзгертіп, жаңғырта отырып жаңалықтар енгізеді. Алайда, буын сандарын әдеттегіден не қысқарту, не көбейту, шумақты не ұзарту, не шолтиту дара мақсат болмайды және ол жаңалық та болып саналмайды.
Жалпы, Ілияс Жансүгіров поэзиясының өлең құрылысы, негізінен алғанда, өзіне дейінгі бар, халықтық жырлардағы және Абай енгізген бірнеше жаңа түрлер енеді. Халық поэзиясындағы: 1) он бір буынды қара өлең, 2) жеті буынды жыр үлгісіндегі өлең, 3) жеті-сегіз буын араласып келетін өлең.
Ал, Абай енгізген: «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» сияқты өлең түрлерінің ұйқасы сәл буын жағынан өзгеріп келіп отырады.
Абай өлеңдерінің үлгілерін ала отырып I.Жансүгіров кей жағдайларда Абайға жалаң еліктегенде кейде өлеңдерінің көркемдік жағы солғын түсіп, буын сандары негізгі ойды жеткізуге қызмет атқара бермейді. Ақын өлеңінің құрылысындағы осы кемшілікті проф. Қ.Жұмалиев дәл аңғарған. Абайдың «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» үлгілерімен жазылған «Жарлылар ұйымының жетісі», «Сапарда» атты өлеңдерін сынай келіп, осы үлгіде жазылған «Қалпымыз» атты өлеңнің көркемдігін атап көрсетеді. Біз Қ.Жұмалиевтің бұл пікірін де құптаймыз. Бірақ осы тәуір өлең мен нашар өлеңдердің тууына негізгі себеп, өмір құбылыстарының жақсы жақтары мен көлеңкелі жайларын көрсетуіне байланысты деген пікір даулы.
...Абайдың «Сегіз аяғы» да, «Алты аяғы» да өз кезіндегі әлеумет өмірінің ұнамсыз жақтарын шешуге, елдік, бірлік, прогрестік ағартушылық тәрізді ақынның ұлы арманына қайшы келетін мінез-құлықтарды өлтіре сынауға арналған улы сарказмға толы өткір сатиралық өлеңдер.
Ал, Ілиястың соңғы екі өлеңі («Жарлылар ұйымының жетісі», «Сапарда». М. Д.) өмірдің көлеңке жағын сынауға арналған емес, керісінше, татымды жағын суреттеуге арналған... Екі өлеңде де айтайын деген мазмұнға түрі сай келмегендігі аңғарылады»20, – дейді Қ.Жұмалиев. Бұл пікірге қарағанда Абайдың «Сегіз аяғы», «Алты аяғы» тек әлеумет өмірінің ұнамсыз жақтарын сынау үшін ғана туған тұр сияқты. Егер ол үлгімен жаңалықты, жақсылықты айтса, ой жетпей қалатындай сезінеді.
Тақырып, айтайын деген ой кейде жаңа түрдің тууына себепші болады деген пікірді біз де құптаймыз. Алайда сынай айтатын өлең түрімен мақтау өлең жазуға болмайды немесе мақтап айтатын өлең түрімен сынау өлең жазуға болмайды, онда мазмұнға түр сай келмейді деп тік тұжырымдау теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да өзін-өзі ақтай алмайды.
Өйткені өлеңнің мазмұнын оқушыға әсерлі жеткізуде өлеңнің түрі (буын саны) бірден-бір басты шарт емес, көптеген негізгі шарттардың бірі ғана. Мәселе I.Жансүгіровтің «Жарлылар ұйымының жетісі» өлеңін «Сегіз аяқ» үлгісінде жазғандығында ғана емес, осы үлгіде жазып отырған ақынның жаңа ойды, жақсы ниет-тілекті сөз кестесін тауып, философиялық сырын ашып бере алмауында жатыр. Бұл өлеңдегі сөздер жадағай-жайдақ, ұйқастар да берік жымдасып тұрған жоқ.
I.Жансүгіров өлеңдеріндегі аралас буындар кейде мағынаға қарай өзгеріп отырғанымен көбіне түр қуалаушылықтан келіп туатын жайлары да аз кездеспейді. 20-жылдардың соңы, 30-жылдардың бас кезінде, әсіресе жаңа тақырыпты жырлауда қазақ ақындары үлкен бір қиындыққа ұшырады. Заводты, фабрикті, станокті, поезды, машинаны жырлағанда көбіне дыбыс қуалаушылыққа салынды. В.Маяковскийше жазбақшы болып, өлең жолдарын мән-мағынасыз бөлшектеп, шашыратып жазатын әдетті шығарып алды. Өзі де ептеп осылай жазуға талаптанған I.Жансүгіров оның формалистік жол екенін сезініп, оған онша еліге қойған жоқ.
Ал өлеңдерінің шумақтары 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10 жолдардан бір қайтып отырса, жыр-толғауларында көбіне бастан-аяқ сыдыртып бір-ақ шығып отырады. Түрікпен поэзиясындағы а б а ұйқасымен үш жолдан тұратын шумақты қазақ әдебиетінде алғаш қолданған да I. Жансүгіров болды.
Ілияс өлеңдерінің ұйқасына келетін болсақ, ақын негізінен халықтың ауыз әдебиетіндегі ұйқас түрі мен Абай енгізген ұйқастың біразын пайдаланған. Оның өлеңдері халық ауыз әдебиетіндегі үлгі сияқты бастан-аяқ бір ұйқаспен келіп отырады. Әдетте, жыр үлгісінде де келетін ерікті ұйқас өлеңдердің ұйқасатын белгілі бір тұрақты заңдылықты сақтамай, кейде екі жолдан бір ұйқасып келсе, кейде үш, кейде төрт жолдардан кейін бір ұйқасып жүре беретін.
Ілиястың «Ресей жері» атты өлеңі жалпы 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылғанымен ұйқасы белгілі бір заңдылықты сақтап отырады. 91 жолдан тұратын өлең екі жол өтіп үшінші жолы ұйқасады және бастан-аяқ бір ұйқасты сақтап отырады (басында – торқадай, ортасында – қалтадай, соңында - Сарыарқадай...). Ал «жалпы жасқа» деген өлеңінде а а б а деген ұйқастар («б» ұйқасынан басқасы) осы жұбын жазбастан, келесі шумақтарда да ұйқасып келіп отырады.
Бірыңғай ұйқастың бұл түрін алғаш енгізген I.Жансүгіров болды. Алайда, ақын өзінше жаңа ұйқастар жасайды. Мысалы «Не күйде» деген өлеңі мынадай:


Ылғал тұман шағындаа
Құздардан жауын сырылдап – б
Қиядан сорғалауында а
Самалша, сауқым, сауықшыл в
Саятшы Сартай не күйде? – г
келесі шумақтарда а г ұйқастары берік сақталып отырады.
«Жетім» атты өлеңінің әр шумағы 10 жолдан тұрады, ұйқасы төмендегіше: абабвбвбгг.
Осы шумақтағы соңғы екі жолдың г г ұйқасы келесі шумақтың ең соңғы екі жолының соңғы сөзімен ұйқасып отырады. Он жолдан тұратын бір шумақтағы жолдардың бәрін де ақын ұйқастырып отырады, ұйқаспаған бір де жол қалдырмайды. Ал, «Жазушылар модасы» өлеңінің бар жолын ақын бастан-аяқ ұйқастырып шыққан. аабаабаабаабаабааб.
Өзара ұйқасып келген екі жолдан кейінгі үшінші жолдар бірыңғай «қонысым - сонысын - күмісім - үрісін...» болып келсе, басқа жолдар түгелімен бірыңғай ұйқасын сақтап отырады.
I.Жансүгіров өлеңдерінің ішінде а б б б а болын (а ұйқасы өлеңнің аяғына дейін сақталатын), а б в б 2-4-жолдар ғана ұйқасатын және буын сандары әр алуан, ұйқасы абавгваг болып еркін ұйқасып келетін өлеңдер де бар. Кейде бір өлеңді («Бөлек-салақ ойдан») а б б а ұйқасымен бастап, одан шалыс ұйқасқа, шалыс ұйқастан егіз ұйқасқа ауысып кете береді. Бірақ бұл Ілияс өлеңінде онша көп кездеспейді. Әсілі жаңа түр табудағы ізденулердің нәтижесінде туған бұл ұйқастар көбіне мағыналық қажеттіліктен көрі таза форма қуушылықтан туған «жаңалықтар» еді. Ақынның өзі де бұл түрге көп бармағаны соның салдары болу керек.
Қазақ халқының ежелгі дәстүрінде өлең үнемі әнмен айтылып келген. Жыр, қиссаның да, терме, толғаудың да, қара өлең, айтыстардың да ән, әуен арқылы орындалатыны белгілі. Жазу-сызуы әлі қалыптаспаған халықтың әдебиеті осылай ән, әуенмен біте қайнаса тарап, дамып отыруы заңды құбылыс. Қазақтың жазба әдебиеті туып қалыптасқаннан кейін де қисса, жыр, толғау, өлеңдерді әнмен орындаушылық дәстүрі қалған жоқ. Бұл дәстүр жазба поэзиямен қатар өмір сүрді. Тіпті жазба әдебиет дүниелері әннің текстіне де айналып кетіп отырды. Осындай мол дәстүрі революцияға дейін сақталып келген қазақ әдебиетінде 20-жылдары өлеңнің бұрынғы өлшемін сақтап ән, әуендермен айтылуға жарайтын етіп көп жазылды. Ал, ол өлшем, ырғаққа сай келе бермейтін өлеңдер әнмен орындала қойған жоқ.
Ондай өлең өлшемдерін, жолдарын, шумағын өзгертуді қазақ ақындары өз тілінің ерекшелігінен көрі орыс поэзиясындағы туа бастаған немесе бұрыннан бар үлгілерге еліктеумен жасады. Мұндай жағдай көптеген әдебиетшілер, жазушылар тарапынан қарсылық та тудырды. Бұл қарсылықтың дұрыс та, бұрыс та жағы бар болатын. Дұрыс жағы, ақындарымыз өлең жолын мағынасыз бұзып, орынсыз шашыратып, тек қалайда жаңа түр жасау ниетімен істеді. Бұған қарсылық білдіруі дұрыс еді. Ал, бұрыс жағы, ондай өзгерістер қазақтың бұрынғы ән, әуендерімен айтуға, тіпті, жалпы әнге келмейді деуі болатын.
Өлең жолдың әнге, әуенге келмейтіні жоқ. Бірақ өлеңнің барлық түрін бір ән, бір әуеннің өлшемі тұрғысынан қарауға болмас еді. Мысалы, орыс поэзиясынан Абай алып енгізген «Сегіз аяқ», «Бойы былғаң» т.б. өлеңдері қазақтың әндері мен әуендерінің ешқайсысына дәл келмейді. Бірақ, Абай сол өлең түріне, үлгісіне лайықтап ән шығарған соң ол өлеңдер әнмен орындалып, халықтың сүйікті өлеңі, әні болып кетті. Және де өлеңнің барлығы бірдей ән тексті бола бермейтінін де естен шығармауымыз керек. Орыс әдебиетінің әсеріне орай қазақ әдебиетінде де әнмен емес, тақпақтай оқып айтуға лайықты формалар туа бастады.
Сонымен, I.Жансүгіров қазақ поэзиясына жаңа өлеңдік ұйқастардың үлгілерін қосты. Бұл жаңа үлгілер поэзияда тұрақты орын тебе алды ма, тебе алмаса оның себебі неде? деген сауал туады. Бұл ретте есте болатын жәй, кейде жырлап отырған тақырып, оның мазмұны белгілі бір үлгіні талап етеді де, сол үлгіде жазылып қалады. Екінші өлеңді дәл сол үлгіде жазудың қажеттігі тумайтын шақтары болады. Екіншіден, Ілияс поэзиясының осы жаңа түрлері өзінің қолдаушысын таба алмаса, оның бір себебі ақын творчествосының көп жылдар бойы халық қажетіне аса алмай келуі болу керек. Ақын енгізген бұл жаңалықтар әдебиет теориясы тарихынан өз орнын ала алды ма, немесе ілгері уақытта алала ма, ол өз алдына мәселе. Бірақ қазақ совет поэзиясында Ілияс енгізген жаңалықтардың бар екені даусыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   126




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет