Май кедейдің мақтаны,
Лауқылмақпаз тақтайы, –
дегендегі май мейрамының лауқылмақпаз тақтайына теңелуі қандай олақтық болса, «лауқылмақпаз» сөзінің өзі қалың оқушыға түсініксіз, дерексіз. Бірақ, ақын мұндай сөздерге онша көп үйір емес.
Ал, диалектизм I.Жансүгіров поэзиясында аз кездеспейді. Мысалы:
Бас салып, бауыздайтын дағды болған
Әйтпесе онша қанның деркері не? –
дегендегі «деркері не?» деген сөз «хажеті», «керегі не?» деген мағынада беріліп тұр.
Жазушылар тілінде жергілікті тіл – диалектизмді пайдалану, пайдаланбау проблемасы тіл білімі мамандарының арасында дау тудырып, күні бүгінге дейін белгілі бір қорытындыға келе алмай жүр. Шынында да диалектизмді мол пайдаланудан әдеби тілге қосылатын үлес бар ма?
Бірлі-жарым диалектизмді пайдалану орыстың белгілі жазушыларының творчествосында да кездесетіні белгілі. Мысалы, Тургеновтің («Записки охотника»), А.Толстойдың («Власть тьми»), Короленконың, Мамин-Сибиряктің т.б. көптеген шығармаларында, совет жазушысы А.М. Горькийдің, М.Шолоховтың шығармаларында да кездеседі.
Бірақ осы аты аталған орыстың көрнекті жазушылары жергілікті тіл ерекшеліктерін пайдаланудың жөні осы деп кез келген диалектизмді енгізе бермеген. Жергілікті тіл ерекшеліктерін жазушы суреттеп отырған нәрсесін айқынырақ көрсеткісі келгенде немесе жергілікті жердің салты, киімі дәстүрлеріне ғана байланысты пайдаланып отырған.
Совет өкіметі орнаған алғашқы жылдары тілінің көркемдік сапасы төмен, жергілікті жаргон, диалектизмдерге толы, бұқара халықтың түсінуіне қиындық тудыратын кітаптар (А.Белыйдың т.б.) аз шыққан жоқ-ты. 30-жылдардың ортасында Ф. Панферовтың «Бруски» романы туралы айтыс болып, романның тіліндегі диалектизм мен жергілікті кәсіби тілдердің былапыт көп енуі үлкен сөз болды. Сол айтыста Горький диалектизм жөнінде былай деген болатын: «Бізде, әр губернияда, тіпті көптеген уездерде өздерінің «говорлары», өздерінің сөздері бар. Бірақ әдебиетші вятскише немесе балахонша емес, орысша жазуы керек», – деді. Серафимовичке жазған хатында да Горький: «Сөз өнері мәселесінде тілдік, лексикалық, сауатсыздық әр уақытта мәдениет төмендігінің белгісі болады және ол әр уақытта идеологиялық сауатсыздықпен ұштасып жатады»16, - деп жазады.
Бірақ бұдан диалектизмді біржола тілден шығарып тастау керек деген ұғым тумайды. Халықтық говорлардың шағын аймақтық мағынасынан халықтық тіл қорына, әдеби тіліне қосылып, оны дамытып отырған мысалдарын орыс тілінен көруге болады. Алайда, диалектизм, говорларды дара мақсат етіп қойып, тілге тықпалай беру жетістік болып санала бермейді.
Ілияс Жансүгіровтың кейде сол диалектизмдерді қажетіне қарай пайдаланбай, жөнсіз ала бергені байқалады. Бірақ, жалпы алып қарағанда кейбір түсініксіз жеке сөздердің жүргендері болмаса, I.Жансүгіров поэзиясында халықтық, фольклорлық тіл мен профессионалды әдеби тілдің жақсы ұштасып, қабысқанын көреміз. Ендеше, Ілияс қазақ жазушыларының ішіндегі тілінің лексикалық қоры бай ақындардың алдыңғы сабында тұр деп сеніммен айта аламыз.
I.Жансүгіров лексикасында теңеулер, эпитет, метафоралар өте мол. Әрбір қимыл, әрбір көрініс, әрбір құбылыс жалаң берілмей, үнемі тапқыр теңеу, ұтымды эпитеттер арқылы келеді және Ілиястың теңеулерінің барлығы дерлік халықтың ұғымына қонымды, оның тұрмысына, әдетіне, ғұрпына байланысты жатады. Өйткені, өз халқымен біте қайнасып, бірге өскен ақынның басқаша жырлауға, халық ұғымына қонымсыз теңеуді, сөз нақысын, ой өрнектерін басқаша беруі мүмкін де емес. Эпитет, теңеу, метафораларының қай- қайсысы болмасын, кейбір натуралистік жайларын былай қойғанда, ақын бұқара халықтың эстетикалық сезімінің жеткен биігі тұрғысынан шығып отырады. Сұлулық, әдемілік сол ақын өзі өмір сүрген әлеуметтік ортаның ұғымы тұрғысынан беріледі.
Әрине, ақын метафора, эпитет іздеуде болсын, жаңа, соны теңеулер табуда болсын, өзі өмір сүрген ортаның әдемілікті түсіну, білу, ұғыну тұрғысынан ізденгенде - барды ғана айтып қою шарт емес, олай болса, ақын творчествосының жаңалығы да болмас еді. Мәселе сол әдемілікті ұғыну тұрғысынан жаңа теңеу, жаңа эпитеттер табу – ақынның міндеті. Әдебиеттегі бұрынғы бар метафора, эпитет, теңеулерді қайталамай, соның санын кебейтіп, түрлерін дамыту ақын үлесіне тиген міндет. Қазақ әдебиетінде мұның әр алуан жолдары бар. Ол халықтың ауыз әдебиеті үлгілерін творчестволық жолмен пайдалану, басқа туысқан ұлт әдебиетінің озық үлгі-нақыстарынан үйрене отырып жаңалық енгізу т. б.
I.Жансүгіров басқа туысқан халықтар поэзияларының үлгі-өнегелерін қазақ поэзиясына әкелуді де талап еткен. Әйтсе де орыс әдебиетінің нақыштарын қазақ әдебиеті топырағына молырақ сіңістірген С.Сейфуллин, кейінірек С.Мұқанов, т. б. ақындар болды. Социалистік реализм әдісін тұрақтандыру, қазақтың ауыз әдебиетінің озық үлгілері мен Абай поэзиясының асыл қазыналарынан үлгі ала, үйрене отырып Ілияс Жансүгіров, енді бір сәтте, Абайдың өзімен ақындық өнер таластыратын дәрежеге жетті. Тың теңеу, метафоралары мен эпитеттер тауып, қиыннан қиысып келген бейнелі, нақышты сөздері соны ойлар мен берік ұштасып жатуы Ілияс Жансүгіровтің өзіндік бетін анық танытты.
* * *
Ақын нақтылы бір көрініс пен құбылысқа адамның қуанышы мен күйінішін, өкініші мен тоқмейілсуін, толғаныс пен тебіренісін сөйлемнің бір ғана құрылысы арқылы жеткізе алмайды. Сондықтан да жоғарыда айтылған түрлі жайларға сай сөйлем құрылыстары да әр алуан өзгеріп отырады. Әрбір өрелі ақынның жалпы творчествосының характеріне, шығармасының тақырыбына т.б. орай өлеңдерінің поэтикалық синтаксисі де өзгеше болатыны белгілі.
Халықтың ауыз әдебиеті мен Абай поэзиясында поэтикалық синтаксистің біраз түрлері жасалды. Осы екі қайнар бұлақтан мол сусындаған I.Жансүгіров те сол дәстүрлі поэтикалық синтаксисті пайдалана отырып өсті. Халықтық жырлардағы бірыңғай жай сөйлемдерден құрылған құрмалас сөйлемнің дамыған түрін Ілияс өз творчествосына пайдаланған.
Ақын белгілі бір құбылысты суреттеуде оны әбден тәптіштеп, егжей-тегжейіне дейін қазбалап бейнелеуіне де, немесе түйіп айтып, қысқа қайыруына да болады. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |