Ел жатты. Жылқы жусау. Тоғай тынды.
От сөнді. Қатын қайтты қайнатқан
құрт, –
деген екіжолдық өлеңде төрт жай сөйлем, бір құрмалас сөйлем сыйып тұр. Ақынға дәл осы жерде елдің қалай жатқаны, жылқының жусауы, тынған тоғайдың құбылысы емес, болғалы тұрған оқиға алдындағы мезгілдің жалпы көрінісі керек. Сондықтан да Ілияс сол көріністі осындай қысқа, жай сөйлеммен қайыра беруді көздеген.
Дәстүрлі әдебиетте сөйлем бүкіл бір жолға, не екі жолға, кейде бірнеше жолдан бітіп отырғанмен, ешуақытта сөйлем өлең жолдың орта шенінде біткен емес. Өлеңді сөйлемнің жалғасын бір тармақтан екінші тармаққа ауыстыратын өлең тасымалы (перенос в стихе) тек жазба әдебиетіне тән құбылыс.
Тағдыр тас, талапсыз тас, таңбалы тас,
Тағдырын талай жастың алғалы тас –
Біткен тас. Талай-талай зарыққан жас,
Өрт өмір, өзен көзді, арманы – тас.
Бұл шумақтағы «та» деп келетін дыбыс үндестігін сөз етпегеннің өзінде «Тағдырын талай жастың алғалы біткен тас» деген ойды екінші жолмен үшінші жолдың орта кезіне дейін алып келеді. Екінші жолдың аяғындағы «тас» деген сөз бұл жерде тек ұйқас үшін келіп тұр.
Поэтикалық синтаксистің бұл түрін де Ілияс үнемі пайдаланып отырған. Ілияс поэзиясының формалық ерекшелігін сөз еткенде, ең алдымен байқалатын жай, оның тіл байлығы, яғни лексикасының байлығы екенін ілгеріде айттық. Ақын сөзді түйдек-түйдегімен төгіп отырады. Және үнемі сөйлемнің бірыңғай мүшелерін қатар алып, екпіндетіп, желпіндіріп, кейде баяу шымырлатып, кейде құйындатып, оқушыны еріксіз баурап алады. Мысалы, 1915-16 жылдары жазған «Әншіге», «Бұлбұлға» деген өлеңдерінен біз мынадай жолдарды кездестіреміз:
...Қайғылы, мұңды, өнерлі, шерлі жанға
Ой салар, ойын түртер, жыбыршытар.
Достарыңызбен бөлісу: |