Лермонтов, Пушкин көктен атылған құс,
Түскен бе Көкшетауға көлеңкесі? –
деп сұрау береді. Алғашқы өлеңіндегідей бұл сұрауға жауапты ақын бірден қайырмайды. Бірақ ақынның осы сұрауы арқылы Лермонтов, Пушкинмен Ақан өмірлерінің арасында ұқсастық барын анық сезінеміз.
Қаратпа сөз, сұраулы, лепті сөйлемдерді Ілияс әйтеуір керек қой деген ниетпен емес, оны да геройларының сезім-күйіне байланыстырып алады.
Геройдың күйінішін, сүйінішін бейнелеудегі лептілік кейіпкердің жан сезімін аша түсу үшін қолданылатын құрал. Мысалы, «Күйші» поэмасын оқып отырғанда мынадай шумақтарды оқимыз:
Соқ жігіт! Соқ! Соқ! Жігіт! Күніңді тарт!
Тоқтатпа, «тарт!» дегенім – қылғаным
шарт.
Толғауы тоқсан күйдің бір-ақ күй бар –
Солқылдат! Бастыр! Бастыр! Қадап!
Қадап!
Соқ жігіт! Соқ! Соқ жігіт! Күйіңді тарт!
Лапылдат! Жандыр! Күйдір! Құмарт!
Құмарт!
Безілдет! Сарнат! Зарлат! Үздіктірші!
Керек жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт!
Қысқарт!
Күйшінің күйіне елтіген Қарашаш ханышаның монологін ақын осындай қысқа, лепті сөйлем немесе сөздер арқылы береді.
Ілияс стилистикалық фигураның қайталау түрін мол қолданған ақын. Әрине, қайталау да ойды күшейту үшін қажет. Белгілі бір затқа, құбылысқа, ойға оқушы назарын ерекше аударып отыру үшін ақын не өлең шумақты түгелдей, не өлең жолын, не жеке сөздерді үнемі қайталап отырады. Мұндай қайталаудың Ілияс творчествосында үлгілері әр алуан. Бірде өлең жолының басқы сөздері қайталанады (анафора).
...Талай өмірді өзгертіп,
Талай асқарды алғап ел.
Талай тауды толқандап,
Талай жауды басқан ел.
Талай-талай той тойлап,
Талай кеңес ашқан ел, –
дегендегі өлең жолдарының басқы «талай» деген сөздері қайталап келіп, кезекті ұйқаспен беріліп, өлең ортасындағы сөздердің өзін де іштей ұйқастырып отырады. Мысалы, 3-жолдағы «тауды» деген сөз 4-жолдағы «жауды» деген сөзбен, немесе 3-жолдағы «талқандап» деген сөзбен 5-жолдағы «той тойлап» деген сөздер ұйқасып тұр. Бірақ бұл ішкі ұйқас белгілі бір заңдылыққа бағынбайды. Көбіне кездейсоқ ұйқасады. Ал, «талай» деген сөз әр жолдағы ой мағынасының барлығына да тікелей байланысты, қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |