Осылай ақын зарлап жылап жатты,
Қайтсін ол, жыламасқа, жанға батты.
Күйінді ол, күңіреніп Құлагерге
Айрылды ол, аттан – жақсы, достан –
тәтті.
Осындағы «Қайтсін ол», «Айрылды ол» дегендегі «ол» - Ақан. Аты өліп, достан айырылып жалғыз қалған Ақанның кісі аярлық халін ақын барынша күшейте беріп, жұрт назарын Ақанға аударып, қайта-қайта Ақанды алға ұстап отыр. «Ол» деген сөзді ақын әдейі қайталап отырғанын былай қойғанда, соңғы үш жолдағы инверсия да өзгеше. Қайталау мен инверсия өзара байланыса келіп, сүйікті адамның қасіретін әсерлі түрде жеткізуге қызмет еткен. Әйтпеген күйде, «Айрылды ол, аттан жақсы, достан тәтті» деген сөйлемдегі сөйлем мүшелерінің орнын әдеттегі сөйлеу тіліміздің үлгісіне салсақ: «Ол жақсы атынан, тәтті досынан айрылды» болып шығар еді де, сөйлемнің де әсері алғашқыдай болмас еді.
Ілияс, негізінде, жалғаулы, жалғаусыз инверсияларға жиі барған. Мысалы:
Күйде бар қара, төре, хан мен қазы,
Өмірден кім разы, кім наразы.
Күйлерде дауыл да бар, жауын да бар
Дауылдың дәу перісі – дауылпазы, –
дегенде (бірінші жолда жалғаусыз, үшінші жолда жалғаумен) жалғаусыз, жалғаулы сөз тіркестері араласып келіп отырса, ақынның көптеген туындыларында жалғаусыз инверсия үнемі жұбын жазбастан кездесіп отырады.
Ақын инверсияның ішкі үндестігін, ырғақ екпінін де өлшеп-пішіп алғанын байқау қиын емес. Әрбір эпитетті, метафоралы сөз тіркестері ойды жинақтап, түйіп отырады. Ал:
Қаз-қатар мың үш жүз ат жайды қанат,
Балалар бір-біріне: Алақ! Алақ! –
дегенде «қарады» деген сөз қалып қойса да «Алақ, алақ қарады» деген мағынаны түсінеміз. Бұл да инверсия арқылы жақсы ұғынылып тұр.
Кейіпкердің көңіл-күйі, жан тебіренісіне орай кейде сұраулы, кейде лепті сөйлемдер, инверсиялар, поэтикалық синтаксис үшін қызмет атқарады.
* * *
Поэзияның басты шарттарының бірі – ұйқас. Өлеңде ой мен образдылықтың үстіне ырғақ пен ұйқастың жүруі әрбір сөздің мәні мен мағынасын арттырып, тез ұғынылып, өте жақсы сақталуы үшін, яғни оқушыға неғұрлым терең, әсерлі жету үшін керек. Әрине, поэзияда ой, образдылықтан ұйқасты бөліп алып қарауға болмайтыны белгілі. Өйткені ойсыз тек сыңғыраған ұйқас поэзия бола алмайды. Ал, белгілі бір ойды бейнелі түрде жеткізуге ұйқастың атқаратын міндеті өте күшті. Әрбір сөз өзінің логикалық байланысын берік сақтап, Абай айтқандай, «қиыннан қиысып» келуі шарт.
Ұйқастың түрлері, үлгілері көп. Біз көбіне бір өлеңнің не бір шумақтағы соңғы сөздің белгілі бір заңдылықпен үндесіп келуін айтсақ, өлеңнің ішкі үндестігі болатынын да естен шығармауымыз керек. Ауыз әдебиетінің үлгілері болсын, жазба әдебиет үлгілерінде болсын қазақ поэзиясы ұйқасқа құрылған. Ұйқассыз өлеңді қазақ поэзиясы білмейді17. Жалпы алғанда әр ақынның өзіндік творчестволық характеріне орай ұйқас таңдау, жасау стилі болады. Осы тұрғыдан келгенде де біз сөз еткелі отырған Ілияс Жансүгіров творчествосы қазақ совет поэзиясында өзіндік ерекшелігі, орны бар.
I.Жансүгіров поэзиясындағы ұйқас, ішкі дыбыстық үндестіктерін Ә.Тәжібаев, М.Қаратаев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин, Б.Кенжебаев сияқты ғалымдардың қай-қайсысы болса да ерекше бағалаған.
Шындығында да I.Жансүгіров халықтың поэтикалық творчествосы болсын, Абай поэзиясы болсын, әйтеуір өзіне дейінгі поэзияда кездесетін ұйқастардың барлық түрлерін жақсы білген, оның көбін өз творчествосына пайдаланған, I.Жансүгіровтің ақындық ерекшелігін сөз еткенде оның өлеңдеріндегі тамаша ұйқастар мен сөз бояуының қанықтығын, ойы көбіне соны болып іштей де, сырттай да берік қабысып келетінін ерекше атамауға болмайды. Сондықтан да Ілияс бұрыннан халық поэзиясында талай қолданылып келген ұйқастарды қайта алғанда, оның бұрыннан белгілі екені ұмытылып кетеді. Ал, соны да тың ұйқастарды атамағанның өзінде:
Достарыңызбен бөлісу: |